АУРУХАНАҒА ЖАТУДЫҢ МАШАҚАТЫ

АУРУХАНАҒА ЖАТУДЫҢ МАШАҚАТЫ

АУРУХАНАҒА ЖАТУДЫҢ МАШАҚАТЫ
ашық дереккөзі
430
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2010 жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізгені баршамызға белгілі. Бұл жүйе қазақстандықтардың ем қабылдауына өз шарапатын тигізуі қажет еді. Науқастарға аймақтық дәрігер мен медициналық мекемелерді еркін таңдау құқығының берілуі, емдеу мекемелері арасында нарықтық бәсекелестікті туындататын ортаны құру, науқастарды сапалы және қауіпсіз тиесілі медициналық қызметтер құқықтарымен қамтамасыз ету, медициналық мекемелердің сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетудегі міндетін арттыру мақсаттары бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойылған болатын.Бірыңғай жүйе бір ізге түсе ала ма? Жалпы, Қазақстанға бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі қайдан келді? Дәл осы жаңадан енгізілген бірыңғай денсаулық сақтау бағдарламасы Сингапур елінің тәжірибесінен алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеу нәтижесі бойынша Азия аумағындағы үздік медицина Сингапур елінде екен. Жылына Сингапурға емделу үшін 500 мың адам келеді. Медицинаның барлық саласы бойынша білікті мамандардың көбі осы елде қызмет етеді. Еуропа мен АҚШ-қа қарағанда бұл елде емделу және диагностика өте арзан, қолжетімді. Ондағы медициналық қызметтің сапасын үкімет қадағалайды. Заңнамалық жүйесі жоғары деңгейде болғандықтан, кез келген емделуші өз мүддесінің толықтай қорғалатынын біледі. Сингапурдағы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі жөнінен әлемде 6-шы орынға ие. Сингапур еліндегі денсаулық сақтау жүйесінің табысты болуы тұтынушылар таңдауының мол еркіндігінің арқасында қамтамасыз етілгендігінде. Мұнда өмір сүру ұзақтығы 80 жас, ал балалардың өлім-жітімі төмен. Сонымен қатар, Сингапурда жеке медицина есепшоттары жүйесі іске қосылған. Сингапурда құрылған ынталандыру жүйелері бүкіл жүйенің жоғарғы сапасын сақтау барысында мемлекеттік шығыстарды төменгі деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Сингапур денсаулық сақтау жүйесін Тынық мұхиты өңірінде ең үздік деп танып, Сингапурдың денсаулық сақтау жүйесіндегі тәжірибесін қабылдауды ұсынады. Осыған байланысты 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда да бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Бірыңғай жүйенің арқасында медицина саласына «ауруханаға жатқызу порталы» деген түсінік енді. Дәл осы порталдың медицинаға енгізілуі әлі күнге дейін қазақстандық тұрғындардың наразылығын тудыруда. Ең алдымен, ауруханаға жатқызу порталы деген не? Соған тоқталайық. Емдеуге жатқызу порталы – тегін медициналық көмектің кепілді негізінде бірыңғай электронды тіркеу жүйесі, есепке алу, өңдеу және жоспарлы түрде ауруханаға науқастарды жолдау. Портал бағдарламасының негізгі мақсаты науқастардың дәрігерді және аурухананы өз еркімен таңдауымен қатар уақытында ауруханаға жатқызылуы болып табылады. Емханалардың медицина қызметкерлері күнделікті ауруханалардағы бос төсек орны туралы, науқастарды жоспарлы ауруханаға жатқызу үшін күту парағы және науқастардың ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпараттарды да осы порталдан біле алады. Ауруханаға емдеуге жатқызу медициналық тексеру бойынша жүзеге асырылады. Денсаулығындағы ақау бойынша шағымданған науқас ең алдымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесінің дәрігеріне қаралады. Егер тексеруден кейін науқас ауруханаға жатқызылуы тиіс деген қорытынды шығарылса, сол күні науқастың таңдауы бойынша емхана қызметкері порталдан ауруханадағы бос төсек орны туралы мәліметті тексереді. Егер бос төсек орны болса, порталға науқас туралы мәліметтер енгізіледі. Содан кейін науқасқа код нөмірі жазылған талон беріледі. Порталға мәліметтер тіркелгеннен кейін 2 күн ішінде таңдалған аурухана науқасқа арналған жолдаманы әзірлейді. Жолдаманы алған соң, науқас өзі таңдаған ауруханаға барып жатады. Портал арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруханаға жоспарлы жатқызуды ұйымдастырудың бекітілген тәртібіне сәйкес, егер науқас әртүрлі себептерге, оның ішінде алдағы күту уақытының ұзақтығына байланысты бастапқы таңдауынан бас тартса, бос орындары бар басқа аурухананы таңдайды немесе барынша ерте емделуге жатқызу мүмкіндігін қарастырады. Дәрігерлер портал бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің жетістігі дегенді алға тартуда. Алайда ауруханаға жату үшін рәсімделетін шараның қарапайым халықтың көңілінен шықпағандығына қарап жүйе жемісін берді деп айта алмаймыз. Науқастар бұл жүйе ауруханаға жатудың мұңын одан ары арттырып жіберді дейді. «Расында да, ауруханаға жатқызу бюросының порталына қарапайым халықтың наразылығы басым. Әуелде шикіліктер болды, әрине. Дегенмен, бұл жүйе жүзеге асқалы бері портал қызметіне жүгініп жатқандардың саны артуда. Біткен іске сыншы көп. Бұл порталдың басты артықшылығы алыс ауылдардағы ағайынның өзі таңдаған ауруханасына жата алатындығында. Бұл дегеніңіз – науқастарға таңдау еркіндігін беру. Ал ауруханаға жатқызудың портал бойынша берілетін жолдамасы жоспарлы түрде жүзеге асып келеді», – дейді дәрігер Нұрсұлу Рахимова. Алайда порталдың оң істерінен шекесі шылқып, игілік көріп жатқан науқастарды жиі кездестіріп жатқанымыз жоқ. Науқастар неге назалы? Медицинасы жоғарғы деңгейге көтерілген Сингапурдан үлгі алып, олардың тиімді жүйесін отандық тәжірибеге енгізгенімізбен, денсаулық сақтау саласын бір жүйеге түсіру әлі күнге дейін мүмкін болмай келеді. Ауруханадағы орын тапшылығы, бітпейтін кезек, дәрі үшін науқастарды сандалту үрдістеріне әлі де тоқтау жоқ. 2010 жылы енгізілген бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің негізінде ауруханаға портал арқылы жатқызу жүйесін іске қосып, оңала алмай тұрған медицина саласы тағы да науқастарды сарсаңға сала бастады. Портал бойынша ауруханаға ең алдымен, өміріне аса бір қауіп төнген, жұқпалы ауруға немесе жүйке ауруына шалдыққан, жедел жәрдем арқылы түскен науқастар жатқызылады. Ал өзге науқастар, яғни жүріп-тұруға мүмкіндігі бар жандар кем дегенде 2 күн кезек күтеді. Осы екі күн ішінде аурухана табалдырығын тоздырып, дәрігерлер кабинетін кезіп жүруге мәжбүр болады. Егер «жеңіл-желпі» аурумен ауырсаңыз, порталдың кезегін күтіп әуреленудің де қажеті жоқ. Ауруханада ем қабылдау үшін жасалатын алғашқы анализдердің де науқасты әбігерге салатыны тағы бар. Ол анализдің өзін таңмен таласа жүріп тапсырады. Таңғы уақытта үлгермегендер келесі күні тағы да осы шаруамен шапқылайды. Ал анализдері жоқ науқасты дәрігердің қабылдауы тіптен мүмкін емес. Міне, осыдан кейін ғана порталды күтеді. Порталдан орын табылып, жолдаманың қолға тигенін науқастар апталап, айлап та күтеді. Өзінің ауруы алқымынан алып жүрген науқас кезек күтіп жүргенде қайтыс болып кетпесіне кім кепіл? Жаңа жүйенің сорақылығы да осы болып тұр. Халықтың наразылығын тудырған бұл жүйе сонда кім үшін тиімді? Кезек күтіп жүріп ауруын асқындырып алған азаматтар қазір жиі кездеседі. Солардың бірі – Ақмаржан Бүркітбаева. Ақмаржанның ауруханаға жату үшін әлекке түскендігі туралы бізге оның әпкесі Меруерт Бақытжанқызы баяндап берді. Алғашында асқазанының мазалағанына шағымданған Ақмаржан Алматыдағы қалалық ауруханалардың біріне барады. Аурухананың нөмірін атамаған Меруерт Ақмаржанның ол ауруханада ем қабылдауы әлі де аяқталмағанын ескертті. Әдеттегідей дәрігер әуелі барлық анализдерін тапсыруды сұрайды. Анализдерін тапсырып, оның нәтижесін алу үшін де бірнеше күн ауруханаға сандалған. Күн сайын кезек күтіп тұруға уақыты болмаған Ақмаржан соңында ауруханаға жатып ем қабылдаудан бас тартып, дәріханадан дәрі алып, өз бетінше пайдалана бастаған. Бір аптадай дерті мазаламаған Ақмаржан аурухана туралы да, дәрігерлерге қаралу туралы да ұмытып кетеді. Кейін дерті қайта мазалай бастағанда, ата-анасы қолынан жетектеп ауруханаға қайта апарған. Анализдерін тапсырғаннан кейін, дәрігердің қабылдауында болған Ақмаржанды ауруханаға жатқызу туралы шешім шығарылған. Электронды құрал арқылы порталға тіркелген Ақмаржан тиісті аурухананың жолдамасын бір аптадан аса уақыт күткен көрінеді. Ақмаржанның әпкесі дерттің дауасын табу үшін бірнеше апта күтіп жүру мүмкін еместігін айтады. «Ақмаржанның дерті аса қауіпті емес. Сондықтан біздің жолдаманы күткеніміз үлкен қиындық тудырмады. Ал Ақмаржанның орнында ауруы асқынған адам болса, қайтпек? Бірнеше апта ішінде дертіне дерт қосып алса, науқас мұның жауабын кімнен талап етеді? Медицина саласында «шаш ал десе бас алатын» адамдар ғана қызмет етеді-ау шамасы. Анализ тапсыру кезінде де ұзынсонар кезек, дәрігердің қабылдауына кіру үшін тағы да сағаттап кезекте тұрасыз, одан порталға тіркелу, жолдаманы күту үшін тағы уақытыңыз кетеді. Дәрігерлер қауымы есік алдында тұрған кезекті көрсе де, асықпайды. Сонда олар үшін алдына келген науқастардың өмірі маңызды емес болғаны ғой. Денсаулық мәселесіне келгенде кезек, немқұрайлық деген болмауы тиіс. Халықтың санын арттыруға тырысып жатқанда, мына жүйенің кесірінен оң нәтиже болмасы анық. Онсыз да ауру адамды әуреге салатын «порталды» енгізгенде басшылықта отырғандар не ойлады екен?», – дейді Меруерт Бақытжанқызы. Заң бұзушылықтарға тоқтау болмай тұр Жыл басында Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының өмір сүру жасының ұзақтығын 80 жасқа жеткізу туралы нақты міндет қойғаны белгілі. Мынадай тиімсіз жүйе бұл межені алқымдауға кедергі болуы әбден мүмкін. Ауруханаларда баяғы жетіспеушілік. Бірде ауруханада орын жоқ, бірде дәрі-дәрмек жоқ. Денсаулық сақтау саласының мамандары ауруханаға жатқызу порталы арқылы сырқаттанған жандардың барлығы өздері қалаған емханасында тегін ем қабылдауда дейді. Тіпті, ресми деректерді де ұсына алады. Ресми деректер бойынша бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі іске қосылғаннан бастап, алғашқы екі жыл ішінде 600 мыңнан астам адам портал қызметіне жүгінген көрінеді. Бұл – аз көрсеткіш емес. Тіркелген 600 мың адамның 87 пайызы ауруханаға жатқызылған. Екі жыл ішінде ауыл тұрғындарының 45 пайызы жос­парлы тәртіпте порталдың көмегімен ауруханада емделген. Сол уақыт аралығында 85 пайызға жуық қазақстандық өз аймағындағы клиникалар қызметін пайдаланса, 15 пайызы республикалық деңгейдегі емханаларды таңдаған екен. Бұл көрсеткішке қарап отырсақ, порталдың игілігін көріп жатқандар саны өте көп секілді. 2 жыл ішінде мұндай көрсеткішке қол жеткізу денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін біршама жетістік, әрине. Ауруханаға жатқызу порталы медицина саласындағы бармақ бас­ты, көз қысты әрекеттерге, жемқорлыққа, қылмыстық істерге тосқауыл болады деп те болжанған. Бұл үміт те ақталмады. Мұны бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова да жоққа шығармаған болатын. Салидат Қайырбекованың мәліметі бойынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша қоймаларда екі айға жететін дәрі-дәрмек пен медициналық заттар артық қалған, яғни, мекеме басшылары бюджеттен бөлінген қаражатты қажетсіз дәрі-дәрмекке жұмсаған. Ондағы мақсат – бөлінген қаржыны толық игеру болған. Есеп Комитеті жүргізген тексеру нәтижесі бойынша 73,7 млрд. теңгенің бюджеттік және басқа да заңнамалық тәртіп бұзушылықтардың беті ашылған. Еліміздің 9 облысында жалпы құны 830 млн. теңгені құрайтын медициналық қондырғылар бос тұр. Халыққа тегін көрсетілетін медициналық қызмет сапасын бақылау да тиімсіз жүргізілген. Тегін көрсетілуі тиіс медициналық қызмет үшін ақы алудың 179 жағдайы тіркелген. Тексеру нәтижесінде 53 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 36 тұлға қызметтік жауапкершілікке тартылған. Бұл деректер бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің заң бұзушылықтарға кедергі бола алмағандығын аңғартады. Қалай тартсақ та, жүйенің бір бөлігі саналатын ауруханаға жатқызу порталы әлі уақытқа дейін еш тиімділігін көрсете алмады. Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары