ЖЫР ДҮЛДҮЛІ

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ
ашық дереккөзі
936
Біртуар ақын Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. Ол небәрі төрт-ақ жасында анасынан айрылып, бірыңғай әкесінің тәрбиесінде болыпты. Болашақ ақын өзінің көкесінен қаршадайынан хат таниды, етікшілік өнерімен айналысып, әдемі қоңыр даусымен домбыраға қосылып ән де салады екен. Алайда Ілекеңе жүйелі оқып, терең білім алардай жағдай болмайды. Ауылда қазақ-татар тіліндегі бастауыш мектепте бес жыл оқып, 1911 жылы оны тәмамдайды да, 1920 жылға дейін елде жүріп қалады. Бұдан кейін ақын Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтында оқыпты,оны ойдағыдай бітірген соң ауылда мұғалім болып қызмет істеген.Ақынның өлеңдері 1920 жылдан бас­тап ол кездегі «Тілші», «Кедей еркі» атты газеттерге жариялана бас­тайды. Көкірегінде оты бар аса биік талант Ілияс Жансүгіров 1922 жылы Алматыға бір­­жолата көшіп келіп, «Тілші» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Ілияс Жансүгіров талмай ізденіп, ерінбей оқып, білім қуған қайраткер. Ол 1925 жылы отыз бір жасында Мәскеуге оқуға кетеді. Сонда қатарынан үш жыл оқып, 1920 жылы Коммунистік Журналис­тика институтын бітіріп, жан-жақты мол білім алыпты. Ақынның дүние­жүзі классиктерінің творчествосымен осында терең танысып, зерттеп, тәжірибе жинақтағанына кейінгі жазған естеліктерінде тебірене тоқталғаны белгілі. Ол халықтың ішінен қайнап шық­қан ғажайып талант иесі, ақпа-төкпе ақын. Нені жырласа да, қандай тақырыпты көтерсе де, оның әрбір сөзінен қарапайым адамдардың ішкі-дүниесі барынша жарқырай ашылар еді: Сақарың еді сексеуіл, Сабыным, сағызша оралшы. Сабыннан ырым етуші ек, Оралсаң ісім оңалшы. Сабам сауыс, қасық қақ, Сатала самсап, бозда тұр. Орамалым он батпан, Баланың басы көз қотыр. Ауру – лас, кір – қолаң, Ауыртып еді мазаны ап. Арылта жүріп, сабындап, Алайын бәрін тазалап, – деп кешегі қазақы тұрмысымызды бар бітім-болмысымен әдемі суреттейді. Мұнда сабын бүкіл ел-жұрттың таза­лығының белгісі іспетті. Ақын сабын арқылы үй тұрмысындағы ең керекті деген асыл заттың адам баласына қан­дай қызмет атқаратынына дейін тәптіштеп, жан-жақты толғайды. Тіпті бүгіндері ұмыт бола бастаған қаншама сөздерді еске сала кетеді. Олар: сауыс – кір, қақ – тот, көзқотыр – жара сияқты төл ұғымдарымызда жиі қолданылмаған соң, ел жадынан өше бастаған сөздер. Ал сабынның да өзіндік ырым-жырымы бар екен. Қайнап жатқан қазанға қыз баланы жолатуға болмайды, егер олар жақындай қалса, сабын үйірілмейді, ондай жағдайда сабынды ала алмайсыз, осы себепті ақын: Сығалама, қарама, Еркек аулақ, қыз қашық. Абысын байғұс қайда жүр. Алатын болса бұзаушық, – деп қазақы пейіл-берекемізді әдемі айтыпты. «Бұзаушық» деген кішірек сабын, мұны бір ғана көрші-қолаң емес, бірнеше абысын алатын болғандықтан аса үлкен емес, шамалы етіп жасап, көңіл жетер ағайын-туысқа таратып беру парыз сияқты болған. Ақынның жоғарыда біз сөз еткен «Сабын» атты өлеңіне ұқсас бүкіл еліміздің ішкі-сыртқы салт-дәстүрінен хабар беретін «Сапты аяқ» сияқты өлеңнің жөн-жосығы бөлек, айрықша: Бауырдай қатық балбырап, Қоймалжың қою құйып құрт. Жұмып көзді жұтқанмын, Мөлтілдетіп малып мұрт. Қабаққа біткен қайыңның Беріші еді, безі еді. Өтіндей-ақ аюдың, Әкемнен қалған көз еді, – десе ақын, мұның бәрі де рас, ақ сөз. Қара саптыаяқтың қадір-қасиеті қарашаңырақтан бірде-бір кем емес. Сондықтан да оны «әкемнен қалған көз еді» деп өте жоғары бағаласа, әрі көнелігін де айтып ескерткені деп білеміз. Ақынның сөз құдыретін аса жоғары бағалағаны бізді өзіне тәнті етеді. Әсіресе «Жетісу суреттері» атты ұзақ өлеңнің жөні басқа. Мұнда біз әлі аты-жөнін меңгеріп болмаған тау мен шоқы, өзен мен көл, шөп пен жәндік атаулары толып жатыр. Әттең осындағы қазірде түсінуі қиын сөздердің түп-төркінін тауып, оларға түсінік берер ме еді дейсіз іштей қынжылып: Жетісу, кеудең асқар, аяғың көл, Қоңның құм, мықыныңда бар сексеуіл. Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап, Ол бір маң мал өсірген өлкедегі ел. Көктемде құмнан әсем жер болсын ба, Жайқалып жауқазыны, раң гүлдер. Бойдағы бозбаладай асыр салса, Қозысы құйрықтанып дөңгеленер, – деп толғайды дарынды ақын. Мұнда әдемі сурет те, сұлу саз да бар. Әсіресе бұл күндері көп айтылмағандықтан ұмытылыңқырап кеткен сөздер де баршылық. І.Жансүгіров жан-жақты талант. Ол балаларға да арнап жеткіншектердің тіліне жатық небір әдемі тақпақтар жазған. Оның жақсы дүниелерін тыңдап, бүлдіршін туған жерін, өскен ортасын, ата-анасын сыйлап өсері сөзсіз. Ақын балалардың жан дүниесін терең біледі, олардың нені сүйіп, нені жек көретініне дейін жан-жақты зерттегені айқын сезіледі. Ілекеңнің ойынша, бала – біздің болашағымыз, бүлдіршіндер жақсы азамат болып өссе, елдігіміз биіктемек, ғылым-біліміміз артпақ, сонда ғана өнерлі халықтар қатарына қосыламыз. Ол үшін ұлттық тәлім-тәрбиені барынша мол беруіміз керек екен. Ірі ақын лирикалық өлеңдерді де мол жазған, оның аса үздік туындыларына «Сабын», «Гималай», «Мезгіл суреттері», тағы басқа да көптеген лирикалық жырларын жатқызуға болар еді. Ол осы өлеңдері арқылы табиғаттың тамылжыған суреттерін біздің көз алдымызға барынша әсем, барынша сәулетті түрінде елестете біледі. Сіз бірде туған жердің мөлдір суына шомылып жүрсеңіз, артынша шиедей қып-қызыл бүлдіргенін тергендей боласыз. Сіздің қарсы алдыңызға бір сәтте асқар тау, ұланғайыр дала, ақ балтыр қайың, бұйра бас қарағай қаз-қатар тізіліп тұра қалғандай болады. Ақынның қайсыбір өлеңін оқысаң да, ол сізбен сырласып, ішкі жанын ақ жаңбырдай ақтарып тастағандай, сіз өзіңіз бір адал дос тапқандай қатты қуанасыз. Расында нағыз ақын, талантты жазушылардың дос-туыстарының көп болатындығы – олардың ішкі құпиясын ақтарғандығында. Өз ішінде иненің жасуындай қалтарыс-бұлтарысы жоқ ашық-жарқын адал адамды кім бауыр тұтпайды, кім жақын тартпайды?!. Ілекең сықақ әңгіме де жазған үлкен сатирик жазушы. Ол кісінің әзіл-оспағының астарында терең ой, ірі мәселелер жатады. Ең бастысы мұндай шығармаларында жазушы әрбір оқушысын сабырлы да салмақты, парасатты да кісілікті болуға үндейтін. Ебелекше елпілдеп, көбелекше келкілдейтіндерді көзіне шұқып сынап-мінейтін, ашына ойын ортаға салатын. Оның жақсы сықақтары «Пұшық мұрынға кетік ыдыс», «Жалаңаш жиылыс», «Мынау не дейді?». Бұл дүниелер Ілияс Жансүгіровтің жанының мөлдір, көкірегінің таза екенін айтпай танытқандай. Аса талантты Ілекең бар жанрда қалам тербеп жазғанымен өзінің заңғар ақын екенін досына да, дұшпанына да көзінің тірісінде-ақ мойындатқан. Әсіресе, поэма жанрында І.Жансүгіровтің биік шырқауға құлаш сермегенін Мұхтар Әуезов бірнеше рет байқап, тұңғыш рет жоғары баға беріп, «Құлагер» поэмасын «өлеңмен жазылған роман» депті. Ғұлама жазушының ағынан жарылып айтқан мұндай ғылыми тұжырымына біз де шын жүрегімізбен қосыламыз. Ілекеңнің бұл поэмасы Ақан Сері өмірінің соңғы бір сәтін жырлауға арналған. Алайда Серінің бүкіл өмірбаяны бұл туындының өн бойына сіңісіп, ғажап сырлар шертеді. Ақын әрбір ұрымтал жайдан суыртпақтап сыр тарта отырып, Ақанның барлық ішкі жан сырын, биік арман-мұратын жан-жақты суреттейді. Оның сұлулық құмарлығын, әсіресе түзу мылтық, жүйрік тазы, қыран құс, бәйге ат десе ішкен асын жерге қоятынын барынша нанымды, барынша шебер жырлаған. Сіз Ақанмен бірге қуанып, Ақанмен бірге күрсінесіз. Әсіресе Құлагердің зұлым қолдан мерт болып, иесінің атының басын құшақтап жылағаны сай-сүйегіңізді шымырлатады, жанарыңызға жас, көкірегіңізге қайғы толтырады. Өзіңіздің де ішкі жан азабыңыз қайта қозып, қайдағы – жайдағы есіңізді алады. Тіпті басқаны былай қойғанда, алдына Құлагердің басын өңгеріп, артына жетім баланы мінгестіріп: Қош, енді қалдың кейін, Құла­герім, Тұрмадың, жығылғаннан жылап едім. Жалғанда саяқ жүріп таяқ жедім, Көретін күнім шығар бұ да менің. Бай-бай, бай-бай, – деп зар қағып келе жатқан жалғыз атты жолаушыны көргенде ішіңіз қазандай қайнайды. Ақан Серінің досы да, туысы да, сырласы да, армандасы да, мұраттасы да өзіңіз боласыз. Ақынның «Құлагер» поэмасы оның өз халқын жанындай жақсы көретінін бір айқындаса, сол өскен елінің тұрмыс-тірлігін, салт-санасын, ішкі-сыртқы жағдайын соншама жақсы білетіндігінің куәсі іспетті шебер жазылған дүние. Біз бұл туындыдан өз халқымыздың дарқан да жомарт кеңпейілділігін, аса өнершіл, сауыққой ел екенін түсінеміз. Ақынның дәл осындай ғажап поэмаларының қатарына «Күй», «Күйші», «Дала» сияқты кең тынысты дүниелері жатады. Бұл поэмалардың мән-маңызы, түйіп айтсақ, халқымыздың кезең-кезең тарихын терең толғап, тебірене жырлаумен елдің қайғы-шерін қозғауымен қымбат дер едік. Әсіресе, Ілекеңнің осы аталған дүниелері ерекше саздылығымен, тау суындай сарқыраған екпінімен, халық тұрмысына етене жақындығымен ерекше, өзгеше, биік дүниелер. Біздің көнекөз қариялардан естуімізше, Ілекең Әбубәкір Диваевтың басшылығымен бірер жыл халық ауыз әдебиетін жинаған деген де (марқұм Мырзабек Дүйсенов көп айтатын – С.Д.) сөз бар. Бұл жағдайдың рас болуы да мүмкін. Олай дейтініміз, І.Жансүгіров 1935 жылы «Сүйінбай ақын» атты кітап шығарып, оған жолбарыс мінезді айбатты Сүйекеңнің толғаулары мен айтыстарын енгізіпті. Сонымен бірге, халқымыздың салт-дәстүрінен мол мәліметтер бере келе, Сыпатай батырға берілген сол кездегі ұлан-асыр асты да жан-жақты сөз ете келіп: «Ұлы жүздегі Ботпай Сыпатай батырға ас берілгені бұдан 70-80 жыл шамасы бұрын. Ел кәрілерінің айтуынша, бұл батыр асы үш жүзге сауын айтқан ұлы дүбір астың бірі болған. Астың бас бәйгесіне жүз атан, жүз құндыз, жүз жамбы – күміс тігілген. Үш мың ат айдалып, бас бәйгені Шапырашты руынан Сұраншы батырдың Ақтұяғы алған екен», – дейді. Ілекең Сыпатайдың асында Сүйінбай мен Майлықожа айтысты дей келіп, ұлы ақын Сүйінбайға да өзінше баға бере кетіпті. «Сүйінбай өлеңді кәсіп еткен, ұлы дүбірде жарысқа түскен, өлеңді ойдан желше соқтыра беретін жезтаңдай ақын. Ел әуезінше айтсақ: «дарыған» ақын, мұның өлеңінің ерекшелігі – көбінесе жырмен соққаны. Бұл Жетісудағы қазақ, қырғыз ақындарының өлең үлгісінің бір-біріне түр жағынан сабақтастығы. Сүйінбай шұбыртып жырласа төгіп жібереді, сипалап кетеді», – деп І.Жансүгіров барынша ғылыми талдау жасаған деп білеміз. Әсіресе бұл жағдай Сүйінбайдың аузын айға білеген Қатаған (Арыстанбай) ақынмен айтысында анық көрініс тапқан. Ешкімнен мысы қайтпаған, өзінен басқа ақын бар деп білмейтін Қатағанды жеңуі, Сүйінбайдың асқан жеңісі болып табылады. Осыдан кейін қырғыз, қазақ арасында анда-санда болып тұратын ұсақ жанжал пышақ кес­кендей тыйылса керек. Бұл күндері біз зар-заман ақындары деп Дулат, Шортанбай, Мұраттарды атап жүрміз ғой, осы айтылған таланттардан басқа албан Асан атты шайыр ел бүтіндігі, халық қайғысын ойлап жар құлағы жастыққа тимей өткен. Ілекең осы ақынның «Ақырзаман» деп аталатын кітабын 1934 жылы алғы сөзін өзі жазып жарыққа шығарды. Ақын албан Асанның жыр-толғауларын барынша жан-жақты талдай келіп: «Асанның өзінің кім екенін қоя тұрып, сөзін алғанда – Асан төңкерістің алдындағы заманға кезіккен ру, тектік қалыптағы ескі ауылдың тілі болған, өзінің айтуынша «Ақырзаман» ақыны. Мұның жазған өлеңінің басынан аяғына шейін түңілу, торығу, сарыуайым. Асан сөзінше баяғы елдің өзбек заманы «кең заман», «еркін заман», өзбектен кейінгі орыс патшасының қол астына қарағаннан бастап тар заман туып, зар заман басталды. Сондықтан Асан өлеңінің басынан аяғында бір сыдырғы ізде тұратын уайымшыл жыраудың күні өткен, үміті біткен ақынның сарыны болып шығады. Бұл екінші Асан Қайғы», – деп толғаса, құрастырушы өте әділ, ақ сөз деп білеміз. Біздің сәл ғана қосарымыз Асан алдағы күнді болжай білген сәуегей де еді. Ол әкені ұл, шешені қыз тыңдамайтын заман келе жатыр деп босқа байбалам салмаған. Дәл қазір алдымыздан мұз, артымыздан от жанып тұрғандай қысылтаяң заманда тұрмыз. «Қайыр­шының сүйген асын кім берер?» дегендей өз ойындағындай дүние жасау қиын екені жұртқа мәлім. І.Жансүгіровтің Алатаудың ақ самалындай аңқып ескен ғажап поэмалары, таза мөп-мөлдір өлеңдері әрбір оқушысының жан сырына, сырласына айналғанына не заман. Қаншама ана өз бөбегін осы ақынның бесік жырымен тербеп ұйықтатып, тербеп оятты десеңізші. Бірақ қатыгез уақыт, сұрқия заман өз дегенін жасап, заңғар таланттың қаншама дүниелері әлі табылмай жатыр. Ілияс Жансүгіров өзінің өмір­баянымен бірге, халқымыздың бүкіл тұрмыс-тірлігін, салт-санасын, мінез-құлқын жан-жақты толғаған заңғар ақын. Қазақ халқы барда, егеменді еліміз тұрғанда ұлтжанды асқан ақын Ілекеңнің аты биіктей түседі, даңқы асқақтай береді демекпіз. Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ, Д.А. Қонаев атындағы университеттің профессоры

Серіктес жаңалықтары