ЕНШІСІН АЛҒАН ЕРКІН ЕЛ

ЕНШІСІН АЛҒАН ЕРКІН ЕЛ

ЕНШІСІН АЛҒАН ЕРКІН ЕЛ
ашық дереккөзі
242

Анар ЛЕПЕСОВА

Биыл қазақ мемлекеттілігінің бастауы – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Астана қаласы активімен 22 қазандағы кездесуінде осы айтулы мерейтойдың республика деңгейінде тойланатынын мәлімдегенде, күллі қазақ қуанған болатын.Өйткені кеңестік қыспақ кезінде Керей мен Жәнібек хандар іргесін қалаған Қазақ хандығының 500 жылдығын тойлау туралы бастама көтере алмадық. Тәуелсіздік таңы атқан соң тарихымыздың асығы түгенделіп, Қазақ елінің өткенін сан-саққа жүгіртіп жүргендер сабасына түсті.Елбасымыз Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары дәрежеде атап өтуге айрықша көңіл бөліп, Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті тапсырмалар берген бола­тын. Үкімет отырысының қо­ры­­тындысы бойынша ҚР През­и­ден­ті жанындағы Орталық комму­ни­кациялар қызметінде өткен брифингте ведомоство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы БАҚ өкілдерін мерейтой аясында ұйым­дастырылатын шаралар кешенімен таныстырды.
Қазақ хандығының 550 жыл­дығын тойлау – атүсті қабылданған ше­шім емес, биліктің ұзақ жылдар бойы жүргізілген жоспарлы да тиянақты жұмысының нәтижесі. Бұған Елбасының 2010 жылдың маусымында Астанадағы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші ашыларда сөйлеген сөзі дәлел. Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды заманында ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткішін ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, біздің елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі. Баршаңыз білесіздер, Керей мен Жәнібек хандар қасиетті Қозыбасы жерінде Қазақ деп аталатын хандықтың алғашқы қадасын қағады. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген қазақ ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелік етті. Түптеп келгенде Керей мен Жәнібек тұсында тарих сахнасына шыққан «қазақ» деген сөз «егемен, еншісін алған еркін ел» деген мағынаны береді. Бабаларымыздың ұлыстың атына таңған азаттық аңсарын ақиқатқа айналдыру біздің ұрпақтың маңдайына жазылыпты», – деген болатын. Яғни, бұл мерейтой – тарихи сананы жаңғырту, елдік дәстүрдің терең екендігін бұқараға сезіндіру мақсатында жасалған кешенді жоспардың бір бөлшегі.
Брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы тапсырмасы бойынша үлкен тұжырымдама жасалып, оның Үкімет отырысында талқылаудан өткенін мәлімдеді. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында қолға алынатын маңызды шараның бірі – 20 сериялы телехикаяның түсірілімі. «Мерейтой қарсаңында ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, деректі және көркем фильмдер жарық көреді. Оның ішінде, Елбасының тапсырмасымен Қазақ хандығына арналған 20 cериялы телехикая түсірілетінін ерекше атап өткім келеді. Қазіргі кезде ғалымдардың анықтауымен тарихымыз айқын жолға түсті, енді біздің алдымызда оны көркемдік белеске шығару міндеті тұр», – деді ведомоство басшысы.
2015 жылы қазақ мемлекетті­лі­гінің мерейтойын тойлау жөнін­дегі іс-шаралар жоспарына елдегі түр­лі музейлер мен мұрағаттарда Қазақ хандығы тарихын зерттеу туралы жобалар, ғылыми-көпшілік бағдарламалар мен халықаралық конференциялар кіреді. Сондай-ақ, «Алтайдан Дунайға дейін» деп аталатын ауқымды экспедиция ұйым­дастырылмақ. «Біз Мажарстанмен бір­лесіп, «Алтайдан Дунайға дейін» халықаралық экспедициясын ұйым­дас­тыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, Германиямен де бірқатар шаралар өткізу жоспарда бар. Мәселен бірлескен археологиялық қазба жұмыстары қолға алынады. Көптеген шетелдік ғалымдар келіп, Қазақстанның тарихын зерделеуге, бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдіруде. Меніңше, мұның барлығы осынау атаулы оқиғаны лайықты деңгейде мерекелеуге мүмкіндік береді», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Министрдің айтуынша, мерейтойға орай атқарылатын шаралардың ұзын саны 100-ге жетпек. Оларды мазмұнына қарай үш топқа бөлуге болады: патриоттық, ақпараттық және танымдық бағыттағы іс-шаралар. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге елі­міздің барлық облыс, аудандары жұмыл­дырылады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы көзін қарастырып, ұйымдастырылатын шаралардың көп шығынды болмауына баса көңіл бөлмек. Мере­­кені қорытындылайтын жиын келер жылдың қыркүйек айында Қазақ хандығының алғаш құрылған жері Шу мен Талас өзендерінің арасындағы алқапта Елбасының және бірқатар шетелдік меймандардың қатысуымен өтеді деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары