239
М.Помпео Пхеньянға жасаған сапарын қорытындылады
М.Помпео Пхеньянға жасаған сапарын қорытындылады
Егер Пхеньян ядролық қарудан толықтай бас тартса, Вашингтон бұл мемлекетке экономикалық көмек көрсетуге дайын, деп хабарлайды 24.kz
Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Кан Гён Хвамен кездесуден соң өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Сөйтіп Помпео өзінің жақында Солтүстік Кореяға жасаған жұмыс сапарының жай-жапсарын жария етті. Онда президент Трамп пен Ким Чен Ынның жүздесуін пысықтап, Корей түбегін ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру мәселесін талқылаған. Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі 12 маусымда Сингапурда өтетіні белгілі болды. Ақ үй басшысы әлем көптен күткен басқосуға үлкен үміт артатынын айтты.
Майк Помпео, АҚШ Мемлекеттік хатшысы: – Егер Ким Чен Ын дұрыс таңдау жасаса, Солтүстік Кореяны бейбітшілік пен өркендеу күтіп тұр. АҚШ-тың Солтүстік Кореяға көрсететін көмегі де қомақты болады. Пхеньян ядролық қарудан бас тартса, Құрама Штаттар бұл мемлекеттің Оңтүстік Корея сияқты дамуы үшін бар күшін салады.