«Атакент»  Алматының сәні емес пе?!

Мың жылдық тарихы бар Алматы шаһарының ажарын ашып тұрған нысандар жетерлік. Қаладағы шағын саябақтар да тұрғындардың көз қуанышы. Қазір мегаполистегі кешендер мен саябақтар қала әкімі Бауыржан Байбектің тікелей бақылауында. Алып шаһардың дамуына, туристік әлеуетінің артуына,  тұрғындардың еркін жүріп-тұруына бар жағдай жасалып келеді.

Алматымен аты қатар аталатын нысандардың бірі – «Атакент» кешені. Бұл кешен осыған дейін жеке компанияның қарауында болатын. Енді «Атакент» аумағы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылмақ. Мұндай шешімді Алматы әкімі Бауыржан Байбек қабылдады. «Атакенттің» бүгінгі ахуалын өз көзімен көрген қала басшысы қарамағындағыларға аумаққа атүсті қараған компаниямен келісімшартты үзуді тапсырды. Өйткені іскерлік орталықтың дамуына жауапты компания кешен аумағындағы саябақтың сәнін кетіріп, келушілерге жағдай жасамаған. Мұндағы саябаққа кезінде қала тұрғындары жиі бас сұғатын. Осында серуен-сейіл құрып, саябақты демалыс орнына айналдырған еді. Бірақ бұл саябақтың бүгінгі күйі адам танымастай өзгерген. Қараусыз қалған саябақ ішіндегі тас жолдар опырылған, тіпті, шіріген бұтақтарды тазалату да басшылықтың ойына келмеген тәрізді. Тұрғындардың игілігі үшін жасалған саябаққа орналастырылған орындықтардың да әбден тозығы жеткен. Түтеленген жаңқасы тізе бүгіп отырған жанның бөксесіне кіреді.

Саябақ ішінде зейнеткерлерге арналған арнайы орын болатын. Онда бұрын қарттар кешкі уақытта жиналып, әңгіме-дүкен құратын. Шахмат ойнап отырған қарияларды көргенде көзің сүйсінетін. Ал қазір бұл орындардың көркі қашқан. Тұрғындар болса, саябақ ішінде балалар ойнайтын алаңның жоқтығын тілге тиек етеді. Мұндай бассыздықтардың бәрін қала әкімі Бауыржан Байбек өз көзімен көрді. «Кезінде «Атакент» айналасы жасыл желекке оранып, мұнда адамдар отбасымен серуендеуге келетін. Бұрын  каскадты субұрқақ бар еді, ал қазір оның бәрін асфальттап, көлік тұрағы мен  базарға айналдырған. Басқарушы компания осы аумақты дамыту жөнінде  қалалықтарға уәде  берген болатын. Алайда көріп отырғанымыздай,  соңғы жылдары ештеңе атқарылмаған», – деді қала әкімі Бауыржан Байбек. Қаланы аралап, «Атакенттің»  аянышты күйімен танысқан басшы тұрғындарды мазалаған мәселелердің шешімін табатындығын, кешен аумағы  қала меншігіне қайтарылып, олқылықтардың оңалатынын айтты. Өз сөзінде Бауыржан Байбек кешенге кіреберіс қақпа алдындағы автотұрақ түгелдей жойылып, көліктерге аркаға кіруге тыйым салынатындығын атап өтті. Сондай-ақ, кешеннің айналасындағы асфальтты азайтып, жасыл желекті көбейтпек. Әбден тозығы жеткен орындықтар мен қоқыс жәшіктері де жаңаратын болады.

Бұл қала басшысы Бауыржан Байбектің саябақтарды оңалтуға қатысты алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін әкім «Оңтүстік» саябағы мен Оқушылар сарайы алдындағы скверді қайта жасау жөніндегі жобаға түзетулер енгізуді тапсырған. Айта кетейік, «Оңтүстік» саябағы Жароков көшесінің шығысы мен Хожанов көшесінің солтүстігіне қарай 14,2 гектар аумақты алып жатыр. Алматы әкімі бұл саябақтың да тұрғындардың еркін демалуына ыңғайлы болуы қажеттігін айтты. «Мұнда халықтың барлық топтарына – сәби арбасын сүйреген аналарға, балаларға, тыныштықты қалайтын ересек жандарға демалу жайлы болуы тиіс. Бұл көңіл көтеретін емес, дұрыс демалатын орын,  сондықтан асфальтты алаңды қысқартып, бұрыннан бар төте және жіңішке  жолдарды қайта жасылдандырып, барынша қолайлы әрі көлеңкелі кеңістік жасаған жөн және үлкен сәулет пішіндегілердің орнына шағын локальді жарық көздерін орнату қажет. Су ішетін хауыздар, стационарлы  дәретханалар, ең бастысы иттерді серуендететін арнайы қоршалған алаң болуы міндетті», – деген болатын шаһар басшысы.

Алматы әкімінің айтуынша, қаладағы саябақтарды қайта жасаудың ең басты қағидасы – бұрыннан бар жасыл желекті сақтай отырып, жаңасын қалыптастыру. Медеу ауданындағы Оқушылар сарайы алдындағы скверді жаңғырту барысында жасыл желекке тиіспеуді тапсырғаны да сондықтан. Бұл ретте әкім скверді жаңғырту барысында суару жүйесін жаңарту, көше жарығы бағаналарын жөндеу және басқа да шараларды жүзеге асыруды міндеттеді. Әкімнің тапсырмасы бойынша, енді шаһардағы саябақтар аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар, шаһар басшысы Алматы көшелерін жаяу аралап, қаланың бүгінгі жағдайымен танысты. Абай, Абылай хан, Желтоқсан, Назарбаев даңғылдарын аралаған қала әкімі жұмыс істемей тұрған субұрқақтарды қалпына келтіру туралы тапсырма берді. Одан бөлек жүргінші аймағы мен жаяу жолдарды ұлғайтуды, жасыл желекті түзеуді, тарихи ғимараттардың сыртына бұрынғы келбетін қайтару қажеттігін ескертті. «Қаланың тарихи орталығын жаңарту –  таяу арада  атқарылатын үлкен жұмыстардың басы ғана. Қазір біз асфальт, түрлі құрылыс нысандарын, өзі әдемі болғанымен сыртына түсініксіз нәрселер жапсырылған ғимараттарды көріп жүрміз. Әр квартал, әрбір көше жөнделіп, ретке келтіріледі. Алматының бұрынғы тартымдылығын қайтаратын уақыт жетті», – деді  Бауыржан Байбек.

Алматы қаласына әкім болып келгелі Бауыржан Байбек талай жұмыс тындырды. Шаһар басшысы қаланың абаттандырылуына, тазалығына ерекше назар салып, тұрғындар үшін тынығатын орындардың көп болуын құптайды. Қала тұрғындары мен қонақтары еркін жүріп демалатын саябақтардың жағдайын бақылауға алып, қайта жаңғырту жұмыстарына көңіл бөліп отырғаны сол себептен. Бұған дейін шаһар басшысы қалада еркін кеңістік қалыптастыру үшін нысандардың аумағындағы темір қоршаулардың бәрін алдырып тастаған болатын. Ал биыл шаһарда 157 көше жөнделеді. Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі трамвай жолдары алынып, жол жиегін жөндеу барысында тротуарлар абаттандырылады. «Алматыны дамытудың 50 драйвері» жобасы аясында қаланың тарихи орталығын жаңарту жұмыстары одан әрі жалғаса бермек.

 

 

Back to top button