14 Маусым, 04:57 228 0 Білім "Түркістан" газетінің авторлары

ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІ ЕРМЕК ЕМЕС

Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» деген тақырыпта республикалық конференция өтті. Белгілі лингвист ғалымдар мен Парламент депутаттары, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия мен жұмыс топтарының мүшелері қатысқан осы жиында «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің емле ережелерінің Тұжырымдамасы» талқыланды.

Конференцияны ұйымдастырған – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-практикалық  орталығы. Айта кету керек, латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиіне көшу міндетін жүйелі әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы негізінде Үкімет қаулысымен осындай жаңа құрылым құрылған болатын. Жаңа құрылымның мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін дайындау, оны апробациядан өткізу, жаңа әліпби бойынша үйрету, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және мемлекеттік қызметкерлер мен жеке адамдарға мемлекеттік тілде жеделдетіп оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, филология ғылымы бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу. Ұлттық комиссия жанында орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық-ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары да құрылған болатын.

«Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің Тұжырымдамасы» –  өте өзекті тақырып. Оны конференцияға бейнежолдау арнаған Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықова да баса айтты. «Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің емле ережелері ең алдымен соны пайдаланатын  халықтың мүддесінен шыға білуі керек», – деді белгілі ғалым.

Қазақ орфографиясы ережелерінің тұжырымдамасы дегеніміз не? Бұл – латын негізді қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазу ережелерінің ғылыми негіздерін айқындайтын лингвистикалық нормативті құжат. Бұл ретте жазу мәдениетін жақсартуға, қазақ тілінің табиғатын сақтауға ерекше мән берілуі керек екені түсінікті. Ол үшін фонематикалық принцип басты басшылыққа алынуы тиіс.

Қазақ тілінің мәдениеті дегенде бірінші кезекте орфоэпиялық ережелерді ұстану керек. Конференцияға қатысушылар осы жөнінде де ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, ономастикалық атауларды латын әліпбиінде жазудың да негіздері болуы қажет. Кейбір шет тіліндегі атауларды өз тілімізге икемдеу, физика-географиялық нысан атауларын транслитерациялауды да бір ізге түсіру ерекше мұқияттылықты қажет ететін мәселе. Конференция қатысушылар осы жайында да ой-негіздемелерімен бөлісті.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли қазақ орфографиясы, оны қайта жасау туралы  айтты.

– Неге біз ережемізді қайта жасауымыз керек? Себебі  әліпби түзілгеннен кейін ереже соған сәйкес болуы керек. Әуелі әліпби. Бізде ұлттық-дыбыстық қордағы дыбыстық бірліктеріміздің санын Ахмет Байтұрсын-ұлы дұрыстап айтып кеткен болатын. Ол – 9 дауысты. Кезінде оны Байтұрсынұлы белгіледі. Одан кейін 19 дауыссыз. Бұл – біздің ұлттық дыбыстық қорымыздың негізі. Ал жазба тілдің ықпалымен «х», «в» сияқты әріптер енді. Кириллицада солай болды. Қазіргі әліпбиде де ескеріліп отыр. Бізге  42 әріптің қажеті қанша? Өздеріңіз қарасаңыздар, кирилл әліпбиінің үштен бірі ұлттық дыбыстық қорымызға сәйкес келмейді. Бұл кезінде идеологиялық қысым мен саяси әрекеттің әсерінен болды. Ереженің жартысына жуығы бөтен тілдегі сөздерді таңбалаудың ережесіне айналып кетті. Орфографиямыз қос тілді  болып шықты. Ережеміздің тең жартысы да сол күйде болды. Біздің ережеміз, ұлттық жазуымыз өзінің ұлттық сипатынан айырылды, – деді Нұргелді Уәли.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешев латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің емле ережелерінің тұжырымдамасындағы ерекшеліктер туралы айтты.

– Қазақ тілінің емле ережесінің тұжырымдамасын қазақ зиялылары 1924 жылы тұңғыш білімпаздардың съезінде – Орынборда ақылдасқан. 1929 жылы ереже қабылданып, ол 1938 жылы өзгертілген. 1940 жылы да осындай тұжырымдама болғанымен, 1955 жылы ол қайта өзгертілген. Ол кездегі сөздік қор мен бүгінгі сөздік қор бірдей емес. Біздің артикуляциямыз, акустикамыз көптеген шетелдің сөздерін айтып үйренді. Жастар үйренді. Бірнеше тіл білеміз. Ол қазаққа ғана емес, барлық жұртқа, ұлтқа тән нәрсе. Абайдың қара сөздерін оқысаңыз, ол стиль мен бүгінгі стиль бірдей емес. Одан ары Қадырғали Жалайыри мен Дулатиді оқысаңыз, ол да бөлек. Махамбет пен Кенесарының хатын түсінуі үшін де білім керек. Сондықтан, бұл концепцияда фонетикалық дәстүрлі қағидат ұстанылады. Бірінші – қазақ тілінің тілдік табиғатын сақтау, екіншіден бізге енген сөздерді қалай беру деген мәселе, – деді ол.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты  Анар Фазылжанова жаңа емледегі фонетикалық принцип және қазақ тілі ғылыми курсындағы орфоэпияның рөліне тоқталса, филология ғылымдарының докторы,  профессор Әлімхан Жүнісбек әліпби емле ережелерінің қағидаттарын көпшілікке таныстырды. Жаңа әліпбиді оқыту және оны кімге, қалай оқыту жайы да назардан тыс қалмады.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықова: «Әліпби әйтеуір қабылданады. Бірақ оның ең қиыны – емле ережелерінің түзілуі. Кезінде кирилл қарпіне көшкен кезде көп талас болды. Енді қазіргі әліпбиде біз қалай жазамыз? Кирилл қарпін қолданған кезде «и» әрпі әрдайым жіңішке дауысты дыбыс деп есептеліп, «у» жуан әрі дауысты деп есептелді де, екеуінің алдына не «і», не «ұ», не «ы» жазылмайтын болды. Ал негізінен «туыс» деген сөз мысалы «тұуыс» деп жазылуы керек. Кезінде ««у» мен «и»-дің алдына  «ы», «і» жазамыз ба, жоқ па?» деген сауал біршама талқыланған тақырып болды. Енді қалай болмақ? Не мына кирилл қарпіне көшкен кездегі қағидатты ұстап, «и»-ді әрдайым жіңішке дейік пе... Бірақ сөз жоқ онда ескерту жүреді. Себебі  «сый», «мый» деген сөздерде мыйды «ми» деп жазуға болмайды. Ең бірінші қауіп – тілімізді, тіліміздің фонетикасын бұзып алмайық. Бірден ауытқымайтын, өзгертпейтін етіп, ережені қабылдау керек». Бұл тұрғыда белгілі ғалым өткен ғасырдың отызыншы жылдардың басынан бастап он жылдай қолданылған латын әліпбиінен керегін алу керек деп есептейді. «Тіл деген миллиондар пайдаланатын нәрсе. Тілді қайта-қайта бұза беру халықтың өзіне, ойлау жүйесіне, жалпы ұлттың өзіне тәжірибе жасаумен бірдей. Сондықтан мейлінше қайта-қайта өзгерте бермейтіндей етіп, ережелерді бекіту керек. Жиі қолданатын дыбыстар, әріптер бар. Сонысына да қарау керек. Бұл өте жауапты іс», – деді.

Пленарлық мәжілісте  ғалымдардың ғана емес, әліпбиді қолданатын түрлі сала мамандарының  ұсыныстары да тыңдалып, олардың сауалдарына жауап берілді.

Секциялық мәжілістерде «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің ғылыми емле-ережелері мен қағидаттары», «Жаңа емле-ережелерді апробациялау мәселелері», «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісіндегі терминологиялық және ономастикалық мәселелер», «Жаңа әліпбиге көшудегі техникалық ақпараттық даярлық» деген тақырыптарда кең талқылау болып, нақты ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның барлығы да ескерілетін болады. Мұны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш баса айтты. «Барлық ұсыныс-пікірлер қаралып, ескеріліп, сол негізде жұмыс жүргізіледі»,– деді ғылыми-тәжірибелік конференцияның модераторы Қ.Бораш.

Конференцияға қатысушылардың талқысына ұсынылған «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің емле ережелерінің Тұжырымдамасы»  жиын барысында айтылған пікірлер мен ескертпелерге сай қайта толықтырылып, жетілдірілетін болады.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Астана

Соңғы жаңалықтар