«Кардеш калемлер» журналының жаңа саны әдебиетке арналды

«Кардеш калемлер» журналының жаңа саны әдебиетке арналды

«Кардеш калемлер» журналының жаңа саны әдебиетке арналды
ашық дереккөзі
618
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астана қаласының 20 жылдығы аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдау көрсетуімен «Кардеш калемлер» журналының мамыр айындағы санында қазақ әдебиетіне қатысты сараптамалық зерттеулер мен ақпараттар топтамасы жарық көрді. Жазушы Якуп Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты басылымның басты мақаласы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбайдың 60 жасқа толу құрметіне арналып отыр. Алдымен түбі бір туысқан елге ақынның шығармашылық жолы таныстырылып, бірнеше өлеңдері түрік тіліне аударылған. Сондай-ақ ақын  Ғалым Жайлыбай шығармашылығы  хақында Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбектің «Өлең әлеміндегі шертпе күй», Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлының «Жезқазғанға поэзия келіп тұр...», академик Серік Қирабаевтың «Бүгінгі өлең», сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлының «Дала жырлары», Бейбіт Жұмажанның «Қазақтың рухын көтерген әкімдер емес, ақындар» мақалалары жарияланған. Темірхан Медетбек өз толғанысында: ­- Мен өз басым, бүгінгі қазақ поэзиясындағы дүние сырына алаң, «әр дыбыстан дүбір іздеп тұратын» Ғалым Жайлыбайды да өз үні, өз дауысы бар, әрі сергек, әрі ерек ақындарымыздың бірі деп білем. Байқасақ, оның ұйытқып-бұрқамай да, тасып-төгілмей де, бір ырғақпен асығып-аптықпай сөйлейтін арналы ақындығы мен «жырларының жұлдызын жағып қойып» сұхбаттасатын көшелі мінезі өлеңсүйер қауымның талайын тәнті еткеніне біраз уақыт болған екен. Мен Ғалым жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңеген болар едім. Шынында да, Ғалым Жайлыбай шығармалары – бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күй! Егіліп отырып ет-жүрегіңді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып,сүйегіңді үгетін оның жырларындағы баппен қадағалап, байыппен шертілетін әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды, ­- деп ағынан жарылады. Ары қарай журналда биыл «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып бекітілген Кастамону қаласында өткен әдеби журналдардың бас редакторларының босқосуынан көлемді репортаж берілген. Айтулы шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулет, «Қасым» журналының бас редакторы Серік Сағынтай қатысып қайтқан болатын. Филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиеваның «Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы: тарихи драма, тарихи тұлға, көркем шығармашылық және жаңа көзқарас»  мақаласын да оқуға болады.

Серіктес жаңалықтары