РЕСЕЙ АРЗАНҒА АЛАДЫ, ҚЫМБАТҚА САТАДЫ
РЕСЕЙ АРЗАНҒА АЛАДЫ, ҚЫМБАТҚА САТАДЫ
«Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейтін Ресей кеңестік
империяның шекпенінен шыққан жас тәуелсіз мемлекеттерге тізе батыруды әдетке
айналдырған. Әсіресе, шикізат көзі ретінде қарайтын Қазақстаннан газды арзанға
алып, бізге сататын газын 2 есеге қымбатқа береді екен. Бұл орайда, Қазақстан
тарапынан жіберілетін кемшіліктерді де айтпасқа болмайды. Қазақшасы: «Өз-өзіңе
бекем бол, көршіңді ұры тұтпа». Ресеймен арадағы байланыста есе жібермесек,
ешкім басына алмасы анық.
Экспорт – арзан, импорт – қымбат
Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпараттарына
сүйенсек, Қазақстан Ресейге 2014 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында 4,3
млрд. текше метр газ экспорттаған. Одан түскен пайда 109,9 миллион долларға тең.
«Көгілдір отын» экспорттау көлемін 3,8 пайызға арттырған еліміз былтырғы алты
айлық көрсеткішке қарағанда табиғи газды орыстарға 2,7 пайызға арзанға
сатқан екен. Есесіне, осы мерзімде РФ-дан 53,9 миллион долларға 994,5 млн.
текше метр газ (4,2 пайызға артық) импорттаған. Осылайша, Ресейге сатылған
қазақтардың 1 мың текше метр газы 25,4 доллар болса, Ресейдің Қазақстанға
сатқан мың текше метр газы екі есеге қымбат, яғни, 54,2 долларға бағаланған.
Негізі Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан мен
Тәжікстан сияқты орталықазиялық елдерден мұнай, газ, мақта, астық т.б. арзанға
сатып алып, оны халықаралық нарыққа бірнеше есеге қымбатқа сатуға Ресейдің еті
үйренген. Транзиттік мемлекет рөлімен шектелуге мәжбүр ортаазиялық елдер енді
өз бетінше қармануға кірісті. Олардың батыстық нарыққа Түркия, Иран арқылы
шығуға талпынуы, Қытаймен арадағы байланыс ауқымын кеңейтуге күш салуы – соның
айғағы.
Шикізатпен
шектелмеу керек
2025 жылға қарай еліміздегі кен орындарында өндірілетін
мұнай көлемін жыл сайын 130 миллион тоннаға және табиғи газды 72,5 миллиард
текше метрге жеткізу көзделіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіштер 81,7 млн. тонна
(мұнай), 41,1 млрд. текше метр (газ) болған еді. Қазақстандағы мұнайшы-геологтар
қауымдастығының президенті Балтабек Қуандықовтың айтуынша, Қазақстанның
геологиялық-геофизикалық материалдарын терең зерттеу нәтижесінде мемлекеттік
деңгейде жаңа жоспарлар мен жобалар түзілген. Ішкі тұтыну нарығын қамтамасыз
етумен бірге экспорт көлемін де ұлғайтуды көздейтін мамандар қауымы әлемдік
деңгейдегі экспортер елдер қатарына енуді армандайды. Уақытты қажет ететін бұл
мақсатқа тек он-он бес жылдан кейін ғана қол жеткізуге болады екен. Әлбетте,
Қазақстанның ішкі-сыртқы саяси бағдары мен ұстанымын, әлемдік нарықтағы ахуалды
ескеру шарт.
Отандық экономиканың кіндігі мұнай мен газға, яғни,
шикізатқа байланып қалғанын ескерсек, экономиканы дербестендіру, әсіресе,
кластерлік жүйені қалыптастыру күн тәртібінен түспесі анық. Шикізатты өндіріп,
оны өңдеп, дайын өнім жасап, оны ішкі нарықа сатып, артығын экспорттау арқылы
экономиканың кіріс бөлігін көбейтеміз. Тек әттең Қазақстан үкіметі шикізатты
өндіріп, оны сатумен ғана шектелетіні өкінішті. Әйтпесе, Үкімет тәуелсіз ел
болғалы 23 жылда ендігі өндіріс ошақтарын көбейтіп, импорт үлесін азайтуға күш
салар еді. Газымызды орыстарға арзаннан сатып, олардан қымбатқа алып
отырғанымыздың басты себебі де осы.
Нәзия Жоямергенқызы