15 Мамыр 2018, 15:57 498 0 Әлеумет Назым Тойлыбаева

Қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге 13 млрд теңге қарызы бар

Қазақстанда тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге қарызы 13 млрд теңгеден асып жығылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысын шығарған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның дерегінше, жылыту маусымының басында тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегі 14,5 млрд теңгені құраған.

«Биыл сәуір айындағы жағдай бойынша берешек 13,2 млрд теңгені құрап, 1,3 млрд теңгеге азайған. Ең көп дебиторлық берешек Астана (2,1 млрд теңге) мен Алматы қалаларында (2,8 млрд теңге) және Оңтүстік Қазақстан (2,6 млрд теңге), Маңғыстау (1,6 млрд теңге), Ақтөбе (1,4 млрд теңге) облыстарында сақталып отыр»,-  деді министр.

Жалпы, министрдің дерегі бойынша, жылу беру маусымы басталғаннан бері коммуналдық жүйелерде 140 ақау тіркелген.

«Бұл ретте, әкімдіктер технологиялық ақауларды қысқа мерзімде қалпына келтірді.  Апаттар көп тіркелген өңірлер мыналар: Астана қаласында - 69; Қарағанды облысында - 16, Павлодар облысында - 12; Алматы қаласында - 11; Шығыс Қазақстан облысында - 10. Талдау көрсеткендей, ақаулардың көбі негізінен сумен жабдықтау және су бұру желілерінде орын алған. Олардың саны - 110. Сонымен қатар, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда технологиялық ақаулар 63 оқиғаға төмендегені белгілі болды», - деді Жеңіс Қасымбек.

 

 

Соңғы жаңалықтар