Әдебиет пәнін қалай оқытамыз?

Әдебиет пәнін қалай оқытамыз?

Әдебиет пәнін қалай оқытамыз?
ашық дереккөзі
411

Бүгінде жас бүлдіршіндерге әдеби шығар­ма­лар оқыту күннен-күнге сиреп келеді. Ал мұның соңы балалар тәрбиесінің нашарлауына әкелуде. Кез келген ақпаратқа шексіз желі арқылы қол жеткізуге мүмкіндік бар кезде қағаз кітапты оқуға кімнің ықыласы бола қояр дейсіз? Дегенмен, интернеттің сапалы білім мен озық тәрбие бере алмайтыны да ақиқат. Ал шынайы білімнің қайнар көзі – кітапта. Сол себепті, жастарды кітап оқуға ынталандырып, қызықтыру қажет. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда алдымыздан кездесетін біраз кедергілер бар.

Біріншіден, жыл сайын 100 мыңнан астам талап­кер жоғары оқу орнының табалдырығын атттайды. Бүгінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарында әдебиет саласының мамандарын даяр­лайтын филология факультеттері жаңбыр­дан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кетті. Талапкерлер де әдебиетші болудың төлем­ақы­сы салыстырмалы түрде арзан болған­дық­­тан, яки мемлекеттік білім грантына талас аздығынан, тіпті журналистикаға ұпайы жетпегендіктен таңдап жатады. «Мұғалім боламын» деп кітап жастанып, қағаз жамылғандарды айыптаудан аулақпын. Алайда талантсыз талапкердің әдебиетші болу­ға талпынғанына көзім куә. Тіпті, «Алтын белгі» иегерлері, оқу озаттарының ара­сы­нан ұлттық бірыңғай тестілеуде әдебиет таң­дауы сирек кездеседі.

Ал кадр даярлаушы мамандардың кәсіби біліктілігі мен сапалы білімі туралы сөз қозғалған емес. Оқта-текте қылаң беріп қоятын министрліктің тексерулері мәселенің түйінін тарқатты демесек, шешкені шамалы-ақ. Өзіндік оқыту әдісі бар, тәжірибелі, білімді, көркем суреткер, психолог, тіпті дәріс тыңдаушы шәкірт алдында әртіс бола білу – білікті маманның, яғни, әдебиетшінің негізгі қасиеті. Бірақ университет қабырғасында тиіп-қашып оқыған түлектер кейін баланың әдебиетке деген махаббатын оята алмайды. Тіпті, «үй тапсырмасын үйіп беретін әдебиет апайдың» образын оқушының санасынан ешқашан жұлып тастай алмаймыз.

Екінші мәселе жаңа мұғалім мектепке келген­нен басталады. Алғашқыда университет түлегі өз қызметін екінші санатты маман ретінде бастайды. Ал сол екінші санатты әдебиет пәнінің мұғалімі құжат жинап, қағаз толтырумен уақыт өткізеді. Халықаралық, респуб­ликалық, қалалық деңгейдегі марапат­таулары, облыстық, республикалық ғылыми-әдістемелік материалдары, сабақтан тыс өткізген шаралары, педагогқа тағайындалған пікірлер, ата-аналар, оқушылармен жүргі­зіл­ген сауалнамалар, грант негізінде соңғы 5 жыл көлемінде пән бойынша жо­ғары оқу орнына түскен оқушылардың пайызы, сынып журналы негізінде жасалған пәннің орташа талдау көрсеткіші. Бұл тізімді жалғастыра берсек, таң атып, күн батады. Қағазбастылық кімді болса да қажытып, қабілетті төмендетеді, негізгі ұстаздық функциясынан жаңылыстырады. Ал мұғалімнің санатын жоғарылату үшін шәкірттерінің мойыны медальмен иіліп тұруы керек. Біз білмейтін бармақ басты, көз қысты әрекеттер олимпиадаларда екен. Оған 30 мың теңге беріп, бірінші орынға шығарғанда көз жеткізгенмін.

Үшінші мәселе – баспаның біртексіздігі. Қазір оқулықтарды шығаратын баспа көп, сондай-ақ, әр мектеп әр түрлі баспаның оқулықтарымен қамтамасыз етіледі. Әдебиет пәнінің оқулықтарында да біртектілік жоқ. Бір мектепте оқитын екі інімнің біреуі «Арман-ПВ» баспасының өнімімен, екіншісі «Атамұраның» оқулығымен оқиды. Бастауыш сыныпты бітіріп, 5-сыныпқа аяқ басқан бала «Атамұрамен» бастап, 6-сыныпта «Арман-ПВ»-ға ауысады. 7-сыныпта «Атамұрамен» қайта табысса, 8-сыныпта «Мектеп» баспасының оқулықтарын қолға алады. Нарықтық заман мен жекешелендірудің жойқын күші кітапты да бизнеске айналдырып, тендерге таластырды. Ал бұл кітапты ұлттық жадымыз деп білетін ұлт үшін қауіпті. Әдебиет кітабының құрастырушылары ескеретін басты талап – әр индивидтің сандық, сөздік, кеңістікке бейімділігінің біріккен тұстарын ескеріп, барлығы да сүйсініп оқитындай кітап құрастыру. Ойын баласының қызыл-жасылға құмар келетінін ескерсек, оларға туындының мазмұнына сәйкес мол иллюстрация, образды айқындайтын суреттер енгізген өтімдірек. Мәселен, «Арман-ПВ» баспасының кітаптары балалар түгілі, ересектерді де еліктіріп әкетеді. Қазіргі уақытта «қызыққан бала өзі-ақ оқиды» деген түсінікке жол жоқ, оларды қызықтыра білу керек.

Төртінші мәселе – ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін сезінбеуі. Ұстаздар мен баспаларды кінәлағанымызбен, ата-ананың жіберетін ағаттығы одан да үлкен. «Болашақта бастық боласың, жаңа заманға керек» деп математика, ағылшын тілін тереңдетіп оқытқаннан кейін, әдебиетті елуден асқан егде адамдардың ермегі деп елестетпей қайтсін? Сөздік қоры, сөйлеу мәнері бастапқыда қалыптаспаған баланың түсіну һәм түсіндіру функциялары мықты болады дегенге сену қиын.

Әдебиет – кешегінің куәсі, бүгінгінің болмысы, келер күнге берілетін аманат. Мені қынжылтатыны, қоғамдық орындарда кітап емес, темір досына телміріп отырғандардың дені жастар, әсіресе мектеп оқушылары. Кітапханаға кітап сұрап келетін жастар жоқтың қасы. Бізге жүйені жаңартып, оқытудың озық үлгілерін енгізу қажет.

Динара ТІЛЕУБЕК, студент

Серіктес жаңалықтары