Пулитцер сыйлығының иегерлері марапатталды

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында журналистикадағы, әдебиеттегі, музыка мен театрдағы жетістіктер үшін берілетін Пулитцер сыйлығының иегерлері марапатталды.

Биыл The New York Times газеті мен The New Yorker марапатталды. Бұл басылымдардың мақалалары «Тергеу» аталымы бойынша үздік атанды, дәлірек айтқанда, олар атышулы Голливуд продюсері Харви Вайнштейннің ісімен айналысқан.

«Ұлттық репортаж» аталымында The Washington Post және The New York Times газеттерінің тілшілері үздік атанды. Олар Дональд Трамптың айналасындағылардың Ресей Федерациясы билігімен байланысы бар деген жанжал төңірегінде, сонымен қатар Ресейдің Құрама Штаттар сайлауына араласуы туралы мақала жариялаған.

Reuters журналистері де сыйлықтан құр алақан қалмады. Агенттіктің тілшілері Мьянмадағы рохинджалықтардың дағдарысы туралы жазғаны үшін марапатталды.

Айта кеткен жөн, Пулитцер сыйлығы – журналистика мен әдебиет саласындағы беделді сыйлықтардың бірі. Ол 21 аталым бойынша беріледі.

Back to top button