Қару бар жерде  қауіп бар

Қару бар жерде  қауіп бар

Қару бар жерде  қауіп бар
ашық дереккөзі
10 сәуірден бастап елімізде тұрғындардан қолданыстағы қару-жарақты сатып алу акциясы басталды. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған  республикалық шара барысында тәртіп сақшылары халықтың жеке оқ қарулары мен ұрыс құралдарын, жарылғыш заттарды сатып алады. Мемлекет қару-жарақты өз еркімен өткізген азаматтарға қарудың түріне байланысты 10 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ақшалай қаражат төлейді. Бұған қоса, полицияға қаруын ерікті түрде тапсырғандар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

«Ер қаруы – бес қару»  десек те...

Халықтан қару-жарақтарды сатып алу шарасы елімізде 2012 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Шараның тиімділігіне соңғы бес жылда атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың 55 пайызға азаюы дәлел бола алады. Өткен жылдың сәуір-желтоқсан айлары аралығында жүргізілген акция барысында Ішкі істер органдарына 2,1 мың адам жүгініп, өз еріктерімен 3 мыңға жуық атыс қаруын, 60 мыңнан астам оқ-дәрі мен 14 келі жарылғыш заттарды тапсырған. Акцияны пайдаланып, қолындағы заңсыз қаруды дер кезінде тәртіп сақшыларына өткізбеген азаматтарға заң қатал. Қылмыстық кодекстің «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» деп аталатын 287-бабында былай көрсетілген: «Суық қаруды алып жүру аңшылық кәсіпшілікке байланысты болған жағдайды қоспағанда, тиiстi рұқсаты жоқ жеке тұлғаларға, ұйымдарға қару-жарақты және оған оқ-дәрілерді сауда ұйымдары жұмыскерлерiнiң сатуы – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не алпыс тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады». Ал жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, тегiс ұңғылы шолақ атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемденген, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру дерегі бойынша айыпталған азаматтар екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл арқалайды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі. Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүрудің жазасы – бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру. Биылғы жылдың қаңтар айында Батыс Қазақстан облысында қаруды заңсыз сақтаған азаматқа 20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, қаруы тәркіленді. БҚО сотының баспасөз қызметі таратқан дерекке қарағанда, полиция қызметкерлері азамат Е-ден сараптама қорытындысына сәйкес ИЖ-43 маркалы 12 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығы мен 11 оқ-дәріні тапқан. Заңсыз қару ұстаушылармен күрес Қызыл­орда облысында да қарқынды жүргізіліп келеді. 2018 жылғы ақпан айының 19-22 күндері аралығында облыс көлемінде атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның алғашқы күнінде заңсыз айналымнан 4 дана аңшы қарулары тәркіленіп, қарудың сақтау тәртібін бұзғаны үшін 22 азамат, есепке қою тәртібін бұзғаны үшін 10 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы сәуір-желтоқсан айлары аралығында өткізілген акция барысында Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Ішкі істер органдарына ерікті түрде 380 қару-жарақ пен оқ-дәрі тапсырған болатын. Полицейлер қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтарға жалпы сомасы шамамен 18 миллион теңге көлемінде өтемақы төледі. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Алайда өңір қаруды заңсыз иемдену, сақтау деректері жөнінен де еліміздегі көшбасшылар қатарында. «Қару» жедел алдын алу іс-шаралары нәтижесінде облыстың полиция қызметкерлері 260 заңбұзушылықты анықтады, заңсыз айналымнан 223 қару-жарақ тәркіледі. Соның арқасында аймақта қылмыс саны 21,8 пайызға азайған. Ал ақтөбелік полицейлер жүргізген рейд барысында 99 адам азаматтық қаруды сақтау мен пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігінің қару сақтайтын орындарындағы күзет дабылдамасы жарамсыз болып шықты. Бұдан бөлек, азаматтық қаруды тіркеу (қайта тіркеу) тәртібін бұзғаны үшін 23 қару иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 50 дана атыс қаруы тәркіленіп, олар заңсыздықтар жойылғанша ішкі істер органында сақталатын болды.

        Байқаусызда атылған оқ

Ішкі істер органдарының азаматтардың қолындағы қару-жарақтан қауіптенуінің, ел тұрғындарын оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсыруға шақырып, оған көнбесе, заң жүзінде тәркілеуінің мақсаты – атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өйткені атыс қаруы бейбіт күнде талай адамның өмірін жалмауда. Қасақана қару кезенетіндер ғана емес, оқталған мылтықты абайсыз ұстағандар да кісі өліміне себепкер болуда. Әсіресе, байқаусызда атылған оқтың құрбаны болған балалардың қатары көбейіп барады. Мәселен, өткен жылдың қазан айында оралдық оқушы сыныптасын абайсызда майып қылды. 14 жастағы жасөспірім кеудесіне тиген оқтан қайтыс болды. Қайғылы оқиға Орал қаласындағы «Деркөл» ықшамауданында болған. 9-сынып оқушылары ата-аналарынан балық аулауға барамыз деп сұранып кетіп, тоғанға барады. Қызық көріп, үйінен мылтық алып шыққан жасөспірімдердің бірі сыныптасын байқаусызда атып жібереді. Оқ тиген оқушы оқиға орнында көз жұмған. Осы оқиғаның ізін ала, 2017 жылдың қарашасында Алматы облысында 6 жастағы бала 2 жастағы бауырын байқаусызда жаралады. Оқиға Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылында болған. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 жастағы ұл бала ойнап отырып аңшы мылтығымен кішкентай інісін атып жіберген. Оқ 2 жастағы баланың қолына тиген. Абырой болғанда, бүлдіршін аман. Балалардың отбасы Алматы қаласында тұрады. Мыңбаев ауылына балаларымен бірге қонаққа барған көрінеді. Ал оқыс оқиға болған үйдің иесі мылтықты ауылдың шетінен тауып алдым деп ақталған. Алайда ол жауапкершіліктен жалтара алмады. Қаруы тәркіленіп, өзі ҚР ҚК 114-бабы 3-тармағы, яғни денсаулыққа абайсызда зиян келтіру дерегі бойынша айыпталды. Жалпы, өткен жылы Алматы облысында 776 атыс қаруы тәркіленген. Оның 600-ге жуығын жергілікті тұрғындар Ішкі істер органдарына ерікті түрде тапсырды. Баланың қолына түскен қарудың қатер көзі екеніне өткен аптада Өскеменде болған оқиға да көзімізді жеткізді. 12 сәуір күні қаладағы полиция бөлімшесіне №11 мектеп-лицейінде оқыс оқиға орын алғаны туралы хабар түскен. Белгілі болғандай, жоғарғы сынып оқушысының бірі спорт залдың киінетін бөлмесінде бұрышты балоннан газ шашқан. Нәтижесінде 9 оқушы зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінді. Мектеп әкімшілігі бірінші ауысымның сабағын тоқтатып, қауіпсіздік үшін мектептегі оқушылардың барлығын ғимараттан шығаруға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, қаруды абайсыз қолдану салдарынан  балалар ғана емес, ересектер де зардап шегуде. 2015 жылы ШҚО-ның Риддер қаласында 64 жастағы жергілікті тұрғын көршісіне қаруды қалай ұстау керектігін түсіндіріп жатып, абайсызда оны атып жіберген еді. Зейнеткер тұратын жерінде байланыс жоқтығының салдарынан жедел жәрдем шақырта алмайды. Жасы келгендіктен алысқа жүре алмайтын қария тіпті көмекке өзгелерді шақыруға да шамасы жетпеген. 40 жастағы зардап шегуші көп қан жоғалтып, көмек жеткенше көз жұмды. Қарудың тілін үйретем деп кісі өлімін арқалаған қария 3 жылға сотталды. Осындай оқиғалардан кейін қабырғасына суық қару ілінген үйлерге үрейлене кіретініміз жасырын емес. Қауіпсіздік емес, қауіп көзіне айналған ұңғы кімді майып қылар екен деп күдікті ой көлбең ете қалады.