ПАРАСАТ ПАЙЫМЫ МОЛ ЕДІ...

ПАРАСАТ ПАЙЫМЫ МОЛ ЕДІ...

ПАРАСАТ   ПАЙЫМЫ   МОЛ ЕДІ...
ашық дереккөзі
Адам (Ұзақбай) Ибрайұлы Мекебаев 1940 жылдың сәуір айында Қорқыт ата өңірінде, нақтыласам Сыр сүлейлері шыққан жерде туған. Содан да болар жастайынан әдебиетке жақын болды. Оның қабілетін байқаған ұстаздары оны өнер мен әдебиетке баули бастайды. Онжылдықты Жосалы кентінде 1960-жылдардың басында оқып бітірген соң, сол тұстағы еліміздегі бірден-бір Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1965 жылы арнайы жолдамамен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, кейіннен осы газеттің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болды. 1966-1974 жылдар аралығында Қызылорда облыстық мәдениет басқармасында, облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры қызметтерін атқарды. Осы тұста Сыр елінде жас таланттарды та­уып, өнер, мәдениет саласының небір майталмандарының танылуына ерен үлес қосты. Облыстағы Жазушылар, Журналистер одағының өкілдерімен, облыстық «Ленин жолы» газетінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, талай ізгі жұмыстар жасады. Сондай-ақ, 1970-1973 жылдары оның қаламынан оқырмандарды елең еткізген «Жадыра» (1970), «Жезтырнақ» атты прозалық шығармалары дүниеге келді. Адам Мекебаев Сыр елінде отау тігіп, шаңырақ көтеріп, әсем Алматыға толысқан, таныла бастаған шағында келді, «Қайнар» (1975-1981), «Жазушы» баспасында редактор, 1981-1985 жылдар аралығында Қазақ КСР Мәдениет министрілігінде инспектор, ҚР Мемлекеттік сценаристер коллегиясында кеңесші, 1987 жылдан «Жұлдыз», «Ақжелкен», «Ақиқат» журналдары және «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Адам Мекебаев 1985-1987 жылдарда Мәкеудегі Дүниежүзі әдебиет институтын оқып бітірді. Оның қаламынан туған оннан астам хикаят­тары, «Періште келіншек» (1982), «Жер кіндігіндегі апат» (1992), «Дауылды жер» (1988), «Қазына сыры» (1994) романдары қазақ әдебиетіне қосылған елеулі үлес болатын. Оның бірнеше шығармалары орыс тілінде жарияланды. Мемлекет пен үкіметіміз қарымды қаламгер Адам Мекебаевтың қоғамдағы еңбегін бағалап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2001), 2004 жылы «Құрмет» ордені, 2013 жылы ҚР еңбегі сіңген қайраткері атағымен марапаттады, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері болды. Жалпы әдебиетке А.Мекебаев Ұзақбай есімімен әрі өлең жазумен келген болатын. Соның дәлеліндей 1976 жылы «Дала мінезі» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Біз екеуміз 1967-1968 жылдарда Қызылордада танысқан болатынбыз. Отырыстарда, жиындарда сөзін тыңдата алатынын, аспай-саспайтынын аңғарған едім. Адам Ибрайұлының тым сабырлы мінезі кейде әзіл-қалжыңға арқау болып кететін. Өмір бар жерде – өлім бар. А.Мекебаев өмірден өтті деген суық хабар селт еткізіп, жазушы өмірін ой-елегінен өткізуге итермелейді. Ол 20-30 күн бұрын ұялы телефоннан ел жаңалықтарын сұраған еді-ау. Ауырып жатса да Сыр еліне деген ыстық ықыласын жоғалтпағаны ғой. Сыр өңірінде өмір сүрген жыраулардың соңғы ірі өкілдерінің бірі Рүстембек жырау жайлы естелік әңгімесінің өзі халқымыздың асыл байлығы дер едім. Балаларының айтуымен Астана қаласына көшіп келіп, астаналық қауыммен аралас-құралас бола жүріп, ауыр науқасқа шалдыққан шағында жан жары Гүлжамалға «ауылға көшейік» деп жиі айтқан көрінеді. Сөйтіп, Қаскелең шаһарынан қайта қоныс тепкен күні өмірден өтті. Әдекеңнің ауыл дегені қырық жылдан астам өзі өмір сүрген, әдебиет пен өнердің ордасы Алматы екен. Өзі жақсы көретін Алматы қаласындағы «Кеңсай» қорымына жамбасы тиді. Тұлғалы азамат, танымал жазушы Адам Ибрайұлы Мекебаевтың арамыздан кеткені талайлардың жүрегіне қаяу салды. Тынышбек Дайрабай, зерттеуші, жазушы