«Жас ұлан» тәрбиеленушілерді жаңа ереже бойынша қабылдайды
«Жас ұлан» тәрбиеленушілерді жаңа ереже бойынша қабылдайды
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне тәрбиеленушілерді қабылдаудың жаңа талаптары бекітілді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап BNews.kz. хабарлады. Бұдан былай әскери мектепке жалпы білім беретін мектептің 9 сыныбын бітірген және негізгі орта білімі туралы куәлік алған жеткіншектер оқуға түсе алады. Ал биылға дейін іріктеу 7 сыныптан жүргізілетін. «Жас ұлан» мектебіне түсу үшін жасөспірімдерге кәсіби-психологиялық іріктеуден, дене даярлығы тексерісі мен медициналық куәландырылудан өту қажет. Қабылдау кезеңдерін сәтті өту соңғы байқау іріктеуіне өтуді қамтамасыз етеді. Мұнда үш кезең мен негізгі орта білімі туралы куәліктің орташа ұпайы нәтижелеріне сәйкес қабылдау комиссиясы негізгі рейтингтік балл шығарады және оқуға қабылдау немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Іріктеу кезеңдері «Жас ұланның» өз аумағында өтеді. 10 тамызда әскери мектепке қабылданғысы келетін талапкерлер Астанадан табылулары тиіс. Еске сала кетейік, «Жас ұлан» республикалық мектебі – мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери пәндерді терең оқытатын, сондай-ақ күшейтілген дене даярлығы бар жалпы білім беру бағдарламалары бойынша дайындықты жүзеге асыратын әскери оқу орны. Құрылған күннен бастап және қазіргі күнге дейін мектеп ұландардың 13 шығарылымын жүзеге асырды. Биылғы жылы «Жас ұлан» мектебін 75 жеткіншек бітірді. 2013-2014 жылдары мектепті 122 ұлан тәмамдады. Бүгінде олардың барлығы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтында, ҚР ҰҚК, ТЖМ және ІІМ жоғары оқу орындарында білім алып жүр.