ҚЫРҒЫЗДАР БҰДАН БЫЛАЙ КӨМІР ЖАҚПАҚ
ҚЫРҒЫЗДАР БҰДАН БЫЛАЙ КӨМІР ЖАҚПАҚ
Қырғызстан алдағы қысқа ертерек қам жасауға кірісті. Осыдан он күн бұрын премьер-министр Жомарт Отарбаев республика халқына күзгі-қысқы мезгілге әзірлік, нақтырақ айтқанда, электр энергиясын жеке тіршілік қажетінде және өндірісте үнемдеу туралы жолдау жасады. Үкімет басшысының бұлайша дабыл қағуы халыққа төтенше жағдайдың жақындап келе жатқанынан белгі бергендей.
Премьер-министр күзден бастап қыс бойы электр энергиясын пайдаланудың бірқатар түрлеріне шектеу кіргізілетінін жариялады. 1 қыркүйектен бастап үйлерін жылытуға пайдаланбау үшін жеке адамдардың 3 фазалы тоқ беру сымдары ажыратылып, оның бір фазасы ғана қалдырылмақшы. Ойын-сауық орындарында, монша-сауналарда, көлік жуған жерлерде, металл ерітетін кәсіпорындарда электр қуатын қолдануға тыйым салынады.
Премьер-министр тұрғындарға үйлерін жылыту және тамақ жасау үшін отынның арзандау түрін – көмірді пайдалануға кеңес берді. Елді көмірмен қамтамасыз ету мақсатында биыл республика бойынша 500-ден астам арнайы қамба ашу көзделуде, көмірдің бағасы үкіметтік мекемелердің көземелінде болады.
Үкіметтің мұндай шешімге келуіне биыл өлкеде электр энергиясының аз өндірілуі және су-электр станцияларының (ГЭС-тердің) тоғандарында судың азайып кеткені себеп болып отыр. Қырғызстандағы кеңес дәуірінен бері келе жатқан ГЭС-тердің жабдықтары ескіріп, толық қуатта істей алмайды, жаңалары іске кіріскен жоқ. Қырғызстандықтар біраз жылдан бері келешегіне зор үміт артып келе жатқан Қамбар-Ата – 1 және Қамбар-Ата – 2 ГЭС-тері жұмыс істемеуде. Қазіргі кезде екіншісінің бір ғана генераторы істеп, электр қуатын беріп жатыр. 2016 жылы екінші агрегат іске қосылмақшы. Оның агрегатын сатып алуға ЕуроАзия экономикалық ынтымақтастығының дағдарысқа қарсы қоры қазан айында 80 млн. доллар беретін болды. 25 тамызға қарай ГЭС-тің су қоймасындағы судың мөлшері 56 млн. текше метр болып отыр .
Ал толық қуатымен істеп жатқан «атақты» Тоқтағұл ГЭС-інің қоймасында бүгінгі күндері судың мөлшері – 11 млрд. 697 млн. текше метр. Гәптің бәрі осында. Өткен жылы осы уақытта мұндағы судың мөлшері 15 млрд. 469 млн. болған. Демек, бір жылда судың деңгейі 3 млрд. 772 млн. текше метрге түсіп кеткен. Үкімет судың азайып кетуін биылғы құрғақшылыққа және көрші мемлекеттердің мұқтаждығы үшін судың артық босатылуымен түсіндірсе, оппозиция су бөлуде сыбайлас жемқорлықтың орын алып отырғанын айтуда. Тоқтағұл қоймасындағы судың азаюы бұрын да болып келген. Сол кезде су «өзбек диқандарына жең ұшынан сатылып жатыр» деген сөздер айтылатын. «Ұсталмаған ұры емес», бұл бойынша ешкім, еш уақытта қармаққа ілінген емес. Электр қуатын қыс бойы өндірудің нәтижесінде 2015 жылдың 1 сәуіріне дейін Тоқтағұлдағы судың мөлшері 7,1 млрд. текше кубқа дейін азаюы мүмкін болып отыр. Яғни, келесі жазда Нарын дариясының төменгі сағасындағы Өзбекстан мен Қазақстанның диқандары су тапшылығын тартары қазірден белгілі.
ГЭС-терді салудың кешігуіне керекті қаржының жетпегенінен тыс жемқорлықтың да әсері бар сияқты. Биылғы 20 мамырда республиканың бас прокуроры Қамбар-Ата-2 ГЭС-ін салу барысында 1,9 млрд. сомның ұрлығы анықталғанын мәлімдеді.
Бір ай бұрын Қырғызстанның жаңа үкіметі өздерінің іске кіріскендігінің 100 күндігін қорытындылаған. Сонда Қамбар-Ата – 1 ГЭС-і туралы мәселе қозғалып, ГЭС-тің құрылысын бастап, жүргізу құқығын алуға сынақ жариялайтынын мәлімдеген. Құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып біткен. Құрылысқа 3 млрд. АҚШ доллары өлшемінде қаржы қажет. Су станциясы пайдалануға берілгенде электр қуаты 1 млрд. 860 МВт, жылдық өнімі 5 млрд. кВт/ сағат, су сақтау мөлшері 16 млрд. текше метр болмақшы. Бұл Тоқтағұл ГЭС-інің қуатынан едәуір көп. Сынақ жариялаудың түсініксізі – 2012 жылдың қыркүйек айында Ресей президенті Владимир Путин Бішкекке келген кезде Қамбар-Ата – 1 ГЭС-інің және Жоғарғы Нарын каскады ГЭС-інің құрылыстары жөнінде Қырғызстан мен Ресей өз ара уағдаластыққа қол қойған. Тараптардың үлестік қатысуы 50 пайыздан.
Жоғарғы Нарын каскады ГЭС-інің құрылысы биылғы жылдың басында басталған. Ол 4 су-электр станциясынан тұрады. Мұнда қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстың 7 пайызы атқарылған. ГЭС-тердің біріншісі 2016-жылы, ақырғысы 2019 жылы пайдалануға берілуі керек. Жалпы құны – 727 млн. доллар. Жылдық электр өндіруі – 942,4 млн.кВт/сағат.
Қамбар-Ата – 1 ГЭС-ін салуға Қазақстан да қызығушылық танытуда. 2012 жылдың мамыр айында Президент Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға барған сапарында бұл мәселе қозғалған еді. Қырғызстанның президентінің аппаратының сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Сапар Исақов сол кезде журналистерге Қырғызстанның бас әріптесі Ресей Қазақстанның Қырғызстанда су электр станцияларын салуға қатысуына қарсы емес екені білдірген. Бірақ, осы күнге дейін бұл бойынша Қазақстанның әрекеті көзге көрінбей отыр.
Тәуелсіз сарапшылар электр энергиясын пайдаланудағы кемшіліктерді сыбайлас жемқорлықпен де байланыстыруда. Олардың бағамдауынша, бұл қарапайым ғана нәрсе, кейбір кәсіпкерлер электр шығымын тексеретіндердің қожайындарымен сөйлесіп алып, нақты көрсеткішті жасырып қалады. Республиканың Қауіпсіздік кеңесінің сараптама тобының мүшесі Алмаз Насыров жыл сайын энергетика тармағын дамытуға 2 млрд. сомнан астам қаржы салынатынын білдірді. «Экономиканың флагманы бола алатын энергетикаға донорлардың зор қаражаттары салынуда, бірақ нәтижені көрген жоқпыз. Бүгін энергияны өндіруден оны бөлісуге дейін барлық жерде сыбайластық белең алған», – дейді ол.
Өткен жылы өлкеде 14 млрд. кВт/сағат электр энергиясы өндіріліп, халық қыстан «аман-есен, жаурамай» шыққан болатын.
Қазір Қырғызстандағы электр энергиясының тапшылығы 1,6 млрд. кВт/сағатқа жетті. Осы аптаның басында өткен энергетика саласын реформалауға арналған мәжілісте үкімет басшысы аталған көрсеткіш 2015 жылы 4,2 млрд. кВт/сағат, 2017 жылы 6,3 млрд кВт/сағат боларын білдірді.
Бұрын электр энергиясын экспортқа шығарып келген Қырғызстан енді өзі шетелдерден электр энергиясын ала бастады. 17 тамызда Қырғызстан Қазақстанға экспортты тоқтатып, сәуір айына дейін 500 млн. кВт/сағат электр энергиясын алмақшы, мұны жағдай түзелгенде қайтарып беруге уағдаласты. Әлбетте, «саудада достық жоқ» демекші, Қырғызстан Қазақстанға Тоқтағұл су қоймасынан 300 млн. текше метр суды босатуға келіскен. Сондай-ақ, Қырғызстан Тәжікстаннан да электр қуатын алуды бастады. 600 млн. кВт/сағаттын 1 кВт/сағатына 2 центтен (қырғыз сомымен 1 сомнан көбірек) төлеп бермекші.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Қырғызстан 1 қыркүйектен бастап электр қуатының 3 фазалы түрінің ақысын көтеретін болды. Жеке адамдар 1 кВт/сағат үшін 70 тиын төлеп келсе, енді 1 сом 20 тиын төлейтін болады.
Биыл Қырғызстанның оңтүстік облыстарының халқы, әсіресе Ош қаласының тұрғындары алты айдан бері үй тіршілігінде қиындыққа душар болды. Өзбекстан газ беруді тоқтатып, жұрт күнделікті тамақ-ас, сорпасын қайната алмай, «соры қайнады». Бүгінгі күндері үкімет түстік елін жеңілдетілген баға арқылы құтыдағы газбен қамтамасыз ете бастады.
Ресейдің «Газпром» ашық акционерлік қоғамы «Қырғызгазды» символдық бағаға – 1 долларға сатып алған. Өйткені «Қырғызгаз» көршілерге қарызын төлей алмай сазға отырып қалған еді. Ресей компаниясы қарыздардың бәрін төлеп беру шартымен, Қырғызстандағы газ шаруасын қолына алмақ. «Газпром» бұл іске әуелде 20 млрд. доллар инвестиция салмақ болған, енді үстіне 10 млрд. доллар қосатын болды.
Биыл жылдың аяғына дейін Қырғызстан Кеден одағына, тіпті Еуразиялық экономикалық одаққа да кіріп қалуы мүмкін. «Қаражатпен қамтамасыз етсеңдер, кіреміз», – деді Алмазбек Атамбаев жақында Түркия президентінің сайлауына қатысқаннан кейін Сочи қаласына ұшағының басын бұрып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен кезінде. Артынша Ресей Қырғызстанға 500 млн. доллар қаражат бөлетіні мәлім болды.
Ресейдің Қырғызстанға соншалықты қызығуының сыры неде? Әрине, бұл Қырғызстанның географиялық жақтан тиімді жерге орналасқанынан болса керек. Су мамандарының тұжырымдарына көңіл бөлсек, алдағы елу жылдан кейін дүниедегі бірінші мәселе – су мәселесі (оның ішінде ауыз су да) болмақшы. Қырғызстан болса судың басында отыр. Қырғызда бұрыннан келе жатқан «эл башы болгончо, суу башы бол» деген мақал бар екен. Бұл өзі әуелде «бір ауылдың басшысы болғанша, мұрап бол» деген мәнде айтылған. Себебі, қырғыздар елбасыны «журт башчы» деп атайды. Бүгінгі заманда бұл мақалдың ауқымы кеңейіп, геосаясатқа тіреліп отыр. Бірақ «судың да сұрауы бар» дегендей, инвестициялардың да сұрауы болып қалуы мүмкін.
2012 жылы қыркүйекте Қазақстанға келген сапарында Өзбекстанның президенті Ислам Каримовтың Тәжікстандағы Рогун ГЭС-інің және Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-терінің құрылыстарына байланысты су-электр нысандары бір өлкенікі, жерін суғаратындар басқа өлкенікі екенін айтып, «жағдайдың ушығатыны сонша, ол қарсыласуға ғана емес, тіпті соғысуға алып келуі мүмкін» деп айтқаны ойландырмай қоймайды.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі