АТА-АНАҒА ҚҰРМЕТ – АЛЛА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТ

АТА-АНАҒА ҚҰРМЕТ – АЛЛА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТ

АТА-АНАҒА ҚҰРМЕТ –   АЛЛА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТ
ашық дереккөзі
1405
Қазақ халқында ата-ананың мәртебесі айрықша. «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында», «Жұмақ ананың аяғының астында» деген мақал-мәтелдер халық арасында кең тараған. Ислам діні ата-ананы құрметтеуді Құдайдың ақысымен қатар қояды. Қасиетті Құранның Лұқман сүресінің 14-аятында Алла Тағала: «Біз адамдарға ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста болуды бұйырдық. Себебі анасы оны қиыншылықтарға төзе отырып құрсағында көтеріп жүрді. Туғаннан кейін екі жыл емізеді. (Ей, Адамдар!) Алдымен Маған, сосын ата-аналарыңа алғыс айтыңдар. Соңында Маған қайта ораласыңдар…», – деп бұйырған. Ислам дінінде ата-анаға қатты мән беріліп, адамзаттың ішіндегі ең қастерлі де сыйлы жан ретінде құрмет көрсетілген. «Өмірдегі ең қымбат, ең жақын адамың кім?» деген сұраққа барлық адамдар бірдей жауап берері анық. Дүниеде адамға ең қымбат жандар – ата-аналар. Ата-ана туралы Құранда аяттар бар және бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с) иман мәселесінен кейін ең көп тоқталған тақырыптарының бірі. Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деген: «Сендерге үш үлкен күнәларды айтайын ба? Олар: Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу және өтірік куәлік беру». Абдулла ибн Омар (р.а.) анасын мойнына салып алып, Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Ол кісі бұған: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?», – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (р.а.): «Жоқ. Сені босанарда қысқан толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылар», – деп жауап берді. Абдулла ибн Амр (р.а.) басқа бір риуаятта былай деген: «Бір кісі Алланың Пайғамбарына (с.а.с.) келіп: «Саған һижра мен жиһад жасауға серт беремін. Алладан мол сауап қалаймын», – дейді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с.): «Ата-анаңның біреуі тірі ме?» – деп сұрайды. Кісі: «Иә, екеуі де», – дейді. Алланың Елшісі (с.а.с.): «Алладан мол сауап қалайсың ба?», – деп сұрайды. Кісі: «Иә», – деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.с.): «Олай болса, ата-анаңа бар да, ол екеуімен жақсы қарым-қатынаста бол», – деп бұйырады». Ата-ананы құрметтеген пендені Алла Тағала биік дәрежелерге көтереді. Өйткені Раббының разылығы ата-ананың разылығымен тікелей байланысты. Бұл сөзімізге Пайғамбардың (с.а.с.) сахабалардан кейінгі толқын – тәбиғиндердің ең абзалы – Уәйіс туралы хадисі де дәлел. Анасына жасаған құрметінің арқасында ол дұғасы қабыл болатын пендеге айналады. Омар ибн Хаттабтың айтуынша (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Сендерге Йеменнен келетін көмекші әскерлермен бірге Қаран тайпасының Мурад аталығынан Уәйіс ибн Амир келеді. Оның қатты құрметтейтін анасы бар. Ол Аллаға ант ішсе, Алла оның дұғасын қабыл етеді. Егер одан өзің үшін Алладан жарылқау тілеуін сұрағың келсе, сұра». Кейіннен Омар ол кісіні көріп, өзіне дұға қылуын өтінген. Уәйіс қарт анасын құрметтеу арқылы Алланың алдында үлкен дәрежеге ие болды. Оның дұғасын Алла қабыл ететін болған. Уәйіс пайғамбарымыз жайлы естіп, оны көргісі келеді. Пайғамбарды көру, онымен әңгімелесу әрбір мұсылман үшін үлкен абырой, үлкен мәртебе емес пе? Алла Елшісімен бірге болып, сахаба атану да үлкен бақыт. Уәйіс осылай еткісі келді. Бірақ бара алмады. Неге? Өйткені оның үйінде қарт анасы болды. Анасын тастап кете алмады. Ол кішкентай кезінде мәпелеп өсірген анасын қартайғанда қараусыз қалдырып кетуге қимады. Бір жағынан Алланың ең сүйікті құлы, адамзаттың абзалы, екі дүние сәруары болған пайғамбарды көргісі келді. Осылайша, Уәйіс қарт анасын аялап, оған құрмет көрсеткені үшін, әр сөзін екі етпей орындағаны үшін әулиелік дәрежеге жеткен. Біздің халқымыздың тарихында әке-шешесін қарттар үйіне апарып тастау деген жаман әдет болмаған. Қазіргі кезде көптеген қарттар үйіне көмек көрсетіп жатырмыз деп айтамыз, алайда бұл біздің өсуіміз немесе жағдайымыздың жақсарғанының белгісі емес, бұл біздің рухани құлдырауымыздың белгісі. Жырларынан даналық төгілген Бұхар жырау: «Алла деген ар болмас, Ақтың жолы тар болмас. Тар пейілді кеңімес, Кең пейілді кемімес. Берем деген құтылмас, Берік байлаған шешілмес, Қазулы жолдар көмілмес, Қарт бабаңды сыйлай бер Күндердің күні болғанда, Кімдердің белі бүгілмес,» – деген. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше болған: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген мақал бар. Біз «Төріңнен қарт кетпесін» деп дұға тілеген халықпыз. Алла елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Ақырзаман жақындағанда аналар өздерінің мырзаларын туады» деген. Яғни перзенттің бойында ата-ананы сыйлау деген қасиет қалмай, керісінше оларға өзінің дегенін істетіп, дөрекілігімен қабақтарына кірбің түсіріп, жандарын жаралайтынын айтады. Ата-анасы тірі бола тұра оларға лайықты қызмет көрсете алмау үлкен қасірет болып есептелінеді. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Қор болды! Қор болды! Қор болды» дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» деп сұрайды. Сонда ол (с.а.с): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы қасында болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам» , – деп жауап береді. Сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен. Ата-анасына мейіріммен, сүйіспеншілікпен бір рет қараған адам қабыл болған бір қажылықтың сауабын алады. Пайғамбарымыз: «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және умраның сауабы жазылады» деген. «Күніне мың рет қараса да солай ма?» деп сұрағанда пайғамбарымыз: «Күніне жүз мың рет қараса да…» деп жауап берген. Тағы бірде: «Ата-ананың жүзіне мейіріммен қарау – ғибадат» деп білдірген. «Ата-анаға құрмет бақытсыз адамды бақытты қылады. Өмір жасын ұзартады және оны жаман өлімнен сақтайды» делінген Алла Елшсінің өсиетті сөздерінде. Қарттың игі, ізгі дұғаларын алу – сауапты іс. Әке-шешенің дұғасын үлкен ғанибет, олжа деп білу керек. Хадис шәрифтерде: «Үш адамның дұғасы қабыл болады. Әке-шешенің, зұлымдыққа ұшыраған адамның және қонақтың дұғасы», – делінген. Бұл айтылғандар асыл дініміздің ата-аналарымызға қатысты бұйырған бұйрықтарының аз ғана бөлігі. Кейде бауырларымыздың қартайған өз әке-шешелерін қарттар үйлеріне апарып жатқанын көріп, үлкен өкініште қаламыз. Қазақ даласында жетімдер, қарттар үйлері мүлдем болмағанын тарихтан жақсы білеміз. Қоғамда иманды жандар көбейсе, ата-аналарымыз қарттар үйлерінде өмірлерін өткізбейді деп сенеміз. Алла Тағала баршамызды ата-анасын қадірлеп, Өзінің разылығын алған құлдарының қатарына қосқай. Әмин! Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ, Алматы қаласының бас имамы

Серіктес жаңалықтары