ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ АЗИЯЛЫҚ АЛПАУЫТТАР

ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ АЗИЯЛЫҚ АЛПАУЫТТАР

ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ АЗИЯЛЫҚ АЛПАУЫТТАР
ашық дереккөзі
227

Жыл басынан берi ұлттық валютасы құнсызданған кәрiстер, әлемнiң тұтынушылық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған экспорт көлемi күрт азайған қытайлар, экономикасында рецессия басталған жапондар әлемдiк қаржылық дағдарыстан шығар төте жолды табуға мүдделi.

Жапондардың Кюсю аралында бас қосқан Жапония премьерi Таро Асо, Қытай премьерi Вэнь Цзябао мен Оңтүстiк Корея президентi Ли Мен Бак үш ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсарта отырып, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, азиялық экономиканы әлемдiк қаржылық дағдарыстан аман алып қалудың шараларын қарастырды. 1990-жылдардағы бiрқатар елдiң нарығы мен экономикасы үшiн кәдiмгiдей сын болған дағдарыстан жапондар қытайлармен арадағы екiжақты қатынасты жақсартудың арқасында қол жеткiзген едi. Былтыр басталған әлемдiк қаржылық дағдарыстың дауылынан ескi әдiс бойынша құтылуды көздейтiн жапондарды қытайлар мен кәрiстер де қолдауға мүдделi. Дағдарысқа қарсы жоспарын осыдан бiраз уақыт бұрын қабылдаған үш ел айналымдағы қаржы ағынын толастатпаудың айла-шарғыларын iздестiруде.

Бұған дейiн дағдарысқа қарсы шара ретiнде 27 трлн. иен жұмсаған жапондар жуырда экономикалық көмек ретiнде мемлекеттiк бюджеттен қосымша 23 трлн. иен (255 млрд. долларға жуық) бөлдi. Оның 10 трлн. иенi мемлекеттiк қаржыландыру мен салық жүгiн жеңiлдетуге бағытталса, 13 трлн. иенi қаржылық нарықты қолдауға жұмсалады. Үкiметтiң шарқ ұруы тегiн емес. Өйткенi, рецессияның кесiрiнен жұмыссыздар саны өсуде. Айталық, Sony компаниясы Жер шары бойынша 4 пайыз қызметкерiн қысқартса, әлемдiк деңгейдегi тағы бiр кәсiпорын — Toyota қараша айында Жапония мен АҚШ-тағы бiрқатар өндiрiс орындарын қысқартты. Дағдарыстың кесiрiнен қытайлардың да жоғалтқаны көп. Дүниежүзiлiк банктiң басшысы Роберт Зеллик 2009 жылы Қытай экономикасы үшiн аса ауыр болатынын айтады. Алайда, қытайлардың өз экономикасын түзеуге тырысқан әрекетi әлемдiк экономикаға сеп болмақ. Аспанасты елiнiң iшкi жалпы өнiм деңгейiн үздiксiз өсiрiп отыруы дүниежүзiлiк экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етпек. “Жығылғанға жұдырық” – бүгiнде Қытайда экспорт көлемi былтырмен салыстырғанда, 2,2 пайызға, ал импорт көлемi 17,9 пайызға күрт төмендеген. Есесiне, импорт көлемiнiң қысқаруының нәтижесiнде сауда айналымы 40,1 млрд. долларға өсiптi (278,7 млрд. доллар). Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, қытайлар экономикалық өсiм қарқынын сақтай алмауы мүмкiн. Халықаралық сарапшылар аспанасты елiндегi ахуалды жiтi бақылауға мәжбүр болуы да сондықтан. Мамандар экспорт пен импорт көлемiнiң қысқаруы 2009 жылдың екiншi жартысына дейiн төмендей беретiнiн көлденең тартады.

Кәрiстер болса, мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген 11 млрд. доллардың басым бөлiгiн әлеуметтiк жобаларға бағыттады. Алайда, мол қаражаттың көмегiн пайдалана отырып, тұтынушылық қабiлеттiлiктi арттыруды және экономикалық өсiм қарқынын жақсартуды көздейтiн бұл жоспардың жүзеге аса қоюы күмәндi. Өйткенi, экономикалық өсiмi үстiмiздегi жылдың үшiншi тоқсанында күрт қысқарған кәрiстер соңғы үш жылдағы ең төменгi көрсеткiштi қанағат тұтуға мәжбүр. Алайда, осыдан он жылдай уақыт бұрын азиялық аймақты титықтатқан дағдарыстан сабақ алған Сеул экономиканың барлық саласындағы қаражат тапшылығының алдын алуға бағытталатын шараларды қарастырып бағуда. Осы орайда, Оңтүстiк Корея үкiметi мен АҚШ-тың Федералдық қор жүйесi 30 млрд. доллар көлемiндегi валюта алмасатын келiсiмге қол қойды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары