Астана әуежайында бомба жоқ болып шықты
Астана әуежайында бомба жоқ болып шықты
Астана әуежайын дүрліктірген ақпарат жалған болып шықты. Әуежай аумағында ешқандай жарылғыш зат жоқ болып шықты.
Бүгін таңғы сағат 09:08-де Астана әуежайының анықтама қызметіне ғимаратқа бомба қойылғаны туралы хабар келіп түскеннен кейін адамдардың барлығы эвакуацияланған болатын. Анықтама бюросы қызметкерінің айтуынша, телефонға бір ер адам хабарласып, «әуежайда бомба» деп, тұтқаны қоя салған. Іле-шала Көліктегі ІІД жедел тобы оқиға орнына аттанып, аумақ толығымен қоршауға алынды. Әуежайдағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. «Эйр Астана» әуе компаниясы әлеуметтік желілердегі парақшасында рейстердің кешігетінін хабарлады. Көліктегі ІІД қызметкерлері арнайы құрылымдармен, соның ішінде кинологиялық қызметпен бірлесіп әуежай терминалы мен оған тиесілі аумақты тексеріп шықты. Телефон арқылы хабарланған ақпарат жалған болып шықты. «Жедел-іздестіру шараларының қорытындысы бойынша сағат 10.56-да жарылғыш заты қойылғаны туралы ақпарат расталмады. Барлық жолаушылар мен келушілер терминалға кіргізілді. Астана қаласының әуежайы штаттық жұмыс режіміне көшті. Ішкі істер органдары жарылғыш заты қойылғаны жөнінде жалған мәлімет берген тұлғаны іздестіруде», – деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.