ӨМІРДІҢ АЩЫ-ТҰЩЫСЫН КӨРГЕН

ӨМІРДІҢ АЩЫ-ТҰЩЫСЫН КӨРГЕН

ӨМІРДІҢ  АЩЫ-ТҰЩЫСЫН  КӨРГЕН
ашық дереккөзі
322

Кешегі апта бауырлас ел Түркия үшін аса маңызды саяси оқиғаларға бай болды. Оның бірі – жаңадан сайланған Реджеп Тайип Ердоғанның салтанатты ант беру рәсімінің өткізілуі болса, екіншісі – Түркия Жеңіс күні мен Қарулы күштерінің құрылған күніне орай өткізілген салтанатты шаралар. Қазақстандағы Түркия елшілігі де жылдағы әдетімен қазақ елінің лауазымды шенеуніктерін, шет елдер дипломатиялық өкілдерін, әскери әріптестерін шақырып, Жеңіс күнін тойлады. Жеңіс демекші, тамыздың соңғы күндері Түркия әскерінің айбынымен ғана емес, Ердоғанның саяси жеңісімен тұспа-тұс әрі мәндес сияқты көрінді. 

Ердоғанның тоқсан елдің басшысын шақырып, торқалы той жасауы заңды да. 77 миллиондық тұрғыны бар мемлекетте сайлаушылардың 52 пайызының дауысына ие болу – айы оңынан туған адамның ғана қолынан келер. Қырық миллионға жуық сайлаушының таңдауы – Ердоған. Ал Ердоғанның өзі қырық емес, барлық 76,7 миллион халықтың атынан сайландым деп санайды. 

Бұл таңдаудың қаншалықты дұрыс не бұрыс екені – басқа әңгіме. 

Бүгінде жасы алпысты алқымдаған Ердоған – Түркияның он екінші президенті. Бірақ оның алдындағы президенттерді Парламент сайласа, Реджеп Тайип Ердоған халықтың тікелей дауыс беруі арқылы президент болды. Сайлау науқаны тұсында ол ел Конституциясына президент құзыреттерін кеңейтуге байланысты өзгертулер енгізуге ниетті екенін жасырмаған. Алдыңғы президент Абдолла Гүл сияқты өкілеттілікпен ғана шектелетін құзыреттер Ердоғанның көңілін көншітпейді. Ол «күшті президент – әлсіз парламент» жүйесін құрмақ. 

Ердоған үшін белі қайысып еңбек ету таңсық емес. Өз мақсатына жету үшін маңдайы терлеп жұмыс істеуден де, табанды түрде жеке ұстанымын дәлелдеп шығудан да тайынбайды. Оның өмірбаянында жас күнінде көшеде лимонад пен тәтті тоқаш сатқаны айтылады. Өмірдің ащы-тұщысын бірдей көрген адамның табанды келетіні белгілі жайт қой.

Ердоғанның ішкі саясаттағы мақсат-мүддесіне қатысты қайшы көзқарастар жоқ емес. Шындығында, оның жастайынан діни білім алғаны тарихи дерек. Бірақ Стамбұлды басқарып тұрғанда сақалын қырмағаны үшін жұмыстан қуылғаны да рас. Сая­си көзқарасы үшін 1997 жылы төрт ай түрмеде отырып шықты. 

Стамбұлда діни лицейді тәмамдаған Ердоған шамамен, 1984 жылдардан бері саяси қызметке араласа бастаған. Оның «саясиланған ислам» идеяларын бойына сіңіргені де, шамасы, осы кез. 

Дегенмен, діни көшбасшы Фетхуллаһ Гүленмен соңғы жылдардағы арадағы қарама-қайшылық біраз жайттан хабар береді. Бір кезде жақын қарым-қатынаста болған бірі – саяси, бірі – діни көшбасшылардың теке-тіресі Түркияның ішкі ахуалына айтарлықтай кері әсерін тигізді.

Қарсыластары оны авторитарлы жүйе құрды деп те, дінді саясиландырды деп те айыптайды. Бірақ соңғы кездегі іс-әрекеті Ердоғанның исламды қолдаудағы бірізділігіне күмәнмен қарауға итермелейді. Шамасы, Ердоған исламдық мүдде емес, қазіргі Түркияның саяси мүддесі тұрғысынан әрекет етпек. 

Ердоғанның айы оңынан туған шақ – 2001 жылдың ортасында Әділет және даму партиясын құрған кезі. Осыдан бастап Ердоғанның саясатта жолы болды. 2002 жылы Әділет және даму партиясы Парламент сайлауында жеңіске жетіп, Ердоған премьер-министр орынтағына жайғасты. Содан бері он екі жыл қатарынан сая­си жеңістерге жетіп келеді.

Әрине, түрік халқының бәрі бірдей Ердоғанның саяси үстемдігін мойындауы мүмкін емес. Сайлаушылардың ішінде аласы да, құласы да бар. Әзірге, қарсыластар өз пікірін ашық айтып, тулап жатыр. Жаңа сайланған президенттің Парламентте ант беру рәсімінде наразы болған оппозиция өкілдері мәжіліс залын тастап, сыртқа шығып кетті. Өзіне сөз тимегеніне ызаланған Республикалық халық партиясы өкілінің Конституция мәтіні басылған кітапты қолына алып, төрағағаға қарай жіберіп ұруы – саяси жанжалға себеп. 

Бірақ оппозиция өкілдері қанша туласа да, енді Ердоған – президент. Құқықтық құзыреті аясы өзгергені болмаса, Ердоған үшін ел билігі таңсық емес. Кешегі премьер кезінде Түркияның ішкі-сыртқы саясатын өз уысынан шығармай ұстағаны рас. 2003 жылдан бері премьер-министр қызметі аясында мемлекет билігінің биігінен түспей келе жатқаны да шындық. Оған дейін 1994-1998 жылдар аралығында Стамбұл мэрі қызметін атқарған. 

Ердоғанның он екі жылдан бері саяси биліктен тұғыры таймай келе жатқанында заңдық-құқықтық қайшылықтар жоқ. Ол халық атынан президенттікке екі рет сайлануға қақылы. Ендеше, тағы он жыл билік басында отыруы әбден ықтимал деген сөз. Ол демократиялы жолмен авторитарлы жүйе құрудың сәтті үлгісін жасап келеді. Бірақ мазмұн тұрғысынан болмаса, іске асыру жолына байланыс­ты оған ешкім «Мұның қалай?» дей алмасы анық.

Ендеше, бір мүшел уақыт шамасында тұтас Түркияны ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап келген адамның легитимді түрде билік құру мерзімін одан әрі созғанынан не өзгермек? Еуропамен үзеңгі қағыстыруға жараған елді Ердоғанның жеке-дара басқаруынан халықаралық саясат ауаны қалай қарай бағыт алмақ?

Ердоғанның саяси көшбасшы ретінде халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аударған тұсы – 2013 жылғы Стамбұлдағы жаппай наразылық шерулерін таратуы болатын. Сол жылы жазда мыңдаған адам Таским алаңына шығып, Ердоғанның биліктен кетуін талап етті. Осы оқиғадан соң Ердоғанға қатысты оны «автократтық билеуші» деген айыптың бояуы қалыңдай түсті. 

Дегенмен, Ердоған – саяси ойындардың қыр-сырын әбден меңгерген кәнігі шебер. Ара-тұра өз көзқарасын тайсалмай айтатын турашылдығы да бар. Оның бейнесінен авторитарлы сипат іздеудің басты себебі де осы мінезінде. Газа аймағындағы және Қытайдағы мұсылмандардың жағдайы туралы Израильге, одан соң Қытай басшылығына ашық сын айтуы кезінде біраз дауға себеп болған. 

Ердоғанның президент лауазымында жасаған алғашқы шетелдік сапарлары да көп жайттан хабар береді. Ол салтанатты рәсімді атқарып болысымен, ат басын Солтүстік Кипр Түрік Республикасына бұрды. 

Осы сапар барысында Ердоған жергілікті көшбасшы Дервиш Эроглумен көзбе-көз сөйлесіп, журналистерге арналған баспасөз мәслихатына онымен бірге шықты. Ол алдағы НАТО саммиті мен БҰҰ Бас ассамблеясы жиналысында Кипр мәселесін тағы көтеріп, Солтүстік Кипр мүддесін қорғауға уәде берді.

Бүгінгі таңда Солтүстік Кипр мемлекетін мойындаған ел Түркия ғана. 1974 жылдан бері екіге жарылған Кипр Түркия мен Грекия арасында даулы аймаққа айналды. Оңтүстігі – Афинының, солтүстігі – Анкараның ықпалында. Түстіктегі Кипр Республикасының Еуроодақ мүшесі атанып, ал Солтүстік Кипрдің жалғыз Түрік Республикасының қолдауына ие болуы – Анкараның халықаралық қауымдастықпен арадағы қарама-қайшылықтан тартынбайтынын аңғартады. Екі жылдан бері аралды біріктіру мәселесі тоқтап қалған еді. Биыл ақпан айын­да қайта жалғасқан келіссөздер енді Ердоғанның президент сайлануына байланысты қайтадан басталуы мүмкін.

Қазірдің өзінде Грекияның сыртқы істер министрлігі Ердоғанның Кипрге сапары пен онда жасаған мәлімдемелеріне наразылық білдіріп үлгерді. Шамасы, екі ел арасындағы қатынас бұдан кейін шиеленісе түседі. 

Дегенмен, Ердоған Түркияның Еуроодаққа мүше болуын қалайды. Оның тұсында еуроинтеграция бағыты одан әрі жалғасары анық. 

Сонымен қатар, Ердоғанның президент ретінде ант беру рәсіміне халықарлық саяси жағдайдың өзгеше реңк бергенін айтпай өту мүмкін емес. Рәсімге шақырылған тоқсан елдің қатарында Украинаның бүгінгі президенті Петр Порошенконың болғаны мәлім. Бірақ Анкараға қарай ұшуға бет алған Порошенко аяқ астынан Ресеймен шекаралас аймақтағы кикілжіңге байланысты жарты жолдан қайтуға мәжбүр болды. Кремльдің әскери әрекеті кесірінен Түркия сапарынан қалған Порошенконың қынжылысын әуежайға келген журналист қауым анық аңғарды. Украинаның біртұтастығын, Қырымның Ресейге берілмеуін ашық қолдайтын Ердоғанмен осы жолы бетпе-бет жүздесу мүмкіндігінен айрылған Порошенконың өкініші орынды-ақ.

Түркияда тұратын ноғай диас­порасы өкілдері Украина басшысын күтіп алуға әуежайға әдейі келген екен. Порошенконың келмей қалғанын естіген соң, олар украиндық делегацияға қошемет білдірумен ғана шектелді. 

Есесіне, украиндық делегацияны басқарып барған Қырым татарлары халқының ісі бойынша Украина президентінің өкілі Мұстафа Джемилевтің жолы болды. Ол он екі президенттің арасынан жол тауып, Ердоғанмен жеке сөйлескен. 

Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы шақыр­тумен құтты қонақтар қатарында сал­та­нат­ты шараға қатысып, басқа мемлекет­тер басшыларымен келіссөздер жүргізіп үлгерді. 

Ердоған премьер-министр болып тұрған кезінде-ақ Украинаның біртұтас мемлекет болып қалатынын қолдайтынын, 16 наурыздағы референдум қорытындысын мойындамайтынын ашық айтқан. Ал 27 нау­рызда БҰҰ Бас Ассамблеясында Украинаның территориялық тұтастығын сақтау, оның шекарасын халықаралық деңгейде тану туралы резолюция дауысқа түскенде Түркия мақұлдап дауыс берді. Бұған дейін Қырым ноғайларын барынша қолдауға уәде бергенімен, Ердоғанның бұл сөз үдесінен қалай шығатыны түсініксіз. 

Дегенмен, Түркия талапайға түскен Қырым тағдырына бей-жай қарай алмайды. Тарихи сабақтастық Қырымның саяси мәртебесін шешуде белсенді әрекет етуді талап етеді.

Ал, Түркияның Қырым ноғайларын қолдауы оның Ресеймен әріптестік қарым-қатынасына салқынын тигізері сөзсіз. Түркия мен Ресей арасындағы тауар айналымы жылына 50 миллиард долларды құрайды екен. Оның үстіне, Түркия Ресей газына тәуелді. Сондықтан ресми Анкараның экономикалық мүдде тұрғысынан тиімсіз әрекетке бел шешуі неғайбыл. Ресей – Еуроодақ, Ресей – басқа мемлекеттер арасындағы экономикалық санкциялар алмасуынан кейін Түркия көптеген тауарларды Ресейге тасымалдаудан едәуір пайда табуы ықтимал.

Ендеше, Ердоғанның Қырымға қатысты қазіргі саясаты «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға» ұмтылуға саяды.

Бірақ Ердоған ерлей ала ма, жоқ па – ол арасы әзірге күңгірт.

Ердоған премьер-министр болып тұрғанда сыртқы істер министрлігін басқарған Ахмет Давутоғлы енді үкімет тізгінін өз қолына алды. Сондай-ақ, ол Әділет және даму партиясының басшысы болып сайланды. Осылайша, Ердоғанның айнымас серігіне айналған премьер-министр өз Кабинетін жасақтап та үлгерді. 

Ердоғанның сөзімен айтқанда, Түркия үшін «жаңа дәуір» басталды. Өзіне дауыс берген 40 миллионның ғана емес, 77 миллионның мүддесін қорғауға Ердоғанның қабілеті жете ме?

Сонымен қатар, Ердоғанның сайлауалды тұғырнамасында айтылған «ғаламдық әділдік» идеясы айрықша назар аударуға тұрарлық. Шамасы, президент Ердоған Түркияда ғана емес, жер бетінде әділдік орнатуға уәде беруден де тартынбайды.

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары