Қыз тәрбиесі – ар-намысымыздың өлшемі

Қыз тәрбиесі – ар-намысымыздың өлшемі

Қыз тәрбиесі – ар-намысымыздың өлшемі
ашық дереккөзі
Бүгінгінің көптеген қыздары қалталы, зәулім үйі, астында қымбат көлігі бар жігіттерге әуес дейді талайлар. Темекі тартып, ішімдік ішеді деп қыздарды ғаламтор желісіне жарыса жазып, суреттерін, бейнероликтерін салуға құмар. Сол бейнероликтер арқылы бүкіл қазақ халқының ар-намысына тиіп отырған жоқпыз ба? Әлеуметтік желілердегі қазақ қыздары туралы жазылған жағымсыз ақпараттарды оқып, сырт көз қазақты төмен бағаламасына кім кепілдік береді? Қазақ қыздарының бірінің бойынан жаманшылық көрсе, ұлтымыздың кейбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары жерден жеті қоян тапқандай бүкіл қазақ аруларына топырақ шашады. Қыз басқа планетадан келген жоқ. Ол сенің анаң, апайың, қарындасың, қызың! Кейбір қазақ жігіттерінің таным-пайымы ұсақталып бара жатқанын жиі байқаймыз. Керісінше қазақ арулары қай салада болмасын өз белсенділіктерімен көзге түсіп жүр. Азаматтың орнын басып, бүкіл бір отбасын өзі асырап жүрген талай қазақ әйелінің жанкешті тірлігін күнделікті өмірден көріп, естіп жүрміз ғой. Ең бастысы әрбір қазақ жігітіне 3-4 қыздан келеді деген күмәнді ақпарат еліміздегі демографиялық үрдіске айтарлықтай зиянын тигізіп отыр. Базбір бозбастар осы сөзді малданып, 30-40 жасқа дейін салт бас, сабау қамшы жүріп, өздерінің қалай сүрбойдақ болып қалғанын байқамай қалады. Бүгінгі нарық заманында мансап, баспана, әлеуметтік мәселелер көптеген жастардың уақытылы үйленуіне қолбайлау болып отырғаны баршаға аян. Қазіргі кезеңде елімізде 400 мыңнан астам «кәріқыз» бар деген деректер айтылып жүр. Рас па, өтірік пе, шындап пайымдап жатқандар аз. Ал қанша сүрбойдақ барын ешкім дәл басып айта алмайды... Меніңше, елімізде демографиялық тепе-теңдік бұзылғаны да рас, әркім әрқилы деректерді пайдаланатыны да өтірік емес. Бүкіл қоғам, билік болып осы түйткілді мәселелердің шешімін табуымыз керек. Ғалымдарымыз осы күрделі мәселелерді зерттеуге өз үлестерін қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай, белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімовтен кейін осы саланы жете зерттеп жүрген отандық ғалымдарды көре алмай отырмыз. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, бір қыздың бойынан көрінген әдепсіздік тек қазақ қыздарының емес жалпы ұлттың намысына тиетін әрекет. Яғни, біз ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық тәрбиемізден қол үзіп, ұрпақ тәрбиесін қолдан шығарып алдық. Қазақ қыздарына жан-жақтан тас атып, жамандай бергенше, осы бағытта жіберіп алған кемшін тұстарымызды түгендейік, ағайын! Меніңше, қазақ қызының бағасы интернетпен өлшенбейді, оның ар-намысымен өлшенеді. Ал қазақ қызының тәрбиесі – біздің ұлттық ар-намысымыздың өлшемі.  

Еркежан Досмұхамбетова

Шәкәрім атындағы

Мемлекеттік университетінің

журналистика факультетінің

 3-курс студенті