Он екіде бір гүлі ашылмаған

Он екіде бір гүлі ашылмаған

Он екіде бір гүлі ашылмаған
ашық дереккөзі
Бұдан былай 12 жасқа толмаған балаларын үйде қараусыз қалдырған ата-аналар жазалануы мүмкін. Мұндай ұсынысты жуырда Мәжілісте өткен жиында Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева айтты. Ресми статистика елімізде балалардың жазатайым өлімі көп жағдайда ата-аналардың салғырттығынан болатынын көрсеткендіктен, құқық қорғау органдарының өкілдері балалар қауіпсіздігі үшін қатаң шараға баруға мәжбүр. «Қазіргі уақытта жұмыс тобы ата-аналардың 12 жасқа толмаған балаларын қараусыз қалдыруға құқығы болмайтындығын көздейтін норма әзірлеуде. Егер бала 12 жасқа толмаса, тіпті үйде де жалғыз қала алмайды», – деді еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мәжілістегі жиында жасаған баяндамасында. Ішкі істер министрлігі де ата-аналарды балаларына мұқият болуға шақырады. Әсіресе, қауіп-қатерге толы жаз мезгілінің, шомылу маусымының басталуы ересектерден бүлдіршіндерді қадағалауды барынша күшейтуді талап етеді. Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, балалардың өміріне қауіп төндіретін төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалардың дені жаз айларында, бүлдіршіндер үлкендердің қарауынсыз қалатын жазғы демалыс кезеңінде тіркеледі. «Ересектердің салғырттығы, балаларды қараусыз қалдыруы салдарынан өткен жылы шомылу маусымында елімізде 100-ден астам бала суға кетті. Барлық қайғылы оқиғалар су айдындарының арнайы жабдықталмаған, күзетілмейтін аумақтарында болған», – дейді Руслан Иманқұлов. Биылғы жылдың статистикасы да алаңдатарлық. Суға түсу маусымы басталмастан елімізде жыл басынан бері 28 адам суға кеткен, оның ішінде 11-і – балалар. Бұл туралы өткен аптада Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді. «Оқу жылы аяқталған соң балаларымыз демалысқа шықты. Осы аптада сауықтыруға арналған барлық мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп лагерьлерді тексеруді толығымен аяқтаймыз. Суға түсу маусымы басталар кезде, өкінішке қарай, адамдардың суға батып қаза табу тенденциясын байқаймыз. Ата-аналар балаларын қараусыз қалдырған соң балалардың да суға батып өлу жағдайы тіркеледі. Жыл басынан бүгінге дейін еліміз бойынша суға кеткен 28 адамның 11-і балалар. Былтыр осы кезеңде 44 адам суға кетсе, оның 25-і балалар еді», – деді ІІМ орынбасары. Ол министрліктің жазғы суға түсу маусымында қауіпсіздікті сақтау мақсатында атқарған жұмыстарын пысықтады. «1000-нан астам адам күн сайын мониторингтік бақылау жүргізеді. Білім және ғылым министрлігімен бірге ата-аналар жиналыстарында балаларды қараусыз қалдырмау туралы түсіндіру жұмыстарын өткіздік. Өкінішке қарай, қараусыз қалған 2-4 жастағы балалар жеке үй иеліктерінің аумағында, ашық кәріздерге түсіп мерт болады. ІІМ бөлімшесі қоғамдық демалу мен суға түсуге болатын орындарда қауіпсіздікті күшейткенімен, барлық суға түсу орындарын қамти алмаймыз. Азаматтардың суға түсуін шектей алмаймыз», – деп ағынан жарылды Ильин. Вице-министр сөзінің жаны бар. Баланың қауіпсіздігі туралы сөз болғанда, жауапкершілікті жауапты органдарға ысырып қою қисынсыз. Сақшылар мен құтқарушылар қанша жерден сайланып отырғанымен, ата-ананың бақылауы мен қадағалауы болмаса, бүлдіршіндердің өміріне қалқан боламыз деу бос әурешілік. Жыл басынан бері тіркелген қайғылы оқиғалардың қай-қайсысын еске түсірсек те, баласын қараусыз қалдырған әке-шешенің салғырттығын көреміз. Мәселен, 21 сәуір күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы Атакент кентінде 5 жасар сәби суға кетті. Аулада ойнап жүрген баласын күйбең тірлікпен шапқылап жүріп, біраз уақыт назардан таса қалдырған ата-ана оның жансыз денесін құшамыз деп ойламаған еді. Апақ-сапақта үйінен шығып кеткен сәби «К-39» каналына құлап, батып кеткен. Биылғы жылдың сәуірінде тағы бір қайғылы жағдай Атырау қаласына қарасты Ширина елді мекенінде болды. Ата-анасының қарауынсыз қалған 7 жастағы бүлдіршін пирстен (екі жағынан да кемелер келіп тоқтау үшін жағадан суға қарай сұғындыра салынған құрылғы) құлап, Жайық өзеніне батып кетті. Тізе берсек, мұндай жантүршіктірер оқиғалар еліміздің түкпір-түкпірінде орын алуда. «Жазым ғой, ешкім баласының өлі денесін құшқысы келмейді» деп, онсыз да жаны жаралы ата-аналардың көңіліне қаяу түсіргіміз келмегенімен, баланың қауіпсіздігіне жауапсыздықты ақтау қиын. Сондықтан ақыл тоқтатпаған баласын қараусыз қалдыратын ата-аналарды жауапкершілікке тарту керек деп есептейтіндердің уәжін орынсыз дей алмаспыз. Оның үстіне, елімізде бақылаусыз балалардың суға кету дерегінен бөлек, терезеден құлау, із-түзсіз жоғалып кету оқиғалары да азаймай тұр.

Елімізде жыл сайын 1,5 мыңға жуық бала жоғалады

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 1,5 мыңға жуық бала жоғалады екен. Олардың жартысы сәті түсіп табылып жатса, қалғандары жөнінде мүлдем хабар-ошар болмайды. Ең сорақысы, табылған балғындардың тең жартысын ата-анасы жансыз күйінде құшақтайтыны. Мәселен өткен жылдың сәуірінде Ақтөбеде жоғалған тоғыз жастағы баланың денесі өзеннен табылды. 13 сәуірде Жаңа Қоныс ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен Біржан Ерсайыновты құтқарушылар, полиция, туыстары және еріктілер бір апта бойы іздеген. ТЖД басшысының айтуынша, іздеу жұмыстарына көктемгі жылы ауа райының әсерінен өзен суының көтерілуі, қатты ағысы және лай су кедергі келтірген. Жіңішке өзенінің суы төмендеген кезде құтқарушылар баланы қамыс арасынан тапты. Бейресми мәлімет бойынша, Біржан мұзға секірген, мұз жарылып, баланы ағыс алып кеткен. Бүлдіршіннің мұзға қайтып шыға алмайтыны және су температурасының төмендігі оның өліміне себеп болуы мүмкін дейді мамандар. Биылғы жылдың наурыз айында Шымкентте жоғалған 2 жасар сәбидің ата-анасы да баласының жансыз денесін құшты. Бөбектің денесі Қарасу өзенінің Бадамға құятын тұсынан табылды. Құқық қорғаушылардың дерегіне сүйенсек, 2 жастағы Әлинұр Ерболатұлы 11 наурыз күні ата-анасымен бірге Шымкенттегі тойханалардың біріне тойға барған. Өзге балалармен асыр салып ойнап жүрген баласы әке-шешесі көзін тайдыра бере тойханадан шығып кетеді. Маңайдың бәрін жанұшыра іздеп, бөбекті таба алмаған ерлі-зайыпты полицияға жүгірген. Баланы табу үшін кинологтардың көмегіне жүгінуге тура келіпті. Иісшіл иттер Қарасу өзеніне әкеліп, ары қарай жалпы саны 70-ке жуық полицей мен құтқарушылар және 30-дан астам туысы мен еріктілер су бойын іздеп, сүңгуірлер өзеннің бірнеше шақырым жерін тінтіп шыққан. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде баланың денесі оқиға орнынан 5 шақырым жерде, Қарасудың Бадам өзеніне құятын тұсынан табылды.

«Терезе шығарушылар кінәлі емес»

Қараусыз балаларға үйде де қауіп-қатер көп: тез тұтанатын көгілдір отын, сіріңке, электр құрылғылары, ашық қалған терезе. Әсіресе, соңғысынан жапа шеккен балалар саны көбейіп келеді. Мәселен, жуырда Оралда 7 жастағы бала терезеден құлап, көз жұмды. Өңірдің Ішкі істер департаментінің айтуынша, 2011 жылы дүниеге келген бала Оралдағы 4-шағынаудандағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде екінші қабаттан құлап кеткен. Бүлдіршін қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенімен, ауыр жарақат алған балаға дәрігерлер көмектесе алмаған. Ал елордада жыл басынан бері 23 бала терезеден құлаған. Статистиканың өткен жылдардан айтарлықтай артқанын байқаған дәрігерлер дабыл қағуда. Пластикалық терезе шығаратын компаниялар қауіпсіздікті күшейткенімен, жарақат алған балалар саны азаймай тұр. Ақ халаттылардың айтуынша, жоғарғы қабаттан құлаған сәбилер періштесі қорғап, аман қалған күнде де көбіне мүгедек болады екен. Деректер әйнектен құлайтындардың дені 1-6 жас аралығындағы балалар екенін көрсетіп отыр. Есін білмейтін балғындар жіптен тоқылған шыбын тордың осал екенін түсіне қойсын ба? Жәндіктерді тоқтататын ау әрі кетсе 5 келіні ұстауға қауқарлы. Ал салмағы 10 келіден асатын 2-3 жасар бала сүйкенген кезде, шыбын торы шыдас бермейді, әрине. Белең алған құлау фактілеріне байланысты пластикалық терезелерді шығаратын компаниялар түрлі қауіпсіздік шараларын қолға ала бастады. Кәсіпорындар өз тұтынушыларына әйнек тұтқасын кілтпен жабу немесе жіп тарту сынды нұсқаларды ұсынуда. «Біз қазір тұтқаларды құлыптау жүйесін стандартқа енгізуді қарастырып жатырмыз. Демек, кілт барлық әйнектерге салынатын болады. Ал егер де бұл жаңашылдық тұтынушыларға ұнамаса, олар терезенің сыртынан темір тор орната алады», – дейді терезе шығаратын кәсіп­ор­ын қызметкері. Алайда мүгедек балалардың қамымен айналысатын «Best for kids» қоғамдық бірлестігінің өкілі Эмиль Әскеров бұл амалдың бәрі тиімсіз деп санайды. Ол қауіпсіз әйнектің өзіндік үлгісін ұсынады. «Шыбын торды ұстап тұратын бекітпелер пластиктен жасалған. Олар ауыр салмаққа шыдамайды. Оны темірден жасау керек. Яғни шыбын торын мықтап бекіту керек. Ол шамамен 15 келіге дейін ұстай алады. Мен бұл амалды пластик әйнектерді шығаратын компанияларға жіберіп көрдім. Бірақ әзірге жауап болған жоқ», – дейді «Best for kids» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті. Эмиль Әскеровтың ұсынысына жергілікті компаниялар әлі құлақ асқан жоқ. Пластик кәсіпорындары қосымша шығынды талап етпейтін жолды таңдаса керек. Алайда тәжірибелі дәрігер, Астана қалалық №2 балалар ауруханасы жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Жарылғасын Бектасовтың пікірінше, жантүршіктірер статистиканың ұлғаюын терезе жасаушылардың үнемшілдігімен байланыстырудың қажеті жоқ. Баланың қауіпсіздігіне ата-ананың жауапкершілігі артпай, қайғылы жағдайлар азаймайды деп есептейді ол. «Жыл басынан бері терезеден құлап, ауруханаға түскен балалардың саны 23-ке жетті. Былтыр осындай жағдаймен 20 бала жеткізілген. Яғни бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Бұл күйбең тірліктің қамымен шапқылап жүретін ата-аналардың балаға бақылауды азайтқанын көрсетсе керек. Әке-шеше есін білмейтін баласына төрт қабырғаның өзінде қауіп-қатер көп екенін ескеруі тиіс. Бала жіті қадағалауда болса, өкінішті жағдайлар орын алмас еді», – дейді маман. Расында да, баланың қауіпсіздігіне келгенде шылбырды бос қоюға болмайтынын ата-ананың ұғатын кезі жетті. Қараусыз бала абайсызда оқыс оқиғаға тап болып, ажал құшса, бұған ата-ана шомылу алаңдарында бақылауды күшейтпеген құтқарушыларды да, хәл үстінде жатқан баланың өміріне араша бола алмаған дәрігерлерді де, тіпті терезені осал етіп шығарған кәсі­п­­­орын­ды да кінәлай алмайды. Өйткені баласының қауіпсіздігі үшін жауапкершілік, ең әуелі, ата-ананың мойнында.