ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІНЕ ЕКІ ЖАРЫМ ЖЫЛ ҚАЛДЫ

ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІНЕ ЕКІ ЖАРЫМ ЖЫЛ ҚАЛДЫ

ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІНЕ ЕКІ ЖАРЫМ ЖЫЛ ҚАЛДЫ
ашық дереккөзі
449
2017 жылға белгіленген ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне дейін екі жарым жыл мерзім қалды. Астаналық көрмеге дайындық барысында әлі атқарылуы тиіс шаруалар шаш-етектен. Өткен аптада елордада өткен Халықаралық қатысушылар жиыны мен «Болашақ энергиясы: СО2 шығарындыларын азайту» форумы осы мәселелердің бір парасын қамтып, шешімін тауып берді.Ең әуелі, ЭКСПО көрмесі – жұртшылыққа арналған шара екенін айта кетуіміз керек. Алыс та жақын шетелден көрмені тамашалауға екі миллионнан астам қонақ келуі мүмкін. Олардың қаншасы шетелдік турист болары әзірге тек болжам түрінде айтылады. Дегенмен, бұған дейінгі көрмелерге ондаған миллион турист қатысқанын ескерсек, астаналық ЭКСПО да қатысушылардың қалың нөпірін қабылдауға дайын болуы тиіс.
Әлбетте, көрмені тамашалайтын қонақтардың бәріне бірдей, ол мейлі отандық әлде шетелдік турист болсын, жалпыға ортақ қолайлы жағдай жасалуы керек. Сондықтан да «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы ішкі және сыртқы туризмді дамыту мәселелеріне де бірдей жіті назар аударып отыр. Сарапшы мамандар көрмені тамашалауға 100 елден 2 миллионнан аса қонақ келуі мүмкін деп болжаған, олардың әрқайсысы көрмені кем дегенде екі рет тамашалауы мүмкін. Көрме қатысушыларының жалпы саны 5 миллионға жетеді деп межеленуінің сыры осында. 
Халықаралық қатысушылардың алғашқы жиынында ЭКСПО көрмесіне туристер тарту мәселесі жан-жақты талқыланды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының туризм департаментінің директоры Аниса Бердинаның айтуынша, көрме қатысушыларының 85 пайызы – қазақстандықтар, 15 пайызы – шетелдік қонақтар болмақ. Сырттан келушілердің дені – ТМД елдері мен Қытай тұрғындары. Сондай-ақ Еуропа, Түркия мен АҚШ-тан да келушілер қатары қалың болады деп болжанып отыр. 
«Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» демекші, астаналық көрмені тамашалауға келген туристерге Қазақстанның бар жақсысын жарқырата көрсету – болашаққа салынар инвестицияның бір түрі. Себебі, Қазақ елінің тарихына қанығып, мәдени ескерткіштеріне көзайым болып, табиғат ерекшеліктеріне тамсанған туристер лебізінен асқан жарнама болмас. Осы орайда, қонақтарға арнап ұйымдастырылатын туристік сапарлардың жай-жапсары ЭКСПО-2017 көрмесінің сайтында жарияланып отырады. Қазақ елін бойлай өткен Жібек жолы ескерткіштері, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Бурабай» ұлттық паркі, Жетісу даласы саяхатшыларға естен кетпес қызықты сапар сыйлайтыны сөзсіз. Жас Астана мен бұрынғы астана – Алматыға да арнайы сапарлар ұйымдастырылмақ. 
2017 жылғы көрме туралы сөз болғанда, жалпақ жұрттың көкейінде тұратын тағы бір сауал – оның қаржылық-материалдық шығынының көлемі. Халықаралық қатысушылар жиынында баяндама жасаған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының коммерция және инвестициялар тарту департаментінің директоры Ержан Мейрамов осы мәселеге қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, көрмеге дайындық және оны өткізу барысында коммерциялық жобалардан 283 миллион еуро табыс түседі деп жоспарланып отыр. Бұл қаржының 81 пайызы демеушілер қаржысы мен билет сатудан түскен пайда болмақ. Көрме демеушілеріне салық түрлерінен жеңілдік беру және тауарлар мен қызмет түрлерін сатуда басымдық беру сияқты мүмкіндіктер қарастырылған. Қазіргі есеп бойынша, 5 миллион қатысушыға сатылған билеттен түсетін қаржы 82 миллион еуроға жетеді. 
Оның үстіне, халықаралық көрмеге дайындық барысында отандық кәсіпкерлікті дамытуға серпін беру мәселесі де басты назарда. Мысалы, жергілікті кәсіпкерлердің қоғамдық тамақтану орындарын ашу, сауда-саттық, электронды коммерция жүргізу, сауық-сайран шараларын, қонақ үй және туристік бизнесті ұйымдастыруға барынша жағдай жасалады. 
Осылайша, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудегі шығындарды азайтып, мемлекет қазынасына түсетін салмақты жеңілдету көзделіп отыр. 
Ең бастысы, ЭКСПО-2017 көрмесі отандық ғылымның көкжиегін кеңейтіп, ғаламдық энергетикалық ізденістерге тың серпіліс сыйламақ. Мұны өткен аптада елордада ұйымдастырылған екі күндік «Болашақ энергиясы: СО2 шығарындыларын азайту» форумы айқын көрсетіп берді. Энергетика саласының 500-ден аса сарапшы маманы, ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысқан форум экологиялық, энергетикалық қауіпсіздік тақырыбында ой бөлісті.Тұңғыш рет өткізілсе де, дүниежүзілік экологиялық мәселелер туралы ашық әрі жан-жақты кәсіби талдау жасауға мұрындық болған жиынның берері көп. Себебі осы шара барысында ауаны ластайтын газдардың теріс әсерін азайту, қуат көздерін тиімді пайдалану, оларды сақтауға мүмкіндік беретін технологиялар, қуат көздерін жалпыға ортақ пайдалану жолдарын табу сияқты тақырыптар бойынша сүбелі зерттеулер жарияланды. «Бүгінде СО2 қалдықтарын азайтудың жаңа құралдары айрықша өзекті: инновациялық сипаттағы саяси шешімдер қажет, жаңа тетіктер мен экономикалық механизмдер қажет, сондай-ақ жаңа технологияларға инвестициялар керек» деген «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ермегияев бұл форумның пікір алысу, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік берерін атап көрсетті. 
Форум жаңалықтарының бірі ретінде «Online Expo-2017» халықаралық байқауының жариялануын атауға болар. Қазақстандық ғалымдар бұл байқауға халықаралық көрмеге қоюға лайықты деп таңдалған үздік жобаларын ұсына алады. «Жасыл» инновациялар мен жобалар байқауы аталған шара ғаламтор аясында жыл сайын өткізілетін болады. Оның нәтижесі бойынша Астана Экономикалық форумы аясында Мини-ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылатын болады. Мини-ЭКСПО Қазақстан үшін ғаламдық ЭКСПО-ға дейін өсу сатысының бірі болмақ. 
Бұдан басқа, көрменің басты павильондарының бірі – үздік тәжірибелер аймағына қойылатын таңдаулы жобаларды іріктеп алу үшін халықаралық комиссия құрылады. «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша ең озық технологиялар, жаңа өнімдер мен құрал-жабдықтарды осы жерден көруге болады.

К.ЖЕҢІС
Астана

Серіктес жаңалықтары