САЯСАТ КӨРІГІН Қыздырмайтын САЙЛАУ

САЯСАТ КӨРІГІН Қыздырмайтын САЙЛАУ

САЯСАТ  КӨРІГІН  Қыздырмайтын  САЙЛАУ
ашық дереккөзі

Елдің заң шығарушы органының жоғарғы палатасы Сенат сайлауының уақыты келіп қалғанын жұрт Президенттің сайлауды алдағы 1 қазанға белгілегенінен ғана білген сияқты. Былайынша, Сенат сайлауының қашан өтіп, қашан мерзімі аяқталғанын сайлаушы жұрт білмей қалғандай еді. Осыған дейін сенаторлар 2008 жылдың 1 қазанында сайланған. 

Заң жүзінде Парламенттің жоғарғы палатасы саналғанымен, іс жүзінде заң шығарушы органға да, атқарушы билікке де ықпалы кемдеу сенаторлардың осы маусымдағы ауыз толтырып айтарлықтай ісін санамалау қиын секілді. Тіпті, жұрт аузынан түспей жүретіндерінің өзі саусақпен санарлықтай. Біріншіден, сенаторларды сайлау мәжілісмендерді сайлағандай жалпы халықтық деңгейде өтпейді. Сенаторларды мәслихаттар сайлайды. Бұнда плюрализм, пікір еркіндігі жоққа тән. Екіншіден, сенаторлардың біраз бөлігін – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі тағайындайды. Бұл да сенаторлардың түйткілі қиын істе бел шешіп, белсенділік танытуына онша мүмкіндік бере қоймайды.

Дегенмен, соған қарамастан өзінің белсенділігімен көзге түскен бірлі-жарым сенаторларды айтуға болады. Соның бірі – Ақмола облысынан сайланған Светлана Жалмағамбетова. Негізінен әлеуметтік проблемаларға жан ауыртып жүретін сенатор ханым әуелі әйелдердің зейнет жасының 63 жасқа жетуіне табанды қарсылық көрсетті. Биыл көктемде аяқасты көтерілген доллар бағамына орай ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті сынға алды. Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконың Парламентті көзге ілмеуін сынады, әлеуметтік салаға бөлінген бюджеттің орындалмауына назар аударды. Оралмандардың азаматтық алуын 5 жылға созуды талап еткен Ерболат Досаевқа табанды қарсылық көрсетті. Егер заңдағы азаматтықты беру мерзімі 5 жылдан төрт жылға қысқарса, бұнда Светлана Жалмағамбетова ханымның үлесі айтарлықтай. Осы алты жыл ішінде сайлаушыларының көңілінде қалған да осы Светлана Жалмағамбетова болар. Егер сенаторлардың рейтингісін жүргізетін болса, алдымен ауызға ілінері де – Светлана Жалмағамбетова болуы мүмкін. 

Бұдан өзге ұлттық сипаттағы проблемаларды қозғаған бірнеше сенатордың атын атауға болады. Атырау облысынан сайланған Сәрсенбай Еңсегенов бортпроводниктердің қазақша сөйлеуін талап етсе, қызылордалық Қожахмет Баймаханов депутаттар мен министрліктер жетекшілерінің сенат жиынында қазақша сөйлеуін талап етті және атқарушы билік өкілдеріне әуелі заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындап, сосын орыс тіліне аударуды міндеттеуді өтінді. Оңтүстік-Қазақстан облысынан сайланған Орынбай Рахманбердиев РФ Мемлекеттік Думасы спикерінің орынбасары Жириновскийдің Қазақстанға қатысты мәлімдемесінен кейін еліміздің ақпараттық кеңістігін қорғау туралы депутаттық сауал жолдағаны есімізде. Өзге сенаторлардың аты қоғамға белгісіздеу. 

Өйткені Сенат өзге мемлекеттердің заң шығарушы органындай белсенділік танытуды қойғалы қашан. Атқарушы биліктің сөзін сөйлеп, қоғамдағы орнын әлі де анықтап үлгермегендей. Соған қарамастан, алдағы Сенат сайлауына мемлекеттік бюджеттен 136 миллион теңге бөлініп отыр. Және сенаторлыққа үміткерлердің жалпы саны да белгілі болып үлгерген. 4 тамыз күнгі мәлімет бойынша, барлығы – 74 адам өз кандидатурасын ұсынған. Әрбір үміткердің сайлау кампаниясына – 395 мың теңге бөлінбек. Оның – 115 мыңы телеарналарда 15 минуттық сөз сөйлеуге бөлініп отырса, 60 мыңы – 10 минуттық радиобағдарламаға, 105 мыңы – мерзімді басылымдарда 0,1 баспа табақтық көлемінде екі мақаланың жариялануына, 20 мыңы – сайлаушылармен кездесу үшін орын-жай жалдауға, 25 мыңы – үгіт материалдарын басуға, сондай-ақ, 70 мың теңге облыстар үшін, 35 мың теңге Алматы мен Астана қалаларындағы жол-көлік ақысына жұмсалатын болады. 

Парламенттің Жоғарғы палатасына 47 депутат сайлануы тиіс. Оның 15-ін Елбасы тағайындайды, 32-сін мәслихаттар сайлайды, әр облыс және елорда мен республикалық деңгейдегі қалалардан екіден депутат таңдалмақ. Сенат депутаттары алты жылға сайланады. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ