Тұрмысы түзелмеген әлмеректіктер наразылық танытты
Тұрмысы түзелмеген әлмеректіктер наразылық танытты
Алматы қаласы Түрксіб ауданынының тұрғындары өркениеттен ада қалдық деп шағымдануда. Әлмеректіктер жергілікті билікке наразылықтарын «31-арна» эфирі арқылы жеткізді. Күні кешеге дейін Алматы облысының Талғар ауданына қараған Әлмерек ауылы 2014 жылдың наурыз айынан бастап қала аумағына қосылып,Түрксіб ауданының құрамына енген еді. Қалалық атанғаны болмаса, әлмеректіктердің тұрмысы шалғай ауылдардан төмен. Көлік қатынайтын жол жоқ, ауыз су мәселесі шешілмеген, ал электр қуаты да түйіні тарқатылмаған түйткіл боп тұр. Алматы халықаралық әуежайының дәл іргесіндегі Әлмерек ауылы Алматы облысының құрамында болған кезде де гүлдене қоймаған. Қала құрамына өткелі әлеуметтік мәселелер көбеймесе, азаймапты. Электр қуатын көршілес фермадан қымбат бағамен сатып алатын тұрғындар таяу күндері бұдан да айырылып қалмақ. Халықты әуре-сарсаңға салған су мен жолдың мәселесі де шешімін таппай тұр. «Ай сайын электр қуатына тұрғындар 250-300 мың теңге төлейді. Мен бірінші қаңтарға дейінгі есеп-қисапты қарасам, 1 миллион 660 мың теңге төлеппіз. Егер ол бізді қарамағына алмаса, біз "Алатау жарық компаниясына" не үшін ақша төлеуіміз керек?», – дейді Әлмерек ауылының тұрғыны Құралай Нұрбекова. Тұрғындардың бірі жедел жәрдемнің келмейтінін айтып шағымданса, тағы бірі оқушылардың мектепке қатынауына жол мәселесі бөгет болып тұрғанына наразы. Елді мекендегі тағы бір түйткіл – ауызсу. Әлмеректің дәл ортасынан ағып жатқан артезиан суы халыққа пайдадан гөрі зиянын көп тигізуде. Тұрғындардың өз күшімен төселген тас жолды да осы су бұзып жатқан көрінеді. Тіпті, құдыққа жақын үйлер де зардап шегуде. Жиылғандардың басты талабы – тұрғын үйлерді 200 метр тереңдіктен шығатын артезиан суына қосу. Наразы тұрғындарға асыға жеткен аудан билігі мәселені шешуге құзыретіміз жетпейді деп ақталыпты. Әлмеректің тұрғындары әлеуметтік мәселелердің шешілуін сұрап Түрксіб аудандық және Алматы қалалық әкімдігіне бірнеше мәрте хат жолдағанымен, ешқандай нәтиже шығар түрі жоқ. Келер дүйсенбіден бастап 100-ден астам тұрғын үйі бар елдімекен электр қуатынан ажыратылады екен. Әлмеректіктер кімнен көмек сұрарын білмей дал.