БИІК ТАУДАН ТӨНГЕН ҚАТЕР

БИІК ТАУДАН ТӨНГЕН ҚАТЕР

БИІК ТАУДАН ТӨНГЕН ҚАТЕР
ашық дереккөзі
360

44 ЖЫЛДЫҚ ЖОБА


70-жылдардың басында КСРО мен АҚШ-тың арақатынасы салқын тартып, қырғиқабақ соғыс қаупі өршіп тұрған болатын. Екі тарап та түрлі салаларда бәсекеге тү­сіп, өз әлеуетін көрсетуге тыры­сып-ақ бақты. Қайбірі алып құ­ры­лыс салса, екіншісі одан да үл­кендеу қып тұрғызуды сәнге айнал­дырды. Бұл үрдісті былайғы елдер «гигантомания ауруы» деп атады. 1968 жылы Енисей өзенінің Крас­нояр өлкесі мен Хакасияның түйіскен жерінде Саяно-Шушенск ГЭС-і салына бастады. Әлемдегі аса үлкен жобалардың бірі бо­лу­ға тиіс ГЭС Америкадағы осы тектес жобалардың біріне әлде­бір көрсеткіштер бойынша есе жіберген көрінеді. Бұл жайт Одақ көсем­деріне ұнамады. Келесі осын­дай құрылысты әлемдегі ал­ғаш­қы орынға шығару мәселесі күн тәртібіне шықты. 1971 жылы КПСС-тің ХХІV съезі өтті. Осы съезде бұдан бір жыл бұрын жасал­ған жоба, Тәжікстанда ГЭС құру жобасы бекітілді. Өйткені бұл кезде тек қана суармалы егіске негізделген Орта Азияда су тапшылығы сезіле бастаған болатын. Әмударияның суын Қарақұмға бұру, Өзбекстан аймағының үштен бірін құрайтын Қарақалпақстанда 33 күріш егетін совхоздың ұйымдастырылуы 1960 жылдан бастап Арал теңізінің тартылуына әкеп соқты. КСРО-нің оңтүстіктегі буферлік аймағы саналатын Ауғанстанды да бағынышты етіп ұстап тұру қажет болды. Жоба осы мақсаттарды негізге ала отырып жасалды.

Вахш өзеніне құрылатын Рогун ГЭС-інің биіктігі 335 метр. Құрылғыларды қосып, сөндіріп тұратын жерастына құрылуға тиіс машина залының ұзындығы – 220, ені – 22, биіктігі – 78 метр, трансформаторларға арналған ғимараттың ұзындығы – 200, ені – 20, биіктігі – 40 метр. Жобалық қуаты – 3600 MBт, жылына орташа 13,1 миллиард КВт сағат электр өндіреді. ГЭС-тің алғашқы бөлігінің құрылысы 1976 жылы басталды. Алайда, оны толықтай іске қосуға қызыл империяның өмірі жетпеді.


ОДАҚ ЫДЫРАҒАН СОҢ


Тәжікстан үкіметі Кеңес Одағы кел­меске кеткен соң да құрылысты жал­ғастыра берді. Кейбір жыл­дары ақша тапшылығынан жұ­мыс тоқтап та қалды. Алайда, тәжік­тер инвестиция тартып, ГЭС құрылысын бітіруді басты мақ­са­тына айналдырды. Бірақ, ендігі жерде ойын шарттары өзгерген болатын. Аймақтағы елдер тәуелсіздік алып, жаңа дербес мемлекеттерге айналды. Сахнаға жаңа саяси күштер шықты. Олар Тәжікстанға энерге­ти­калық жақтан тәуелді болуды былай қой­ғанда, бұл жоба құрылысынан аймақ үшін үлкен қауіп төніп тұр­ғанын көріп, қарсылық таныта бас­тады. Әсіресе, Өзбекстан ешқашан ұстанған бағытынан айныған емес. Түркіменстан мен Қазақстан да қарсылық акциясына қосылды. 1993 жылы ГЭС құрылысында апат орын алды. Соның салдарынан машина залының бір-біріне қарама-қарсы орналасқан дуалдары 90 сантиметрге дейін орнынан жылжып кетті. Бұл апат­тан соң ГЭС құрылысына деген қарсылық ғаламдық деңгейге көте­ріл­ді. БҰҰ, Үлкен тоғандар жөніндегі халық­аралық комиссия, Бүкіләлемдік су кеңесі, Халықаралық табиғатты қорғау ұйымы мәселеге араласып, сараптама жүргізуді талап ете бастады. Еуропарламент, АҚШ, Бельгия парламент мүшелері, Жапония, Голландия, Оңтүстік Корея ғылыми зерттеу орталықтары жобаны аймақ үшін қауіпті деп таныды. Осылайша, тартыс әлі күнге жалғасын тауып келеді. ГЭС құрылысынан тек пайда табуды көздеген ресми Душанбе БҰҰ тарапынан 1992 жылы 18 қыркүйекте қабылданған трансшекаралық сулар мен көлдерді қорғау және оларды пайдалану жайлы конвенция мен 1997 жылы 27 мамырдағы Бас ассамблея тарапынан қабылданған халықаралық судан пайдалану құқығы жайлы конвенция шарттарын орындар емес.


ГЭС ҚҰРЫЛЫСЫНАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП


Сонымен, Рогун ГЭС-інің құрылысынан бас тартпай келе жатқан Тәжікстан үкіметінің ұстанымы дұрыс па, әлде қарсы тараптардың ұстанымы дұрыс па? Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан басшылығы бұл жобаға неліктен қарсы? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп көрелік. Біріншіден, ГЭС сейсмикалық қауіпті аймақта құрылғалы жатыр. АҚШ геология қызметтерінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, Памир-Гиндикуш тау сілемдерінде аптасына 8 рет жер қозғалып тұрады. Тәжікстанда әр 4 жылда күшті, әр 10-15 жылда қиратқыш зілзала болады екен. Тарихқа назар тастасақ, 1907 жылы Қаратағ, 1911 жылы Сарез, 1949 жылы Хаит өңірінде алапат зілзала боп, мыңдаған адамдардың өмірін жалмаған. Осы зілзалалардың салдарынан Усой үйіндісі, Сарез көлі пайда болған. Екіншіден, бөгетті көтеру үшін 80 кубметр топырақты көшіру, төсеу қажет. Сонда 14 миллиард тонна су жиналады. Бұл тау массивіне артықша қысым жасалады деген сөз. Үшіншіден, әлдеқалай апат бола қалса, 14 кубкилометр судың күші тудыратын динамикалық қысым нәтижесінде Вахш өзені бойымен сағатына 500 километр жылдамдықпен 100 метр биіктіктегі цунами пайда болады. Соның салдарынан Нурек ГЭС-і, Вахш өзеніндегі барша ГЭС, гидроторап қирайды. Нурек, Сарбон, Қорғантөбе қалалары әп-сәтте су астында қалады. Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақ­станның оңтүстік өңіріндегі көптеген елді мекендер де тасқын судан зардап шегері анық. Нәтижеде, Орталық Азия елдерінің экологиясы, әлеуметтік-экономикалық салалары 10 жылда орны толмайтын шығынға ұшырайды. Төртіншіден, апат орын алмаған күннің өзінде басқа да қауіп бар. Үлкен гидроторап құрылысы аймақтағы экологияны бұзады. 14 кубкилометр су резервуарын жасау үшін Вахш өзенін кемінде 8-10 жыл тежей тұру қажет деген сөз. Демек, Әмударияға су түспегендіктен, Өзбекстан мен Түркіменстанды құрғақшылық жайлайды. Тіпті, Хорезм мен Қарақалпақстан халқы басқа өңірлерге көшуіне тура келеді. Арал теңізі жер бетінен жоғалып, аталған мемлекеттермен бірге Қазақстан да тұз бораны астында қалады.

2013 жылы қыркүйек айында өткен БҰҰ-ның 68-сессиясында сөз сөйлеген Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов әлем жұртшылығын осындай мәселелерден хабардар етті. Сондай-ақ, Қырғызстанның Ресеймен бірігіп салып жатқан екі ГЭС-інен Қазақстанға келер қауіп туралы да сөз қозғады.


ҚҰРЫЛЫСТЫҢ БҮГІНГІ ЖАҒДАЙЫ


2010 жылдан бастап Әлем банкі Тәжікстанға 20 миллиард доллар инвестиция құятын болды. Ақша аударымдары жылдарға бөлініп, бірнеше траншпен жүзеге асырылады. Соның елеулі бөлігі Рогун ГЭС-і құрылысына жұмсалады. Бірнеше жыл бұрын «Кім Рогунға қарсы – тәжік халқы­ның дұшпаны» деген саясат ұстанып, тіпті әр зейнеткердің зейнетақысынан 100 доллар алып, құрылысқа салуға дейін барған Тәжікстан үкіметі бүгінгі күні Әлем банкінің инвестициясының арқасында сыртқы әлемнің қарсылығына қарамастан ГЭС құрылысын қарқынды жүргізіп отыр. Дәлірек айтар болсақ, ел үкіметі 2014 жылдың басынан бері 335 миллион доллар инвестицияны игерген. Бұл өткен жылғыдан 40,1 пайызға көп. Осы ақшаның 55,4 пайызы өндірістік нысандар құрылысына, 44,4 пайызы (152,1 миллион доллар) өндірістік емес нысандар құрылысына жаратылған. Соның ішінде электроэнергетика нысандары игерген қаржы 68,4 миллион доллар. Рогун ГЭС-і құрылысы үшін 43,4 миллион доллар жұмсалған. Игерілген қаржы былтырғыдан 19 миллион доллар артық.

Осылайша, Тәжікстан аймақ­тағы басқа мемлекеттердің мүдде­сі­не қайшы келетін әрекеттерін одан әрі жалғастыруда.


МАУСЫМДАҒЫ МӘЛІМДЕМЕ, ШІЛДЕДЕГІ БАСҚОСУ


2014 жылдың 17 маусым күні Әлем банкі Рогун ГЭС-і құрылысы жөніндегі өз зерттеулерін жариялады. Бұл мәлімдемеде ГЭС құрылысы аймақ үшін қауіпсіз екені айтылған. Іле-шала баспасөзде өзбек саясаттанушысы Тимур Зафаровтың «Барки тожик» энергетикалық серіктестігі Рогун лоббиі үшін Американың «Фабиани & компани» серіктестігіне жыл сайын 1 миллион 200 мың доллар ақша төлеп тұрады. Мәлімдеме соның нәтижесі» деген пікірдегі сараптамалық мақаласы шықты. Онда Әлем банкі сынға алынған.

14-18 шілде күндері Алматыда ГЭС құрылысы талқыланған бесінші әрі соңғы басқосу болып өтті. Басқосуға 24 мемлекеттің өкілдері қатысты. Басқосуда сөзге шыққандар Әлем банкінің маусымдағы мәлімдемесін талқылап, іске алғысыз етті. 2009 жылы 17 тамызда Ресейдің Саяно-Шушенск ГЭС-індегі апатты мысалға алып, ірі нысандардан келетін зардаптардың да үлкен бо­ла­тынын тілге тиек етті. Тығырыққа тірелген Әлем банкі өкілдері тамыз айының аяғында шығатын ақтық шешімінде қарсы тараптардың ұсыныс-тілектері ескерілетіндігін айтты.

Басқосу өтіп жатқан сәтте Қыр­ғызстандағы Америка қар­жы­ландыратын «СаНьюс» сайтында полемикалық мақалаларымен аты шығып жүрген өзбек академигі Р. Абдуллаевтың «Рогунды жарып жіберу қажет» деген мақаласы шық­ты. Бұл мақала тәжік оқыр­мандарын біраз дүрліктірді. Онсы­з да қырғиқабақ боп жүрген өзбек пен тәжік бір-біріне өшіге түсті. Бірақ, бірнеше күннен соң Р. Абдуллаев бұл мақаланы өзі жазбағанын айтты. Мақаладан бас тартуына не себеп болғанын кім білсін. 

Бұл жағдайлар Әлем банкінің тамыздың соңында шығатын шешіміне әсер ете ме? Кейбір сарапшылар банк түлкібұлаңға салып, уақыттан ұтуды көздеп отыр, құрылыс жалғасын табады, өйткені, Әлем банкі бұған мүдделі деген пікірлерді айта бастады.

Сонымен, Рогун ГЭС-інің алдағы тағдыры не болмақ? Қырық мемлекет бірігіп, қыңыр мемлекетті жеңе ала ма? Бұл енді уақыт еншісіндегі мәселе. Мәселе оң шешіп тапса құба-құп. Әйтпесе, Орталық Азияда су мәселесінде жақын уақытта шу шығары анық.


Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары