Ұлы даланың ұлы жырауы

Автор: Мырзеке, өткен ғасырлардағы, революцияға дейінгі қазақтың тұрмыс-тіршілігіндегі талай боздақты өмірден түңілдірген, талай арудың көз жасына, обалына қалған тозық салты – қыздарды қалың малға беру еді десем, қателеспеспін деп ойлаймын. Осындай салттың кесірінен арманына жете алмаған небір сұлу, ақылды, аяулы қыздарымыздың қалың малға қарғыс айтып, өмірлері құсалықпен, өксікпен өткені белгілі. Жамбылдың да жас шағында жүрегіне шоқ салған дала арулары болды ғой. Олар да, Жамбыл да тілегіне жете алмады. Енді осы төңіректе әңгіме қозғап көріңізші.

Мырзатай: Жиырма жастан асқан соң Жамбыл ауыл айналасынан ұзап шығып, ақындық өнерінің көкжиегін кеңейте береді. Жыр айтып, саятшылық та құрады. Ел ішіндегі Жаныс ақын, Омар ақын сияқтыларды айтыста жеңіп, жасындай жарқырап көзге түседі. Сол кезде шығарған «Жылқышы», «Пұшықтың ұрыға айтқаны» сияқты өлеңдері ұмытылмай, кейінге дейін жеткен.

Жамбылдың жастық дәуренінің бір сырлы оқиғасы оның Сара қызбен танысып, ән-жырымен табысуы еді. Ақын Сарамен Қарқара жайлауында кездеседі. Айлы түнде алтыбақан басында Сара қыз салт жолымен ауылдың алты ауызын айтады. Айлы түнде ай нұрына малынып тұрып Жетісудың байырғы әуенімен сызылтып, тамылжытып ән салған Сара Жамбылдың жас жүрегіне шоқ салып, неше алуан күйге түсіреді. Ән салған кезде шырайлы қыздың әдемі өңі де балбырап, оттай көзі де керемет бір нұрға малынып, танадай көздері жанып, өзіне еріксіз тартқандай болады. Ынтыққан Жамбыл көкірегінде жалын боп шарпыған арман барын, сол арманның асыл еркесін осы жайлаудан, осы жайлауда ай нұрына нұр қосып, айналасын да нұрға бөлеп, сырмен тербеген сұлу әннен тапқанын жырға қосады. Сара да алтыбақанда тербетіліп, адамның буынын алып, жүрегін жандыратын неше түрлі ән айтады. Жамбылдың тілегіне тұспалдап жауап қайырады. Бұдан кейін де Жамбыл мен Сара осындай сауық кештерде, жиын-тойларда бірнеше рет кездеседі. Сараның халық әнінің әуенімен «Угай-угай, ай-угай!» деп салатын әні Жәкең жүрегінің өз жырына, өмірлік сырына айналып кетсе керек.

Екі өнерпаз әнмен табысып, жүрекпен ұғысады. Өмірлік жар болуға уәде де байласады. Бірақ қыздың әкесі қарсы болып, екеуінің кездесуіне тыйым салады. Қызын атастырған жеріне ұзатады. Шыдай алмай, Жамбыл Сараның келін боп түскен жеріне де барады. Жөнін тауып кездеседі. Сара сонда көзінің жасын зарына қоса төгіп отырып, өмір бойы арманда, шерменде болып, мұңлықта өтетінін айтады. Мұны сезген күйеуі асыл қыздың қадіріне жетпейді, бейшараны жәбірлеп, ұрып-соғады. Ақырында осыншама қасірет пен қайғыны көтере алмай, ару Сара құсадан қайтыс болады. Осының бәрі есіне түскенде Жәкең:

– Шіркін! Сара десе, дегендей еді-ау! – деп қатты күрсініп, үнемі терең ойға шомып, ыңылдап Сараның «Угай-айына» салып отырады екен. «Угай-угай, әй-угай» жұрт айтып жүргендей, Жамбылдың әні емес, Сараның әні. Бәлкім, Сарадан да бұрын келе жатқан ән болуы мүмкін. Қайырмасы да әйел шығарған ән екенін байқатады.

Автор: Жамбылдың Сарадан кейінгі жүрегіне от жаққан, ғашық болып, қосылуға ұмтылса да армандарына жете алмаған тағы бір дала аруы – Бұрым сұлу ғой.

Мырзатай: Бұл кезде Жамбыл жиырма жеті жаста екен. Айқым еліндегі бір тойда ол Қыдырма қызы Бұрыммен танысады. Бұрым өлеңді әсем дауыспен сызылта айтатын аса көрікті сұлу қыз екен. Екеуі әуелі қайым айтыспен жөн сұраса келіп, бара-бара айтыстың ұзақ сүресіне түседі.

Жамбыл мен Бұрым бір-бірін қайткенде де жеңуді мақсат етпеген. Сан рет кездесіп, қаншама айтысса да, бірін-бірі жеңе алмағандай болады. Ел адамдары: «Жамбыл-ау, бұл қызбен ұзақ айтыстың. Не жеңбедің, не жеңілмедің ғой» дегенді айта бастайды. Мұндайда ақын: «Мен Бұрыммен айтысқанда, оны жеңейін деп айтысып жүрмін бе…», – дейді екен. Айтыстың аяғы жарастыққа, ғашықтыққа, сағынышқа ұласады. Көрмесе тұра алмайтын халге жетеді. Қыздың айттырған жері жаналқымға алып, ұзатылатын шағы да жақындай береді. Жамбыл қолының қысқалығынан еш амал жасай алмай қиналады. Біржола айырылатынын білген соң, ақын сүйген қызын алып қашуға бекінеді. Сөйтіп жүргенде ауылда жастардың бір сауық кеші болады. Жамбыл оған бармай, сыртта жасырынып, бақылап жүреді. Бұрым ауылдас құрбы-құрдастарының алдында көп өлең айтады. Халық әуеніне салып, өз жанынан шығарып та айтады. Өлеңдерінен өзінің басындағы жайы, көңіліндегі сыры байқалғандай болады. Сол кеште Бұрым ықтиярын Жамбылға тапсырып, туған ауылынан жасырынып қашып шығады.

Жамбыл оны жайлаудан күземге көшерде алып қашып, Сарыбайдың інісі Саржанның үйіне түсіреді. Айқым ауылы мен қыздың айттырып қойған қайын жұрты әбігерге түсіп, іздеу салады. Бұрымның Сарыбай ауылында екені анықталады. Арада адамдар жүреді. Жапаға сөз салады. Жапа үлкен баласы Тәйтіні Сарыбайға жібереді. Сарыбай Жамбылды шақырып алып, қызды қайтар дейді. Жамбыл көнбейді.

Бірақ қоршаған орта, әлеуметтік жағдай, ақыры, ару Бұрымды Жамбылдан айырып тынады. Қызды қайтармаған жағдайда, басы жаңадан ғана құралған елінің бытырап, тозып кетейін деп тұрғанын көрген Сарыбай Жамбылды күшпен көндіріп, Бұрымды әкесіне қайтарады. Осы оқиға жас ақынның ойын ойрандап, жанын жаралайды, жүрегін жылатып, күйзелтіп, дал қылып, сергелдеңге салады…

Жамбылдың жастық шағындағы ақындық өнері мен жеке басының шындық сырларын танытатын шығармаларының бірі – Айкүміспен айтысы.

Айтыста Жамбыл Айкүміске өзінің жүрек сырын, іңкәр көңілін астарлап жеткізеді. Жігіттің арманға, сұлу сезімге бөлеп айтқан сөзіне қыз да:

– Асылға арсыдағы қол жетпей ме,

Ақылмен қимылдасаң аспай-саспай, – деп Жамбылға жөн, жол сілтей сөйлейді әрі өзінің де ішкі, жүрек тереңінде жатқан асыл сырынан хабар бергендей болады. Айтыс үстінде Жамбыл бой жеткен қыз тағдырының ауырлығын, бағы ашылмаса, бір жаманға қор болып кете барарын айта келіп:

– Сол үшін жатсам, тұрсам арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға, – дегенде, Айкүміс, айтыс салтына орай, әріптесіне тиісе сөйлейді:

– Жамбыл-ау, күпсінесің неге сонша,

Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.

Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың

Тұтқасы дүниенің сенде болса?! – деп жауап береді.

Айкүмістің «қолдағы қаршығаң» деп отырғаны – Бұрым сұлу. Айкүміс ол сөздерді Жамбылды табалайын деп айтпаған, жүйрікке жеткізбейтін жоқтықты, жастардың еркін алған теңсіздікті айыптап айтқан. Осындай тебіреніс үстінде Жамбыл:

– Айкүміс, амалым жоқ, қош ендеше,

Кетелік сыр білдірмей жат пендеше.

Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,

Кеудемнен қашан менің от сөнгенше, –дейді. Жамбыл мен Айкүміс айтысқаннан гөрі сырласқанға көбірек ұқсайды. Сондықтан да айтыста драмадан гөрі лирикалық сыр басым.

Махаббат, жастық мұңы Жамбылдың жас жүрегіне жара салып, терең сыр ұялатады. Ақын осылайша мұңын сырға, сырын мұңға бөлеп, мұң мен сырын жырға, ән мен күйге айналдырып, жабырқап жүргенде әкесі құда түсіп, Орынбектің қызы Момынды алып береді. Момыннан Қожаш, Қожамберді, Қожақ атты үш ұл қалады. Момын дүниеден ерте қайтады. Жасы қырыққа таянғанда Жамбыл Тілеуқабыл қызы Қанымжанды сүйіп, өз еркімен айттырып алады. Жар қызығын, үй жылуын Жәкең осы Қанымжаннан молырақ сезінеді.

Қанымжанмен Жәкең өзінің ақындық жол-сапарының бірінде, сауық кеші үстінде танысады. Қыз күнінде Қанымжан да өз жанынан шығарып айтпағанмен, жап-жақсы ән салған, жүрекке жылы, мөлдір, таза дауысы болған. Халық әндерін, әсіресе, халықтың қара өлеңін Жетісу елінің байырғы әуеніне салып айтқанда, тыңдаушыларын ұйытып тастайды екен. Жамбылдың көңілі қызға әуелде оның осындай өнері арқылы ауып, бірте-бірте оның өзіне, жанының сұлулығына құштар болады. Күйеуге шығып, балалы-шағалы болған соң Қанымжан ән салуды қойып кеткен.

Қанымжаннан Алғадай, Шымбай, Ізтілеу, Тезекбай туады…

Автор: Жамбылдың есімін елге кеңінен танытып, атағын жайған сол уақыттағы арқалы ақын Құлмамбетті жеңгені ғой. Сол айтыс қай жылы, қай жерде өтті екен?

Мырзатай: 1940 жылы осы айтыс туралы Жамбыл: «Мен Құлмамбетпен айтысқанда отыз бес жаста едім» деген екен. Жамбыл Құлмамбетпен айтысуға өзі тіленіп келмеген. Ел жинап, ас беріп, ақындар айтысын тамашалап отырған Есқожа баласы Құттықсейіттің Құдайбергенінің үйінде Құлмамбет тоғыз ақынды қатарынан жеңген соң, Құдайберген Жамбылды шақыртады. Жамбыл атын естігеннен-ақ, табаны қызып, төгіліп отырған Құлмамбет өзін дәріптеп, Жамбылды қомсынып, жыр нөсерін төге түседі. Құлмамбеттің атақ-даңқын, өнерпаздығын қатты сыйлаған Жамбыл әдепкіде едәуір жүрексінеді. Бірақ Құлмамбеттің сөзі жанына батқан соң, Жәкең де томағасын сыпырған тау қыранындай дүр сілкініп шыға келеді. Домбырасын қолына алып, Құлмамбеттің алдына келеді де, оған қарама-қарсы отыра қалады. Екі ақынның айтысы осылай басталады.

Айтыста Жамбыл жеңіске жетеді. Бұл жөнінде Жәкең: «Құлмамбетті мен жеңгенім жоқ. Батыр атамыз Қарасай мен ақын ағамыз Сүйінбайдың атағы ғой жеңдірген. Әйтпесе Құлмамбет бүкіл Іле өңіріне атақ-даңқы шығып, аузымен құс ілген өрен жүйрік ақын еді ғой», – деп өзінен жасы үлкен ақынның жолын сыйлап, құрметпен айтады екен. Осы айтыстан кейін екі ақын бірін-бірі өле-өлгенше құрметтеп, ардақтап өткен. Бұл жөнінде Жамбыл музейінің архивінде ақынның көзін көргендердің талай әңгімесі сақталған.

Екі ақын айтысқан сол жылдың күзінде қатар түзеп, қырғыз еліне бірге барып қайтуының да негізінде осындай өзара сыйласқан, жарасқан достықтың белгісі бар еді. Бұл кездері Жамбыл отыз бес-отыз алты жаста да, Құлмамбет елу бес-елу алты шамасында болса керек.

Асылы, қазақ пен қырғыздың ежелден еншісі бөлінбеген ғой. Әсіресе, Жетісу өңіріндегі, қырғыз жеріндегі ақын, жыршылардың біразы қос тілде қатар жыр төккені екі халықты тіпті жақындастырып жіберген. Жамбыл қырғыз елінің бірқатар әнші-жыршыларымен танысып, олардан қырғыздың халық өлеңдері мен ән-күйлерін үйренеді. Қашанда туыстықты, достықты жырлаған, әділдікті жоқтаған Жамбылдай өрен жүйрікті бауырлас қырғыздар да жатсынбаған, қайта өзінің төл перзентіндей көрген. Жамбыл қырғыз еліне, ондағы көңілі жақын ақын, азамат жолдастары мен достарына ауық-ауық барып тұрған.

Автор: Жамбыл мен қырғыздың ұлы жыршысы Тоқтағұлдың достығы айрықша болған ғой?

Мырзатай: Жамбылдың қырғыз халқының күрескер жыршысы Тоқтағұлмен кездесуі жігіт шағында емес, беріде, 1910 жылдары болған. Жамбыл мен Тоқтағұл әуелде Жамбылдың ауылында дидарласады. Бұл Тоқтағұлдың Сібір тұтқынынан қашып келе жатқан шағы еді. Келесі жылы екеуі қырғыз елінде жүздеседі. Екі ақынның осы кездесуі жайында Үмбетәлі Кәрібаев кезінде былай әңгімелеген-ді.

– Ұмытпасам, 1912 жылдың жаз айы болатын. Қырғыз Алатауының «Үлкен кебін» дейтін кең жайлауында Ресей патшалығының полковник атағын алған қырғыздың манабы Шәбденге ас берілді. Кең сазға үш жүздей үй тігіліп, әр тараптан халық ағылып келіп жатты. Жетісудан да көптеген адамдар барды. Жамбыл, Кенен бәріміз сол тойға қатыстық. Маған жыр кезегі үшінші күні, ат бәйгесі болардың алдында ғана тиді. Оның алдында Жамбыл, Кенен және қырғыздың ірі ақындары жырлап өтті. Ақындар айтысы да аяқталды. Әр елдің өңкей дөкей бек, манаптары үлкен ақ үйде қымыз ішіп, ет алып отырған еді, қасымда отырған қырғыздың аға ақыны Қалмырза:

– Қане, Үмбет жыршы, жорғаңа салып, тамашаңды көрсет, – деді. Мен ақпалы термемді төге жөнелдім. Екі елдің достығын, ақындарын, батырларын мадақтадым. Бір кезде Тоқтағұлды атай беріп едім, төр жақта отырған бір қырғыз бегі болу керек:

– Тоқтат! – деп ақырып қалды. Манадан бері үй сыртындағы топ адамның ішінде жүрген Тоқтағұл үйге кіріп келді. Әлгі бек Тоқтағұлға қарап:

– Шық үйден, айыпкер қашқын! – деп зеки бастады. Осы кезде кең үйдің бір жағында Мұратәлі, Оразәлі, жыршы, күйшілер ортасында отырған Жамбыл: «Тоқтай тұрыңдар!» деп Тоқтағұлды қасына шақырып алды да:

– Келдің бе, ақиығым, алыс жерден,

Өтіпсің самғап ұшып асқар белден.

Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген,

Хан, төре айналмай ма сендей ерден.

Ер ғана елін табар іздеп жүріп,

Жүрсе де ғұмырында қорлық көріп,

Құландай-ақ бұғауын үзіп қашқан

Жетіпсің енді міне елге келіп… – деп айқара құшақтап, қасынан орын береді. Тоқтағұлға «үйден шық» деп жатқан сол елдің Бәйтік деген манабы екен. Ол өршелене түсіп:

– Ай, қазақтың жалғыз атты жыршысы, билік айтатындай бұл сенің ауылыңның тойы емес, біздің қасиетті жарты патшамыздың асы, қаңғыбас қашқынды жақтамай, жайыңа отыр! – демесі бар емес пе? Бәріміз осы арада дау шығып кетпесе екен деп еліре қалыппыз. Тоқтау айтып жатқандар да бар. Мұндайда даудан да, жаудан да беті қайтпайтын Жәкеңнің өрши түсетін әдеті бар ғой:

– Тұлпарды тұлпар таниды,

Ертеңнен шапса талмайтын.

Сұңқарды сұңқар таниды,

Қанаты талмай самғайтын.

Батырды батыр таниды,

Жауын жеңбей тынбайтын.

Ақынды ақын таниды,

Сөз қадірін аңдайтын… – деп екпіндете термелей жөнелгенде, жұрт сілтідей тына қалған. Осы сөз демеу болса керек, Тоқтағұл кеудесін көтере түсіп, үш ішекті ескі қомұзын безектете жөнеледі:

– Қазақта Жамбыл сен едің,

Шалқып жатқан көл едің.

Алатаудан арқырап,

Тасып жатқан сел едің.

Тоқтағұлың мен едім,

Қай қырғыздан кем едім?

Қарсы болып манаппен,

«Ит жеккенді» көргенмін.

Қорлығынан бектердің

Жүрсем де Сібір өлмедім.

Қыспағында жүрсем де

Өлең болды ермегім…

Осы жолдардан-ақ екі ақынның бір-бірін қадір тұтатыны, Тоқтағұлдың басынан кешкен азапты оқиғалары анық аңғарылады. Сонымен қатар бұл жерде Жамбыл мен Тоқтағұл бір-бірін мүдделес, мұраттас, тіпті, тағдырлас адамдар ретінде құрметтеп отырғаны әрі бір-бірінің ақындық өнері мен тағдырын ардақ тұтатындығы да анық аңғарылады. Өнері асқан майталман ақынның жеке басының қадірі мен ақындық өнерінің қасиеті ел басқарып, байлығын асырып жүрген бай-манаптардың ісінен де, кісілігінен де әлдеқайда жоғары тұрғанын екі ақын ішпен біліп қана қоймайды, қалың жұрттың алдында ашық, анық айтады. Мұның өзі екі ақынның сөз өнеріне, халық әдебиетіне деген шексіз сүйіспеншілігі мен құрметінің көрінісі еді.

Автор: Бұл кездесу, бұл көрісу, бұл табысу қатар жатқан қазақ пен қырғыз халықтарының шоқтығы биік, бірінің қадірін бірі білетін екі үлкен ақынының патшаның, бай-манаптардың үстемдігі жүріп тұрған сол бір сұрқай замандағы жүрек тебірентетіндей, әрі ақиық екі ақынның да жарқылдаған алмастай ақындық тұлғаларының биіктігін, ақындық өнерлерінің қуат-күшін жарқ еткізіп көрсеткен ғажап оқиға болған екен-ау!

Мырзатай: Жамбыл ас иелері өзіне тартқан сыйды үн-түнсіз алып кете бермей, Тоқтағұлға тағы да арнайы бұрылып, оның тізесіне қымбат бағалы шапан қояды, тортөбел жорғаны қоса береді. Жамбылдың өзіне деген құрметін, қамқор ниетін тереңнен танып, жүрегі елжіреген Тоқтағұл қатты толқиды. Екі ақын құшақтасып, екі ұлы жүрек бір ырғақ, бір лүпілмен тілдескендей, бір тебіреністі халге түседі. Шәбденнің асында Жамбыл мен Тоқтағұл арасында болған осы бір жүрек тебірентер достық құрметтің кейбір қырлары Қырғыз елінің Орталық мемлекеттік архивінде де сақталыпты. Архив материалдары мен Кенен Әзірбаев бізге айтқан әңгіме арасында елеулі өзгеріс жоқ, екі материалда да Тоқтағұл мен Жамбыл арасында болған достық ниет анық, айқын көрініс тапқан.

Жамбыл мен Тоқтағұл кейінірек қырғыз жерінде тағы кездеседі. Тоқмақ қаласына белгілі қырғыздың ірі байларының бірі Бұланның үйінде екі ақын кезек-кезек жыр толғап, тыңдаушыларын риза етеді. Жамбыл «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек» дастандарын жырлайды. Тоқтағұл «Ой-бұлбұл», «Шоң кербез», «Кедейхан», «Бес қабан», «Қазақ жерінде» секілді шығармаларын жырлайды. Сауық тарарда Бұлан Тоқтағұлдың қолына 500 сом салып, Жамбылдың иығына сеңсең тон жабады. Тоқтағұл өзінің қолына берілген 500 сомды түгелдей Жамбылға ұсынады. Ілгеріректе, Сібірден арып-азып келгенде, өзін елдің жуандарынан қорғап, ақындық өнеріне берілген тортөбел жорға мен қымбат бағалы шапанды иығына жапқанын еске алып, мына 500 сом сыйлықты Жамбылдың қалайда қабыл алуын өтінеді. Жамбыл Тоқтағұлдың ықыласына риза болып, оның елжіреген дос көңілін қимағандықтан, 500 сомның 100 сомын қабыл алады да, қалғанын Тоқтағұлдың өзіне қайтарады. Бұлай еткенде, Жамбыл Сібірден оралғанына көп бола қоймаған Тоқтағұлдың әл жинап, аз да болса тұрмысын түзеп алуын мақұл көрген.

Жамбыл қырғыз халқының атақты манасшы дастаншы, даңғыл жомоқшылары мен жыршыларымен Тоқтағұлдан басқа да бірталай замандастарымен қатар жүреді. Олардың ішінде Жамбылдың өзімен тұрғылас Қалмырза, Шөйке, Сағымбай, Қара Ыршы сияқты нелер ірі ақпа-төкпе ақындар бар еді. Жәкең халық өнері дәстүрінен үлгі-өнеге алғанда Мұхтар Әуезов айтқанындай, «қазақ, қырғыздың қатар қазынасынан бірдей үйреніп өскен; жапсарлас екі туысқан ел арасында өскендіктен, екі енеге тел төлдей, екі бірдей халық – анаға тел» болып кетеді. Ілгеріде көрсетілгендей, Тоқтағұлды бір емес, бірнеше жерде демеп, көмек көрсетіп, қолдап жүргенде, Жамбыл мұны осындай туыстық, бауырлық жолдың да, ақындық жолдың да жөні, реті деп білген. Бұдан ақынның биік тұлғасы кішіреймейді, қайта оның адамдық-азаматтық, ақындық өмірінің мәні мен маңызы, үлгісі мен өрнегі арта түседі…

Автор: 1916 жылы қазақтарды майдандағы қара жұмысқа алу жөнінде патша жарлығы жарияланғанда халық оған наразы болып, жер-жерде көтеріліске шықты ғой. Сол кезде Жамбылдың көтерілісшілер жағында болғанын білеміз. Осы туралы да айта кетсеңіз.

Мырзатай: Бұл кезде жасы жетпіске жеткен кәрі тарлан қартайдым деп от басында отырып қалмаған. Ол патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрген. Өзінің отты үндеу жырларын толғаған…

Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі үнемі күреспен, тартыспен өткен. Бай-манаптар мен болыстарға, жандарал, шенеуніктерге қарсы сөйлеп, олардың елді тонап, зорлық-зомбылық көрсетуін әшкерелеумен болған. Шыншыл да батыл, уытты жырлары сол тұста мол айтылған.

Автор: Жамбылдың бір ғасырлық ұзақ өмірінің соңғы жылдарындағы өлеңдері ғана болмаса, одан бұрынғы айтқан жырларының, термелерінің, толғауларының, дастан, эпостарының бәрі кезінде жазылып алынбай, құмға сіңген судай болып, уақыт құрдымында ізсіз-түзсіз жоғалғаны қандай өкінішті! Егер оның өмір бойы айтқан өлеңдері, жырлары, дастандары түгел қағазға түссе ғой, қанша томдық қазына болар еді деп еріксіз ойланасың.

Мырзатай: Оны қазір болжап білу де, шамалап айту да мүмкін емес.

Автор: Жамбылдың өлеңдері қай кезден бастап әдебиет зерттеушілерінің назарына ілікті екен?

Мырзатай: Отызыншы жылдардың бас кезінде Сәкен Сейфуллин Жамбылмен кездесіп, бір топ өлең, толғау, айтыстарын жазып алып, 1932 жылғы құрастырған оқулығына Жамбылдың Құлмамбетпен айтысын, «Жабай батыр» дастанынан үзінді енгізеді. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», – деп жазады. Жамбыл шығармаларының баспасөз бетінде алғаш жариялана бастағаны да сол кез деп айтуға болатын сияқты.

1936 жылы сәуірде халық өнерпаздарының республикалық екінші слеті ашылды. Бұл жиынның басты мақсаты Мәскеу онкүндігіне баратын өнерпаз талант иелерін анықтап, іріктеу еді. Осы слетте Жамбыл бұрынғыдан да жарқылдап көзге түсті. Ол көпшілік алдында өзінің әйгілі «Туған елім» атты толғауын жырлап шықты. «Тоқсанға келген жасым бар. Көпті көрген басым бар» деп басталатын осы толғау баспасөз беттерінде жарияланып, оның Мәскеуге баруына жол ашты.

Сөйтіп, Жәкең декадаға баратын болады. Мәскеуге бас ақынымыз Жамбыл барады деген әңгіме ел ішіне тез тарайды. Қазақ арыз жазбай жүре ме? Бір күні «Өмірде Жамбыл дейтін ақын жоқ. Қиялдан шығарылған адам. Сенбесеңіздер, келіп тексеріңіздер» деген домалақ арыз Мәскеуге жетеді. Ол кез арыздың қол-аяғын жерге тигізбейтін заман. Мәскеуден тексеруге Леонид Сергеевич Соболев келеді. Оны әуежайда бұрыннан таныс, дос-жаран, көңілдері жақын Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаев қарсы алады. Соболев кейін, 1940 жылы Мұхаңмен бірге «Абай» трагедиясын, қырқыншы жылдардың аяғында «Абай жолы» романын орыс тіліне аударды. Ол келген бойда:

– Қазақта Жамбыл деген ақын бар ма? – деп сұрайды.

– Иә, бар. Ол қазақтың үлкен, ұлы ақыны, бүгінде жасы тоқсанда, Алматыға жақын жерде тұрады, – дейді Мұхаң.

– Өте асығыспын. Барамын да қайтамын. Сол кісінің бар екенін, тірі екенін көрсем болды, – дейді Соболев.

Сөйтіп үшеуі Ұзынағашқа келеді, «өте асығыспын» деген Соболев Жамбылдың үйінде үш күн жатады. Үш күн бойы үздіксіз, күні-түні жалықпай Жамбылдан әңгіме-жыр тыңдайды. Мұхтар Әуезов аударып отырады. Ақынның ұлы сүре даңғылдығына, шек-шеті жоқ дария жыраулығына, теңдесі жоқ хикаяшылдығына Соболев қайран қалып:

– Бізге импровизациялық өнер өткеннің романтикасы тәрізді ғой. Менің жеке басым «Сирано де Бержеракты» сахнадан он рет көруге әзірмін… Бірақ қазір де сондайлар бар деушілерге, өмір бойы өлеңмен, өлең болғанда қандай, классикалық өлеңмен сөйлейтін адам болады дегенге сенбеген болар едім. Ал, Жамбыл «Манасты» он жеті күн, «Көрұғлыны» он бес күн айта алады, барлық қазақ эпосын, өзіне дейінгі ақындар айтысын жатқа біледі, бір басында миллионнан астам ұйқас бар дегенге енді сенбеске шарам жоқ. Жамбыл түсінде де өлеңдер шығаратын болу керек, бұл ғажап екен! Мен үш күнде Жамбыл университетінен өттім, Жамбыл «Тайниктерін» аштым, Жамбыл өнері – импровизация өнері, өзі сол өнердің, поэзияның данасы екен, мұны көрген кісіде арман жоқ, – деп Жамбылды құшақтап, сақалынан сүйіп аттаныпты. Жамбылдың ұлылығын мойындау дегеніміздің өзі, міне, осы.

Сол жолы Жамбыл тәтеміз Соболевтің аузынан суын ағызып, аузын аштырып, көзін жұмдырып, темекі, жалқау туралы, өзге де біраз әңгіме-ертегілер айтып беріпті. Тапжылмай, ұйып тыңдаған Соболев:

– Ойпырым-ай, мына кісі не деген ғажап, әңгімешіл адам! Осындай да адам болады екен ғой. Егер Лев Толстой тірі болып, жалқау туралы, темекі туралы әңгіме жазса, дәл осыдан артық жазбас еді, – деген екен.

Сол жылдың мамыр айында Жамбыл Мәскеуде өтетін онкүндікке Қазақстан ақын-жазушылары, өнер қайраткерлерімен бірге аттанады. Көңілі тасып, жасарғандай болады.

Астана жұртшылығының қазақ жазушылары мен өнер қайраткерлерін, әсіресе, Жамбылды қалай қарсы алғаны жөнінде сол сапарда Жәкеңнің қасында болған ақын Әбділда Тәжібаев «Есімдегілер» атты кітабында былай деп жазады: «Қазақ әдебиеті мен қазақ көркем өнерінің өкілдерін Мәскеу 1936 жылы 7 май күні ертеңгі уақытта музыкалатып, өте зор қошаметпен қарсы алды. Қарсы алушылардың қолдарында гүлмен қатар Жамбылдың «Туған елім» деген дастаны мен суреті басылған «Правда» газетінің жаңа нөмірі бар еді. «Правда» газетінен ақынның орыс тілінде алғашқы шыққан өлеңін оқып танысқан халық вагоннан шығып келе жатқан Жамбылды көріп, оны көтеріп әкетті. Жамбылдың аты жиналған топтың аузынан түспеді. Өзін көріп шаттанған халықтың құшағынан босағаннан кейін, Жәкең машинаға барып мінді. Қазақстаннан келген қонақтарды қарсы алған машиналар мен автобустар шұбатылған үлкен керуен болып тізіліп астананың ортасына қарай жөнелді. Осы бір сәтте машиналар жүріп келе жатқан сияқты емес, сан миллион халқы бар Мәскеу үлкен қуанышпен Жамбылдың алдында жүгіріп келе жатқан сияқты еді. Барлық халықтың екі көзі Жамбылда, бәрінің қолдары Жамбылды құттықтап созылған еді.

– Бұлар мені қайдан біледі? – деп сұрады Жәкең күлімсіреп. Қасындағы адамдар оған өзінің өлеңі мен суреті басылған «Правда» газетін көрсетті».

Ол Мәскеуді аралап, тамашалады. Әдебиет, өнер қайраткерлерімен кездесіп, әңгімелесті. Үкімет басшыларының қабылдауында, Ленин мавзолейінде болды. Сол күні ол «Ленин мавзолейінде» деген ұзақ жырын толғап шықты.

Онкүндіктен Жамбыл көңілді оралды. Үлкен сый-құрметке бөленді. Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Осы құрмет оның көңілін шаттандырып, ақындық шабытына шабыт қосты. Астанада болған күндері ол «Халықтың жарық сәулесі», «Дастарқан жыры», «Орден алғанда», Мәскеу туралы жыр», тағы сондай көптеген өлең, толғауларын шығарды, халықтар достығын жырлады.

Автор: Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбылдың үні, жыры бүкіл Кеңестер Одағына тегіс естіліп, адамдарға күш, қуат, сенім, жігер беріп, жауды жеңуге үлес болып қосылды ғой.

Мырзатай: Ақынның соғыс жылдары Отан қорғау тақырыбына арнап шығарған жырларының жалпы көлемі 3000 жолдан асады.

Жамбылдың өмірі де, өнегесі де ғажайып қызық қой. Тоқсан бестен асқанда, Жамбыл кәрілікпен де алысып жатты, өмір мен өлім белдескен қан майданға қырандай отты жырларды дамылсыз ұшырып та жатты. Жамбылдың ғасыр бойы адамдықтан, адалдықтан таймай соққан абзал жүрегінен туған өлең-жыр майдандағы кеңес жауынгерлерін жеңіске, ерлікке жігерлендірді. Қарт ақынның әкелік, аталық махаббатына толы жырларын әр жауынгер өз ата-анасының сөзіндей, Отан үніндей қабылдады. Майдангер ақын-жазушылар Жамбыл жырларының мұндай құдырет-күшін тебірене отырып еске алады. Мысалы, жауынгер жазушы Всеволод Вишневский «Правда» газетінің 1944 жылғы 4 желтоқсанындағы санында: «Кеңес жауынгерлері Жамбыл жырын тұтастай қазақ халқының үніндей қабылдады. Қазақ халқы бізге туысқандық сәлемін, махаббаты мен достығын білдірді, біз күшімізге күш қосып, буырқанып жаумен шайқасқа шықтық», – деп жазады.

Ал ақын Всеволод Рождественский: «Ленинградты неміс-фашистерінен қаһармандықпен қорғап жатқан ауыр күндерде қаланың барлық тұрғындарымен бірге Нева проспектісі, Фонтанка көшелерінде плакат болып ілінген Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» жырын талай оқыдым. Жауды жеңіп шығуға халықты жігерлендіріп отырған бұл жырды фашистердің адам айтқысыз азабын көргендердің ешқайсысы да ұмыта алмайды. Жамбылға мәңгі ризамын, оның даңқы арта берсін!» деп тебіренді.

Автор: Жамбыл жырларының құдыреті, асылдығы неде деуге болар еді?

Мырзатай: Оларды ақынның туа біткен, өмірде сирек кездесетін аса зор ақындық талантынан, өлең-жырларының адамды бірден баурап алатын көркемдік қуатынан іздеу жөн. Жамбылдың әр сөзінің, әр теңеуінің өзі жай ақынның жайшылықта сан ойланып, толғанса да таба алмайтын асыл образ, қымбат сөздер екені мәлім. Біз ақынның осындай ақындық өнерін, сыр-сымбатын әлі күнге жете таныта алмай келеміз. Жамбылдың ұлылығы, даңғылдығы, алыптығы жайында көп жазылды, бірақ сол ұлылықтың себептері әлі толық ашылып болған жоқ, дәлірек айтқанда, жырдан туған дананың жаңа заман тақырыбын тез игергендігі, оның жырларының идеялық қуаты ашылғанмен, ақын мұрасы шеберлік тұрғысынан әлі күнге дейін жан-жақты, нақты, толық зерттеле қойған жоқ.

Айтыс үстіндегі Жамбылдың шеберлігі туралы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Айтысқа түскен Жамбыл мысқыл-әжуаның төбеден түскен жайдай, жайтапқыш оғын атады; гротеск, шарж, мысқылдың неше атасын табады; қадалған жерінен қан емес, жан алады; мазағына ілінгенді қатты соққан құйындай, үзігін үйіріп, желпілдете, түндігін ұшыра соқтығып ыршытып түсіреді, оқтай өтімді күлкі табады. Бұл ретте әр теңеуінің өзі жәй ақынның жайшылықта күн толғанса таппайтын, аузына түспейтін көп асыл теңеулер болады».

Автор: Мырзеке, мәселенің мәнісіне бармай, Жамбыл десе «ой, ол әлгі өткен заманның Ленинді, Сталинді, кеңес өкіметін жырлаған, сауаты жоқ ескі ақыны ғой» деп мұрын шүйіріп, өздерін сауаттымыз, білімдіміз деп білгішсінетін кей адамдар бүгін де ара-тұра кездеседі ғой. Сіз ондайларға не дер едіңіз?

Мырзатай: Мен бұл туралы кезінде айтқанмын, жазғанмын. Мына бір жайт ойыма оралып отыр. Мұхтар Әуезов университетте оқып жүргенімізде бізге үш жыл қатарынан лекция оқыды. Ол кісіден «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Манас», «Абайтану», «Халықтар әдебиеті» курстарын тыңдадық. 1957 жылы Индияға барып қайтқан сапарын бізге жырдай етіп айтып берді. Соңында былай деп еді:

– Менің аты-жөнімді, «Абай жолы» романымды үнділер жақсы біледі екен, бірақ ұлтымды білмейді екен. Ұлтымның қазақ екенін білдіремін деп келтірмеген мысалым қалмады. Бір кезде аузыма Жамбыл түсті. Жамбылдың есімін атадым. Сол кезде залда отырғандар ду қол шапалақтап, дүрлігіп орындарынан тұрып кетті. Үндінің бір ақыны мінбеге шығып, Жамбылдың «Жаңа заң» дейтін өлеңін өз тілінде жатқа айтты. Жұрт қошамет көрсетіп, ұзақ шапалақтап тұрып алды. Міне, мен сол Жамбылдың ұлтынанмын дедім. Жамбылдың даңқы әлемге жайылғаны былай тұрсын, ұлы ақынның есімі қазақ ұлтының паспортына айналған екен, – деген еді асыл ағамыз…

Дәйексөз: «Өз сөзімен айтқанда, Жамбыл: өлеңді өрнектеп төккен, жырдан ұрық сепкен, өлеңді қойдай тоғытқан сөздің кестесі, әннің дестесі; сөзді мініп желген, ақындықтың апшысын қуырған, жырдың өрісін ұзартқан кәрі тарлан, шашасына шаң жұқпаған, желігі басылмаған албырт, құйындай көкке шапқан асыл пырақ; жауға қарсы жырдан оқ жонған, сөзі – жалын, домбырасы – берен, жыры – оқ, дұшпанның тынысын тарылтқан жырдың ақ семсері; асыл жырдың асқар тауын соққан, өлеңнің тау мен тасын құлатқан асау өзен, ағып жатқан сел, жырдың дауылы, өлеңнің қара бораны, елге жыры ем болған кәрі бармақ – сөзден туған дана; әнмен ғана мауқын басатын ақ басты Алатаудың Жамбылы, өлеңнің ұлы сүре даңғылы; көмейінен жыр қоздаған дария, терең теңіздің тұнбасы, биік бәйтерек, төкпе өлеңнің таусылмайтын бұлағы, жырдың асыл кені, тіккен туы.

Жамбыл өз заманының тұтас келбетін жасады, ақындықтың сарқылмас қазынасына, жырдың алтын діңгегіне, тозбайтын асылына, өшпейтін өнегесіне, ұлы мектебіне айналды. Нені жырламасын, нені толғамасын, шыншылдықпен, ұлылықпен жырлады, сөйтіп, өзі өмір сүрген дәуірдің тұтас бейнесін, келбетін жасады. Ақынның ұлылығы да, міне, осында.

Жамбыл – тарихта мың жылдарда бір-ақ кездесетін, қайталана бермейтін, оқыған сайын ашыла түсетін, мейіріңді қандыра беретін, құдыретіне таң қалдыратын, кейде нанар-нанбасыңды да білмейтін жұмбақ жан».

 

М.Жолдасбеков,

«Асылдарым» кітабынан

Back to top button