Сарыарқадағы сырлы шаһар

Сарыарқадағы сырлы шаһар

Сарыарқадағы сырлы шаһар
ашық дереккөзі
1090
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан бүкіл әлемге тәуелсіздігін жариялады. Республиканың Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде астананы Алматыдан Сарыарқадағы Ақмолаға ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Сол жылдан бастап дайындық жұмыстары қолға алынған. Қаланың құрылыс қарқынын барынша арттыру мен инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1997 жылдың басында Ақмола қаласында арнайы экономикалық аймақ құрылды. 1997 жылы 10 желтоқсанда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы деп жарияланып, Алматыдан Ақмолаға мемлекеттік рәміздеріміз – Көк туымыз, пырақты Елтаңбамыз, асқақтаған Әнұранымыз жеткізілді. Солай XX ғасырда қазақ елі өзінің астанасын төртінші рет ауыстырды. Бұл жолы астананы тәуелсіз ел ретінде басқаның нұсқауынсыз, бөтеннің кеңесінсіз таңдады. Бодандық бұғауынан ақи-тақи құтылып, өз алдымызға ел болдық. Жаңа астана елді рухтандырып, жасампаз істерге жол ашты. 1997 жылы отыз жылға жоспарланған ел стратегиясы – «Қазақстан-2030» қабылданып, ел нарықтық қатынастар дамуы жолына түсті. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Ал 10 маусымда Астананы қазақ елінің жаңа астанасы ретінде халықаралық таныстыру тұсаукесер рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Тәуелсіздігімізді мойындаған әлем елдерінің өкілдері мәдени-игі шараның куәсі болды. Ал 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, арнайы медальмен марапатталды.

***

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылы 6 шілдедегі шешімінен кейін-ақ ел ішінде ара-тұра алыпқашпа сәуегейлік сөз тарады. «Ақмоланың жері батпақ, көп қабатты биік үйлер салуға келмейді», «Ақмола аймағы өте суық, адам түгілі теміржол вагонын шайқайтын долы желін айтсайшы», «Қысы ұзақ, ауа райы астанаға өте қолайсыз», «Ақмоланың айналасы жапан дала, жері көріксіз», «Жер жаннаты Жетісудың табиғатына ештеңе жетпейді. Ел астанасына осы Алматыдан лайық қала жоқ», «Сонша асығатын не бар? Әуелі тұралаған экономиканы көтеріп алайық та», «Халықтың тұрмысы түзелмей жатып, бұл туралы сөз қозғаудың қажеті қанша?», «Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру үшін әлі кем дегенде 15-20 жыл уақыт керек». Осындай сөздерден жұрт құлағы сарсып, алаң көңіл күй кешті. Мұндай сыңаржақ пікірлер біраз шетелдік сәуегейлердің де ауыздарынан шыққан. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика Парламенті депутаттарының алдында астананы көшіру туралы былай деген еді: «Иә, қазір елдің көп сөз қылып жүрген енді бір мәселесі астананы Ақмолаға көшіру екені белгілі. Мен де мұндай әңгімелерді естіп жүрмін. Көптеген саясаткерлер осы мәселе төңірегінде саясатшылдық жасап, өзіне капитал жинауға тырысып-ақ бағуда. Олардың айтуынша, біз онсыз да қалтасы қағылып отырған жұпыны жұрт, кедей елдің соңғы несібесін аузынан қағып, содан Ақмолаға бөліп-жарып беріп жатқан сияқтымыз. Мұндай пікір таратушылардың да, соған ден қоюшылардың да мені осы мәселеге байланысты сөзімді және Жоғарғы Кеңестің тиісті қаулысын қайта оқығанын қалар ем. Онда принципті саяси ұсыныстар жүйелі түрде айтылып, арнаулы шешім қабылданған болатын. Аталмыш қаулыда астананың Ақмолаға қай кезде көшетіндігі туралы нақты мерзім көрсетілмеген, Үкіметке экономикалық және техникалық жағынан негіздеу тапсырылған еді. Қазір олар сонымен шұғылдануда. Сондықтан бұл мәселе бүгіннің де, ертеңнің де, одан арғы күннің де мәселесі емес. Бұл өте салмақты, саяси маңызы зор мәселе. Бұл бүкіл қазақ халқы мен күллі қазақстандықтардың түпкілікті мүддесін қорғай отырып, асықпай атқарылатын келелі, жүйелі мәселе. Ал кейбір тұмсығының астынан әрідегіні көрмей, байбалам салуға асығатын саясатшыларға, мұны келесі ғасырға қалдыру керек деп теріс пікір таратушыларға, ел қамынан гөрі қоғамдағы «өз» орнымен келесі болатын сайлаудың жай-күйінен әрі аспайтындарға халықтың өзі тойтарыс береді деп ойлаймын. Иә, астана ауыстыру оңай шаруа емес. Бұл – саяси мәні зор, ұзақ мерзімде жүзеге асар күрделі шаруа. Ал енді қаржы жағына келетін болсақ, халық бар, халық сайлаған Парламент бар, өздері шешеді. Қай қаржыға, қашан және қалай салынатынын да сол халықтың өз билігіне қалдырғанымыз жөн шығар. Бір білетінім, жаңа астана бүгінгі сіңірін созып отырған елдің есебінен емес, ертеңгі өрісті, ырысты күндердің есебінен болашақта атқарылатындығына сенемін. Түптің түбінде ондай ресурстар республикада болуы тиіс қой. Біз астананы көшіруде әртүрлі тиімді жолдарды ойластырдық. Шығынды аз жұмсап, қазіргі бар объектілерді пайдалансақ па екен деген де тұжырымдар болды. Тіпті, Алматы астана болып қалған күнде де бәрібір салынуға тиісті құрылыстар жеткілікті емес пе?! Атап айтқанда, мұнда да Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерінің ғимаратын, сондай-ақ, Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитетінің үйін, барлық кешенімен қоса Парламент ғимаратын салуымыз керек пе? Әрине, керек. Тиісті орындар есептеп көрді. Бұл құрылыстарды жүргізу Ақмолаға қарағанда Алматыда үш есе қымбатқа түседі екен. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді салғанда да дәл осындай жағдай қалыптасар еді. Тұрғын үй құрылысының құны мұнда үш есе қымбатқа түсер еді. Болашақ астана – Ақмолада салынатын құрылысқа жұмсалатын қаржы көлемі мысал үшін 10 миллиард теңге десек, соның 9 миллиард теңгесі жұмыс берген адамдардан, алынған салықтан, кәсіпорындардан салық есебінде мемлекетке қайтады екен. Ендеше осы тұрғыдан алғанда, астанада салынатын кез келген үй мен өзге де құрылыс объектілері түптеп келгенде халықтың, елдің байлығы екенін естен шығармауға тиіспіз. Бұл жан-жақты ойластырылған Қазақстан өміріндегі жауапты да шешуші кезеңнің мәселесі. Ал талай-талай арыстарымыздың басып кеткен іздері мен қасиетті әруақтарымыз қорғап-қоршап жатқан аяулы Алматының қашанда жөні бөлек екені туралы мен талай айттым. Әлі де айтамын. Алматы рухани әлемімізді аялап, асқақтатар ұлы астанамыз, іскерлік дүниесінде қанат бітіріп отыратын қара шаңырағымыз болып қала беретініне шүбәлануға болмайды. Ондай ұлы астаналардың саны әлемде көп қой. Елімізде екі астананың болғанынан Қазақстан ұтпаса ұтылмасы анық деп ойлаймын». («Халық кеңесі», 17 қыркүйек, 1994 жыл). Көне тарих деректеріне жүгінсек Ақмола елсіз болмаған. Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа ағылған сауда керуендері Ақмолаға бірнеше күн аялдап, қалың елдің ортасында сауда-саттықты қыздырған. 1271-1295 жылдары белгілі жиһанкез Марко Поло да осы Ақмола жеріне бірнеше рет ат басын бұрса керек. Дамыған сауда және көшпелі түркі тайпаларының әскери машықтану ойындарын көріп, таңданысын жасыра алмапты. Ол қазақтың аңға салса алмайтыны жоқ дүрегей төбетінің күшігін қалап, еліне алып кеткені, кейін сол күшіктің тұқымдарынан шекара күзетіне лайық итальян итінің тұқымы пайда болғаны жайында оның тарихи жазбаларында айтылған. 1375 жылы шыққан «Каталондық картада» Нұра мен Есіл өзендерінің орта шенінде Ахсикет қаласының орны көрсетілген. Бертінде тарихшы-археолог академик Әлкей Марғұлан оны Бытығай қаласы деп атапты. Бұл қаланы алғаш рет Ресей елшілері Ф.Скибен мен М.Трошин мұқият зерттеп, жаһанға жария етті. Олар 1694 жылы Бытығайдағы Салқам Жәңгірдің ұлы әз-Тәуке ханның ордасында қабылдауда болғанын, сол қалада ұлы хан басқа да мемлекеттердің өкілдерін қабылдағанын жазған, елшілер Бытығайды карталарына түсіріп, қала құрылысы жайында тәптіштеп жазған. Әз Тәуке даланың кемеңгер даналары – үйсін Төле би, алшын Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек бимен кеңес құрып, ұлттың ата заңы «Жеті жарғыны» дүниеге әкелді. Тәукенің мемлекеттік ісін кейін Болат, Әбілмәмбет, Сәмеке хандар жалғастырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрды. Ел ішінде Сәмеке патшайым І Аннадан құрылыс материалдарын сұрап, әкесі Тәуке хан зираты жанынан қала тұрғызған деген аңыз күні бүгінге дейін айтылуда. Жоңғар-қалмақтарды елден түре қуып, қан майданда ерліктің үлгісін танытқан Абылай хан бұл өңірде 48 жыл билік құрды. Одан арғы тарихи деректерде Орта Азияның атақты билеушісі Әмір Темір қалың әскерімен 1381 жылы осы Ақмола жеріне ат шалдырып, шешуші жорыққа дайындалғаны жөнінде айтылған. Парсының жиһангез оқымыстысы Шараф ад-Дин Әли Йаздидің «Зафар-наме» шығармасы XV ғасырдың ішіне бүккен сырын ашып, Есіл өзенінің бойындағы Далба, Ақзират, Бестерек қалаларының дамуы жайында жазғанын білеміз. Қазақ жерін орыс отаршылдарының небір қитұрқы әрекеттермен басып алуы Ұлы Даланың соңғы ханы Көшім (Астанадан 90 шақырым жерде жерленген) көз жұмғаннан кейін басталды. Хандық мемлекетті қалпына келтіріп, орыс патшасына кеткен есені қайтару үшін Кенесары хан Сарыарқада олармен он жылдай соғысса да, зеңбірекке қарсы тұру оңайға соқпады. Ақмола іргесіндегі Қараөткелдің қабырханасындағы екі жүзден астам Кенесары сарбаздарының бейіті сол қанды майдан шайқастың куәсі іспетті. Ресей патшасы қазақтың хандық құрылымын таратып, сұлтандық басқару жүйесін орнатты. Артынша патшаның «бөліп ал да, билей бер» нұсқауымен сұлтандықты да таратып, болыстық билікке бөлшектеп жіберді. 1831 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Иван Александрович Вельяминовтың қатаң бақылауымен Ақмола әскери бекінісі салынды. Бекініс салынып біткен кезде губернатор Ақмолаға арнайы келіп, оның аты молаларға байланысты қойылғанын естиді. Жанындағы жандайшаптары сол молаларды қиратып, бекініске, империяға тән жаңа ат қоюды ұсынады. Ымырт үйіріле губернатор ұлықтармен бірге бекініске жаңа атау ойластырып тұрған сәтте кенеттен қасиетті молалар жақтан жарқ етіп от шығады да лезде ақ бұлт пайда болады. Жандайшаптарының біразы қатты қорыққаннан естерінен танған. Ал біразының тілі байланып, сөйлеуге мұршалары келмей қалса керек. Сол кезде губернатор от пен бұлтты Құдайдың жіберген белгісі деп ойлап, жергілікті жердің атын өзгертуге болмайтынын, қасиетті молалардың қиратылмайтынын, керісінше өзінің жарлығы бойынша Батыс Сібір астанасы Омбының елтаңбасына Ақмола қоса бейнеленетінін жария еткен. Ақмоланың ақ ұны саудаға шығысымен-ақ Ресей мен Украина губернияларынан мыңдаған шаруалар осында ағыла бастағаны тарихи деректерден белгілі. Осы орайда сол кездегі жергілікті кәсіпкер Баймұхамет Қосшығұловты ерекше атаған жөн. Ол алғашқыда егіншілікпен айналысып, бидайды өзінің диірменінде тартып, аппақ Ақмола ұнын Ресей, Қытай және Орта Азия базарларына шығарған. Жинаған қомақты қаржысын Сібір банкісінде ұстайды. Бертін келе наубайхана ашып, ұн өнімдері, нанның жайма, жұқпа түрлерін, бауырсақ, құймақ, кеспе, қамыр күлше мен тоқаш және тәтті пірәйніктер өндіреді. 1891 жылы Омбы қаласына император мұрагерінің келуі құрметіне пірәйніктер көрмесі ұйымдастырылған. Соған дейін Тула мен Вязма пірәйніктері өтімді болса керек. Сол жолы патша мұрагері әлі жұртқа кеңінен таныла қоймаған пірәйніктің дәмін татып көріп, қатты ұнатып қалады. Оны өндірушіні сұрастыра келгенде Баймұхамет Қосшығұлов болып шыққан. Мұрагер одан Ақмола пірәйнігінің жасалу тәсілін сұрайды. Байекең тәтті күлше пірәйнік Ақмоланың ақ ұны және Көкшетаудың балы мен балқаймағы қосып жасалғанын айтады. Тақ мұрагері сол күннен бастап губернатордың ақмолалық кәсіпкерге ерекше қолдау көрсетуін тапсырып, Қосшығұловтың бір қорап пірәйнігін өзімен бірге Санкт-Петербургке алып кеткен. Қосшығұлов Сібір банкісінен ірі көлемде заем алып, кәмпит-пірәйнік фабрикасының сызбасы мен құрал жабдықтарын сатып алу мен тәтті тағамдар жасау шеберлігін үйрену үшін Париж қаласына аттанады. Отанға оралған соң Ақмола қаласынан кәмпит-пірәйнік фабрикасының құрылысын бастаған. 1998 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Ақмола өңірінің тарихын ғылыми тұрғыдан анықтап, археологиялық зерттеулер жүргізу жөніндегі тапсырмасы бойынша академик Кемел Ақышев бастаған Есіл археологиялық экспедициясы құрылды. Олар үш жыл бойына жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерден Ақмоланың орнында Х-XI ғасырларда ежелгі Бозоқ қаласының іргесі қаланып, Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларынан шыққан әміршінің ордасы болғанын анықтаған. Археологтар Бозоқтың XVII ғасырға дейін орны болғанын дәлелдеп, оны Астананың түп қазығы деген тұжырым жасады. Ежелгі мадьярлар осы Бозоқтан Еуропаға қоныс аударған деген ұғым бар. Демек Ақмола кезінде қалың елдің ортасы ғана емес, мұнда елдік мәселелер шешілген биліктің де ордасы болғаны анық. XX ғасырдың басында Ресейдің I-II Мемлекеттік думасына Ақмола облысынан сайланған депутат Шаймерден Қосшығұловтың қаладағы кітапханасын көнекөздер беріге дейін айтып жүрді. Онда Санкт-Петербургтен шығып тұрған «Серке» газеті мен Орынбор, Омбы, Қазан, Ташкент, Мәскеудегі баспалардан жарық көрген әр алуан басылымдар болған. Бертіндегі қазақ жерін зерттеушілер И.А. Левшин, И.Г. Андреев, Г.Е. Катанаев, И.П. Шангин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шоқан Уәлиханов, Құрбан Халидов, Әлкей Марғұланның зерттеу еңбектері Ақмоланың ежелгі тарихынан көп деректер береді. Сондай-ақ, этнографиялық және фольклорлық экспедициялар жүзге жуық хикаялар мен әфсаналарды жинап, рухани мұраға айналдырды. Басқа да деректер Ақмоланың бағзы замандардағы тарихи маңызынан хабардар етеді. ХХ ғасырдың 30-жылынан бастап «халық жауы» жаласымен сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, айдалған, атылған алаш зиялыларының әйелдері мен туған-туыстары Ақмолаға жер аударылып, Кеңестер Одағының ең зұлмат АЛЖИР (Ақмоладағы отанын сатқандар әйелдерінің лагері) лагерінде он-он бес жылдан азап шекті. Мұнда Ресейден және басқа республикалардан тұтқындалғандардан бөлек А.Сырғабеков, И.Қабылов, Ұ.Құлымбетов, А.Қалменов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Б. Майлин, Ж.Шанин, Т.Жүргенов, С.Асфендияров, С.Меңдешов, С.Қожанов, Қ.Таштитов, Н.Манаевтың және тағы басқалардың әйелдері жазықсыз жазаларын өтеді. Адмирал Александр Колчактың әйелі, ақын Анна Тимирова секілді орыс жұртына танымал өнер адамдары да ауыр жылдарды бастан кешті. Лагерьде 1953 жылдың соңына дейін жалпы саны 20 мыңнан астам тұтқын болған. Қазір сол лагерь орнында азапты жылдарды еске салатын көрме бар. Кеңестер Одағына фашистік Германия 1942 жылы 22 маусымда шабуыл жасады. Сол жылдың 26 тамызында Жайық өзені бойындағы 350 мың неміс және Кавказ халықтары Қазақстанға қоныс аударылды. 1978 жылы неміс ұлтының зиялы қауымы Мәскеуге арнайы хат жолдап, «Ресейдегі Неміс автономиясын саяси оңалту және қайтадан құру туралы» талап қойған. Саяси Бюро Ю.Андропов жетекшілік ететін арнайы комиссия құрып, жағдаймен танысады. Комиссия сол жылдың тамыз айында өктем шешім шығарады: «Жайық маңында бұрынғы Неміс автономиясын қайта құру жөнсіз. Өйткені қазір мұнда неміс халқы тұрмайды және бұл ауданда тарихи тамырлары жоқ. Комиссия неміс халқының автономиясын автономдық облыс түрінде Қазақстан құрамында құруға ұсыныс енгізеді. Неміс автономиялық облысын Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Целиноград облыстары құрамына кіретін бес ауданның аумағында, орталығы Ерейментау қаласы етіп құруға болады». Мұны қазақ халқынан қанша құпия жағдайда іске асырмақшы болғанымен ақпарат ел ішіне тарап кетеді. 1979 жылдың 16-19 және 22 маусым күндері Ақмола қаласының жастары: «Біз неміс халқына қарсы емеспіз, тек қазақ жерінің бөлшектенуіне жол бермейміз!» деген талаппен алаңға шықан. Жағдай насырға шабатынын түсінген Мәскеудегі Саяси Бюро өз шешімдерінен бас тартуға мәжбүр болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» еңбегінде Елорданы көшіру мәселесі ертеректе де әңгіме болғаны жөнінде айтылған. «Қазақстан Компартиясының дәуірлеп тұрған кезінде менің көзіме академик Қаныш Сәтбаевтың (1949 ж.) Қазақ ССР-інің астанасының Қазақстанның географиялық орталығы – Қарағанды немесе Целиноградқа көшіру туралы ұсыныс жасаған баянжазбасы түсті. Құрметті ғалым, белгілі қайраткер дәлел ретінде осындай кең байтақ республиканың астанасы қайдағы бір қиыр шетте болмау керек дегенді келтірген. Және сол кездегі күрделі қарым-қатынастағы Қытай Халық Республикасымен шекарамен тікелей жақындықта болмауы керектігі айтылған. Есімде қалғаны осы атақты баянжазба Мәскеуге жіберілді. Мәскеулік жауап мынандай болды: «Сізге істейтін басқа жұмыс жоқ па?». Осыдан кейін астананы көшіру туралы сұрақ жабылды. Дегенмен бұл Хрущевке дейін болған оқиға еді...». КСРО басшысы Никита Сергеевич Хрущевтің бастамасымен 1954 жылы Қазақстанда тың көтеру ұйымдастырылды. Екі бірдей аштық кезеңдерін (1921-1922 және 1932-1933 жж.) бастан кешкен елде қазақ саны мүлдем кеміп кеткен еді. Хрущев сырт республикалардан тың көтерушілерді кіргізуге пәрмен берді. Сол жылдың наурыз айынан бастап қазақ жеріне жан-жақтан тыңгерлер ағылды. Хрущев Саяси Бюроның кезекті бір мәжілісінде өзіне тән астамшылықпен: «Карл Марксштадт, Ленинград, Сталинград атындағы қалалар бар, енді жақын болашақта Хрущевград қаласы пайда болады», – деп бөскен. Бірақ оның бұл ұйғарымы Саяси Бюро мүшелерінен толық қолдау таппағандықтан құр сөз жүзінде қалды. Ол тың өлкесіне Қазақстанның солтүстігіндегі жері шұрайлы бес облысын кіргізіп, орталығын Ақмола деп жариялады. Уақыт өте келе тың өлкесін РСФСР құрамына енгізуді көздеп, қала құрылысына баса назар аударды. Одақ бюджетінен мол қаржы бөлгізіп, Мәскеудегі Съездер сарайына ұқсатып, сыйымдылығы 2355 орындық Тың игерушілер ғимаратын латыш сәулетшілері П.Ф. Фогелс, О.Н. Крауклис және Д.К. Данненбергтің жобасы бойынша салдырды. 1961 жылы Хрущевтің тың өлкесіне келген сапарының біріндегі болған жайды Дінмұхамед Қонаев өзінің естелік-эссе кітабында былай баяндаған. width= «Сондай бір жұмысбасты боп жүрген тұста Хрущев: – «Ақмола» деген сөз не мағына береді? Орысшаласаңдаршы, – дейді қасындағыларға. Сол жерде республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы И.Шәріпов пысықтық көрсетіп: «Белая могила» деп аударады. Онсыз да ілік таппай, ойы он саққа кетіп отырған Хрущев сол жерде қаланың атын өзгерту керек деп тапсырма береді. Әрине, табан астынан бүйректен сирақ шығарып отырғаны белгілі. Мәскеуде жұпталған, әңгіменің иінін қандырып келген. Мынасы «ұялған тек тұрмайдының» кебі. Мұны естіген мен төбе шашымды жұлғандай болып, Никита Сергеевичке Ақмоланың тарихын, оның «киелі жер» деген мағынаны білдіретінін қанша дәлелдесем де міз бақпай, айтқанынан қайтпады. – Никита Сергеевич, – деймін райдан қайтатын шығар деп, – бұл бір халықтың тарихы, ұрпақтан ұрпаққа қалдырған ескерткіші. Аққайрақ тастан тұрғызған ғажайып қорған. Ғұндар дәуірінен келе жатқан биік қамал. Ақмола XIII-XIV ғасырларда тұрғызылған. Есіл өзенінің бойында керуен жолы өтетін кешу – Қараөткелді 5-6 ғасыр бойына сұлулыққа бөлеп тұрған күмбез. Бірақ қазақ бастан кешпеген тарих аз ба, XIX ғасырдың екінші жартысында қирап бітті. Ел есінде оның аты ғана қалды. Енді содан да айырылғалы тұр. Ол, жасырып керегі не, пікір таластыра қоятындай терең білімді, сұңғыла ойлы кісі емес еді ғой. «Айттым бітті» деп, морт кететін-ді. Соған салып: – Мола тарихы осымен тынды деп есептеңіз, қаланы Целиноград деп атын өзгерту керек, – деді. Ендігі жерде сөз шығын қылудың өзі де қылмыс еді. Наурыздың 20-сы күні Ақмола қаласының атын Целиноград деп өзгерту жөнінде И.Шәріпов қол қойған жарлық жалпақ жұртқа жария болып кетті». («Ақиқаттан аттауға болмайды». Алматы. «Санат» баспасы, 1994 жыл. 217-218 бет). Ұлы көш Алматыдан Астанаға бет түзеп жатқан кезде досымыз сүйсініп, көре алмайтындар күйінді. Ресейдегі ЛДПР-дің төрағасы Владимир Жириновский: «Қазақтар жеке ел бола алмайды. Ресей құрамына өздері-ақ қайтып келеді», – деп жарияға жар салған еді. Сол кезде Мәскеуде Масляков жетекшілік ететін «КВН»-нен халықаралық жарыс болып жатты. Израиль командасы: «Когда белорусам плохо – партизанам идет, когда русским плохо – водка пьет, а когда казахам плохо – столица меняет», – деп әжуалап, залда отырғандарды бір күлдіргені кім-кімнің де есінде болар. Енді міне, Жириновский қанша табаласа да, израильдіктер қанша әжуаласа да, ең соңынан күлген біз болдық. Ресей Президенті Борис Ельцин Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен бір сәтінде: – Нурсултан Абишевич, зачем менять столицу с Алматы на Астану в такие трудные времена? – деп сұраған. Сонда Елбасы: – Борис Николаевич, чтобы быть ближе к России, – деп әзілге бұрып, күліп жауап бергені де жұрттың есінде. Саяси ойында саясаткерлерге тапқырлық керек. Қазақ «Сөз тапқанға қолқа жоқ» демей ме. Сол сәтте Елбасының түпкі ойы, кеңес өкіметіндегідей Ресеймен байланып қалуда емес, елдің қауіпсіздігінде болды ғой. Астананы ауыстырудың саяси мән-маңызын халықтан жасырып қалмаған: «Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде, біз мына жылы жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едік. Біз Алатаудың баурайына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай болды». Бүгінде ажары көз тартқан Астанаға сүйсінбейтін ел жоқ. Еуразияның қақ ортасынан, Сарыарқаның төрінен орын алған Астана геосаяси жағынан да, экономикалық және демографиялық тұрғыдан да дұрыс шешім болғаны күн, ай, жыл өткен сайын дәлелденуде. Астана санаулы жылдар бедерінде әлемдегі ең әсем қалалардың біріне айналып шыға келді. «Іштен шыққан жау жаман». Елбасының 2009 жылға дейін мемлекеттік тілге түгел көшіру жөніндегі Жарлығы жариялана салысымен-ақ республикадағы «Лад» орыс қауымдастығының төрағасы Ю.Бунаков «Начнем с понедельника» газетінде, 2007 жылы 16 ақпанда жарық көрген мақаласында: «...Колонизацией Российская империя не занималась. Россия присоединила земли именно те, население которых хотело стать ее частью. Так что говорить о том, что было колонизация Казахстана, историческая ложь. Перевод делопроизводства только на казахский язык – эта самоуправство местных чиновников. И мы не должны позволять это», – деп бажылдады. Қоғам ауысса да, шовинистік көзқарас өзгере қоймаса не дерсің. Қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Ресей жиырмасыншы ғасырдың басында П.П. Семеновтың басшылығымен «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген атпен көп томдық кітап шығарды. Соның 18-томы «Қырғыз өлкесіне» (1903 ж.) арналады. П.Семеновтың сол томға жазған алғысөзінен: «Образование укрепленных линий на окраине Киргизской степи достигло своей главной цели – охранение безопасностей Русской колонизации», – дейтін тарихи шындықтың шымылдығын ашты. «Сонда қалай, қазақты үш ғасыр таптаған тарихи шындықты біз бунаковтарға қайта дәлелдеуіміз керек пе?», – деп сауал тастады. Бунаков сияқтылар мемлекеттік тілге кедергі келтіру үшін барын салып бақты. Оны қолдаушылар да аз болған жоқ. «Ит үреді, керуен көшеді». Мұндайларды мәртебелі уақыт пен ұлттың толеранттық төзімділігі тәубесіне түсіріп келеді. Елбасының тәуелсіздігімізді қорғап, әрі қарай дамыту үшін бізге төзімділік керек, оны әрбір өткен күндер, айлар және жылдармен шегелеп отыруымыз керек дегенінің мәні сонда. Тарих қойнауынан бізге жеткен аңыз-әфсаналарда шынайы негіз бар. Хан Абылай қалмақтар қолына тұтқынға түскенде қонтайшы: «Ей, қазақтың ханы Абылай, не арманың бар?» деп сұраған екен. Сонда Абылай: «Арман көп, әуелі үш жүздің басын қоссам деп едім – қоса алмадым. Қала салсам деп едім – сала алмадым. Көшіп-қонған елімді орнықтырып, тұтас ел етсем деп едім – оны да істей алмадым. Келешек ұрпаққа осы үш арманым – Аманат!» деген екен. Абылайдың сол арманын жүзеге асырып, аманатын да орындаған – Елбасы Н.Назарбаев. Еуразия жүрегіндегі Астананы қазір төрткүл дүние танып қана қоймай әлем елдерінің айшықты астаналары қатарынан орын алғанын мойындап отыр. Қаланың сәулет құрылысына әлемге танымал ағылшындық Норман Фостер мен жапондық Кисе Курокава секілді сәулетшілер тартылып, қаншама заманауи үлгідегі әкімшілік ғимараттары, мәдени шараларға арналған нысандар және төбесі көк тіреген сәнді тұрғын үйлер салынып, ел игілігіне берілді. Президенттің тікелей басшылығымен Астананың айналасы орман-тоғай, жасыл желекке бөленіп, экологиялық жағдайы күрт өзгерді. Нарықтық даму заңдылықтарына сүйене отырып, ауыл шаруашылығын, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты, ірі кәсіпорындар мен кен орындарын жекешелендіру мен инвестиция тарту Ресейден алты жыл бұрын жүріп, көшімізді түзеп алдық. Өткен жылы Астанада «Жасыл экономика» тақырыбымен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі ашылып, дүние жүзінің ең озық техникалары мен технологияларын көруге алыс-жақын шетелдерден жұрт көптеп ағылды. Еліміздің ішкі стратегиялық-экономикалық және ұлттық мәдени бағыттағы жоспарлары осы Астанада қабылданып, іс-жүзеге асуда. Әлем елдері басшылары Астанада бас қосып, халықаралық күрделі әрі түйінді мәселелер шешімін табуда. Әлемдік қауымдастықтың ең беделді БҰҰ-ның екі бірдей Бас хатшысы Кофи Аннан мен Пан Ги Мун Астанаға ат басын тіреп, шиеленіскен халықаралық жағдайды ретке келтірудегі қосқан үлесі үшін ризашылықтарын білдіріп, өзгелерге үлгі тұтты. Рим папасы Иоанн Павел II-нің Астанаға арнайы келіп, елімізге, жерімізге Жаратушыдан құт-берекет тілеуі де жайдан-жай болмаса керек. Ғасырлар бойына бір үстелдің басына жиналып, пікір алысып көрмеген әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары алғаш рет Астанада бас қосып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Қалай айтсақ та, бұл бұрын-соңды болмаған халықаралық құбылыс. Осыдан-ақ дін басылары біздің бейбітшілікті жақтайтын, татулық қарым-қатынас жасауды қолдайтын ел екенімізді білді. Астана кез келген халықаралық қақтығыстар мен кикілжіңдерді бейбіт жолмен, диалог арқылы шешуді, соғыс өртін тұтандырмауды ұсынып, ара ағайындық миссиясын атқарып келеді. Сонымен бірге Азиядағы бейбітшілік конференциясын алғаш рет біздің елде ұйымдастырып қана қоймай, Шанхай Достастығы ұйымын құруға да мұрындық болды. Баса айтатын тағы бір жайт, 2010 жылы халықаралық беделді ұйым ОБСЕ-ге төрағалық ету құқығына ие болды. Ағымдағы жылдан бастап біздің республика өкілдеріне БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы міндетін атқару сеніп тапсырылған еді. Бұл шаралар Астананың әлемдік беделін арттырды. Жиырма жылдың ішінде мұндай биіктен көрініп, халықаралық зор сенімге ие болу ешбір ел астанасының басына қонбаған бақ.

Серіктес жаңалықтары