ӘСЕМ ҚАЛА АЛЫПТАРДЫ КҮТЕДІ

ӘСЕМ ҚАЛА АЛЫПТАРДЫ КҮТЕДІ

ӘСЕМ ҚАЛА АЛЫПТАРДЫ КҮТЕДІ
ашық дереккөзі
178
Соңғы жылдары ауыр атлетика Қазақстан спортына әлемдік абырой әкелген спорт түріне айналды. Соңғы Лондон олимпиадасында қазақстандық төрт ауыр атлет алтыннан алқа таққан болатын. Олар: қыздарымыз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, ерлер арасында Илья Ильин болатын. Міне, Алматыдағы әлем біріншілігінде бұлар олимпиадалық табыстарының кездейсоқ емес екенін дәлелдей алады деген сенім көп. Бұл дүрмекті бәсекенің мәні де, жөні де бөлек болмақ.Алматыдағы әлем біріншілігінде алтын медаль алумен қоса, 2016 жылы Бразилияда өтетін олимпиада ойындарына берілетін лицензиялар сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни баптайтын ауыр атлеттеріміз Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарына қатысып, өз мүмкіндіктерін таразылап көрген-ді. Сөйтіп бұл сында ауыр атлеттеріміз Қазақстан қоржынына 1 алтын, 4 күміс медаль салған. Жоғарыда аталған төрт мықтының арасынан Зүлфия Чиншанло жарысқа қатысып, екінші орыннан ғана көрінді.
Жазғы Азия ойындарында ерекше байқалған нәрсе, ол Азия құрлығында ауыр атлетикаға ден қою артып, жеңіске деген бәсекелестік арта түскен екен. Қытай ауыр атлетиканың нағыз көшбасшысы екенін бұрын-ақ дәлелдеп қойса, олардан қалыспай, үзеңгілес келе жатқан Солтүстік Корея, Ресей сияқты елдерді былай қойғанда, аядай ғана ел – Қытайдың Тайпейінің де аяқ алысы ерекше. Инчхондағы Азия ойындарында олимпиада чемпионы Зүлфия Чиншанлодан алтын тартып алған тайпейлік қыздың шеберлігі соған дәлел.
Сонымен Алматыда өтетін ауыр атлеттердің дүрмекті додасына әлемнің кіл мықтылары жиналмақ. Қазақстандық төрт олимпиада чемпиондарынан бөлек, Солтүстік Кореядан үш бірдей олимпиада чемпионы алтын медаль үшін сынға түспекші. 2013 жылы әлем чемпионаты Польшада өткені белгілі, сол әлем біріншілігінде жеңіс биігінен көрінген 12 ауыр атлет Алматыда да алтын алуға тырысатыны айтпаса да белгілі.
Польшадағы сында Ресей ауыр атлеттері ерекше көзге түскен болатын. Бұл команда Алматыға 5 әлем чемпионын алып келе жатыр. Әйелдер арасында 75 келі салмақта сынға түсетін қазақстандық Светлана Подобедоваға бұл жолы алтын алу оңайға соқпайтын түрі бар. Оның ресейлік екі қарсыласы да көптен бері Светаға тістерін қайрап жүргендер. Олар: Надежда Евстюхина мен Татьяна Каширина. 63 келі салмақта әлем чемпионы Тима Түриева да алтыннан басты үміткер. Ерлерден ресейлік Апти Аухадов (85 келі), Александар Иванов (94 келі) сияқты мықтылар бар. Басқа елдерден келетін мықтылардан поляк Адриан Зеленский (85 келі), ирандық дүлей күш иесі (105 келіден жоғары) Бехдат Салимикордашинбиді ерекше атауға болады.
Қытайдың ерлер, әйелдер құрамасы барлық салмақта алтын медальдан негізгі үміткерлер екенін дәлелдеуді қажет етпейді.Басқа елдерден де осалдар келмейтіні белгілі.
Қазақстандықтардың бас­ты үміткері – ол Илья Ильин. Міне, сол Ильямыз Алматыда өтетін әлем біріншілігінде биік тұғырдан көріне ала ма, көріне алмай ма деген сұрақ көпшіліктің көкейінде тұрғаны сөзсіз. Илья Ильин бұрын 94 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, әлемнің үш дүркін чемпионы атанса, Алматыда 105 келіге дейінгі салмақта бірінші рет өз бағын сынап көрмек. Жақында Илья жаттығу барысында жұлқи және серпи көтеруде рекорд орнатқанын естігенбіз. Жұлқи көтеруде 205, ал серпи көтеруде 242 келіні бағындырған болатын. Бірақ жаттығудың аты жаттығу.
Көзіміз көріп жүргендей, көптеген атлеттер жаттығу барысында көрсеткен нәтижелерін жарыс кезінде қайталай алмай жатады. Иә, сонымен Илья Ильин бағы жанып келген 94 келіден бас тартып, жаңа 105 келіні бағындырмақ. Бұл салмақта Ильиннің басты қарсыластары кімдер болмақ? 2013 жылы Польшада өткен әлем біріншілігінде, әлем чемпионының тәжін киген өзбекстандық Руслан Нуридиновтың жұлқи көтерудегі көрсеткіші 190 келі, серпи көтеруде 235 келі, қоссайыста 425 келіні бағындырған. Әлемдік додаларда өте жоғары нәтиже көрсеткен ауыр атлеттер қатарынан, әлемдік рекорд көрсеткен Андрей Арямновты айтуға болады. Оның қоссайыстағы көрсеткіші 436 келі.Сондай-ақ ресейлік Давид Беджанян серпи көтеруде 241 келі салмақ көтеріп, әлем рекордын жаңартқан еді. Осы аталған атлеттерден бөлек 105 келі салмақта ресейлік Андрей Демановты, оның командалас әріптесі Хаджымұрат Аққаевты атауға болады.
Сонымен әлемнің назары биылғы жылдың 8-16 қарашасында Алматыға ауады. Қазақстандық ауыр атлеттер өз жерінде, өз елін­де намысты қолдан бере қоймайтындарына сенімдіміз.
Алматыдағы әлем бірініші­лігінде Алексей Ни басқарған құрама командамыздың қатарынан кімдерді көре аламыз?
Ерлер құрама командамыздың көшбасшысы Илья Ильин екенін айтып жатудың қажеті болмас. Ал, 94 келі салмақта 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов пен дүниежүзілік жасөспірімдер олимпиадасының қола жүлдегері Рүстем Сыбай бағын сынайды. Әлем, Азия біріншіліктерінде додаға талай түсіп, әбден шыңдалған Кирилл Павлов 77 келіде жарыс жолына шығады. Аса ауыр салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері Ибрагим Берсанов пен талантты Селімхан Әбубәкіров ел намысын қорғайды.
Ал 56 және 69 келі салмақтарда Арли Чонтей мен Альберт Линдер өнер көрсетеді. Қосалқы құрамда Ермек Өміртай(85 келі) мен Жасұлан Қыдырбаев (105 келі) бар.
Әйелдер бәсекесінде үш бірдей олимпиада чемпиондары ел намысын қорғайды. Олар – Зүлфия Чиншанло (53 келі), Майя Манеза (63 келі), Светлана Подобедова (75 келі). 48 келі салмақта Азия ойындарының жеңімпазы Маргарита Елисеева, Дүниежүзілік жасөспірімдер олимпиадасы мен жастар арасындағы әлем чемпионы Жазира Жаппаркүл, сондай-ақ Сәуле Садуақасова, Карина Горячева өз бақтарын сынап көрмек.
Осынау дүрмекті бәсекеде Қазақстанның намысын қорғайтын жігіттеріміз бен қыздарымыз тола­ғай табысқа жетіп, Қазақ­станның көк туын желбірете беруіне тілек­теспіз.

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары