Өзі қайда, көзі қайда?

Өзі қайда, көзі қайда?

Өзі қайда, көзі қайда?
ашық дереккөзі
262
Біз қазақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған»  заманда өмір сүріп жатсақ та, әйтеуір елді дүрліктірер мәселе еш таусылған емес. «Орамал тон болмайды, жол болады»  дейтін нақыл сөзді естімеген ел, оқымаған жұрт жоқ шығар. Оның қыз балаға арналып айтылғанын сіз де, біз де жақсы білеміз. Ілінгеннен ілмек іздейтіндер қандай тақырып қозғалатынын іштей біліп отырған шығар. Құлаққа мезі болған «орамал» жайлы сөз өрбітпекпін. Кішкене ғана шүберек. Қым-қуыт, айла-шарғыға толы заманда, нәпсінің жетегіне ермей, Құдайдың хақ жолымен құлшылық жасаудың өзі үлкен бір сынақ болып тұр. Айтып-айтпай не керек, көшеде үсті-басын тұмшалаған әйелдер, шалбарын шорт кескен еркектер мен қара сақалды бауырларымыз қаптап кетті. Дегенмен итке таланғандай сән үлгісіндегі жыртық джинсиын кигеннен, бұл да дұрыс шығар деп қаласың. Енді біреулерге «жыртық шалбар киме» десе, үстін түгел бүркемелеп тастайды. Көзі қайда, өзі қайда, ізкесер болсаң тауып көр! Сондықтан да болар орамалмен әлі күнге алысып әлекпіз. Не шешілген түйін жоқ, не орамалды шештіретін ұйым жоқ. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын, яғни 2016 жылы Ақтөбе облысында қару-жарақ дүкеніне теріс ағымдағы дін ұстанушылар шабуыл жасаған болатын. Салдарынан бір офицер, әскери қызметкер мен дүкен сатушысы қаза тапқан. Сонымен қатар, бір адам және тоғыз қызметкер жарақат алған еді. Осындай жайттардан кейін мемлекет те қарап отыра алмады. Қызу науқан қолға алынды: хиджаб, орамал мәселелеріне қатты көңіл бөліп, жат ағымдағыларды кері қайтаруға бар күшін салды. Мемлекет орамал тартқан қыз-келіншектердің жұмыс істеуіне рұқсат бермей, ең сорақысы тұмшаланған оқушылар білім ала алмай, тіпті, күзетшілер оларды мектеп қабырғасына да жолатпады. Мұның барлығы мемлекеттің сыртқы күштердің ішке еніп кетуінен сақтануының бір жолы. 6-7 жастағы қаракөз қарындастарымыз бен сіңлілеріміздің тұмшаланып жүргенін көргенде жаның ашиды. Бақытты балалық шақта асыр салып, ойнайтын кезі емес пе?! Сонда бауыр еті баласына тек жақсылықты тілейтін әке-шеше халықтық дәстүрден біржола қол үзіп, ұшпаққа шықпақ па? Дәстүр демекші, әлімсақтан бері қазақ арулары хиджаб кимеген. Хиджаб – қазақтың емес, арабтың киімі. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, ешкімнің таңдауына шектеу қоя алмайды. Десек те, өз халқыңнан қол үзбегенге не жетсін?!  

Балжан Әлжанова,

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің

2-курс студенті

 

Серіктес жаңалықтары