АУЫЛДАН ШЫҚҚАН АРДАГЕР ҰСТАЗ

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН АРДАГЕР ҰСТАЗ

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН АРДАГЕР ҰСТАЗ
ашық дереккөзі
385

(Белгiлi онколог – ғалым, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайыржан Әбисатовтың ғұмырнамасынан бiр үзiк сыр)

Қазiргi уақытта адамдарға қатты қорқыныш тудыратын дерт – қатерлi iсiк ауруы. Соңғы кезде дүниежүзiнде бұл кеселге шалдығып, көз жұмғандардың саны жылдан-жылға көбейiп келе жатыр. Өкiнiшке қарай, қазiргi кезде қолданыста пайдаланып жүрген оқулықтар мен жетекшi кiтаптарды тегiстей Ресей оқымыстылары 1980-1992 жылдары жариялаған (“Онкология” оқулығы 1980 ж. Б.Е. Петерсон, Н.Н.Трапезников, А.А. Шайн, 1992), олардағы материалдарда қазiргi заман талабына сай күнделiктi iсiктi анықтау, емдеу жөнiндегi тәжiрибелiк жұмыстарда қолданылып жүрген жаңа әдiстер мен тәсiлдер жеткiлiктi түрде жарияланбаған, ал Қазақстандағы қатерлi iсiктi ауыздықтау барысында қандай ғылыми-практикалық жұмыстар жүргiзiлiп жатқаны, аурудың көбеюi, өлiм көрсеткiштерi жөнiнде ешқандай мәлiметтер жоқ.

Қайыржан Әбисатовтың есiмi алдымен тiл ұшына оралады. Өз мамандығы бойынша ел-жұртына өлшеусiз пайда тигiзуiмен бiрге ол қазақтың онкологиялық ғылымында да биiк шыңнан көрiнiп, өлшеусiз еңбек етуде. Бiздiңше, профессор Қайыржан Әбисатұлының бойындағы бұл жан-жақтылық, әмбебаптық қасиеттiң бiр тамыры – бiлiм негiзi қаланған студенттiк жылдарда, қала бердi Ресейдiң әйгiлi академиктерiнiң дәрiс беру дәстүрiнде жатса керек. Талантты ғалым, елiмiздiң көрнектi онкологтарының бiрi Қ.Әбисатовтың қаламынан туған кiтаптар мен оқулықтарға көз салсақ, ол өз мойнына ауыр жүк арқалап, тыңға түрен салғанын байқаймыз. Еуропа, Ресей, Қазақстан ғалымдарының үлгi-өнегесiне сүйене отырып, қазақ тiлiнде төл терминдiк қор жасап, мүлде жаңа сапалы оқулықтарды дүниеге әкелдi.

Осылардың iшiндегi ең сүбелiсi – қос томдық, 1240 беттен тұратын “Клиникалық онкология” атты (“Арыс “ баспасы, 2007 жыл) энциклопедиялық жетекшi еңбегi дер едiк.

Онколог-ғалым Қ.Әбисатовтың ұзақ жыл бойы көз майын тауысқан бұл энциклопедиялық еңбек – клиникалық онкология саласындағы бүкiл әлем ғалымдарының зерттеулерiне және автордың өз тәжiрибелерiне сүйене отырып, қапысыз сараланған ғылыми негiздердi арқау ету арқылы жарық көрдi. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, “Клиникалық онкология” оқулығы медициналық жоғарғы оқу орындарына арналған мемлекеттiк бiлiм беру стандартына (Астана, 2003 ж) сәйкестiрiлiп жазылған. Автордың отандық онкология тарихындағы бұл iргелi де елеулi туындысын Қазақстан жоғарғы оқу орындары бiрлестiгi үстiмiздегi жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы күмiс медальмен марапаттады, ал профессор Қ.Әбисатовтың өзiне “Саңлақ автор” деген құрметтi атақ бердi.

Сонымен, қатерлi iсiктердi емдеудiң негiзгi әдiстерi: хирургия, сәуле терапиясы, химия терапиясы және iсiктердiң иммунологиясы – сүңгiдей төрт сәуле бағытталған рак клеткасы осы ауруға шабуылдың негiзгi символына айналды. Әбуғали Ибн – Синаның суретiмен бiрге рак клеткасының бейнесi 1979 жылы Ташкентте өткен онкологтардың Бүкiлодақтық III съезiнiң эмблемасы болды.

Көрнектi ғалым, профессор Қ.Әбисатов 150-ден астам ғылыми туындының, оның iшiнде алғаш рет мемлекеттiк тiлде жазылған екi томдық “Онкология” (1994,1999), екi томдық жетекшi оқулық “Клиникалық онкология” (2007), қазақша-орысша медициналық сөздiк (2002), “Клиникалық онкологиядан дәрiстер” (2002) атты күрделi еңбектердiң авторы. Оның ғылыми жетекшiлiгiмен 1 медицина ғылымдарының докторы, 7 кандидаты, 28 клиникалық ординаторлар дайындалды.

Сонымен қатар ол “Махамбет ғұмырнамасының беймәлiм беттерi” атты (2001) аса құнды туындысын жариялады. Бұл ғылыми-зерттеу еңбегi үшiн ол ЮНЕСКО шеңберiнде тойланған Махамбет Өтемiсұлының 200 жылдық мерейтойы құрметiне өткiзiлген “Жапанға бiткен бәйтерек” конкурсының жүлделi сыйлығы мен арнайы дипломына (2003) ие болды. Қ.Әбисатов әр жылдары жемiстi еңбегiне орай Еңбек Қызыл Ту орденiмен, “Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi” (1970,1997), “Қазақстан Республикасы бiлiм беру iсiнiң үздiгi” (1997) белгiлерiмен, “Үздiк еңбегi үшiн” (2005) және екi томдық “Клиникалық онкология” жетекшi оқулығы үшiн Байтұрсынов атындағы күмiс медальмен (2008), және бiрнеше рет Денсаулық сақтау министрлiгiнiң, онкология және радиология ғылыми қоғамының, медицина университеттерiнiң грамоталарымен марапатталған.

Сан-салалы, жан-жақты, мол қабiлет иесi, профессор Қ.Әбисатовтың “Махамбет ғұмырнамасының беймәлiм беттерi” атты ғылыми-зерттеу еңбегiн сөз етпей кетпеуге болмайды.

Бұл жөнiнде Қ. Әбисатов былайша әңгiмелейдi:”…Сөйтiп, 1966 жылы 9 шiлдеде, күндiзгi сағат 13-те Махамбет бейтiнiң басына келiп, Ноэль Шаяхметовтың нұсқауымен қазу жұмысын бастап кеттiк. Тарихи әңгiмелерде айтылғандай қастандық болғаны рас екен, кесiлген басы денеден бөлек жатыр. Ерекше айта кетерлiк бiр жайт – Махамбеттiң бейiтiн, жерленген жерiн табуға көмектескен, бiрiншiден, Бектұрғанов Құрақ ақсақалдың, Махамбеттiң өмiрi мен шығармашылығын ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, қабiрiне iздеу салған аяулы ағамыз, академик Қажым Жұмалиевтың еңбегiн, сондай-ақ Махамбет мүрдесiн қазып алып, оның скульптуралық мүсiнiн жасауға жағдай туғызып, мұрындық болған халқымыздың бiртуар азаматы, белгiлi ұстаз, академик ағамыз Сайым Балмұхановтың белсендi жұмыстарын кейiнгi ұрпақ ескере жүруi тиiс.

Тағы бiр ерекше бөлiп айтар жайт мынау: Махамбеттiң өмiрiнiң соңғы кезiнде оң жақ жамбас сүйегiнiң сыртқы бетiнде аумағы 7х8 см шамасында сүйек қан тамырларының iшкi қабатынан өрбитiн гемангиома деген қатерсiз iсiк науқасымен ауырған, соның салдарынан оң аяғынан ақсай бастағанын анықтадым. Оған дерек сол сүйектегi бедерi және рентген пленкасындағы өзгерiстер және оң жамбасының сүйегiнiң салмағы сол жағындағысына қарағанда 54 гр. жеңiлдеу болуы. Яғни, ол оң жақ аяғына бiраз мезгiл бойын көп дене салмағын түсiрмегендiктен болған. Махамбеттiң көше алмай, Қаройда отырып қауының да бiр себебi, осы дертiнен болса керек.

Махамбеттiң скульптуралық мүсiнiн бiтiргеннен кейiн, 1970 жылдың күзiнде Ноэльдiң маған келiп: “Мен отбасыммен Мәскеуге көшкелi жатырмын. Мүмкiн деп тапсаң Махамбеттiң сүйегi сiздiң үйде қалғанын жөн көрер едiм”, – дедi. Бiрақ мен ол тiлегiн орындай алмайтынымды бiлдiрдiм. Өйткенi, үйiмнiң өртенуi мүмкiн, не болмаса басқа кездейсоқ жағдайларда сүйектi жоғалтып алсам тарихта ең кешiрiмсiз қара бет адам болып қалуым ықтимал ғой. Осыдан кейiн Ноэль Махамбет сүйектерiн Алматыдағы апасының үйiне тастап кетiптi. Сөйтiп, бабамыздың сүйегi Алматыдағы Калинин көшесi, 119 үй, 6 пәтердiң жертөлесiнде бiрнеше жылдар бойы жатыпты. Бұл сүйектердi елге кiм алдырды, қай жылы келдi, бұл жағы маған көмескiлеу. 1983 жылғы 12 мамыр күнi Индер аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Майдыров Болат маған телефон соғып, Махамбеттiң сүйегiн бұрынғы қазылып алынған жерiне қайта жерлеу рәсiмi 15 мамырда болатындығын хабарлап, менiң келуiмдi сұрады. Ол кезде мен Гурьевте ұйымдастырылған Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты филиалының меңгерушiсi және облыстық онкологиялық диспансердiң бас дәрiгерi қызметiнде едiм.

Сүйектiң көп жылдар бойы қағаз жәшiкте шаң-тозаңмен араласып жатқандығын ескере отырып, аудандық аурухананың бас дәрiгерi Марданов Лепес екеумiз Махамбет денесiнiң барлық сүйектерiн түгендеп, оны шаң-тозаңнан тазарттық. Ағаш табыттың iшi-сырты таза маталармен көмкерiлгеннен кейiн, оның iшiне дәрiгерлiк тұрғыдан тазартылған дәкеге сүйектер өз жүйесiмен орналастырылды, яғни пәктелдi. Сонымен, 1983 жылдың 15 мамыры күнi Махамбет бабамыздың сүйегi бұрынғы қабiрiне қайта жерлендi…”

“Бiр сөздiң бiр сөз қуғыншысы” дегендей, Қайыржан Әбисатовтың ғылыми еңбегiн әңгiмелеп отырып, Махамбет сүйегiнiң қайта жерленгенi туралы сарынға көшiп кеткенiмiздi оқырман қауым түсiнер деп ойлаймыз. Өйткенi, бiр халықтың ардагер-айбары, қаһарман тұлғасының сүйегiн өз қолымен қазып алып, оны он жетi жылдан кейiн өз қолымен пәктеп, қайта жерлеу кез келген пенденiң пешенесiне жазыла бермеген ғой.

Өз мамандығының қыр-сырын жетiк меңгерген, терең бiлiмдi, алғыр ойлы, еңбекқор, денсаулық саласында жарты ғасырға таяу еңбек еткен профессор Қайыржан Әбисатовтың “Клиникалық онкология” атты қос томдық энциклопедиялық еңбегi ұзақ жылдар бойы онколог-мамандардың, студенттердiң жетекшi оқулығына айналары сөзсiз. Бүгiнгi таңдағы Ресейдiң әйгiлi академик-онкологтары М.И. Давыдов, С.Б. Петерсонның ұсынысымен, Қазақстан медицина университетi Ғылыми кеңесiнiң шешiмiмен осы “Клиникалық онкология” қос томдық оқулығы қазiр Батыс Қазақстан, Қазақ, Қарағанды, Семей, Алматыдағы дәрiгерлер бiлiмiн жетiлдiру мемлекеттiк медициналық академияларында, ҚазҰМУ, ҚазМУ т.б. жоғарғы оқу орындарында, сондай-ақ Алматы, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Астана, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерлерiндегi күнделiктi оқу құралына, дәрiгерлерге анықтамалық жетекшi: тәжiрибелiк құралға айналып отыр.

Ғарифолла ӘНЕС, Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Серіктес жаңалықтары