Жөргекпұл «жыры» жалғаса бере ме?

Жөргекпұл «жыры» жалғаса бере ме?

Жөргекпұл «жыры» жалғаса бере ме?
ашық дереккөзі
760
«Деміккен демографияға серпіліс керек», «Демографияны сауықтырудың жолы қайсы?» деген сарындағы сауалды төтесінен қойып келе жатқанымызға пәленбай жыл. Оның үстіне белсенділер сан мәрте «бес Франция сыйып кететін жерімізге өзіміз иелік етуіміз керек» деп биік мінберлерден сөйлегенде, айызың қанады. Алайда сөз бен іс қабыса ма? Халық санының өсімі қандай? Қазақстанды құрайтын негізгі ұлт – қазақтың көбеюі неге көңіл көншітпейді? Кейбір отандық сарапшылар алдағы 10-20 жылда Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы қазақ ұлтының өкілдерінен құралып, моноұлтты мемлекетке айналудың алғышарттары байқалатынын айтса, демограф-ғалымдар Қазақстан халқының саны 2025 жылға дейін – 20 миллионнан, 2050 жылға қарай 32 миллионнан асып түсетінін болжаған еді. Алайда БҰҰ-ның зерттеулері бұған қарама-қайшы. Халықаралық ұйымның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің зерттеуіне сенсек, Қазақстан халқы 2030 жылы – 20 млн 72 мың адам, 2050 жылы – 22 млн 447 мың адам, 2100 жылы 24 млн 712 мың адамға әрең жететін көрінеді. Жақында ғана БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелері бойынша департаменті жариялаған есеп бойынша, Қазақ­стан­ халқы 2050 жылы 23 миллионға жетеді. Сондай-ақ, беделді ұйым 2050 жылға таман Қазақстан халқының 69 пайызы қалалы жерде, 31 пайызы ауылды жерде тұрады деп болжады. БҰҰ-ның есебінше, Орталық Азия елдерінде халық саны өсіп, 2050 жылы Қырғызстан халқы 8,1 млн, Тәжікстан халқы 14,5 млн, Түркіменстан халқы 7,8 млн, Өзбек-стан халқы 40,8 миллионға жетіп жығылмақ.

Жаңа үлгідегі жәрдемақы қуанта қоймады

Бұрын «Алтын алқаны» кем дегенде 10 бала босанған аналар, ал «Күміс алқаны» 8-9 бала тәрбиелеген аналар тағынатын. 2010 жылдан бастап марапаттау жүйесіне елеулі өзгерістер енгізіліп, «Күміс алқа» 6 бала туған анаға берілді, онда да 6-шы баласы бір жасқа толған, қалғандары тірі және дені сау болуы міндеттелген еді. Ал соңғы жылдары заңға енген өзгертулерге орай, бір үйде 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасы көпбалалылар санатына жатқызылып, мемлекет тарапынан бөлінетін азын-аулақ жәрдемақыға ие болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Тамара Дүйсенова осы қызметте отырған кезде 2018 жылы азаматтарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек 25 пайызға өсетіндігін, бұл үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша 42,8 млрд теңге бөлу қарастырылғанын мәлімдеген еді. «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында белгіленген тапсырмаларға сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгелі отыр. Жаңа форматтағы жүйе атаулы әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту, берілетін жәрдемақыларды біріктіре отырып, азаматтар үшін оңтайландыру және олардың мөлшерін көбейту мәселелерін шешетін болады», – деген экс-министр. Сондай-ақ, ол: «Бұл мақсаттарды орындау үшін біріншіден, қазіргі таңда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға берілетін 3 түрлі жәрдем­ақы: азаматтардың табысына қарамастан республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасының табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысының атаулы әлеуметтік көмегі біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Бүгінде азаматтар осы жәрдемақыны алу үшін 3 пакет құжат даярлап, 3 түрлі мекемеге барады. Енді олар жаңа жүйе аясында 1 пакет құжат арқылы бір ғана мекемеде, яғни шаруасын Жұмыспен қамту орталығында тындырады», – деді ол. Сонымен, биыл атаулы әлеу­меттік көмек табысы төмен отбасылар үшін жаңа форматқа көшті. Осылайша, аталмыш бірыңғай жәрдемақының құрамында қолданыста болған көпбалалы отбасыларға берілетін арнау­лы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек біріктірілді. Енді шамамен 350 мың отбасы жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек алады. Сондай-ақ, берілетін үш жәрдемақының жалпы сомасы әлеуметтік әлжуаз отбасылардың әрбір мүшесіне ай сайын 6396 теңгені құрайды. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 10 пайызға көтерілуіне байланысты, әрбір жан басына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2500 мың теңге болмақ. Бір маңыздысы, мұндай қаражат тұрмысы төмен отбасыларға шартты түрде беріледі. Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау көрсетіледі. Егер еңбекке қабілетті азаматтар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан атаулы әлеу­меттік көмек тоқтатылатын болады. Есесіне, отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен отырған ана­лар­ға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз таға­йындалмақшы. Дегенмен жаңа форматтың жаңалығы жалпақ жұртты онша қуандыра қоймады. Бір үйде бір адам ғана жұмыс істеп, оның жалақысы 100 мың ғана болса, төрт балалы отбасы бұл көмекті ала алмайды. Өйткені осы өзгерісті енгізген мамандарға сенсек, әр адамға 14 мың теңгеден есептегенде бір үйдегі алты жанға осы 100 мың жетеді-міс. Ал баспанасын жалға немесе ипотекалық несиеге алған отбасы не істемек? Қолына тиетін 100 мың теңгені үйдің жарнасына құйса, 4 баланы немен тамақтандырады?

4 балаға – 10 мың теңге?

Осылайша, Тамара Дүйсенова ханым министрлік қызметінен босамас бұрын жаңаша төлеммен жүргізілетін жәрдемақыны бекітіп кетуге тырысты. Іле-шала алыпқашпа әңгімелер туындап, мардымсыз жәрдемақыға ілдебайлап қол жеткізгендер «Бұдан да қағылатын болдық па?!» деген күдікке бой алдырды. Тіпті, биылдан бастап 4 баласы барлар көпбалалылар санатына жатқызылмайды деген сөздің шеті шықты. Бұл қаншалықты рас? Елімізде осы уақытқа дейін төрт бала туған аналарға ай сайын 9500 теңге көлемінде жәрдемақы беріліп келді. Ал биылдан бастап төртінші баласын босанған әйелдерге бұл тағайындалмайтын болды. Көпшілікті алаңдатқан мәселе – осы. Өйткені көптің көкейінде төрт бала енді көпбалалы отбасы емес деген түсінік қалыптасты. «Биыл төртінші баласын туғандар «көпбалалы отбасы» санатына жата ма?» деген сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Асқар Ниязовтың айтуынша, көпбалалы отбасы түсінігі қолданыс­тан алынған жоқ. Төрт және одан да көп баласы барлар көпбалалы отбасына жатады. Енгізілген өзгеріс бойынша 2018 жылдан бастап бұған дейін ай сайынғы берілетін жәрдем­ақы енді тағайындалмайды. Өйткені осы санат­тағы аз қамтылған отбасылар үшін атаулы көмектің жаңа форматы шықты. «Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған отбасыларға ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін таға­йын­далған отбасылар үшін сақталады», – деді ол. Бұдан өзге көпбалалы отбасы­ларды мемлекеттік қолдау аясында жергілікті органдардың шешімімен айқындалатын қосымша қолдау шаралары, яғни қоғамдық көлікте жеңілдікпен тегін жүру, тұрғын үй алуға кезекке тұру секілді мүмкіндіктер сақталады. Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы жаңа жылдың басынан бастап азаматтарға жаңа мөлшер­леме тағайындады. Елімізде әлеу­меттік жәрдемақы, әсіресе, әйелдерге көп тө­ленеді. Алайда оның өзі мардымсыз. Биыл бірінші, екінші және үшінші бала туғанда 91390 теңге жөргекпұл беріледі. Төртінші және одан көп туғанға 151 515 тең­ге тағайындал­ған. Сала мамандарының айтуынша, егіз немесе үшем дүниеге келген жағ­дай­да, бір реттік жәрдем­ақы әр балаға жеке төленеді. Әрине, оның мөлшері туу кезектігіне байланыс­ты жүзеге асырылады. Аналар үшін бала 1 жасқа толғанға дейінгі бала кү­ті­міне берілетін жәрдем­ақының көмегі көп. Ол екі жолмен тағайындалады. Жұмыс істей жүріп, дек­реттік демалысқа шыққан әйелдер ай сайын айлығының 40 па­йызын алып оты­рады. Оны Мемлекеттік әлеу­­меттік сақтандыру қоры төлейді. Мөлшеріне келсек, бала туу алдындағы соңғы 24 айға әлеу­меттік аударымдар жүргізілген, орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды. Ал жұмыссыз әйелдерге жәр­дем­ақы республикалық бюджет есебінен төленеді. Қаржы саласының маманы, экономикалық сарапшы Алексей Соловьев бюджетке қаржылық салмақ түсіретін жобалар мақсатты түрде қысқартылып жатқанын айтады. Ол денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға инвестициялық қолдау көрсетуді қысқарту асығыстықпен қабылданған шешім екеніне назар аудартты. «Қазақ­стан тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдауға басымдық беріп отырған ел. Біз бұл қадамға қаржымыздың тасығандығынан емес, сақтандыру саласының қатты ақсап жатқандығынан барып отырмыз. Дамыған елдердегі форс-мажорлық сипаты бар төтенше жағдайлардан келетін шығын көлемін сақтандыру компаниялары көтереді. Ал бізде шығынның бәрі мемлекет қалтасынан өтеледі. Халық та мемлекеттің көмегіне иек артуды үйреніп алған. Бұл КСРО жүйесінен қалған масылдық кеселінің сарқыншағы. Үкімет денсаулық сақтау саласына қаржы бөлуді азайту туралы шешімін қайта қарайтын шығар. Себебі дәл қазір саланың жүгін жеңілдетуге дайынбыз деп иығын тосып тұрған жеке сектор көрінбейді. Бізде билік пен бизнестің әріптестігі сөз жүзінде ғана әрекет етеді», – деген-ді ол.

Ресейде «Ана капиталы» жемісін берді ме?

Бүгінде Ресей демография саясатын ілгерілету ісінде белсенді әрекет етуде. 2007 жылдан бастап енгізілген «Ана капиталы» жобасы әлі жалғасын тауып келеді. Себебі кейбір дерек көздері мұндағы халықтың басым бөлігі спирттік ішімдіктің зауалынан азайып жатқандығын қадап айтса да, «Ана капиталы» осыған қойылған тосқауыл екенін де жасырмайды. Мәселен, «Ана капиталын» жылдан-жылға өсіріп келе жатқан Ресей 2007 жылы – 250000 рубль, 2008 жылы – 276250 рубль, 2009 жылы – 312162 рубль, 2010 жылы – 343378 рубль, 2011 жылы – 365698 рубль көлемінде белгіленсе, ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 408 960 рубльге артты. 2016 жылдан бері екінші балаға берілетін әлеуметтік төлем 453 026 рубльге жетсе, үшінші баласы бар отбасы 1,5 млн рубльге қол жеткізеді. Бір-екі жыл бұрын халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға едә­у­ір септігі тиген жобаны тоқтату жөнінде де әңгіме шыққан. Алайда Ресей президенті В.Путин: «Біз демографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды тоқтатпаймыз. «Ана капиталын» да жылдан-жылға өсіреміз. Осы мақсатта алдағы үш жылға бюджеттен қосымша 70 млрд рубль қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ, бала туу кезінде берілетін жәрдемақы өседі», – деп жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ана капиталын» 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде арнайы заң қабылданды. Бұл қаржылай көмекке екінші, үшінші, т.б. баласын өмірге әкелген ана ие бола алады.Тіпті, отбасы осы ақшаның көмегімен жергілікті жерден баспана сатып алуына және салуына, ипотекаға қаржы құюға және пәтерін кеңейтуіне мүмкіндігі мол. Ең бастысы, әлеуметтік жоба баланың білім алу, балабақша ақысын төлеу, тіпті, жоғары оқу орнында шығындарын өтеу кезінде де көмекке келеді. Ол ол ма, әлеуметтік пакетке ие отбасы жеке тұлғаға арналған салық түрінен де босатылады. Айтпақшы, Ресейде «Ана капиталынан» бөлек жеке «Аймақтық капитал» жобасы да сәтті жүзеге асуда. Бұл бойынша төлем 30 мыңнан 200 мың рубльге дейін жетеді. Кейбір аймақ көпбалалы отбасыға үй салу үшін тегін жер телімін де береді. Тағы бір дерек, Ресейде «Ана капиталына» жұмсалатын қаржының 70 пайызын қалталы азаматтар өтейді. Әлеуметтік сипаты бар, халықтың жағдайына кері әсер ететін жобаларды тоқтатуға бюджеті бізді 10 есе орап алатын Ресейдің де батылы бара бермейді екен. Соған қарамастан, БҰҰ 2050 жылға қарай Ресей халқының саны 133 миллионға дейін азаятынын айтты. БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелері бойынша департамент сарапшылары жасаған болжамға сенсек, 2015 жылмен салыстырғанда шамамен 30 жылдан соң Ресей халқы 20 миллион адамға кемиді. Росстат дерегінше, өткен жылы Ресейде туу көрсеткіші 10 пайызға төмендеген. Бұл соңғы он жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Елде әлі күнге дейін халықтың табиғи азаюы жалғасуда. Қазіргі кезде Ресейде өмір сүру ұзақтығы – 72,5 жас. Сарапшылар бұған дейін өмір сұру ұзақтығының төмен болуын көп көлемде ішімдік ішумен, дұрыс тамақ ішпеу және қозғалмайтын өмір сүру салтымен байланыстырған еді. Мамыр айының басында Ресей президенті Владимир Путин ресейліктердің өмір сүру ұзақтығын 2024 жылы 78 жасқа дейін жеткізуді тапсырып, үкіметтен дене шынықтырумен айналысатын және салауатты өмір сүру салтын ұстанатын ресейліктер санын 55 пайызға дейін көбейтуді талап еткенін айта кеткен жөн. Айтпақшы, Қытайда үшінші балаға рұқсат беру қарастырылмақ. 2015 жылы Қытай 1970 жылдардан бері келе жатқан «бір бала» саясатын жойған болатын. Үшінші балаға рұқсат беру ұсынысын Гуандун аймағының өкілі, адвокат Чжу Леюй жасады. Мұны ол болашақта Қытайдың туу көрсеткіші төмен елге айналып кету қаупімен түсіндірді. Оның сөзінше, «бір бала» саясатын жою халық санының артуына емес, туу көрсеткішінің құбылуына әкеп соқтырған. Елдің мемлекеттік статистикалық бюросының мәліметі бойынша, 2017 жылы Қытайда 17,23 миллион нәресте дүниеге келген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 630 мыңға аз. Ал демографиялық мәселелер саласының сарапшысы Хуан Вэньчжэн үшінші балаға рұқсат беру бұл мәселені шешпейтінін айтады. Бұл үшін Қытай бала тууды жоспарлаудан толық бас тартуы қажет. Сарапшының болжамы бойынша, алдағы 10 жылда Қытайда туу көрсеткіші төмендей бермек. Ал бұл 20 жылдан кейін елдің экономикалық өсіміне қауіп төндіреді. Бұлбұл Жанырыс, үш баланың анасы: – Осы күні әділетсіздік жайлаған кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Қоғам әділетсіз дейміз. Ал қоғамды құрайтын негізгі капитал – адам. Сөз жоқ, билікте қыруар істер атқарылып келді, әлі де атқарылуда. Дегенмен, қарапайым халықтың жанайқайы мен сөзін тыңдайтын азаматтарымыз қайда қарап жүр? Биылғы жылы әлеуметтік жәрдемақыны бөлуде біраз өзгерістер болды. Бұл шешімді ана ретінде қолдамаймын. Атап айтқанда, төртінші балаға берілетін ақшаның неге кесілгенін білгім келеді. Алтын құрсақты аналарымыз 4 баладан кем бала таппаған. Қазіргі таңда сол төрт баланы табуға жас отбасы жүрексінетін болды. Қыл аяғы айына берілетін азын-аулақ ақшаны мүлдем алып тастап отыр. Қазақта «Бір бала дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген тәмсіл бар емес пе?! Осы аталық сөздің мәнін түсіне бермейтініміз өкінішті. Қазіргі кезде төрт бала емес, үш баланың өзін көпбалалы отбасы десек те артық емес. Әр баланы қатарынан қалдырмай бағып-қағу керек. Шын мәнінде, әлгі азын-аулақ жәрдемақының сатып алу қабілеті төмен. Баланың жаялығынан артылмайды. Мемлекеттік қызметкерлердің көбінің айлық жалақысы 50 мыңнан асар-аспас. Соған қарамастан, денсаулығым мүмкіндік берсе, бала табудан бас тартпас едім. Гүлмира Тоқтарғалиқызы, төрт баланың анасы: – Ай сайынғы алатын жәрдем­­ақымның сомасы – 9440 теңге. Бұл – көп­балалыларға берілетін жәрдемақы. Бұл – әр балаға емес, төртеуіне алатын ақша. Осы сомаға көптеген қазақстандық көпбалалы отбасы күн көруге мәжбүр! 9 мың теңгені ақша деп отырсыздар ма?! Баланың керек-жарағы тұрмақ, тамағына да жетпейді. Биылдан бастап төрт балалы отбасы – көпбалалы болып есептелмейді дегенді естідік. Бұл жастардың балалы болуға деген үміт отын сөндірмей ме? Неге қазақтың санын көбейтіп отырған көпбалалы аналарға жағдай жасамасқа? Сенсеңіз, кейбір ауылда балаларының 9-10 мың теңге жәрдемақысына күн көріп отырған отбасылар бар. Ал оның өзін көп көрсе, демографияны сауықтыру туралы айтудың өзі артық сияқты. Белгілі бір жазушы ағамыз «қазақ аналарының жағдайын қазақ тілін жақсы білетіндер ғана сезіне біледі» деуші еді. Бәлкім, сол кісінің айтқаны нағыз шындық шығар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа басшысы Мәдина Әбілқасымова жаны қазақ екенін көрсетіп жүр. Содан ба екен, көпбалалы отбасылардың басым бөлігі жас әрі жүзі жылы министрден мол үміт күтуде. Шынында да, Әбілқасымова елімізде қарадомалақтар санының көбеюіне шарапатын тигізіп жатса, қанекей?!  

Серіктес жаңалықтары