Биыл қосымша 80 елді мекен ауызсумен қамтылады

Биыл қосымша 80 елді мекен ауызсумен қамтылады

Биыл қосымша 80 елді мекен ауызсумен қамтылады
ашық дереккөзі
Биыл қосымша 80 елді мекен ауызсумен қамтылады. Нәтижесінде республикалық бюджетке түзетулер енгізу аясында халықты ауызсумен қамту шараларына қосымша 31 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қосымша қаржының 7,5 миллиарды су желілерінің құрылысына жұмсалады. Ауылды жерлерде 156 жоба қолға алынады. Оның жалпы құны - 23 млрд теңге. «Осының арқасында қосымша 80 ауыл мен елді мекенді, яғни шамамен 140 мың адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Оны іске асыра алсақ, халықтың орталықтандырылған су жүйесіне қосылу көрсеткіші 60 процентке жетеді. Жалпы, қосымша қаржыны санағанда 2018 жылда ауызсумен қамту шараларына барлығы 100 млрд теңге жұмсалады. Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасы», - деді Б.Сұлтанов бүгін Сенатта 2018 жылдың бюджетіне өзгерістерді таныстыру кезінде. Министрдің айтуынша, 100 миллиард теңгенің 17 миллиарды жергілікті бюджеттерден бөлінеді деген жоспар бар. «Негізі, шикізат нарығында оң өзгерістер байқалып отыр. Мұнай өндіру көлемі де артты. Соның арқасында бюджет кірістері ұлғайып отыр. Бұның барлығы шығыстарды 425 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ол ақшаны үш бағытқа жіберу қарастырылған. 293 млрд теңгені Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыруға, 25,1 млрд теңгені Президенттің бес әлеуметтік бастамасына, ал 98,9 млрд теңгені бұған дейінгі міндеттемелерді орындауға жұмсалмақшы», - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов.