1086
Қара қар неге жауады?
Қара қар неге жауады?
Грузия экологтары дабыл қақты. Соңғы 10 жылда мемлекетте атмосфералық ауаның сапасы айтарлықтай нашарлап кеткен. Бұл ел тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізуде. 2016 жылы Халықаралық энергетикалық агенттік Грузияны әлемдегі ауасы ең лас мемлекет деп танығаны есте. Содан бері елдегі экологиялық түйткіл оңалмаған, керісінше, ушыға түскен дейді мамандар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Тбилисиде ауаның ластану көрсеткіштері рұқсат етілген нормадан үш есе жоғарылап кеткен. Мемлекеттік аудит қызметі арнайы зерттеу жүргізіп көрген. Нәтижесінде қаланың орталығындағы Церетели даңғылында ауа өз нормасынан бір жарым-екі есе көп ластанғаны анықталды. Бұған аталған көшеде таңның атысынан түннің батысына дейін саябырламайтын көлік қозғалысы, кептеліс себеп.
Церетели даңғылындағы лас ауадан зардап шеккендердің бірі – қала тұрғыны Хатуна Лалиашвилидің ұлы Бачо. 8 жасар бүлдіршін сәби кезінде аурудан көз ашпаған. «Церетели даңғылының бойында тұрған кезімізде балам жиі тұмаурататын. Баланың ауадағы вирустық инфекцияларға төтеп беру қабілеті төмен болғандықтан, айына бірнеше мәрте ауруханаға түсетінбіз. Дәрігерлер тұрғылықты жерімізді ауыстырмасақ, ұлымның денсаулығы оңалмайтынын айтты. Көп ойланбастан, қала орталығындағы пәтерімді сатып, Тбилисидің сырт жағына көшіп кеттік. Мұнда саябақ көп, көлік аз. Соның арқасында қазір балам аурушаңдықтан арылды. Бұрынғыдай ауруханаға жүгіре бермейміз», – дейді Тбилиси тұрғыны.
Жергілікті дәрігерлер ауаның ластануынан респираторлық және жүрек-қантамыр аурулары сияқты өлімге соқтыратын сырқаттардың ұлғайғанына алаңдаулы. «Инсульт пен инфаркттің көбеюі, 6 жасқа дейінгі балаларда болатын өкпе қабынуы секілді аурулар ауадағы түрлі зиянды заттардан туады. Қазір көше түгілі пәтерлерде ауа таза деу қиын. Үйде ең қауіптісі – газ плитасы. Тамақ жасау барысында асүйді желдетіп отырмаса, ауаға азоттың еселенген тотығы тарайды. Ауа уланған соң ол өкпені тітіркендіреді де, ағза тыныс жолдарының инфекцияларына қарсы тойтарыс бере алмай қалады», – дейді Тбилисидегі ауруды бақылау жөніндегі орталық кеңесшісі Ниа Гиуашвили,
Грузиялық экологтардың пікірінше, ел астанасындағы лас ауамен күресудің бірден-бір жолы – қаланың жасыл белдеуін қалпына келтіру. Олардың айтуынша, көгалдандыру аумағы қала тұрғындарының санына шақталуы тиіс. 80-жылдары Тбилисиде әр тұрғынға 12 шаршы метр жасыл желектен келсе, қазір 3 шаршы метрге жетер-жетпес.
Жергілікті билік көгалдандыру жұмыстарын қолға алса, экологияның оңалуына мүдделі еріктілер атсалысуға дайын. «Қоршаған ортаның ластануынан болған өлім көрсеткіші жөнінен біз 2016 жылы үшінші орында болдық. Ал қазір меніңше, бірінші орынға шықтық. Бұл алаңдатарлық жағдай. Өлім-жітімнің алдын алу үшін біз саябақтарды көбейтуіміз қажет. Егер билік қаланы көгалдандыруға мүдделі болса, студенттер атсалысуға дайын. Сәндік бағбаншылық факультетінің студенттеріне тапсырма берсек, түрлі өсімдіктерді қайда, қалай өсіру керегі көрсетілген сызба жоба дайындап береді. Соның арқасында Тбилисидің келбетін адам танымастай өзгертуге болады. Қала билігі жер бөліп, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етсе болғаны. Жас шыбықтарды шәкірттерімізбен бірге күтіп-баптауға дайынбыз», – дейді эколог, Тбилисидегі Акакий Церетели атындағы университет профессоры Эмзар Горгадзе.
Ауаның ластануы тек Грузияны ғана емес, әлем елдерінің көпшілігін алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бүгінде ғаламшарымыздағы әр 10 адамның 9-ы лас ауамен тыныс алады. Ең сорақысы, ауаның ластануынан өлім-жітімнің көбейгені. Өткен жылы британдық The Lancet медициналық журналы әлемде ластанудан жыл сайын кем дегенде 9 миллион адам мезгілсіз көз жұматыны және жылына 5,5 триллион доллар шығын келтіретіні туралы зерттеуін жариялады. Зерттеуде 2015 жылы әлемде мезгілсіз қайтыс болған әр алтыншы адамның өліміне ауаның, судың немесе топырақтың ластануы әсер еткені айтылады. Ластанудан көз жұмған 9 миллион адам жыл сайын СПИД-тен, туберкулезден, және безгектен қайтыс болғандардың санынан үш есеге, ал соғыс пен зорлық-зомбылықтың өзге де түрлерінен қаза тапқан адамдардың санынан 15 есеге көп.
Зерттеу жетекшісі, эпидемиолог ғалым Филип Ландриганның айтуынша, әлем елдері арасында ластану салдарынан мезгілсіз қайтыс болғандар саны жағынан бірінші орында Үндістан, екінші орында Қытай тұр. Үндістанда 2015 жылы ластану әсерінен 2,5 миллион, Қытайда 1,8 миллион адам көз жұмған. Аспан асты елінде жыл сайын 300 мың адам тек көмір электр стансаларынан шыққан токсинді қалдықтар кесірінен мерт болады. Сонымен қатар бұл елде кремний диоксиді, компьютер чиптері мен күн батареялары өндірісінің қалдықтары тұрғындардың денсаулығына ең көп кері әсер ететін фактор саналады.
Зерттеу қорытындысында Пәкістан, Бангладеш, Солтүстік Корея, Оңтүстік Судан және Гаити секілді Оңтүстік Азия мен Африканың кедей елдерінде де қоршаған орта ластануы адам өлімінің негізгі себептерінің бірі екені айтылған. Күнкөрісі төмен бұл елдер ең көп қауіпті қалдық шығаратын салаларды – энергетиканы, өндірісті, пайдалы қазбалар алуды дамытпай, кедейліктен құтыла алмайды. Бұл БҰҰ-ның адамзатты дамыту индексіне енгізілген концепция. Онда адам өмірін жақсарту үшін басты қажеттіліктердің бірі энергия екені айтылған. Дәл осы индекс бойынша Қытай 1992 жылы 600-ге жуық көмір электр стансасын, көптеген гидроэлектр және басқа да энергия көздерін алатын стансалар салғаны белгілі. Сол арқылы Қытай 500 млн адамды орта тап қатарына қосты. Бірақ бұл жыл сайын 300 мың адамның өліміне әкелді. Сонымен қатар миллиондаған адамдардың денсаулығына кері әсер етіп, денсаулық сақтау саласына салмақ түсірді. Қытай энергетикалық жүйесін өзгертіп, көмірден бас тартуға тырысып та көрген. Бірақ мемлекетте әлі 800 млн адамға орта тапқа өту үшін жыл сайын сағатына 2 трлн квт энергияға қажеттілік бар. Бір ескере кетерлігі, 2020-2040 жылдар аралығында Аспан асты елінде 3 млрд адам өмірге келсе, тағы жылына 9 трлн квт /сағ энергияға қажеттілік туады.
Байытамын деп қалтасын қақты
Қытайдың өз тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған қадамдары соңғы уақытта, керісінше, қытайлықтардың қалтасын қағып барады. Мәселен, Пекинде тұратын Ванн отбасы ауадағы шаң-тозаңның салдарынан балаларының денсаулығы сыр бере бастағандықтан, үйлеріне ауаны сүзгіден өткізетін жаңа қондырғы орнатуға мәжбүр болған. Құны 4300 АҚШ долларын құрайтын вентиляциялық жүйе сырттағы ауаны тазалап, үйдің ішіне айдап отырады. Сондай-ақ, үйдегі әр бөлмеге ауа тазартқыштар қойылған. Мұндай құрылғымен сегіз бөлмені толық жабдықтау үшін 7 200 АҚШ долларын жұмсаған. Ауа тазартқыштарды айына бір рет ауыстырып тұру керегін ескерсек, оған тағы 430 долларды қосыңыз. Таза ауамен тыныстап, таза су ішкісі келетін отбасы су сүзгісі үшін 300 доллар және себезгі сүзгілері үшін 1000 доллардан астам қаражат шығындапты. Ал Қытайдағы дәулеті тасыған отбасылар сапалы ауа мен таза су жөнінде кеңес берумен айналысатын Environment Assured секілді компаниялардың қызметін пайдаланады. Аталмыш компания өз клиенттеріне тұрғын үйлер мен кеңселердегі ауа құрамындағы токсиндердің үлесін анықтап береді. Environment Assured-тің вице-президенті Алекс Кукордың айтуынша, компания қызметтерінің толық пакетін 15 мың долларға сатып алуға болады. Ауаның ластану деңгейі Қытайда тұрғын үй құнының құбылуына да ықпал етуде. Мәселен, үйлері ауа тазартқыш жүйемен жабдықталған Бейжіңнің MOMA кешеніндегі пәтерлердің құны 3 млн доллардан асып жығылады. Бұл қаланың тозаңды аумағындағы көлемі дәл сондай пәтерлердің бағасынан шамамен алты есе қымбат. Тұрғын үйдің аумағынан тыс жерлерде де шығындар аз емес. Жылдық оқу ақысы 37 мың АҚШ долларын құрайтын Бейжің халықаралық мектебі шаң-тозаң кезінде балалардың алаңқайда алаңсыз әрі қауіпсіз ойнауына мүмкіндік беретін қысымды күмбездер орнатты. Оның құны – 5 млн доллар. Арзан емес. Соған қарамастан, оқушы тартуды көздейтін өзге білім мекемелері де осы мектептің үлгісі бойынша күмбездер орнатуды қолға ала бастады. Денсаулықтарына қатты алаңдайтын бейжіңдіктер өндірушілерге арнайы тапсырыс беріп, үйге экологиялық таза өнімдерді алдыруды әдетке айналдырған. Мәселен, «Тонидың фермасы» деп аталатын шаруа қожалығының тауарларын жыл бойы үздіксіз тұтыну үшін олар 3400 доллар төлеуі шарт. Ферма қызметкерлері тапсырыс берушінің үйіне аптасына екі рет 3 келі табиғи азық-түлік жеткізіп беріп тұрады. Тынысты тарылтқан түтіннен қашып құтылу үшін шекара асып кететін қытайлықтар да аз емес. Бірақ өзге мемлекеттерде де ауа мен судың, тағамның жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Ұлыбританияда сығымдалған таза ауаның бір құтысы үшін 115 АҚШ долларын төлеуге тура келеді. Ластануға қарсы жақпалардың құны 100 доллардың айналасында. Сондай-ақ, нарықта бөлменің тозаңын сорып алатын қымбат бойтұмарлар бар. Мемлекеттің экономикалық дамуы миллиондаған адамның материалдық жағдайын оңалтқанымен, елдің жедел индустриялануы арқасында байыған Қытайдың ең ауқатты адамдары өндірістік ластанудан өздерін қорғауға дәрменсіз. «Бұл мәселе расында да елді тығырыққа тіреп тұр. Мемлекеттің бүкіл аймағындағы ауаның ластануы Қытайдың әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіре бастады», − дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының маманы Барбара Финамор. Өткен жылы Чэнду қаласында өткен экологиялық наразылық акциясы маманның бұл сөзіне дәлел бола алады. Абырой болғанда, жергілікті билік шеруге шыққан тұрғындарды ың-шыңсыз таратып үлгерген еді.Қазақстан – Орталық Азиядағы ауасы ең лас мемлекет
Өкінішке қарай, біз де қоршаған ортаның тазалығымен мақтана алмаймыз. Өткен жылы британдық The Eco Experts ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесінде Қазақстан ауаның ластануы жөнінен Орталық Азия «көшбасшысы» деп танылды. Ал әлем бойынша 9-орыннан көріндік. Соңғы жылдары елімізде өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындар, жылу-энергия орталықтары және де көлік түрлерінің саны артқан сайын олардың ауа қабатына шығаратын улы газдары көбеймесе, азайған жоқ. Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, Қазақстан бойынша жыл сайын атмосфераға түрлі стационарлық көздерден 2,5 миллион тоннадай, ал бір ғана көліктердің улы газдарынан 1 миллион тоннадан асатын зиянды заттар шығарылады екен. Еліміздің көптеген қалаларында және өнеркәсіп кәсіпорындары көбірек шоғырланған аймақтарда атмосфералық ауа сапасының жағымсыз жағдайларының қалыптасқандығы және сол жерлердегі халықтың денсаулығына қауіп тудырып отырғандығы да жасырын емес. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметтері бойынша, 2017 жылы еліміздің ірі қалаларында атмосфералық ауаның жоғары ластануының 990, ал экстремальды, яғни аса қауіпті ластанудың 98 оқиғасы тіркеліпті. Атап айтқанда, бір ғана Атыраудың өзінде ауа қабатының жоғары ластануының 357 оқиғасы және өте жоғары ластануының 75, Өскеменде жоғары ластанудың 419 және өте жоғары ластанудың 18 оқиғасы тіркелген. Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының сарапшылары жариялаған мониторингке сәйкес, қазір халқымыздың 5 миллионға жуығы немесе шамамен 30 пайызы еліміздің атмосфералық ауасы ластанған, ал 2 миллиондай қазақстандық ауаның ластану деңгейі өте жоғары өңірлерде өмір сүруде. Биылғы қыста Теміртау қаласы мен қала аумағына «қара қардың» жауғаны көптің наразылығын туғызды. Жергілікті билік және қаладағы ірі кәсіпорындардың басшылығы жоққа шығаруға тырысқанымен, мамандарың зерттеуі бұл ауаға шығарылған зиянды өндірістік қалдықтардың әсері екенін дәлелдеп берді. Сынамаларды тексеру нәтижесі қардың құрамында көміртегі, темір мен күйе барын көрсетті. Сонымен қатар, жұмыс тобы қала аумағында ауаның 77 пайызын металлургиялық комбинаттан шығарылатын қалдықтар ластағанын мәлімдеді. Алматы қаласының атмосфералық ауа бассейнінің сапасы да бүгінгі күннің өзекті әрі өте күрделі мәселесіне айналды. Quality of Living Survey халықаралық сараптау орталығының мәліметтеріне қарағанда, Алматы қоршаған ортаның тазалық деңгейі бойынша әлемдегі 230 ірі қаланың ішінде 176-орынды иемденген. Бірақ әлгі 230 қаланың көбінде он миллионнан астам тұрғын бар. Біздің қаланың халқы екі миллионға да толмайтынын, өндіріс орындары да олардыкінен айтарлықтай аз екенін ескерсек, бас қатыратын мәселе көп секілді. Қытайлықтар секілді құтылап таза ауа сатып алатын күн біздің де басымызға тумас үшін қоршаған ортаны қорғау қамына күн созбай кірісу керек.