Бес әлеуметтік бастама-әлеуметтік бірліктің тұғыры

Бес әлеуметтік бастама-әлеуметтік бірліктің тұғыры

Бес әлеуметтік бастама-әлеуметтік  бірліктің тұғыры
ашық дереккөзі
Астана қаласындағы  Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалық етуімен  «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтті. Оның  жұмысына қатысушылардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени  бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар мен саяси партиялардың, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдері,  ғылыми және шығармашыл зиялы қауым  болды. «Бірлік – береке бастауы». «Бірлік бар жерде тірлік бар». «Бірлігі мықты ел мызғымас». Қазақ халқында бірлікке байланысты өмірдің өзінен ойып тұрып алынған осындай қанатты сөздердің айна-қатесіз дұрыстығына елімізде тұрып жатқан жүзден астам ұлттар мен ұлыстар куә. Ал осы ынтымақ-бірлікті, шынайы бауырластықты одан әрі нығайтуда Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше. Оған күні кеше Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен Ассамблеяның ХХVІ сессиясы кезінде тағы бір көз жетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы егемен елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға лайықты үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да солай бола бермек. Тіпті Ассамблеяның қызмет аясы кеңейе түсетін болады. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев баса айтты. – Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас бірліктің бастауы болып келеді. Бүгінгі еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Әрдайым елдегі істердің басында тұратын Ассамблея менің іргелі бастамаларымды әр уақытта қолдап, түсіндіріп жүреді. Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға тың міндеттер жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы да ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде құрылымның аясы кеңейіп, абыройы артты. 2007 жылы Ата Заңға өзгеріс енгізіліп, Ассамблеяға конституциялық мәртебе берілді. Сондай-ақ, тоғыз мүшесі Парламент Мәжілісіне депутат болу құқығына ие болды. Мемлекет басшысы жеткізген жағымды жаңалық – осы таяуда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жетілдіру жөніндегі заңға қол қойған. Енді бұл ұйымның жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт бар. Қазақстанды мекендеген жүздеген ұлттың әрқайсысының дәстүрі мен мәдениетін одан әрі дамыту бағытында жаңа кешенді жоспар жасалатын болады. Ассамблея Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің ұйытқысы, береке-бірліктің тірегі ғана емес, сонымен бірге ел экономикасының қарқынды дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына да белсенді атсалысып келеді. Былтыр Ассамблея 60 мың аз қамтылған отбасыға көмек беріп, 8 мың әлеуметтік ұйымға қолдау көрсеткен. Яғни қоғамның дамуына түрткі болатын игі істерді Ассамблея жүйелі жүзеге асырып келеді. Елбасы Қазақстандағы қоғамдық келісім көпке үлгі екенін айтты. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігіміз соның айқын дәлелі. Еліміз дамушы 74 мемлекеттің ішінде 15-орынға көтерілген. Мұның барлығы мызғымас бірліктің, дұрыс бағыт-бағдардың нәтижесі. Қазақстанда қоғамдық келісімнің көрінісі осындай. Ал береке-бірлігі кеткен елдерде керісінше. Жер шарында, баспананы былай қойғанда, ішер ас, киер киімге жете алмай, зар илеп жүрген адамдар қаншама? Аштықтың тауқыметін тартып, көз жұмып жатқандар да аз емес. Елбасы осыны да тілге тиек ете кетті. – Әлемде қазір жұмыссыздар 200 миллион адамға жуықтады. Бұл аздай жер бетіндегі халықтың 14 пайызы ашаршылықтың тауқыметін тартып отыр. Осының салдарынан күн сайын 24 мың адам көз жұмады. Ең сорақысы, әлемдік байлықтың тең жартысы жер шары халқының бір пайызының меншігінде. Мұның арты халықаралық экстремизм мен терроризмге әкеліп соғуы мүмкін. Оның үстіне бұл мәселелерді ақылдаса отырып шешетін алпауыт мемлекеттердің арасында өзара сенім жоқ, – деді Елбасы. Қазақстанның бүгінгі тату-тәтті тірлігі, мызғымас берік достығы – еліміздің даңғыл даму жолын таңдап, ұлтаралық байланысты бекемдей түсуінің айқын көрінісі. Онсыз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау мүмкін емес. Мемлекет басшысы бұл басқосуда айтқан сүйінші жаңалық – енді Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы еліміздің ең басты Достық үйіне айналады. Биыл – елордаға 20 жыл. Осындай мерейлі мерекеге орай Астана республиканың орталығы ғана емес, Қазақстан халқының достық айнасына да айналуы тиіс. Бұл істің ұйытқысы Достық үйі болуы керек. Елбасының бұл пікіріне сессияға қатысушылар ыстық ықыласпен қол шапалақтап, қолдау білдірді. Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі мен достығын нығайтуға үкіметтік емес ұйымдардың қосып отырған үлесі өте зор. Әсіресе жергілікті жердегі ұйымдардың белсенді жұмысы соңғы кездері айқын байқала бастады. Енді олар қазіргіден де қарқынды жұмыс істейтіні сөзсіз. Мемлекет басшысы сессия барысында үкіметтік емес ұйымдарға берілетін гранттардың аясы кеңейтіліп, қаржы көлемі ұлғаятынын жеткізіп, бір қуантып тастады. Елдің әлеуетін арттыруға арналған бес әлеуметтік бастаманы қазақстандықтар ерекше ықыласпен қабылдады. Оның толық жүзеге асуы арқылы тәуелсіз еліміздің әлеуеті өсіп, көп ұлтты халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсаратын болады. Сондықтан бұл игілікті істен Қазақстан халқы Ассамблеясы да шет қалмауы тиіс. Бірлесе отырып, жұмыла жұмыс істеуі ләзім. Ассамблеяның ХХVІ сессиясында ең басты әңгіме өзегі Президент ұсынған бес әлеуметтік бастама болуы да тегіннен-тегін емес. Бұл биліктің ғана емес, барша қазақстандықтардың белсенділігі арқылы жүзеге асатын ауқымды бағдарлама. Осы бағдарлама арқылы құрылыс орындарының табысқа қолы жетеді, ал жұмыссыздар жұмыс тауып, отбасының жағдайын жақсартуға мүмкіндігі болады. Ең бастысы – халық баспаналы болады. Бір-бірімен сабақтасқан, ел экономикасы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуге бағытталған бағдарлама. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы да осының бел ортасынан табылуы тиіс. «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп бүгінгі сессияның негізгі өзегі етіп алуымыздың да мәнісі осы», – деді Елбасы. – Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге ұлтты ұйыстыруға, әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған. Оның табысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді бір-біріне деген сенімін арттырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама бұрын болған емес. Осының бәрі тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жәледен сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары, ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы. Әйтпесе өздеріңіз біліп, көріп отырсыздар, дүниежүзінде көгінде туы, төрінде билігі болса да бірлігі қашып, бүгіні бұлдыр, болашағы бұлыңғыр болған қаншама мемлекет бар. Біз мызғымас бірлігімізді берік ұстанып, сеніммен қадам басып келеміз. Осы жолдан таймауымыз керек, осы бірлікпен жүретін болсақ, барлық қиындықтарды игереміз, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет істейміз, – деді Елбасы. Бұл ауқымды жұмысты жүзеге асыру қаржыға байланысты екені белгілі. Әлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны Қазақстанға да тиіп жатса да, қиындықтарға қарамастан ел қазынасынан бұл бағытқа қыруар қаржы бөлінбек. «Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін 2 триллион 600 миллиард теңгеден аса ақша бөлу жоспарланып отыр. Бұл үлкен қаражат. Ол біздің азаматтарымыздың болашағына арналған инвестициялар. Біздің халық мұны лайықты бағалайды деп сенемін. Және біз әрі қарай да осы саясатты ұстанатын боламыз», – деді Қазақстан Президенті. Осындай мемлекеттік қамқорлықтың нәтижесінде қазақстандықтар, сәтін салса, жақын уақытта қолжетімді баспанаға ие бола бастайды. «Тұрғын үйдің маңыздылығын жақсы білеміз. Сол себепті мен осыны бірінші орынға қойдым. Жаңа шартпен жұмысы бар әр адам баспаналы болатыны маңызды. Барлығын есептедік. Екі бөлмелі 50-60 шаршы метрлік пәтерді ипотека арқылы төлеу – отбасында екі адам жұмыс істейтін болса, қиын емес. Себебі 25 жылға берілгендіктен арзан болады. Бірінші төлем 20 пайыздан аспайды. Әсіресе жас отбасылар, жастар осы жобамен баспана алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сессияда сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыруға болатынын жеткізді. Ол үшін Астана, Алматы қалаларында ғана емес, облыс орталықтарында да мүмкіндік бар болып шықты. Көңілге тағы бір демеу – ауқымды құрылыс жүргізуде Қазақстанның тәжірибесі жеткілікті. Соңғы екі жылдың өзінде елімізде 21 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Салыстырмалы түрде қарасақ, бір жылдың ішінде дәл Астана секілді бір қала тұрғызылған. Мұндай құрылыс қарқыны тіпті кеңестік кезеңде де болмаған. – Біз бұл бағдарламаға сұраныс өте жоғары болады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта оның аясы кеңейе береді. Тұрғын үйдің шекті құны белгіленеді. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау мен Атырау секілді қалаларда тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 миллион теңгені құраса, басқа өңірлерде бұл шамамен 15 миллион теңге шегінде болады. Мұндай шектеулер баспана бағасының шарықтап кетуіне жол бермейді, – деді Ақышев. Сессияда сөз алған делегаттардың барлығы дерлік осы бағдарламаның ел ішінде ерекше қолдауға ие болғанын жеткізді. Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайының директоры Наталья Романова: «Соңғы 18 жылда Шымкент тұрғындарының саны екі есе өсті. Көптеген қала тұрғындарына баспана алу қол жетпес арман еді. Енді «7-20-25» бағдарламасы арқасында осы арманның орындалуына мүмкіндік берілді. Мен ана жəне педагог ретінде мемлекеттің ата- анаға үлкен қамқорлық жасап отырғанына ризашылығымды білдіремін» деп ағынан жарылды. Бұл жүрекжарды пікірді «Қазақша сөйлейік» клубының негізін қалаушы Оксана Драчёва да қостады. – Жатақхана салу, қосымша оқу грантын бөлу, тұрғын үй алу мәселесін жеңілдету дегеніміз – жастарға деген, оның ішінде ауыл жастарына деген әкелік қамқорлық. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы, 20 мың грант – ертең елімізді әрлендіретін 20 мың кәусар бұлақ. Бұл – 20 мың отбасының қуанышы. 20 мың баланың орындалған арманы. Мен бес әлеуметтік бастаманы бақытқа бастар 5 қадам деп айтар едім, – деді ол. Өткен жиырма алты жыл ішінде елімізде 1 миллион 100 мың отбасы қоныс тойын тойлаған. Енді олардың қатары арзан ипотекалық несие арқылы тағы да мыңдаған отбасымен толыққалы отыр. «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Алматының жоғары оқу орындарында 140 мыңға жуық студент, колледждерде 27 мыңнан аса жас тегін білім алып жатқанын айтты. Ал жатақханаға нақты қажеттілік – 23 мың орын. Бұл тапшылықты жою үшін былтыр шаһарда 2 мың орындық жатақхана салынса, 2020 жылға дейін тағы 20 жатақхана салу жоспарланған. Жоғары оқу орындары өз күштерімен қосымша 5 мың орындық жатақхана салуды міндетіне алған. – Жастар енді пəтер жағаламай алаңсыз білім алатын болады. Қаладағы баланың жағдайы жақсарған соң ауылдағы ата-анасы да алаңдамайды, – деді Қали Сəрсенбай. Сессияда бес әлеуметтік бастамадан бөлек, «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан жұмыстар да әңгіме өзегі болды. Әйтсе де оған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені бұл мақсаттағы межелі міндеттер аз емес. Соның бірі – «Рухани жаңғыруға» байланысты ғылыми-ағартушылық жоба әзірлеу. Бұл жұмысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жүзеге асыратын болды. Қазақстанның әлеуметтік әлеуеті жылдан-жылға нығайып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық та айрықша. – Егемен ел болғалы 12 мың шақырым автомобиль жолы салынды жəне қайта жөнделді, 2,5 мың шақырымнан астам жаңа теміржол желісі пайдалануға берілді. Соның бəрі экономиканы дамытуға, еліміздің барлық тұрғындарының əл-ауқатын арттыруға септігін тигізуде. Осы жылдар ішінде заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 1300-ден астам аурухана, емханалар мен амбулаториялар салынды. Соның нəтижесінде өмір сүру ұзақтығы артып, өлім-жітім азайды жəне ана мен балаға қолдау көрсетілді. 1545 жаңа мектеп пен 500-ден астам балабақша біздің балаларымыздың болашағы үшін салынды. 70 стадион, 36 спорт сарайы, 8 мыңнан астам спорт алаңдары мен залдары ашылды. Бұл дегеніміз – денсаулық кепілі. Музейлер саны 2,7 есе, театрлар саны 1,5 есе, кітапханалар саны 1,4 есе өсті. Осы айтылған барлық əлеуметтік, мəдени жəне спорт нысандары бүкіл халқымыз үшін салынып, жұмыс істеп жатыр. Əр қазақстандық еліміздің өркендеуіне үлес қосуда, – деді Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, бірлік пен достықты нығайту бағытындағы іргелі де ілкімді істер ынтымағы жарасқан тәуелсіз елімізде алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Ғалым Орынбасарұлы