7 Маусым, 03:13 182 0 Білім Әсел ӘНУАРБЕК

«100 жаңа оқулық» білімнің үстемдігін байқатады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынған еді. Аталмыш жоба бойынша бүгінге дейін 18 кітаптың аудармасы жарық көрсе, қазір мамандар тағы 30 оқулықты қазақ тіліне аударуда.

Бүгінде алғашқы 18 кітап пен оқу құралы жарыққа шығып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына таратылды. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология, журналистика бағыттары бойынша аударылған. Бұл оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап оқу бағдарламасына енбек.

Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау – алдағы бірнеше жылдың үлесіндегі мақсат-міндет. Бұл міндеттерді жүзеге асыруға Алматы қаласының әкімдігі де ерекше қолдау білдіріп отыр. Мұның бір дәлелі – Алматы қаласында орналасқан жоғары оқу орындарының ортақ платформасы – U38 Университеттер альянсының кездесуі.

Кездесуге Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты. Одан бөлек жоғары оқу орындарының әлеуметтік даму және тәрбие ісі жөніндегі проректорлары, профессорлық-оқытушылық құрамы, Рухани жаңғыру жобалық офисінің жетекшілері, сондай-ақ, жас ғалымдар мен студент жастар атсалысты. Жиында жарық көрген алғашқы 18 кітап пен енді жарыққа шығатын 30 оқулықтың мәселелері талқыланды. Профессорлар мен студенттер бастаманың зор маңызына тоқталып, оның оқу процесіне жаңа леп әкеліп, оқу мен білімге жаңа көзқарастың қалыптасуына ықпалын атап өтті. Мамандар алдағы уақытта аударып басылуы керек деген бірқатар кітаптарды талқылап, U38 университеттер альянсының ол жұмысқа белсене араласу мүмкіндігін сөз қылды.

Жиынды ашқан Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Сыдықов аударылған 18 оқулықтың шаһардағы оқу орындары мен қалада тұратын мамандардың қолынан шыққанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Алматы қаласының рухани және ғылыми орталық ретінде бұл жобаға берері көп екенін айтып, алдағы аударма ісіне үлес қосу туралы ұсынысын білдірді. «Тәуелсіздігімізді сақтайтын, елімізді болашаққа жетелейтін, дамыған елдердің қатарынан көрінуге мүмкіндік беретін бірден бір жайт – білімге деген құштарлық. Біздің қоғамда білімнің үстемдігі байқалуы керек. Сол себептен, бүгін міне, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Бір жылдың ішінде осы бағыт бойынша үлкен жұмыс атқарылып, 18 оқулықты қазақ тіліне аударып үлгердік. Енді қандай кітаптар аударылуы тиіс, қандай оқулықтар сұранысқа ие екендігін анықтау мақсатында бүгін мамандардың басын бір жерге тоғыстырып отырмыз», – деді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.

Ал «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жұмыс барысына, аударма жұмыстары кезіндегі қиындықтар мен түйткілдерге тоқталды. Рауан Кенжеханұлы өз сөзінде: «Қазір экономика мен кәсіпкерлік саласы бойынша тағы 7 оқулық аударылып жатыр. Негізінен MBA бағдарламасын қазақша оқытуға қажетті оқулықтар қамтылды. Сондай-ақ, гуманитарлық бағыттағы пәндердің, соның ішінде экономикалық түсіндірме сөздігін дайындау ісі қолға алынбақ. Экономика саласы бойынша осы іске қызығушылығы бар мамандар болса, ұсыныстарыңызды күтеміз» – деп, мамандарды ортақ іске жұмылуға шақырды.

 

 

Соңғы жаңалықтар