ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ИНТЕРНЕТ-ОЙЫН

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ИНТЕРНЕТ-ОЙЫН

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ  ИНТЕРНЕТ-ОЙЫН
ашық дереккөзі
232

Ақпарат пен технология дамыған бүгiнгi заманда бiз не түрлi қызықтардың куәсi болып жүрмiз. Әсiресе интернет атты шексiз, шетсiз әлем бiздi таңқалдырудан жалықпайды. Интернет арқылы бiз хат алысып, ақпарат алып қана қоймай тарихымызға қатысты ойынды тамашалайтын болдық.

Осы жылдың он бесiншi қарашасы мен үшiншi желтоқсаны аралығында “SHAIKH” Креативтiк шешiмдер агенттiгiнiң ұйымдастыруымен, “Қазақмыс” корпорациясының демеушiлiгiмен www. 808.kz интернет порталында “Ұлытау сырлары” атты интернет ойыны жүргiзiлдi. Аталмыш ойынның негiзгi мақсаты Отанымыздың жалпы адамзат тарихында алатын орны мен тарихи жерлерiн таныту және әрбiр адамды Қазақстан жерiнiң патриот ұланы болуға тәрбиелеу. Сондай-ақ тарихымызда маңызы зор Ұлытау аймағының мәдени даму ерекшелiктерiн таныту арқылы халықты интернетпен жұмыс iстеуге үйрету. Жалпы ойын порталына Қазақстанның он үш қаласы мен шетелдiк он мемлекеттен жиырма мыңнан астам адам қызығушылық танытқан екен. Ал үшiншi желтоқсанда ойын жеңiмпазы анықталды. Жеңiмпаздар өткен аптада баспасөз мәслихатында марапатталды. Сонымен үшiншi орынды Хайруллин Рахым Темiртау қаласының тұрғыны жеңiп алып, ұялы телефонды еншiлесе, екiншi орынға алматылық зейнеткер Анна Лейдерман лайық деп танылып теледидардың иесi атанды. Ал Екiбастаұз қаласының тұрғыны Хұсайынов Ерiк бас жүлденi еншiлеп, ноутбук ұтып алды. “Ұлытау сырлары” интернет ойыны өте қызықты ойын. Мен соңғы минутқа дейiн қатыстым. Тек соңғы сұраққа жауап бере алмадым. Бiр қызығы, бұл ойын тарихымызды танып-бiлуге зор мүмкiндiк бередi” — дейдi, үшiншi орын иегерi Рахым Хайруллин.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында “Ұлытау сырлары” интернет ойынына демеушiлiк көрсеткен “Қазақмыс” корпорациясы журналистерге елiмiздiң кiшкентай бүлдiршiндерiне арналған қазақ халқының басты байлығы жерi мен елiн ұлықтайтын танымал 17 әнi бар арнайы CD дискiсiн таныстырып, корпорацияның оқулық құралдары нарығындағы жаңа құралы “60 минуттық ауызша қазақ тiлi” алғашқы аудио тiлашарын ұсынды. Аталмыш аудио тiлашар АГН академигi П.Н Оразаевтiң басшылығымен белгiлi “Танкай” студиясында жасалған. Бұл CD тiлашардың негiзгi ерекшелiгi үйде де, жұмыста да, тiптi, қоғамдық көлiктерде де пайдалануға ыңғайлылығы. Ендi қазақстандықтар мен Отанымыздың қонақтары мемлекеттiк тiлiмiздi жылдам үйренетiн болады.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары