БҚО тұрғыны әлеуметтік желідегі жазбасы үшін сотталды
БҚО тұрғыны әлеуметтік желідегі жазбасы үшін сотталды
Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы жуырда ғаламтор көздеріне мониторинг жүргізген. Нәтижесінде «Мұхтар» есімімен тіркелген тұлғаның әлеуметтік желіде өзге ұлтқа қатысты қитұрқы пікір білдіргені белгілі болды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, іс ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментіне жолданған.
«Мұхтардың» жазбаларын сараптау нәтижесінде ұлтаралық араздық пен алауыздықты қоздыру, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілері бар екені анықталды. Айыпталушының өзі де сараптама нәтижесін жоққа шығармаған. Тергеу барысында әлеуметтік желі қолданушысы өз кінәсін толық мойындады. Сот ҚР ҚК 174-бабы 1-бөліміне сәйкес кінәлі тұлғаның үш жылға бас бостандығынан шектеп, осы кезеңге пробациялық бақылауға алу туралы үкім шығарды.