307
Агрокешеннің алып адымы
Агрокешеннің алып адымы
«Көктемнің бір күні жылға азық» дейді қазақ халқы. Сондықтан табиғат ана қайта түлейтін шақта диқандар бір жылдық азық-түліктің қамын жасауға кіріседі. Сол дәстүрмен биыл да күн көзі жылынысымен диқандар саймандарын сайлап, егін егу науқанына қызу кірісіп кетті. Ал көктемгі егіс науқандарына қажетті тұқым қоры, жанар-жағармай көлемі, техниканың мүмкіндігі жеткілікті ме?
21,8 млн гектарға тұқым себіледі
Елімізде 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Аталмыш бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы саласын жандандыру мақсатында қолға алынған жұмыстар көп. Бұл ретте, биыл көктемгі егіс жұмыстарына да ерекше назар аударылып отыр. Күзде қазақтың кең даласында алтын астықтың жайқала өсуі қазіргі қауырт тірлікке байланысты. Сондықтан қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл республика бойынша егістік алқабы 21,8 млн гектарды құрайды. Жалпы алқаптың 14,7 млн гектарына дәнді дақылдар, 2,5 млн гектарына жемдік дақылдар, 2,6 млн гектарына майлы дақылдар себіледі. Белгіленген межеге жету үшін еліміздің барлық өңірлерінде дала жұмыстары тынымсыз жүргізілуде. Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 833,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 6,8 мың гектарға артық. Сонымен, оңтүстік өңірде бұл жылы 42 мың гектарға арпа, 116,5 мың гектарға майлы дақылдар, 54 мың гектарға дәндік жүгері, 105 мың гектарға мақта, 117,5 мың гектар жерге көкөністер, 237,8 мың гектар аумаққа малазықтық дақылдар себілуі тиіс. Ал Ақтөбе облысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 15 пайызға өскен, яғни 98,1 мың гектар жерге тұқым себіледі. Оның ішінде 52,2 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар, мал азығы – 37,1 мың, майлы дақылдар – 8,6 мың, картоп – 0,08 мың және 0,14 мың гектар жерге көкөніс өнімдері егіледі. Биыл бұл өңірде облыс әкімі суармалы алқаптарды арттыру туралы тапсырма берген. Әкім тапсырмасы бойынша, 2018 жылы суармалы жерлер көлемі 30 мың гектарға жетуі қажет. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,5 мың гектарға артық. Батыс Қазақстан облысында да көктемгі егіс жұмыстары қарқын алып келеді. Мұндағы түрлі дақылдар егілген танаптардың жалпы аумағы 513 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылғыдан 20 мың гектарға артық. Қазір өңірдегі диқаншылар егіс алқаптарының 40 пайызына тұқым сеуіп үлгерді. Жоспар бойынша 188 мың гектарға дәнді және 70 мың гектарға майлы дақыл егілуі тиіс. 70 мың гектары күздік бидай болса, 513 мың гектардың қалған бөлігін малазықтық дақылдар мен көпжылдық шөптер құрайды. Павлодар облысындағы диқаншылар да егіс жұмыстарына кірісіп үлгерді. Үстіміздегі жылы облыстағы егістік алқаптарының жалпы көлемі 1 млн 421 мың гектарды құрамақ. Оның ішінде дәнді дақылдар 768 мың гектар, майлы дақылдар 210 мың гектар, картоп 17,7 мың гектар көлемінде болады. Ал көкөністер мен бақша дақылдарының алқабы 9,17 мың гектарға жетіп отыр. Жалпы, еліміздегі көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім үшін республикалық бюджеттен 60 млрд теңге бөлінді. Айта кетейік, қаржыны бөлу кезінде аймақтың ерекшеліктері де есепке алынды. Мәселен егін шаруашылығымен айналысатын Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына қаражаттың 60 пайызы берілді. Қалған 40 пайызы басқа аймақтарға үлестірілді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі қаржы 4 млрд теңгені құрап отыр. Биыл қаржыландыру жұмыстары қаңтар айында, яғни өткен жылмен салыстырғанда бір айға ерте басталған. Нәтижесінде шаруалар тұқым, гербицид, қосалқы бөлшектер мен егістікке қажетті дүниелерді тиімді бағамен сатып алуға қол жеткізді. Қаржыландыру жұмыстары «ҚазАгро» Ұлттық холдингіне қарасты «Аграрлы несие корпорациясы» арқылы жүзеге асырылады. Ал корпорация ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіруде үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Мәселен кредиттік серіктестіктер арқылы – 10 млрд, екінші деңгейлі банктерге – 22 млрд, ал тікелей кредиттеу жүйесі бойынша 28 млрд теңге бөлінген. Несиелеу мерзімі 2018 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады. Сыйақы мөлшерлемесі жылына 6 пайыз. Дән себу жерді құнарландырумен қатар жүретіні мәлім. 2018 жылы егіншілер 446 мың тонна тыңайтқышқа, оның ішінде наурыз-мамыр айларындағы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 270,1 мың тонна тыңайтқышқа өтінім берген. Бұл ретте негізгі үлес «Қазфосфат» және «ҚазАзот» компанияларының отандық тыңайтқыштарына тиесілі. Биыл тыңайтқыштарды субсидиялауға жергілікті бюджеттерде 17 млрд теңге көзделген. Бірақ бұл өтінім берілген тыңайтқыш көлемін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз көрінеді. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне тыңайтқыштарды субсидиялауға арналған бюджет қаражаты көлемін ұлғайту ұсынылды.Дизельдік отын жеткілікті ме?
Егін егу жұмыстары кезіндегі диқандардың алдынан шығатын басты мәселе – дизельдік отын. Егін салу науқанын жеткілікті көлемде жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге қатысты мәселенің жыл сайын қайталанатыны да құпия емес. Биыл егіншілердің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуі үшін 375 мың тонна дизельдік отын қажет. Жалпы, елімізде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізетін диқаншыларды дизельдік отынмен қамтамасыз ету мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелмеген. Ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін арзандатылған дизельдік отын беру нарықтағы компаниялар арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің түсіндіруінше, әрбір өңірге дизель жөнелту кестесі тікелей әрбір әкімдіктің өтініші негізінде құрастырылады. Айта кету керек, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары ақпан және наурыз айларына егіс жұмыстары үшін дизель отынын сұратпаған. Олардың тапсырысы наурыз айынан басталды. Ал Батыс Қазақстан, Атырау облыстары ақпан және наурыз айларында да егіншілердің жанар-жағармайға мұқтаждығы жоқ деп санайтын болса керек, көктемнің соңғы айына дейін өтініш бермеген. Батыс Қазақстан өңірі тек сәуір және мамыр айларына 5 және 7 мың, ал Атырау облысы 0,2 және 0,4 мың тонна дизель жеткізіп беруді сұратқан көрінеді. Айта кету керек, алдымен облыс әкімдіктері өз өңірлерінде осы іске жауапты операторларды анықтайды, олар өз кезегінде мұнай өңдеу зауыттарымен келісім бекітіп, облысқа дизельді отын жеткізілімін жүзеге асырады. Жанар-жағармай содан кейін әрбір аудандағы егіншілер арасында бөліске салынады. Үстіміздегі жылы республика бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қажетті отын отандық мұнай өңдеу зауыттарынан жеткізілмек. Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктері бірлесіп, дизельдік отын бағасын да реттеуге барын салуда. Нақтырақ айтқанда, ағымдағы жылдың наурыз айында дизельдік отынның мұнай өңдеу зауытынан шыққан кездегі нарықтағы орташа бағасы тоннасына 170 мың теңгені құраған болатын. Ал диқандар үшін тоннасына 156 мың теңге болып бекітілді. Бұл дизельдік отынның 1 литрі 130 теңгеге тең деген сөз. Оған өңірлердің жеткізуші оператор-компаниялары тасымалдау құнын қосады, сонда өңірлердегі орташа баға литріне 146 теңгені құрайды, бұл нарықтағы бағадан (жанармай құю стансаларында литріне 165 теңге) 13 пайызға арзан. Жасыратыны жоқ, сәуір айында Қазақстан мен Ресейде құрылыс пен транзиттік көліктерде, тау-металл кешендерінде тұтыну өсімінің артуына байланысты дизельдік отын қымбаттаған еді. Бұл айда орташа баға ішкі нарықта тоннасына 179 мың теңгені құрады. Ал аграршылар үшін мұнай өңдеу зауытынан шыққандағы құны тоннасына 161 мың теңгеге тең. Дизель отынын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бүгінде орташа нарықтық бағамен жеткізеді. Өйткені қазіргі уақытта бағаларды мемлекеттік реттеу тек АИ-80 маркалы бензинге қатысты ғана іске асырылады. Дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеу 2016 жылдың тамыз айында жойылды. Бірақ әрбір өңірді белгілі бір мұнай өңдеу зауытына бекіту тәжірибесі қалды. Ол бойынша биыл дизель Атырау мұнай өңдеу зауытынан Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарына жол тартады. Негізгі салмақ Павлодар мұнай-химия зауытына түсетіні сөзсіз. Өйткені қазақ елінің басты астықты облыстары сол зауыттың еншісінде. Атап айтсақ, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары диқандарының дән егу маусымында жанар-жағар майдан қысылмауы Павлодар мұнай-химия зауытының мойнында болады. Тұтастай алғанда, бұл зауыттан аталған өңірлерге 261 мың тоннадан астам дизель жөнелтілмек. Ал Шымкенттегі «ПетроКазахстан Ойл Продактс» Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, ішінара Қызылорда облыстарына жалпы көлемі 87 мың тоннадай дизельді отын босатады деп болжануда. Ең бастысы, осы іске жауапты органдар мен адамдар шаруалар көтерген мәселеге дер кезінде назар аударуы тиіс.