ХАБИБА ЕЛЕБЕКОВА

ХАБИБА ЕЛЕБЕКОВА

ХАБИБА ЕЛЕБЕКОВА
ашық дереккөзі
304

Кез-келген нәрсеге қанағатшыл көңiлмен, бар ынта-ықыласымен бейiм келетiн қарапайым халқымыздың көнекөз қарияларына қарап тәубаға келесiң! Бұрындары тау халықтары ғана ұзақ жасайды деген қалыптасқан ұғымға бiздiң халықтың да ептеп енуi бiртүрлi қанымызды тасытып, бойға қуаныш сыйласа, ойға да жетелейтiнi анық. Сексен мен жүздiң арасындағы талай аналарымызбен дәмдес болып жүрiп, солардың бойындағы қазақи әдет-ғұрыпты, ер азаматына деген шексiз құрмет пен балаларына деген мөлдiр махаббат таңдандырып, мүмкiн Алла тағаланың ұзақ ғұмыр сыйлауы да осы бiр адалдықтың, тазалықтың жемiсi шығар деген ойға жетелегенi де рас.

Өнер мен өмiрдi, тiршiлiктiң сан жетпейтiн қилы қиындығына мойымай, ер-азаматымен бiрдей тарих беттерiнде қалып бара жатқан осындай аяулы аналарымыздың бiрi– Хабиба апайға қарап отырып, бiр әдемi ойдың жетегiнде кеткенiмдi несiне жасырайын.

Хабиба ЕЛЕБЕКОВА! Иә, қазақтың бiртуар жезтаңдай әншi Жүсiпбек Елебековке адал жар болған, балапандарына мейiрiмдi ана болған осынау кейуананың жүзiне қарап отырып, өткен өмiрдiң, азды-көптi сахналаған бейнелерiнiң аппақ жүзiне салып кеткен қым-қиғаш iздерiне қызығып қарайсың. Қай қазақтың әйелi ерiнiң алдына түсiп қызмет қуып не болмаса атақ-данққа қызыққан? Ж-оқ, мейлi ол керемет дарынды, елден асқан қабiлеттi болсын, бiрақ отбасы, ошақ қасында бәрiнен де ерiнiң, ұрпағының алдында қарапайым ғана мейiрiмдi ана екенiн естен шығарушы ма едi?! Танымал актрисаның әңгiмесiнен де осыны ұқтық, аңғардық… Өнер, театр жайлы емес, осы уақытқа дейiн өмiрден көргенi, тұрмысқа жақынырақ, тiршiлiктен алыстап кетпейтiндей ашық-жарқын әңгiмеге қарай бет бұрғанды тәуiр көрген сияқтымыз…

– Театр сахнасында– 73 жыл! Ал Мұхтар Әуезов театрына– 80, сонда осы өнер шаңырағының тарихы менiң тарихым десем артық кетпейтiн сияқтымын. Олай деуге, мүмкiн хақым да жоқ, өйткенi менiң алдымда да қандай марқасқалар болған, халыққа қызмет еткен, сосын… тағдырдың жазуымен өмiрден өткен. Жалпы, мен Жаратқаннан кейiн әруақтарға қатты табынатын жанмын. “Өлi риза болмай тiрi байымайды”. Оның үстiне мен олардың көзiн көрдiм. Көрiп қана қойғам жоқ, етене араластым. Мұхаң (Әуезов), Ғабеңдер, Шәкен, Қаллекилермен пiкiрлес, сырлас болдық. Мiне, өнердiң күшi, өнердiң құдiретi осы! Аннан-мыннан шарқ ұрып iздейтiн бақыт дегеннiң өзi де мен үшiн осы. Бiреуге бақыт, бәлкiм, қызмет, бақ-дәулет болар. Менiң бақытым– өнерде үлкен төнкерiс жасамасам да, сахнада жүрген кездерiм, сол қазақ өнерiн жер-көкке сыйғызбай, аласұра жанкештi ғұмыр кешкен, қазақтың өнерiн би бола ма, ән мен күйi бола ма, көкiректерiне сыйғыза алмай өмiрден кеткен кешегi Серағандардың табанының iзi қалған сахнада жүргенiмнiң өзi мен үшiн керемет атақ, бақ. Серағаң демекшi, осы театрдың майталманы, қара нары Серке Қожамқұловты ойға алған сайын бiр келеңсiз оқиға есiме түсе бередi. Серағаңның 110 жылдығына орай қыздары келiп театр басшыларымен ақылдасса керек, “театрдың 80 жылдығымен қоса атап өтемiз” деген жауаппен қайтады. Бiрақ той кезiнде ауызға да алынбады, атаусыз қалды… Марқұм Шолпан Құрманбектiң 100 жылдығына алаңдап өмiрден өттi. Оңтүстiк өңiрi Шымкент қаласында әжептәуiр аталып өттi-ақ. Астана қаласында өтiп жатқан жиынға екi қызы да шақырылып барыпты-ақ, бiрақ сахнаға жас бала жетектеген бiр әйел мен немере болып келетiн оңтүстiкте бiр әртiс бар едi сол, тағы бiр жiгiт шығыпты. “Құрманбектiң ет жақындары” деген ғой, ал кiндiгiнен тараған екi қызы далада қалса керек!.. Немере деп отырғандары жалғыз ұлы Болаттың өзбек қызынан туған баласы, орынды шығар…

Мен мұны неге айтып отырмын, қазақ өнерi деп, ешқандай бiлiмсiз, табиғи дарынмен болашаққа жеткiзген, өлтiрiп-өшiрiп алмай ұрпағына аманат етiп тапсырып кеткен сол шалдардың ұрпағын бiреу бiлсе, бiреу танымайды да. Бiз сияқты, мен сияқты көзкөргендер кетсе, тiптi ұмытылады ғой… Осындай әдiлетсiздiктердi көрiп жүрегiм қан жылап қалатын сәттер де болады.

Бiзде бар-жоғы 7 шал, сол қасиеттi жетi санының қадiр-қасиетiн әлi де бiле алмай келемiз-ау, әдемi әсем қаламыздан соларға бiр музей бұйырмады-ау деп ойлаймын жатып алып.

Хабиба апайдың жанарына келiп қалған жасты көрiп, бiз де үнсiз қалдық. Жүрiс-тұрысына, әңгiмесiне қарап тоқсаннан асқан деуге қимасақ та, көңiл ауанын көңiлдi оқиғаларға бұрмақ оймен, жас кезiнде, Жүсекеңмен алғаш жүздескен шағы туралы сұрауға тура келдi.

Актриса емес пе, ол кiсi де лезде көңiлденiп сала бердi.

Болса гүлсiз,

Бұлбұл үнсiз

Үнсiз бұлбұл жәй бiр құс,

Үнсiз өмiр.

Сөнген көмiр

Үнсiз жүрек бос қуыс…

Мағжан ақын осылай демей ме, ақынның бұлбұл құсы сайрауы үшiн гүл болуы, әдемi нулы тоғайы болуы керек. Ондай әдемiлiк, сұлулық болмаса құсыңыз сайрамайды. Сосын Әбдiлда ақынның:

Келшi, сәулем бiр болайық,

Егiз гүлдей ырғалайық.

Қос жұлдыздай бiр жанайық,

Бiрге ұшайық қанат жайып…

Өтсiн жылдар, мейлi өтсiн,

Бiр қартаяр мезгiл жетсiн,

Тек жүректен от кетпесiн,

Махаббатын кемiтпесiн,– дегенi сияқты, егер махаббатың таза болса, бiрiңдi-бiрiң шын сүйiп, шын құрметтесең адамның жолындағы қиыншылықтар түк те емес. Артында таза махаббат тұр сенiң. Байлыққа да пендеңiз солай қараса, байлық деген сүйiспеншiлiктiң қасында не тәйiрi?! Бiр-бiрiңдi шексiз сүю, ұнату адам жанын, тәнiн ғана рахатқа бөлемей, ғұмырын мәндi-сәндi етедi. Жеке бастың ләззатын, қуанышын ойлау жақсылыққа апармайтын жол. Адам бiр отбасы болғаннан кейiн жолдасыңның жайын сен ойлап, сенiң жайыңды ол ойлауы керек! Жай ойлап қана қоймай таза махаббатпен ойлау, тжанашырлық көзбен қарау қажет. Сондықтан шығар, әкең екеумiз бала тәрбиесiне де, үй шаруасында да бәлендей қиындық көрген жоқпыз.

– Жүсекең керемет әншi, сымбатты кiсi болды, қызғанған тұстарыңыз болды ма?

– Ондай нәрселер, әрине, болмады емес, болды ғой. Бiрақ құпия болып қала бергенi дұрыс шығар. Бәрiбiр ол менiкi, мен сонiкi болып өмiрден өтiп барамыз, жүректе жатқан сыр сол үңгiрiнде жата бергенi де дұрыс шығар. Сен ерiңнiң жолында ғұмырыңды сарп етiп, соның қас-қабағына қарап, өлердей жақсы көрiп, одан басқа жер бетiнде еркек жоқтай алаңдамай өмiр сүрсең, ол да дәл солай болуы керек. Ерiң ондай болмаса, әйелге одан өткен ауырлық, тiптi бақытсыздық жоқ.

… Тек жүректен от кетпесiн,

Махаббатын кемiтпесiн,– деп Әбекең айтпақшы, махаббат адалдығы, тазалығы, ерлi-зайыптының ынтызар-ықыласы бiрдей болғанда ғана ол отбасы бақытты. Ал әйел, тiптi, бақытты!

Ер-азаматтар көбiне көрсеқызар, шыдамсыз халық. Ал, әйелдер ондайда шыдамды келедi. Тұрмыстағы қиындық болсын, тiптi ұят та болса айтайық, төсек мәселесi болсын әйелдер ( бәрi деп айтуға болмас) бiрақ көпшiлiгi шыдамды, төзiмдiлiк танытады. Бiз, әйелдер ерiмiздiң абыройын, оның жанының ауырмауын, жанына жара салмауды ойлап отырамыз. Ал, ер-азаматтар ол жағына көбiне көз жұмып қарайды. Сол сияқты, Жүсекең екеумiз де қолтықтасып барған талай той-домалақта “неге әйелiмен келдi екендi” көздерiмен ұқтырған сылаң келiншектер кездеспедi емес, кездестi. Өзара күбiр-күбiр… жалтақ-жалтақ етiп көздерiмен iшiп-жеп, ретi келсе әзiл-қалжыңмен түйреп өткен кештер болды-ау. Домбырасының үкiсi үлбiреп,кеңiрдектен шыққан әдемi әуенмен бiрге тербелiп отырған сәттерi талайлардың көзқуанышына, ал мен көзқұртына айналғанымызды кейiннен бiлiп жүрмiз ғой. Ол кезде жаспыз, анандай жезкөмей әншiнiң жарымыз, балаларының анасымыз… тiптi қызғануды да бiлмеппiз ғой.

– Дегенмен, қазақ әйелдерi ұстамды, сабырлы келедi емес пе?..

– Ол жағы тағы бар, осы өмiрiмде аз көргенiм, аз түйгенiм жоқ. Оның үстiне, екi бiрдей өнер адамы бiр ошақтың басында, бiр шаңырақтың астында ғұмыр кешсе, тiптi оңай дүние емес.

…Әйелiң сенi сүйсе,

Сен де оны сүй…

Мұндай тазалық, сүйiспеншiлiк ердiң ерiнде ғана болады. Ал, өзiн-өзi еркегiнiң жолында құрбан етуге дайын әйелдер болған, бар. Мысалы, Ғабеңнiң Хусниi қалай сүйдi, қалай жағдайын жасады, жас балаша мәпеледi, солай өмiрден өттi. Өзiн-өзi ұмытып, соның ойлағаны оңынан болса екен деп өмiрден озды… Сол сияқты Кәукеннiң Шабалы, Асанәлiнiң Майрасы да сондай ақылды, сабырлы, өз азаматын өз ғұмырынан биiк көрген, көрiп қана қоймай оны Жаратқанның алдында дәлелдеп кеткен жарлар…

Ой, несiн айтасың, қарағым, не бiр керемет кездер өттi ғой бастан, өнер адамы сонысымен де бақытты, сонысымен де қымбат, сонысымен де ерекше! Тоқсанның екеуiндемiн, осы ғұмырымда талай қуаныштардың, өнер қуанышының, сол сахнаға деген кәусар махаббаттардың куәсi болдым. Бiрдi айтып бiрге кетiп жатсам айып етпе, бүгiн өзi керемет толқып отырмын. Көптен берi дәл осылай ашылып сөйлемеп едiм, сен менi бiр толқытып, бiр күлдiрiп, бiр жылатып отырсын…

Хабиба апай аппақ ақ жiбек орамалымен көзiн әлсiз дiрiлдеген саусақтарының ұшымен сүртiп қойды.

– Жақында “Ән қанатында” деген ертеректе түскен кинофильмдi көрдiм. Сонда Майра болып– Торғын, Исаны– Әнуар Молдабеков ойнапты. Бұрын да көргем, бiрақ дәл осы жолғыдай қабылдай алмаппын. Ойпырмай, Әнуардай әншi жоқ екен-ау, көзi қандай, от-ау,от! Көзiнiң жанарында фильмнiң тарихы, ненi айтқысы келгенi, бәрi-бәрi … Сайрап тұр-ау, сайрап тұр. Не деген қабiлет, не деген талант! Әнуардай сүйкiмдi, талантты әртiс жоқ шығар.

Кешегi әке– аналарының iзiнен ерген, бойындағы барын халқына сарп етiп бере алмаған шексiз талант иесi осындай жас әртiстер де кеттi-ау арамыздан! Тағдырдың жазуы солай, бiрақ Алла тағала қанша ғұмыр берсе соның бәрiн халықтың игiлiгiне, өнерiне жанын сала еңбек еткен Әнуардай азаматтар аз емес… Қартайған сайын көз жасын дайын тұрады екен, көңiлшек болып барамын. Қимайсың! Қимайтын сәттер көп…

Хабиба апаймен әңгiме әр салада өрбiгенiмен, сахнаға айналып соқпасқа тағы болмайды. Көбiне ана образын сомдаған актрисаға қандай арманы барын сұрадық.

– Арман дегенде, Жүсекеңнiң артында қалған Дариғасы, Ахан, Бiржан, Естайлардың әулетiнен жалғыз еркек кiндiк Шәкенiм өсiп келедi. Бiлiмдi азамат, бiлдей қызметкер, сол жалғыз болмаса екен, үрiм-бұтағы көп болса екен деп тiлеймiн. Бiр барғанымда жұмыс үстелiнiң үстiнен “Қазақ халқының 100 шешенi” деген кiтапты көзiм шалып, iштей керемет қуандым. Немере қыздарым ,Құдайға шүкiр баршылық, бiрақ осы бiр жұдырықтай жүректiң орны тiптi бөлек болып тұр. Соның үйленгенi, үбiрлi-шүбiрлi болғанын көрсем…

Содан кейiнгi бiр арман, осы уақытқа дейiн жүзден астам ролде ойнадым, үш кiтабым жарық көрдi. Тәуба, дегенмен “Ғасыр қасiретi” деген бiр дүнием бар, соны өзiм әңгiмелеп отырып, тыңдарманға ұсынсам деген ниетпен “Қазақстан” телеарнасына берiп едiм, кешiгiңкiреп жатыр. Онда кешегi ашаршылық, соғыс қасiретi, полигон тұсы, одан қала бердi желтоқсан оқиғасы, бәрi-бәрiн қамтыған өзiмше тебiренiп отырып шыққан дүние едi, сол оқырманға жетсе…

Иә, адамда арман таусылған ба?! Болған үстiнен бола түссе, байыған үстiне баий түссем дейтiн бүгiнгi қомағай заманда ала бергенше бойымдағыны болашаққа берiп кетсем дейтiн мұндай арманның дәл бүгiн болмаса де орындалатынына сенiмдi оймен актрисамен қоштасуға тура келдi. Қолымды сипап тұрып “Қалтайдың iзiнен ергендерге сәлем айт, бақытты болсын” дегенiн әрiптестерге жеткiзгенше асықтық…

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары