506
Боран Рақымбек: Англияда ашуға жол берген жан-ақылы төмен адам
Боран Рақымбек: Англияда ашуға жол берген жан-ақылы төмен адам
Англияның Ньюкасл қаласында Қазақстаннан оқуға келген студенттерді іздеп жүріп үйіне шақырып алып, оларға қолдан келген көмегін беріп, қамқорлық жасап жүретін бір қазақ бар. Ол – осыдан он алты жыл бұрын Қытайдан көшіп келген Боран Рақымбек. Сыртта жүрсе де, елдегі болып жатқан өзгерістерге құлағы түрік. Айтпақшы, ол туралы осыдан жеті жыл бұрын газетімізде «Мен қайда жүрсем де қазақпын» деген материал жарияланған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп, одан Англияға қоныс аударған Бөкең осы уақыт ішінде екі қоғам, екі түрлі мінез туралы көп пікір тұжырыпты. Көргені көптен келелі сөз сұрайтын әдетімізбен сұхбатқа тарттық.
– Сіз Британияға он алты жыл бұрын келдіңіз. Басқа мәдениет, өзгеше тәрбиенің адамысыз. Жаңа жерге, бөтен қоғамға сіңісу қиын болған жоқ па?
– Осы елге келгенде алған алғашқы әсерім – бұл халық адам құқығын шын құрметтейді екен. Мен Қытайда дәрігер болып жұмыс істеген адаммын, осында келген соң зайыбым екеумізге бір аптадан соң жергілікті дәрігердің қабылдауына баруға тура келді. Дәрігер аздап кешікті, біз күтіп отырмыз. Келе сала ол: «Мен екі минутқа кешіктім, ғафу өтінемін», – деп бізден кешірім сұрады. Біз аң-таң болдық. Сонда дәрігер бізді сырттан келген келімсек демей, адам ретінде құрметтеп, ілтипат білдірді. Қоғамдық көлікке мінсек, барлық адам жүргізушіге «Thank you» деп, рахметін айтып түседі. Қай жерге барсаң да, бәрі кезекте тұрады, ешкім ешкімнің алдын кеспейді. Келе сала баланы мектепке орналастырудың қамын жасап, құжаттарымызды жинап, мектепке келдік. Бізге қайдан келдің, неғып жүрсің деген адам жоқ, күліп қарсы алып, қағаздарымызды қабылдап, бәрін өздері реттеп, «Келесі аптадан бастап сабаққа келе берсін» дегенде, көзімізге жас алуға шақ қалғанымыз бар. Мұның бәрін айтып отырғаным, біз басқа мемлекеттен келген мигрантпыз, мұнда не туыс, не туған жоқ, артымызда тіреп тұрған да ешкім жоқ, бірақ адамға деген құрметті осы елден көрдік. Әрине, бұл елде де қылмыс бар, бұл елде де заң бұзатындар кезігеді, бірақ жалпы халықтың сана-сезімі, тәрбиесі өте жоғары.
– Ал он алты жылдан бері осы қоғамға деген көзқарасыңыз өзгерді ме?
– Анау айтарлықтай көп өзгерген жоқ. Керісінше, өзімізге деген сенімділігіміз арта түсті. Яғни, заң бұзбасам, адал еңбек етсем, нанымды тауып жей аламын, еңбегімнің жемісін көремін. Ол үшін «крыша» іздеудің, тамыр-таныс табудың немесе пара беріп, күнәге батудың қажеті жоқ.
Тағы бір мәселе, осы елге келгелі біз жоспармен өмір сүруді үйрендік. Ағылшындар жарты жыл, бір жылдық жоспарды алдын-ала құрады ғой. Мысалы, қазір 2018 жылы не істейміз, қандай тренингтен өтеміз, қай жерге барып демаламыз деген нәрселердің бәрін ойластырып, алдын ала қағазға түртіп қоятын болғанбыз. Алғашқы келген жылы: «Төрт аптадан кейін осы жерге осы сағатта келесің» десе, «Оған дейін кім бар, кім жоқ» дейтін қазақылыққа салынып, бейқам жүріп, ұмытып кететін кезім көп болған. Мектеп алты ай бұрын ата-аналар жиналысына шақырып қояды. Жұмысқа орналасу үшін әңгімелесуге де күні бұрын шақырады. Талай кездесуден қалып қойған кездерім болды. Келесі жолы барсаң, қағазына қарап: «Бәлен күні келмепсіз» дейді. «Иә, ұмытып кетіппін» деп отырамыз, бетімізге бажайлап бір қарайды. Содан кейін біртіндеп үйрендік. Иә, бір мәдениеттен екінші мәдениетке көшу оңай емес.
– Жалпы, мәдениеті жоғары болған сайын, ол адамның өзгелерге деген құрметі, сыпайылығы да арта түсетін сияқты. Мәселе өмірде қиындық көріп не тұрмыста таршылық көрген адамның өзін қарапайым ұстауында емес. Мысалы, бұл елдегі ең сыпайы, ең кішіпейіл адам – патшайым ғой, ал ол ешкімнің алдында басы иілмеген адам. Бірақ мәдениеттілігі, ұстамдылығы, сыпайылығымен өзгелерге үлгі. Осыған қарап, ағылшындар екі сөзінің бірінде «Рахмет» дейтін себебі олардың мәдениетінің деңгейін көрсете ме деп ойлаймын...
– Бұл рас. Мұның өмірдегі бір мысалын айтайын. Менің кіші ұлым Даниал кілең байлардың балаларымен бірге жекеменшік мектепте оқиды. Оның оқу ақысы біздің қалтамыз көтеретін шамада емес, бірақ біз екі жыл дайындалып, мұғалім жалдап, күні-түні оқып, өте қиын емтиханнан өтіп, мектептің грантын жеңіп алдық. Даниал сияқты грантпен оқитындар өте аз мұнда. Негізінен шіріген байлардың, ірі компания иелерінің балалары білім алады. Бірақ мектептің ішінде олардың қайсысы байдың баласы, қайсысы грантпен оқиды дегенді біле алмайсың. Әлгі бай балалары біздің Даниалдан да қарапайым киінеді. Оларды тәрбиелеу әдісі де басқаша. Мысалы, қазір байқап жүрмін, сол балалардың ата-аналары бізге жиі хабарласып, менің ұлымды үйіне шақырып, өз баласымен бір-екі сағат ойнап кетуін қиылып сұрап тұрады. Сонда олар біздің басқа орта, өзге дін, бөлек әлеуметтік топтан екенімізді біледі, баласының осындай әр түрлі халық өкілдерімен тең араласып, тіл табысқанын қалайды. Себебі ертең ел басқаратын кезең туған кезде, олар халықтан қашық болмауы, қара халыққа жат болмауы тиіс. Бұрынғы қазақтарда осыған ұқсас дәстүр болған көрінеді: байлар балаларын уақытша ауыстырады екен, бір байдың баласы екінші байдың үйіне барып, жұмысшы болып, шаруаға араласып, еңбекте шыңдалады. Қытайдың қазақтарында сондай дәстүр болған. Себебі қара жұмыс істеп, маңдай термен нан табуды үйренген бала өсе келе өз үйінің шаруасын дөңгелетіп әкететін болады.
Мұндай ортада өсу біздің балаға да игі әсер етіп жатқан сияқты. Алғашқы кезде «Кілең шіріген байдың балаларының арасында қалай жүрер екен, өзін төмен санап қалмас па?» деп уайымдағанымыз бар. Бірақ, қазір қарап отырсақ, керісінше, баламыздың өзіне деген сенімділігі артты, олармен өзін тең ұстайды. Себебі мұндағы байлар балаларын өте кішіпейіл етіп тәрбиелейді, қарапайым болуға үйретеді. Ақсүйектік тәбиенің негізі сол.
– Бұл жас ұрпақты ғана емес, тұтас халықты тәрбиелеу жүйесі емес пе?
– Иә, Британияда мектептерде берілетін тәлім-тәрбиенің маңызы өте зор. Тағы бір мысал айтайын. Біз бұл елге келгенде үлкен ұлымыз Айбол бес жаста болатын, ал одан кейінгілері – Әлия мен Даниал осы жерде туып-өсті. Қазір байқап жүргенім, бұл балалардың сана-сезімінде өзгелерді нәсілдік, этностық, басқа да кемсітуге жол бермейтін мінез қалыптасқан. Мектеп бұларды сарыауыз кезінен адамның жеке тұлғасын сыйлауға, әр адамға құрметпен қарауға және ешкімді алаламауға үйретеді. Қанымен келмеген нәрсені мектеп қабырғасында сынамалап санасына сіңіріп жатыр. Мұндай тәрбиенің екінші жағы да бар: бұл елде балаға қатты сөйлеуге, қол көтеруге болмайды. Бұл елде балалар өз құқығын жақсы біледі, мемлекет олардың құқығын жақсы қорғайды. Балалар өздерін ересектермен тең санайды. Оларға ашулансаң, өзіңе күледі. Себебі ағылшын қоғамының ұғымында ашуға берілген адам – ақылы төмен, санасы өспеген адам.
Біз қазір балаларды тек қазақшылықпен, ұлттық тәрбиемен ғана ұстап отырмыз, жағымыз талмастан: «Балам, біз қазақпыз» деп отырамыз. Бірақ күні бойы мектепте жүрген бала жарты тәрбиені үйден алса, оның қалған жартысы – сыртта, мектепте. Сондықтан шет елдерде тұратын қазақтар үшін ата-ана болу, бала тәрбиелеу оңай емес.
– Заңды құрметтеуді де мектепте үйрете ме?
– Иә, өз құқықтарын білу, заңды құрметтеу, тіпті мемлекеттегі түрлі діндерді білуді, яғни қоғамның барлық саласына қатысты ақпарат береді. Сабақ аясында барлық діндердің құлшылық орындарына апарып, таныстырады. Бірақ ондай жерлерге апармас бұрын әуелі ата-ананың рұқсатын алады, егер баласын жібермеймін десе, оған әке-шешенің құқы бар. Діни наным-сенімге деген құрметке келсек, баланың мектепте, тіпті, достарының үйіне қонаққа барғанда ішетін тамағына дейін алдын ала анықтап сұрап алады. «Балаңыздың тамақ мәзіріне қатысты қандай да бір шектеу не талабыңыз бар ма?» деген сияқты. «Біз мұсылман болғандықтан, халал тамақ ішеміз» деп жазып береміз. Халал стандартты біледі, егер ондай ас мәзірінде халал тамақ болмаса, ең азында вегетариандық ас ұсынады. Яғни, барлық жағдайды жасап беріп отыр деуге де болмас, бірақ шама-шарқынша қорғайды, әркімнің наным-сеніміне құрмет көрсетеді.
Балалар мұнда ертерек есейіп, жауапкершілікке жасынан көндігеді. Мемлекет соған барынша жағдай жасап отыр. Он алтыға тола салысымен, олар жұмыс істеп, ақша табуға құқылы, мектептің жоғарғы сыныбында жұмысты қалай іздеу керек, қай салада жұмыскерлер керек деген мәселелерді оқытады. Түрлі жұмыс беруші мекемелер мектептерге барып, өздеріне қажетті мамандар іздейді, ақпарат таратады. Қазақстан осы тәжірибені үлгі етсе болар еді. Сонда жеткіншек балалар ерте бастан өз алдына күн көруге машықтанатын еді әрі мамандық таңдауда қателеспей, өзіне керегін таңдауына себепші ғой.
– Бұл рас. Менің өзім көрген жайт, Британ университеттерінде оқудың алғашқы жылынан бастап студенттерден: «Ертең қай бағытта жұмыс істейсің? Қандай мақсатың бар? Мақсатыңа жету үшін қандай біліктілік керек? Бізден не көмек?» деп сұрап, түрлі семинар-кеңестер ұйымдастырады. Болашақ түлектерінің ертеңіне алаңдаушылық және жанашырлық бар. Әрі жаңа машық үйрену, білім тереңдету, жұмыс іздеу немесе өз алдына кәсіп ашуға қатысты барлық кеңестер, қажетті көмек тегін көрсетіледі. Университет түлектері үш жылға дейін өзі бітірген оқу орнымен байланысын үзбейді, яғни олар жұмыс тауып, өз қолдары өз аузына жеткенше, оқу орны олардан көмегін аямайды.
– Мұндағы мектептегі балалардың өзін түрлі жұмыстарға салып, еңбекке баулиды. Бір жағынан, жеткіншектер жұмыс істеп, ақша табуды үйренсе, екінші жағынан, болашағына қажетті тәжірибе жинайды. Мұндағы студенттердің көбісінің жұмыс істейтіні ақша табу үшін ғана емес. Мысалы, маман ретінде жаңадан жұмысқа тұру үшін резюмеде белгілі бір еңбекке араласты деген ақпарат болуы керек. Мейлі, ол супермаркетте жұмыс істесін немесе бір мекемеден тазалықшы болсын. Себебі қандай да жұмысқа ерте араласқан адам жауапкершілік, басқалармен тіл табысу, команданың ішінде әрекет ету сияқты машықтарға ие болады. Оның үстіне, еңбекке ерте араласқан адам жалқау емес деген сөз. Менің үлкен ұлым Айбол қазір Брэдфорд университетінде биомедицина мамандығын оқып жатыр, бірақ студент болғалы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Бес күн оқиды, екі күн супермаркетте жұмыс істейді. Ертең магистратураға тапсырғанда, осы жұмыс тәжірибесі де ескеріледі екен. Арасында Қытайға барып, төрт апталық тағылымдамадан өту ойында бар. Осылайша, балалар ерте бастан ертеңгі күні үшін қам қылып, тезірек аяққа тұруға ұмтылады, ал мемлекет жастардың жан-жақты жетілуіне, олардың қоғамның жауапкершілігі жоғары мүшесіне айналуы үшін бар жағдайды жасап қойған.
– Осы елде тұрып жатқаныма үш жарым жыл болды. Бірақ бұл халықтың сана-сезімін, мінезін, ішкі сырын әлі зерттеумен келем. Мысалы, алғаш келгенде демократиялық мемлекетте монархияның әлі өмір сүріп, қарапайым азаматтарға салынатын салықтың үстінен күн көретіні сөлекет көрінген. Көзі ашық азаматтардың көбі: «Бізге Королева керек емес» деген пікірді ашық айтады. Бірақ бұл елдің Королевасында саяси билік жоқ дегенімен, үкімет басшысы оған апта сайын есеп береді, парламенттің әр сессиясын Королева ашып, салтанатты сөз сөйлейді. Номиналды билік деп сырттай жақауратқанымен, расында, қазіргі ресми билік монархияның арқасында өзінің күнделікті шаруаларының талайын шешуге ұмтылады. Бұл мемлекет әлі күнге дейін монархияның пайдасын көріп отыр. Бірақ саясаттың мұндай ішкі қатпары ашық айтылмайды, оны білу үшін бұл елді біраз жыл іштен зерттеу керек екен.
– Иә, «Королева саясатқа араласпайды» дейді, бірақ көп мәселе сол кісінің алдынан өтеді. Басқа мемлекеттердің басшылары келгенде міндетті түрде оның қабылдауында болады, мемлекеттік сапардың ешқайсысы оның қатысуынсыз жүзеге аспайды. Мұның бәрі ашық айтылмайды. Өзіңіз ойлаңызшы, 60 миллион халқы бар алақандай аралдағы ел, бірақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес мүшесінің бірі, НАТО-ның белді мүшесі, АҚШ-тың айнымас серігі, тағысын тағы... Неге бұлай? Себебі бұл халық ақылмен іс қылады. Жалпы, британдықтар мұхиттың ар жағы, бер жағын шарлап, басқа құрлықтарға барып, аяғы жеткен жердің бәрін басып алып, талайды көрген халық. Бұлардан көп нәрсе үйренуге болады. Оның үстіне, бұл халық қазір басқа көптеген ұлттарды қанатының астына басып отыр: түрігі бар ма, қытайы бар ма, нигериялық бар ма, дүние жүзінің түрлі халықтарының өкілдері келіп, осы халыққа сіңісіп жатыр.
Халықтың сапасына келсек, Қазақстанда демография мәселесі бар. Қазір қазақтың санын көбейту мәселесі көп айтылады. Халық саны көп болса, жерді де қорғап қаламыз, елдігімізді де сақтап қаламыз деседі, бірақ бұл 17-18 ғасырдың түсінігі. Қазір адам санымен ешкім әлемді жауламайды, жерді қорғамайды. Өзгелерден озық боламын десең, білім мен техникада алда болу керек. Ал тек халық санын көбейтеміз деп даурыға берсек, әлемде талай ұлт бар, саны бар, сапасы жоқ... одан не қайыр? Ал 8-9 миллион халқы бар Израильге қараңыз. Оның ықпалына, беделіне қараңыз. Сондықтан қазаққа ең әуелі оқыған, білімді, әлемдік саясатты, ғаламдық экономиканың даму тенденциясын білетін сапалы азаматтар керек. Нағыз «жеті қырлы, бір сырлы» жігіттер керек. Басқа халықтармен тіл табыса алатын, өзге елдердің саясаткерлерімен тең дәрежеде сөйлесе алатын адамдар керек. Сабанның астынан су жүгіртіп, сыпайы сөйлеп, сауатты саясат жүргізетін басшылар керек.
– Қазіргі Қазақстан қоғамының аяғынан шалған кесел жемқорлық шығар... Осы кесел тек біздің қоғамға тән бе, әлде дамыған мемлекеттерде, мысалы, Британияда бар ма?
– Әрине, жемқорлық дүниежүзінің барлық мемлекетінде бар. Айырмашылығы, Британияда – бес пайыз ғана болса, Қазақстанда – тоқсан пайыз болуы шығар.
– Неге?
– Себебі мұнда заң бар және заң орындалады. Қазір Қазақстанда елді жаппай имандылықа шақырып жатыр, бұл дұрыс. Бірақ дін үстемдік құрған Сауд Арабиясы, Кувейт, Мысыр, Малайзияның өзінде сыбайлас жемқорлық бар. Сондықтан тек имандылықпен жемқорлық жойылмайды, меніңше. Ең әуелі, заң қатаң болуы керек және заңдардың орындалуын бақылау керек. Мемлекет қызметкерлерінің дайындығына мән беру керек, оларды оқыту керек. Жалпы алғанда, халықтың санасы мен сапасын көтеру қажет. Ал мұның бәріне, әрине, өте көп уақыт керек.
Американың өзі жемқорлық пен парақорлықты түбегейлі жоя алмай отыр. Бірақ оның аз болатыны және кең етек жаймайтыны – бұл елдердегі журналистердің ықпалы зор, сөз бостандығы шектелмеген. Егер әлдебір шенеунік, тіпті премьер-министр әлдеқандай күдікке ілінетін болса, журналистер оны түбегейлі зерттеп, жанын көзіне көрсетеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Британ Парламентінің бір мүшесі үйінің ауласына 2000 фунт тұратын субұрқақ орнатқаны мәлім болып, сол мәселе ақпарат құралдарында біраз шу тудырды. Дамимын, өсемін деген мемлекет журналистерге осылай еркін жұмыс істеуге құқық беру керек. Журналистер – халықтың тілі, жүрегі, үні ғой.
– Сонда бұл елде жемқорлық, парақорлық, заңнан аттау оқиғаларының сирек болуы сөз бостандығының арқасы ма?
– Сөз бостандығының ықпалы өте зор. Одан бұрын, әрине, заңның үстемдігі. Оның мүлтіксіз орындалуы. Одан кейін заңның орындалуын бақылайтын органдардың құзыреті күшті бұл елде. Бақылаушы да, тексеруші де көп. Мысалы, Қазақстанда бір облысқа республикалық бюджеттен жол салуға қаржы бөлінуі мүмкін, бірақ оның қалай жұмсалғаны, қалай орындалғанын қадағалау әлсіз. Осы елде өзім көрген нәрседен бір мысал айтайын. Мен Ньюкасл қаласындағы жекеменшік қарттар үйінде жұмыс істеймін. Біздің үстімізден бақылап, қадағалап тұратын көптеген органдар бар. Олар күндіз болсын, түнде болсын, кез келген уақытта айтпай келіп, есікті өз кілттерімен ашып, мекемемізге кіріп келеді. Қағаздарымызды тексереді, қарттардың жатқан орнын қарап, ішкен тамағының сапасын, дәрісін қашан ішкенін сұрап, төсек-орны жайлы ма, жоқ па – қысқасы, барлығын бүге-шігесіне дейін тексереді. Ал City Council деген қалалық кеңес мекемесі бұлардың жұмысын тексереді. Егер әлдеқандай қателік жіберсең, не өрескелдікке жол берсең, дереу жұмыстан шығарады. «Бәленшенің адамы» деген әңгіме мұнда жүрмейді. Мұндай жүйеде жең ұшынан жалғасу, парақорлық белең алуы мүмкін емес.
Бұл елде жұмысқа тұрудың өзі оңай емес. Мысалы, тұрақты жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде екі беделді адамның пікірі керек. Осы мәселені Қазақстанда ендірсе деймін. Сіз туралы лебіз білдіретін екі, кейде төрт адамның пікірін сұрайды. Ол қандай адамдар болады десеңіз, мысалы белгілі бір саланың білікті маманы немесе осы елде, осы қалада он-он бес жылдан бері тұратын адам, т.с.с. талаптарға сай болуы керек. Оның үстіне, бұл адамдар отбасы мүшесі не дос-жаран болмауы тиіс. Біздің жұмысымыз жасы үлкейген ғаріп кісілерге көрсетілетін қызмет болғандықтан, мұндай мекемелер дін қызметкерлерінің пікіріне ден қояды. Себебі бұл елдің түсінігіне сәйкес, дін адамы, мейлі қандай дінде болсын, өте адал әрі шыншыл. Былайша айтқанда, Қызылорда облысындағы ауыл имамының жылы лебізі Қызылорда қаласы әкімінің лайықтама қағазынан әлдеқайда нанымды саналады.
Оның үстіне, жұмысқа орналасарда толтыратын сауалнамада міндетті түрде: «Осы мекемеде не ұйымда жұмыс істейтін танысыңыз, бауырыңыз т.б. бар ма?» деген сұрақ болады. Егер осы сұраққа өтірік ақпарат бергені анықталса, бұл заң бұзушылық деп саналады. Жұмысқа орналасуда міндетті түрде сұрақ-жауап алады, сұхбат жасайды. Болашақ қызметкердің мамандығы, білімі мен кәсіби деңгейі ғана емес, оның жауапкершілігі, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы, мінез-құлқы, хоббиі – бәрі жан-жақты ескеріледі.
Ал әлдеқандай келеңсіз жағдаймен шығып қалған жағдайда, бұдан кейін ол адам осы саладағы басқа мекемелерге жұмысқа тұра алмайды. Себебі жаңа жұмыс орнынан бұрынғы мекемеге хабарласып, мінездеме сұрайды. Ал өзінің мінезінен немесе басқаның ар-намысына тиіп не заң бұзып жұмыстан шығып кеткен адам бұдан кейін еш жерден жұмыс таппауы да әбден мүмкін. Сондықтан бұл қоғамның адамдары қай жерде жүрсе де, заң аясынан шықпай, жалпыға ортақ ережелерге мойынсұнып өмір сүреді.
– Қазақстанда тиісті заңдар да бар, заңның орындалуын бақылаушы-қадағалаушы органдар да жетерлік. Бірақ сыбайлас жемқорлықты азайтуға, заңның орындалу тиімділігін арттыруға сеп бола алмай отыр. Меніңше, қоғамдық тәрбие мен адамдардың сана-сезіміне көп нәрсе байланысты сияқты. Ағылшындардың қазақтардан артықшылығы жоқ, бірақ олар қоғамдық сана-сезімді қалай тәрбиеледі, бүгінгідей жоғары азаматтық жауапкершілікке қалай жетті, соны түсіну керек...
– Бұған уақыт керек. Біріншіден, бұл елде Парламенттің құзыреті де, беделі де күшті. Өзің де білесің, Парламентте негізгі екі партия бәсекелес, олар теледидарда жұрт көзінше тартысып қана қоймайды, шын мәнінде, бір-бірінің сөзі мен ісін аңдып, әрекеттерін бағалап-бақылап тұрады. Яғни, қоғамда саяси тартыс бар. Екінші бір мәселе, кез келген мекемеде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін жұмыс берушілер үш ай сайын, алты ай сайын тренинг өткізеді, яғни өз ақшасына қызметкерлерін оқытып отырады. Жұмыс істеушілер, мейлі қандай үлкенді-ұсақты шаруа болсын, оны атқарудың әрбір сәтіне мән беріп, кәсібилікті ұдайы күшейтіп отыруды өте қатты қадағалайды.
Сайлау болса, әрбір үйдің есігін қағып, әр адаммен жеке сөйлесіп, арнайы шақырып кетеді. Саяси партиялар сайлауға дейінгі аралықта үй-үйді аралап, «Толғандыратын қандай мәселелеріңіз бар?» деп сұрап жүреді. Біз осы аудан, осы көшеге қатысты кей мәселелерді айтамыз, кейін қарап тұрсаң, сол айтылған мәселелердің көбісі шешімін тауып жатады.
– Қазақстанда болып жатқан оқиғалардан хабарыңыз бар. Қазір Қазақстан латын қарпіне көшіп жатыр. Бұл мемлекеттік саясатқа қарай қалайсыз?
– Әрине, латынша әліпбиімен оқу мен сияқты шетелдегі қазақтарға, мысалы, Түркияның қазақтарына әлдеқайда оңай болар еді. Бірақ осы істе ұйғырлардың тәжірибесі ойға түсіп отыр. Олар компьютерлік техника кеңінен қолданысқа енген кезде заманның өзгерісіне ілесеміз деп, төте жазуын латын қарпіне ауыстырған. Он бес жылдан кейін «Ұлттық менімізден айырылып қалу қаупі бар» деп қайтадан төте жазуына көшті. Сол екі аралықта латынша оқыған адамдар білімсіз қалды, енді олар көне жазуды өздігінен үйреніп, тырмысып жүр. Қазір кей адамдар көзі ашық болғанымен төте жазуды оқи алмайды, себебін сұрасаң: «Менің заманымда бізді латынша оқытқан» дейді. Мен тіл маманы емеспін. Тілдің ерекшелігіне қатысты кейбір дыбыстарды жоғалтып алуымыз да мүмкін. Жалпы, мұндай істерде асығыстық жасау қауіпті. Жетпіс жыл, яғни екі буынның өмірі өткен заманда болған нәрселерден жиырма жылда арыламыз деу қисынсыз.
Әрине, Қазақстанда көп істерде ілгері жылжу бар. Мысалы, ғаламтордан, теледидардан естіп-біліп отырмыз, «Қазақ тілін білмейтіндер көп» деген уайым бар. Мен Қазақстанға он бес жылдан кейін, 2010 жылы бардым. Одан да он бес жыл бұрын көшеде көлік айдайтын адамдардың ішінен қазақша сөйлейтін адамды таба алмайтын едім. Қазақша сөйлегенім үшін бәрі маған бажырайып қарағанда ұялатынмын. Ал 2010 жылы барғанда байқағаным, қазақша сөйлейтіндер қатары күрт артқан. Бірақ үкімет мүшелерінің, министрлердің орыс тілінде сөйлегенін көргенде ренжисің. Менің жеке пікірім, егер қазақ тілін білмесең, мейлі Гарвард университетінің түлегі болсаң да, мұндай лауазымды қызметте отыруға қақың жоқ! Осындай талап қоятын заң қабылдау керек. Ал қарапайым қазақтың жігіті Қазақ ұлттық университетін бітіріп, қазақша жақсы сөйлеп тұрса, жаңағы қызметке сондайларды қою керек! Себебі сыртқы істер министрі болсын, басқа лауазымды кісілер болсын, теледидардан жиі сұхбат беріп, халықтың алдына шығып, сөз сөйлейді, елдің бәрінің көзі соларда емес пе?
Мысалы, Қытайда мен қытайша білмесем, онда нан тауып жей алмас едім. Тіл білгенімнің арқасында мен қытайларға ине салудан сабақ бергенмін. Соның өзінде маған: «Сен қазақсың, менің екі мың жылдық тарихымды маған қалай үйретесің?» деп тиіскендер болған. Бірақ мен қытай тілін өте жақсы білгенім үшін ғана сондай қызметке лайық болдым. Әрине, қазақ тілінде сайрап тұрған орыс па, татар ма, басқа ұлттарды да көрдім Қазақстанда. Бірақ министрлердің елдің алдына шығып алып, орысша сөйлеп тұрғанын көргенде, сондай қынжыласың. Бұлай болмауы керек. Тек үкімет мүшелері, министрлер емес, барлық басқармалар мен мекемелердегі басшылар міндетті түрде қазақ тілін білуі керек. Мейлі, Кэмбрижді, мейлі Оксфордты бітірген маман болсын, егер қазақ тілін білмесе, оларды жауапты қызметке қоюға болмайды. Ұлыбританияда солай, Еуропада солай.
Өз өмірлік тәжірибемнен айтайын. Менің мамандығым дәрігер, Қытайда дәрігер болып жұмыс істедім, Қытай университетінің дипломы бар. Барлық құжаттарым бар, бірақ Англияда тек nurse (дәрігер мен мейірбикенің арасындағы қызмет – Г.О.) болып жұмыс істеймін. Неге? Себебі ағылшынша тіл білімім жетпеді емтиханнан сүрінбей өтуге. Қазір мен өзіммен қатар жүргендерге сабақ бере аламын, бірақ амал қанша, солармен бірдей жұмыс істеуге мәжбүрмін.
– Бірақ шет елдің дипломымен бұл елде дәрігер болып жұмыс істеу үшін маман ретінде емтихан тапсырмай ма?
– Иә, ондай емтихандар бар. Бірақ сол саланың маманы ретінде тіл емтиханынан өтпей, екінші сатыдағы сынаққа жібермейді. Әр саланың ішкі терминологиясы бар, ағылшын тілін тұрмыстық деңгейде емес, өте жоғары кәсіби дәрежеде білу талап етіледі. Ал ондай деңгейге жету үшін кемі екі-үш жыл тек тілді үйрену керек болды. Сондықтан осында келген жоғары білімді дәрігерлер амалсыздан қара жұмыс істейді. Күн көріс керек. Қытайда он бес-он алты жыл хирург болып жұмыс істеп келген маман қазір Лондонда автобус айдап жүр. Кәсіби білім деңгейі жоғары болса да, тіл білімі жетпейді. Ал ештеңеге алаңдамай тек тіл үйренуге тұрмыстық қажеттіліктер мойын бұрғызбайды.
Меніңше, Қазақстандағы қазақ тілінің дәрежесін сол деңгейге жеткізу керек. Қазақстанда қызмет етіп, жұмыс істеу үшін қазақ тілін білуді басты шарт деп заң қабылдамаса, төменнен «Қазақ тілі» деп қанша шулағанмен пайда жоқ. Қазақстанда қазақ тілі бірінші орында тұруы керек. Шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істегісі келсе, олардың басшылары қазақ тілін біліп, қағаздарын қазақ тілінде жазуын талап ету керек. Оларға «Қазақстанның азаматын ғана емес, қазақша білетін адамдарды жұмыс аласың» деп талап қою керек. Бірақ мұның бәрі айғаймен, күшпен емес, заң жүзінде үнсіз ғана атқарылатын істер. Өзің білесің, Англияда білім алып не жұмыс істеу үшін IELTS, TOEFL сияқты тіл емтихандарын тапсыру керек. Осы елге иммиграция жасағандардан «Life in the UK» («Ұлыбританияда өмір сүру») деген емтихан алады. Ал Сингапур, Малайзия деген елдерде сырттан бизнесмен келіп, сол мемлекетке инвестиция құйып, сауда жасаймын десе, компаниясын сол елдің азаматының атында тіркеуі керек, сосын барып бизнесін ашып, сауда-саттығын жасай алады. Қазақстан да осыны үйрену керек, себебі әр мемлекет өз азаматтарының мүддесін қорғауы тиіс емес пе? Егер шетелдіктер қазақстандықтармен әріптес болуға мәжбүр болса, онда жергілікті азаматтардың білімі де, бақуаттылығы да арта түсер еді.
Сыртта жүрген қазақ ретінде айтарым, елдің жағдайына қарап отырып, кейде жұбанасың, кейде қынжыласың. Меніңше, бізде заң қатаң емес. Мен Қытайда туып-өстім, Қазақстанда тұрдым, Өзбекстанда болдым, қазір Ұлыбританияның азаматымын. Бұл елдердегі жағдайды салыстыра аламын. Қайталап айтамын, Қазақстанда көп ілгерілеу бар. Бірақ ел басқару ісіне көзі ашық, білімді, мемлекет басқаруды білетін адамдар келуі керек.
Жалпы, Қазақстанды Еуропа елдерімен, Британиямен салыстыруға болмайды. Теледидардағы хабарлардан, ғаламтордағы мақалалардан байқаймын, «Еуропа былай қылады екен, біз де сөйтсек» деген әңгіме көп айтылады. Бірақ Еуропадағы халықтың сапасы, олардың әлеуметтік жағдайы, халықтың түсінігі, мәдениеті мүлде басқа деңгейде ғой. Қазақстанды олармен салыстырудың қисыны жоқ.
Қазақстан жиырма жеті жылдан бері аяғына енді тұра бастады. Бір-бірімізді сынағанымыз дұрыс, бірақ аяқ астынан бәрі бола салмайтынын да түсінуіміз керек. Асығамыз деп шалағайлыққа ұрынуға болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлбиғаш ОМАР
Ұлыбритания, Ньюкасл