Зиянды тағамдар жарнамасы шектеледі

Зиянды тағамдар жарнамасы шектеледі

Зиянды тағамдар жарнамасы шектеледі
ашық дереккөзі
Елімізде зиянды тағамдарды жарнамалауға тыйым салынуы мүмкін. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант, тұз және транс-майлары көп азық-түлік өнімдерінің жарнамасына шектеу қоюды ұсынды. Министрліктің хабарлауынша, адам денсаулығына залал тигізетін мұндай тағамдарға шектеу қою дамыған елдердің тәжірибесінде бар. «2018 жылы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасына құрамында қант, тұз, транс-майлары көп тағамдардың жарнамасын шектеу жөнінде толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. ЕАЭО аясында кедендік одақтың техникалық регламенттеріне денсаулыққа зиян қант, тұз, транс-майлар құрамына және олардың таңбалануына талаптарды күшейту тұрғысында толықтырулар енгізілуі қажет», ‒ деді  ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой министрлік алқасының кеңейтілген отырысында. Оның айтуынша, ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі қоғамдық денсаулық сақтау саласында қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті. Мәселен, Финляндияда 2010 жылдан бастап тәттілер мен алкогольге салық салынып, құрамында тұзы көп және тұздалған өнімдерге тыйым салынды. Нәтижесінде, 7 жыл өткен соң жұқпалы емес аурулардың деңгейі 80 пайызға азайған, өмір сүру ұзақтығы 1980 жылмен салыстырғанда 10 жылға ұзарған. Мажарстанда 2011 жылдан бастап зиянды азық-түліктерге денсаулық сақтау салығы салынып келеді және бүгінде халықтың зиянды тағамдарды тұтыну көлемі 73 пайызға азайған.  Еуропада 2016 жылдан бастап, құрамында 6 ингредиент ‒ май, тұз, қант, транс-майлар, көмірсу мен ақуызы бар азық-түлік өнімдерін таңбалау міндеттелді. Ұлыбританияда күндізгі уақытта зиянды тағамдарды жарнамалауға тыйым салынған. Ағылшындардың жарнаманы жүгендеуі бекер емес. Өйткені жарнама ‒ өнімге сұраныс тудырып, өтімділігін арттыратын басты құрал. Сондықтан өндірушілер тауарын жарнамалауға келгенде ақша аямайды. Халыққа өз өнімін насихаттаудың  барлық арнасын пайдаланады. Маркетинг мамандарының айтуынша, ең қымбат әрі ең нәтижелі жарнама ‒ теледидардағы жарнама. Оның себебі белгілі: теледидар аудиториясының географиялық ауқымы кең әрі көк жәшіктің визуалдық әсері күшті. Жарнаманың адам санасына ықпалын зерттеген жантанушы мамандар балалар үшін алаңдаулы. Өйткені жарнама балдырғандардың есте сақтау қабілетін нашарлатып қана қоймай, зиянды өнімдерді тұтынуға итермелейді. Ата-ана өз баласын барынша сапалы, денсаулыққа пайдалы өнімдермен қамтамасыз етуге тырысқанымен, дүкенге кірген бүлдіршіндер әке-шешенің тыйымына қарамастан, жарнамадан көрген тәттілерді, чипсы, газдалған сусын секілді зиянды тағамдарды алып бер деп жер тепкілеп жылағанын талай мәрте көргенбіз. Жарнаманың адамға әсерін ұзақ жылдан бері зерттеп жүрген психология ғылымдарының доценті Н.Н. Даныш пен Анкара психопедагогикалық университетінің магистранты Н.А. Гунай «Теледидар жарнамасының балалар мен жасөспірімдерге әсері» атты еңбегін жариялады. Зерттеуде 5-6 жастағы балалардың 55 пайызы жарнамаға шүбәсіз сенетіні жазылған. Ал 16-17 жастағылар, керісінше, жарнама көрсетілсе болғаны, теледидарды сөндіріп тастағысы келетінін жасырмаған. Сөйте тұра, жасөспірімдер жарнамадан көрген жаңа дүниені сатып алуда алдына жан салмайтыны жасырын емес.