Үркін

Үркін

Үркін
ашық дереккөзі
548

Қырғызстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі қырғыздардың «үркіп», көрші Қытай жеріне үдере көшуімен аяқталған. Маусымның аяғында басталып, сол жылдың желтоқсанындағы аязға, келесі жылдың басындағы қыстың қақаған күндеріне дейін созылған орыс патшасының әскерлерімен болған қанды қақтығыстарда, Қытай асуы үстіндегі аштық пен суықта жүз мыңдаған адамдар қырылып, бұл оқиғалар қырғыз тарихында «Үркін» деп аталып қалды. Ұлт-азаттық көтерілісі мен Үркін екі түрлі оқиға болғанымен, Ұлт-азаттық көтерілісі «Үркін» деген атпен қырғыз тарихына кірді.

Алты жылдан бері қырғызстандықтар тамыз айының басында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің күнін белгілеп келеді. Рәсімдер биыл да республиканың бірқатар облыстарында және Бішкек қаласында өтті. Отаншыл азаматтардың тегеурінімен Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңеші 2008 жылы 18 сәуірде «Тамыз айының бірінші жексенбісін 1916 жылдағы қайғылы оқиғалардың құрбандарын ескеру күні» деген тоқтам қабыл алған. Сондай-ақ, 2011 жылы жазда Үркіннің 95 жылдығына арналған ғылыми конференцияда оның қатысушылары 2016 жылы Үркіннің 100 жылдығын лайықты атап өту жөнінде резолюция шығарған. Нәтижеде Қырғызстанның Жоғарғы Кеңеші және Үкіметі Үркіннің 100 жылдығын өткізу туралы шешімдерді қабыл алды.

Биылғы 2 тамызда қырғыздың бір топ зиялы азаматтары Ыстықкөл облысының Жеті өгіз ауданының Қытаймен шекаралас аймағындағы Ақ Шыйрақ ауылына барып, тау беткейлерінде сол 1916 жылы көмілмей қалған адамдардың сүйектерінің жиналып, құран оқытылып, арулап жерге қойылған рәсіміне қатысты. Бұл шараға үкімет адамдары, Жоғарғы Кеңештің депутаттары, әскер қызметкерлері, жергілікті халықтың өкілдері болды. 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығын белгілеу бойынша үкіметтік комиссияның жетекшісі, Қырғызстанның бірінші вице-премьер-министрі Тайырбек Сарпашев және Үкіметтің Ыстықкөл облысындағы құзырлы өкілі (облыс әкімі) Емілбек Қаптағаев жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, көтерілістің мән-мазмұнына тоқталды. Ыстықкөлдің тумасы Емілбек Қаптағаевтың бабасы Қаптағай сол Қытай асуларындағы құздарда сүйегі көмілмей белгісіз қалған жандардың бірі екен.

Кейінгі кездерде Үркін туралы­ сөз болғанда қырғыздың либерал сая­сат­шыларының ішінен Ресейдің қазіргі өкіметі пат­ша үкіметі қырғыздарды қырғынға ұшы­ратқаны үшін кешірім сұрасын, құн төлеп берсін деп жүргендері жоқ емес. Осын­дай пікірлерді жұмсартыңқыратып, Қап­тағаев мырза: «Бұл саяси мәселеге жақсы өңде нүкте қою үшін Ресейдің жетек­шілігі қазіргі егемен Қырғызстанның жетек­шілігіне өз саяси еркін білдіріп, ол дәуір артта қалған дәуір, оны жаңаша қарау үшін біз немқұрайды болмай, көмек көрсетіп, соны мұқият, қалыс таразылағанға жәрдем беруіміз керек деген сөзді айтса дұрыс болмақ», – деді.

Бір айта кетерлігі, 1916 жылы көмілмей қал­ған боздақтардың сүйегін жинап, жерге қою рәсімі 2006 жылы Қытайға барар Бедел асуында болған еді.

Патшалық Ресейге қараған Түркістан өлке­сінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің шы­ғуы­ның себебі тереңде. Көтерілістің шы­ғуына бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жат­қан кездегі Ресей патшасының 1916 жыл­дың 25 маусымындағы 19 жастан 43 жасқа дейінгі ер адамдарды әскердің қара жұмыстарына алу жөніндегі жарлығы түрткі болған. Жарлыққа лайық, Сырдария облысынан 60 мың, Самарқан облысынан 32,5 мың, Жетісу облысынан 43 мың, Ферғана облысынан 51,3 мың адамды әскердің қара жұмысына алу міндеттендірілген. Жетісу және Ферғана облыстарының құрамына кірген қырғыз елінен шамамен 40 мыңдай адам алынбақ.

Зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, көте­рілістің негізгі себебі – орыс мұжықта­ры­ның қырғыз жеріне көптеп келіп, патша билігінің жергілікті елге қысым көрсетуі шегіне жеткендіктен болған. Мұрағаттық құжаттарда патшалық Ресей орыс дихандарын Түркістан өлкесіне көшіру үшін 1896 жылдан 1916 жылға дейін 237 миллион 310 мың рубль қаражат жұмсалғаны көрсетілген. 1916 жылы көшіп келгендер пайызы елдің 6 па­йызын құрап, шұрайлы жерлердің 57 пайызы солардың иелігіне өткен. Мысалы, 1915 жылы Қырғызстанның Шу өңірінде қырғыздардың 700 мың гектар жері тартып алынған. Өлкенің сулы-нулы Шу және Ыстықкөл облыстарында біраз елді мекендердің аты сол кездегі помещиктердің есімдерімен әлі күнге дейін аталып отырғаны жоғарғы цифрлардың негізділігін растай түседі. 

Кейбір деректерде Қазақстанда және Орта Азия елдерінде болған 1916 жылғы ұлт-азат­­тық көтеріліс жалпы алғанда 10 миллион адамды қамтыған деп айтылуда. Бір ғана Қырғызстанның Ош уезіндегі Сүлеймен тау­дың жанына 1916 жылы шілденің алғашқы күн­дерінде 10 мың адам жиналып, «Соғысқа бармаймыз! Балаларымызды бермейміз!» деп ереуілге шыққан.

Қырғызстанның солтүстік өңірінде (Шу, Ыстықкөл, Нарын) көтерілістер мықты қаруланған патша әскерлеріне қарсы қарулы қақтығыстарға алып келген. Көтеріліске жергілікті халықтың барлығы – қырғыздар, қазақтар, дұнғандар, ұйғырлар, сарт-қалмақтар, татарлар, тіпті кейбір орыс, украин диқандары да қатысқан. Ереуілшілер елдің беделді адамдарын – Кемінде Шабдан батырдың ұлы Мөкішті, Ыстықкөлде Батырхан Ноғой ұлын, Тәңіртауда (Нарында) Қанат Ыбыке ұлын хан сайлап, патшаға қарсы шыққан. 

Түркістан өлкесінде көтерілістер бастал­ған­да патша үкіметі майданда соғысып жүрген генерал А.Куропаткинді шақырып алып, оны Түркістанның генерал-губернаторлығына тағайындаған. 1916 жылы Түркістан өлкесі соғыс жағдайында деп жарияланып, соғыс министрінің бұйрығымен Түркістанға 11 батальон, 3,3 мың казак-орыс әскері жөнелтілген. Олар жеке мылтықтарынан тыс 42 зеңбірек және 69 пулеметпен қаруланған.

Көтерілісшілерді басу үшін патша үкіметі кейіннен қосымша 2 казак-орыс полкын, 6 жүздікті, 30 ротаны шығарған. Қырғыз көтерілісшілерінің казак-орыстардың қару-жарақтарын олжалап алған кездері де болған. 

Негізінен, бірен-саран шолақ мылтықпен қаруланған көтерілісшілер мұздай қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмай,1916-жылдың күзінің аяғында жеңіліс тапқан. Олардың берілгені неге болса да мойынсұнып, берілмегені тау ішіне тереңдей тықсырылған. Қайғылы Үркін солай басталған. 39 болыстың 45 мың түтін елі үркіп, тайлы-таяғымен шекара асуға мәжбүр болған.

Бір атап өтерлігі, қырғыздың Үркін жыл­да­рындағы қайғылы тарихы қырғыз-кеңес жазушыларының шығармаларында үлкен шеберлікпен бейнеленген. Бұлар – қырғыздың классик жазушылары Аалы Тоқомбаевтың «Жараланған жүрек» повесі, жырмен жазылған «Қанды жылдар» романы, Қасым Баялиновтың «Ажар» повесі, Жүсүп Тұрысбековтің «Ажал орнына» музыкалық драмасы және төкпе ақын Калык Ақиевтың «Үркін» поэмасы. Әсіресе, Ұлы Отан со­ғы­сында қайтыс болып кеткен қырғыз жазушысы Мұқай Элебаевтың «Ұзақ жол» романы өз өмірбаянына және тарихи құжаттарға сүйеніп жазылғандығымен құнды болып есептелінеді. Романда Қытайға ауып барған ыстықкөлдік қырғыздардың Құлжадағы орыс консулына жазған хаты былайша сөзбе-сөз келтіріліпті: «Сұранарымыз төмендегідей: патша үкіметі біздің жерімізді, суымызды тартып алып, өзімізді тау-тасқа қуалап шықты. Отырған үйіміздің орыны, малымыздың жайлауы ақылы болды. Осылай дала мұжықтарға, тау қазынаға өтіп, біз күн көрістен қалдық. Тіпті от жағу да қиын болды. Бір түп қарағайдың бағасы он есе қымбаттап, бір түп қарағай кессек, он түп қарағайға піртөкөл жасады. Соғысқа жәрдем бер деп бұйрық етті. Біз бұған бес жолы жәрдем бердік. Тігіп отырған үйімізді алды. Біз бұған наразылығымызды білдірсек, шетімізден түрмеге қамады. Онда жатқандарды асып, ата бастады. Түрмеден жаралы болып қашып келгендер бізге жаман хабарды естірте бастады: атып өлтіріп жатыр деді. Міне осындай қатты хабарды ұққаннан кейін бізден тұқым қалмайды екен деп шошып, Қытай шекарасына қарай жөнеп кеттік. Арттан әскер түсіп, бізді қойдай қырды. Мал-жанымыздың көбі Текестің ойында, Мұзарттың суында қалды. Қазір біздің үй-жайымыз, тамақ-асымыз, бір татым тұзымыз жоқ. Ашаршылықтамыз. Бейшара қарыптарға көрсететін жәрдеміңіз болар ма екен. Қолымызды қойып, печет бастық». 

Мұқай Элебаев Үркін туралы естелігінде: «Қорқынышты жаман түс көргендей, мен бір кезде терең ойға кеттім. Бір заманда алты қанат үйде 14 жан бар едік. Олар бүгін қайда? Сол отбасымыздан өлгені өліп, қалғаны қалып отырып, бүгін сойдиып, Бекқұл інім екеуміз ғана елге қайтып келе жатырмыз», – деп жазған.

1933-1937 жылдардағы Қырғызстанның Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, «халық жауы» атанып, атылып кеткен Баялы Исакеев өзінің өмірбаяндық еңбектерінде Қытайға өткен асудағы оқиғаны былайша жазып қалдырған: «Бедел асуынан біз түн ішінде өттік. Мұзбен қапталған қия жол мұздақ құздың қырымен кетіп, сәл ғана жаза бассаң, ажалыңның жеткені – сол. Бір сәтке де тоқтауға болмайды, өйткені арттағылар асықтыруда. Сонау төменгі жақта мұзбен астасқан өте терең шұңқыр үңірейеді. Ә дегенде апам мен қарындасымды жүк артқан түйемен ептеп белден асырып қайта келсем, баяғы үлкен шұңқырға жануар мен адам толып қалыпты. Енді қашқындар солардың үстімен жол жасап, асудан асып жатқан екен…».

Сол жылдардағы Қашқардағы орыс кон­­сулдығының мәліметі бойынша, Қы­тай­ға 120 мың қырғыз келген. Ал қырғыз тарих­шыларының мәліметтеріне қарағанда, қыр­ғыздар мен қазақтар мекендеген Жетісу облысының бір өзінен Қытайға 332 мың адам қашып барған. Жазалаушы отрядтардың қолынан 200 мыңнан астам адам құрбан болған, солтүстік қырғыздарының саны 40 пайызға азайған.

1913 жылғы халық санағында Түркістан өлкесінде 1 миллион 282 мың қырғыз болыпты. Кеңес үкіметі орнасымен қырғыздардың кейін қайтқаны белгілі. Соның өзінде, 1924 жылғы халық санағында қырғыздардың саны бар болғаны 860 мың болған. 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары