359
Жолаушылар автобусы жолға шықты
Жолаушылар автобусы жолға шықты
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің аясы күн өткен сайын кеңейіп келеді. Әсіресе, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің біздің елге жасаған сапарынан кейін қарым-қатынас тіптен жандана бастады. Оның бір дәлелі ретінде жаңа жылдан бастап Шымкенттен Ташкент бағытына автобус күн сайын қатынаса, өткен аптада Алматыдан Ташкентке қарай алғашқы жолаушылар автобусы жолға шықты.
«Сайран» автовокзалында жаңа рейстің тұсауы кесіліп, алғашқы жолаушылар легі Өзбекстан астанасына аттанып кетті. Бұған өзбек президенті Шавкат Мирзияевтің Қазақстанмен ықпалдасуға және стратегиялық серіктестіктің тамырын тереңдетуге деген талпынысы мен ниеті себеп болуда. Алдағы уақытта екі елдің тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған. Сондықтан да екі ел бір-біріне мейлінше ашық болуды көздеп отыр. Тараптар халықаралық жаңа бағытты іске қосу үшін екі айға жуық уақыт келіссөздер жүргізген. Жолдың ұзақтығын, транспорт мүмкіндіктерін есепке алып, нәтижесінде «Узавтотранс» пен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі екі жаққа да тиімді жағдайда жаңа рейсті іске қосып отыр. Енді Қазақстан тарапынан «ЮгТранс Лайн» ЖШС мен өзбекстандық ERKIN EMINAEXPRESS TOUR ЖШС тасымалдаушылары тізе қосып, жұмыс атқармақ. Олар автобустың техникалық бүтіндігіне, жүргізушілердің денсаулық жағдайына, автобустарды күзету мен тазалауға тікелей жауап береді.
Халықаралық Алматы-Ташкент тұрақты автобус рейсі күніне үш мәрте жүреді. Жолдың ұзақтығы – 818 шақырым. Межелі жерге жету үшін 16,5 сағат уақыт кетеді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолаушылар тасымалдайтын автобустар осыдан 17 жыл бұрын тоқтап қалған. Ал 5 қаңтардан бастап ашылған Шымкент-Ташкент халықаралық автобус бағыты бағдары күнде сағат сайын таңғы 6:00 мен кешкі 20:00 аралығында қатынап жүр. Сол бағыттың тұсаукесерінде екі елдің басқа да ірі қалалары арасында тұрақты автобус қатынасы іске қосылатыны туралы тілге тиек етілген еді. Алматы мен Ташкентті байланыстыратын жолаушылар автобусының жолға шығуы да сол сөздің іс жүзіндегі көрінісі болса керек.
Тасымалдаушы компанияның өкілі Хомиджан Насруллаевтың айтуынша, Өзбекстан астанасына бет алатын жолаушылар енді бұрынғыдай ұзынсонар тексеріс кезегіне де тап болмайтын көрінеді. «Автобус жолаушылары үшін шекарада көптеген жеңілдіктер қарастырылып отыр. Олар енді бұрынғыдай жүктерін арқалап, ұзақ уақыт кезекте тұрмайды. Жолаушылар өтетін арнайы бекеттер бар. Ал сөмкелері автобустан шығарылмайды. Осылайша, уақытты үнемдеп отырмыз. Жолақы да қымбат емес, 4 мың теңге. Өзбекстанның ақшасына шаққанда – 100 мың сум. Жолаушыларды қытайлық Yutong және бельгиялық Vanhol маркалы автобустар тасымалдайды деп жоспарланған. Қазақстанның «Жібек жолы» және Өзбекстанның «Ғыш көпрік» кедендік бекеттері жолаушыларды қабылдауға дайын. Бекеттен өту уақыты 30 минутты алады. Әр екі сағат сайын тоқтап, демаламыз. Жолаушылар шаршамайды», – дейді ол.
Айтпақшы, автобус қатынасының ашылуына Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы 2006 жылғы 20 наурызда қол қойылған «Халықаралық автомобиль байланысы туралы келісімге» өзгертулер мен толықтырулар негіз болған. Құжаттың жаңа хаттамасы екі ел парламентінің деңгейінде қайта ратификацияланған. Екі елдің үкіметі теміржол қатынасын да жолға қойды. Бүгінде Алматы-Ташкент арасында жүрдек пойыз жүйткіп жүр. Бұған дейін Алматыдан Ташкентке пойызбен әр аптаның дүйсенбі, сенбі, ал Ташкенттен сейсенбі, жексенбі күндері жолға шығуға болатын. 18 наурыздан бастап «Алматы-Ташкент» пойызының жиілігіне тағы бір күн қосылды. Дәл осындай пойыз Астанадан сейсенбі, Самарқаннан жексенбі күні жүреді. Бұл ретте уақыт үнемдегісі келетін жолаушыларға да жағдай жасалған. Олар үшін өткен жылдың 24 қарашасынан бастап Алматы-Ташкент бағыты бойынша бір күнде екі рет әуе рейсі қатынайтын болды. Бұл келісімге ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті мен Өзбекстанның авиация әкімшілігінің, сонымен қатар екі елдің әуе компанияларының арасындағы келіссөз нәтижесінде қол жеткізілді.