Жылтырақ шоколадтың кермек дәмі

Жылтырақ шоколадтың кермек дәмі

Жылтырақ шоколадтың кермек дәмі
ашық дереккөзі
Бұрындары Қазақстан нарығындағы кондитерлік өнімдердің жартысы – импорттық тәттілер болатын. Соңғы жылдары отандық тәттілер ішкі нарықты көбірек қамтамасыз етуде. Еліміздің кондитерлері өз өнімдерін шет мемлекеттерге экспорттауды да ұмыт қалдырып отырған жоқ. Соған қарағанда, кондитерлік өндірістің бүгінгі ахуалы тұрақтала бастаған сыңайлы. 2017 жылдың соңына қарай халықаралық Nielson зерттеу компаниясы кондитерлік өнімдерді тұтыну деңгейінің төмендегенін мәлімдеген болатын. Тәтті жеуді азайтқандардың қатарында қазақстандықтар да бар. Бұл сол кездегі кондитерлік өнімдер бағасының қымбаттауына байланысты туындаған жағдай. Естеріңізде болса, өткен жылы нарықтағы тәттілердің бағасы әдеттегіден 10 пайызға дейін қымбаттап, кәмпитсүйерлердің көңілін алаңдатқан. 2017 жылы Қазақстанда 88,1 мың тонна шоколад, кондитерлік өнімдер және қант шығарылғанымен, оны тұтынушылар саны күрт төмендеді. Отандық кондитерлік өнім өндірушілердің айтуынша, баға қымбаттағаннан кейін ішкі сұраныс бірден азайған. Тұтынушылардың көбі карамель сынды арзан конфеттер сатып алуға көшкен. Бірақ өндірушілер конфет экспорттау арқылы ойсыраған табыстың орнын толтырды. Қазақстан ТМД елдерімен қатар Қытай, Моңғолия жəне Германияға өз өнімін тасымалдайды. Айта кетейік, биылғы жылы Қытайға экспортталатын тәттілердің көлемі үш есе өсуі мүмкін. Дегенмен ішкі тұтыну нарығының 50 пайызы импорттан тұрса, оның 80 пайызы ресейлік компанияларға тиесілі. Оның үстіне, Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге бұдан былай сырттан қант сатып алуға тыйым салу керектігін талап еткен. Бұл да кондитерлік өндіріс нарығындағы ахуалды біраз шайқалтты десек, артық айтпаспыз. Отандық өндірушілер шетелден әкелетін қантқа жеңілдіктер тоқтайтын болса, теріскейдегі көршімізге тәуелді боламыз деп дабыл қаққан-ды. Оның үстіне, осындай қысылтаяң кезеңде ресейлік қант өндіруші зауыттар бағаны бірден 30 пайызға көтеріп жіберді. Еліміздегі кондитерлік фабрикалар өндірісте көбіне ресейлік қантты пайдаланады. Ал тәттілердің өзіндік құнының 40 пайызы қант бағасына тәуелді екенін ескерсек, нарықтағы қымбатшылықтың туындау себебі анықталған тәрізді. ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің 2016 жылғы деректеріне сүйенсек, елімізге сырттан әкелінген кондитерлік өнімдерінің көлемі 83,32 мың тоннаны құраған. Бір қуантарлығы, соңғы 5 жылда Қазақстан нарығына сырттан жеткізілетін кондитерлік өнімдер көлемі айтарлықтай төмендеді. Мәселен, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында отандық нарықтағы импорт көлемі 51,8 пайыздан 40,5 пайызға дейін төмендеді. Біздің елдегі тәттілердің 60,7 пайызын Ресей Федерациясының өнімдері құрайды. 2017 жылдың 7 айында Ресейден 28,88 мың тонна шоколад пен қанттан жасалған кондитерлік өнімдер жеткізілді. Олардың жалпы сомасы 74,66 млн долларға тең. Дәл осы мерзім ішінде Украинадан 22,82 млн долларды құрайтын 11,10 мың тонна кондитерлік өнімдер импортталған. Мамандардың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы келіспеушіліктер Киевтің кондитерлік өндірісіне айтарлықтай кедергісін келтірген. Айта кетейік, Ресей өз аумағына Украинадан қандай да бір өнім кіргізуге тыйым салған болатын. Сарапшылар бұл жағдайдың Украина тәттілерінің қымбаттауына ғана емес, сапасын жоғалтуына да ықпал еткенін айтады. Тәттілерді импорттаушы елдердің үштігін Түркия түйіндейді. Бұл елден Қазақстанға 2017 жылдың алғашқы 7 айында 2,87 мың тонна тәтті жеткізілді. Импортталған өнімдердің жалпы сомасы 5,34 млн долларды құрайды. Сондай-ақ, қазақстандық нарықтан Өзбекстан (3,1 пайыз), Германия (2,7 пайыз) және Қытай (1,2 пайыз) елдерінің тәтті-пәттілерін де кездестіруге болады. Импорттық кондитерлік өнімдердің ішіндегі ең арзан баға Тәжікстанға тиесілі. Бұл елден жеткізілген тәттілердің келісіне 0,3 доллар төленеді. Сонымен бірге, бұл тізімге Иран (келісіне 0,3 доллар), Эстония (келісіне 0,9 доллар), Қырғызстан (келісіне 1,3 доллар) елдері де кіреді. Қазақстан кондитерлік өнімдерді экспорттаудан да құралақан емес. 2017 жылдың алғашқы 7 айындағы статистикалық деректерге сенсек, Қазақстан сырт мемлекеттерге 23,20 мың тонна шоколад пен кондитерлік өнімдерді жөнелтті. 2016 жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда экспорт көлемі 35,1 пайызға ұлғайған. Экспорттың негізгі үлесі Ресейде. Ресейге жөнелтілген өнімдер жалпы экспорттың 72,5 пайызын құрап отыр. 2017 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Ресей Федерациясына 16,82 мың тонна қазақстандық өнімдер экспортталды. Көрші Ресейге жіберілген тәттілердің жалпы сомасы 28,86 млн долларды құрайды. Одан кейін Қырғызстанға 2,42 мың тонна өнім жөнелтілді. Өзбекстан мен Тәжікстан да қазақстандық тәттілерді тұтынатын мемлекеттер қатарында. Сонымен қатар, аз болса да, Қытай (2,8 пайыз), Әзірбайжан (2,7 пайыз), Моңғолия (1,3 пайыз) елдеріне де отандық өнімдерімізді экспорттап келеміз. Ал Германияға қостанайлық «Баян сұлу» фабрикасының өнімдері әр ай сайын жөнелтіледі. Экспортталатын өнімдердің бағасы әртүрлі. Бұл елдердің географиялық орналасуына байланысты, өйткені жол ұзарған сайын шығын да көбейе түсетіні заңдылық. Орта есеппен алғанда, қазақстандық кондитерлік өнімдер шет мемлекеттерге келісіне 1,77 доллардан сатылады. Айта кететін бір жайт, Қазақстан қымбат кәмпиттерді сатып алғанымен, өз өнімдерін арзан бағаға сатады. Импортталатын кондитерлік өнімдердің құны экспортталатын тәттілерге қараған 41 пайызға қымбат. Десек те, бұл қиындықтардың бәрі қазір артта қалған сияқты. Өйткені биыл еліміздегі кондитерлік өнімдерді өндірушілердің жұмысы табысты жүріп келеді. Қазіргі уақытта отандық нарықты 4 ірі компания кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Олар – «Рахат», «Баян сұлу», «Алматы өнімдері» және «Хамле» фабрикалары. Орта есеппен алғанда еліміздегі кондитерлік өнімдердің ішкі өндіріс көлемі 183 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 156 мың тонна өнім жоғарыда аталған 4 компанияға тиесілі. Көпке белгілі «Рахат» кондитерлік фабрикасы жылына орта есеппен 80 мың тонна тәтті өндіреді. Елімізде шығарылатын кондитерлік өнімнің төрттен бір бөлігі «Рахат» фабрикасына тиесілі. Қазақстан кондитерлер ассоциациясының деректеріне сүйенсек, «Рахат» фабрикасы отандық нарықтың 43,7 пайызын тәтті-дәмділермен қамтамасыз етіп отыр. 2017 жылдың соңындағы мәліметтерге қарағанда, «Рахат» АҚ акцияларының 92,4 пайызы корейлік Lotte Confectionery Co., LTD концерніне тиесілі. Ал Қостанайдағы «Баян сұлу» кондитер фабрикасының өнімдері отандық нарықта үлкен сұранысқа ие. Фабриканың ішкі өндірістегі үлесі 25,7 пайызды құрайды. 2016 жылы компания 31,67 млрд теңге табыс тапқан. Бүгінде «Баян сұлу» өнімінің 30 пайызы экспортқа шығарылады. Фабриканың тіл үйіретін конфеттері мен печенье­­сінің дәмін Ресейдің барлық шалғайы біледі десек, қателесе қоймаспыз. Одан бөлек Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түркіменстан, тіпті Германия елі де «Баян сұлудың» конфетін сұратады. Фабрика өнімі 400-ден аса аталыммен шығарылады. «Алматы өнімдері» фабрикасы бүгінде отандық нарықтың 8,7 пайызын қамтып отыр. 2002 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан компанияның 100-ден астам өнімдері қазақстандық тұтынушыларға ұсынылып келеді. Айта кетейік, Қазақстанда отандық кондитерлік компаниялар бәсекелес ортада жұмыс істейді. Оларға мемлекеттік қолдау толыққанды көрсетілмейді. Бұл туралы кондитерлер талай мәрте сұрағанымен, әзірге көңіл көншітерлік нәтижеге қол жетпеді. Сарапшы мамандар кондитерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, кондитерлік компаниялар Қазақстанның ішкі нарығындағы өз үлестерін арттырар еді деп отыр. Әйтпесе, қазіргі уақытта елімізге сырттан келетін тәттілердің үлесі отандық өнімдерден басым. Ал мамандардың сөзінше, қазақстандық тәттілердің сапасы импорттық өнімдерге қарағанда анағұрлым жоғары. Бірақ қазақ тәттілерінің даңқы төрткүл дүниеге кең таралған қазіргі күндер көп ұзамай сағынышқа айналатын сияқты. Өйткені... P.S: Қазір Ресейде шоколад пен шоколадты өнімдердің бағасы бірнеше есеге қымбаттауы мүмкін деп дабыл қағылуда. Өйткені көрші елдегі шоколад өндірісіне аса қажетті шикізат – какао бұршақтарының құны өсіп кеткен. Әлемде де күн санап қымбаттап бара жатқаны тәттіқұмарларды таңсық асынан түңілдіріп отыр. Жыл басынан бері какао бұршақтарының бағасы әлемдік нарықта 25 пайызға артты. Ал Қазақстанға шоколад өнімдерін импорттаушы елдердің көш басында тұрған Ресейде тәттілер бағасы қымбаттаса, мұның зардабын көп ұзамай-ақ қазақстандықтардың да тартатыны сөзсіз.