ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ТҰҢҒЫШ ПЕДАГОГ-РЕКТОРЫ

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ТҰҢҒЫШ ПЕДАГОГ-РЕКТОРЫ

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ТҰҢҒЫШ ПЕДАГОГ-РЕКТОРЫ
ашық дереккөзі
322

Санжар Сейiтжапарұлы Асфендиаров 1889 жылы 20-шы қазанда бұрынғы Түркiстан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкентте, қазақ хандарының тiкелей ұрпағы Сейiтжапар Асфендиарұлы мен Гүляндам Қасымованың отбасында дүниеге келедi. Сейiтжапар Асфендиарұлы Түркiстан губернаторы кеңсесiнде әскери аудармашы қызметiн атқарып, ХIХ-шы ғасырдың 90-шы жылдары Ташкентке iс-сапармен алыс-жақын елдерден келген елшiлiктерiн қабылдау, орналастыру сияқты дипломатиялық iстермен айналысты.

Өзiнiң жарты ғасырдан астам мерзiмге созылған қызмет жолын қатардағы поручиктен бастаған Сейiтжапар Асфендиарұлы туа бiткен дарыны мен еңбекқорлығының арқасында Түркiстан өлкесiнiң түркi-мұсылман халықтары үшiн жоғары әскери атақ болып саналған – полковник шенiне қол жеткiзедi. Сауатты, көзi ашық Сейiтжапар Асфендиарұлы өз балаларына үздiк бiлiм беруге ұмтылды. Оның екi қызы – Гүлсiм мен Аннель Ташкент қыздар гимназиясында, төрт ұлы – Сейiт Әбiлхайыр, Мансұр, Нұраддин және Санжар Ташкент реалды училищесiнде тәлiм алды.

Санжар 1898 жылы Ташкент реалды училищесiне қабылданып, екi жылдың iшiнде даярлық курстарынан өткен соң, 1900 жылы 1 шi негiзгi сыныпқа көшiрiледi. Бiлiмге деген құштарлығымен, зейiндiлiгiмен көзге түскен Санжар училищенi 1907 жылы үздiк аяқтап, империя астанасы – Петербургтегi жоғары оқу орындарының бiрiне түсуге жолдама алады.

Петербургтегi Мемлекеттiк университетке түсу ойы аттестатта латын тiлi бойынша бағаның жоқтығы мен бөгде дiнде болуына байланысты сәтсiздiкке ұшыраған соң, Санжар Петербургтiң Қыздар медициналық институтында оқып жүрген әпкесi Гүлсiмнiң кеңес беруiмен, Императорлық әскери-медициналық академияға емтихандар тапсырып, оқуға қабылданады.

Академия қабырғасында оқып жүрген жылдары Гүлсiм Асфендиарова өз iнiсiн Асыл қыздар институтында оқып жүрген, артынан Санжардың өмiрлiк адал серiгiне айналған Сералы Лапиннiң қызы Рабиғамен таныстырады.

1912 жылы Императорлық әскери-медициналық академияны дәрiгер-лейтенант шенiнде аяқтаған Санжар теңiз ведомствосының стипендиясымен оқығандықтан да 4 жыл әскери қызмет өтеуге мiндеттi болады. Ол әскери ведомствоның бұйрығымен Бұқара әмiрiлiгi мен Түркiстан генерал-губер-наторлығының шекарасындағы Термез бекiнiсiнде шоғырланған 10-шы Түркiстан атқыштар полкының жергiлiктi лазаретiне кiшi дәрiгер қызметiне аттандырылады.

Өзiнiң еңбекқорлығымен, бiлiмдiлiгiмен көзге түскен Санжар Романов-тар әулетiнiң билiк етуiнiң 300 жылдық мерейтойына орай арнайы медальмен марапатталады. 1913 жылдың қарашада Округтiк әскери-санитарлық басқарманың бұйрығымен 9-шы Түркiстан атқыштар полкына аға дәрiгер болып тағайындалады, ал 1914 жылы 19 тамызда майданға аттанатын 5-шi Түркiстан атқыштар полкына аға дәрiгер қызметiн өту үшiн жiберiледi.

5-шi Түркiстан атқыштар полкының тағдыры аянышты халде аяқталды. 1915 жылдың басында Лодзь қаласының манында полк жауынгерлерiмен бiрге Санжар да жау тұтқынына түседi. Санжар бiр жылдай немiстердiң Шығыс Пруссияда орналасқан Кутио, Штральзунд және Александровка концлагерлерiнiң әскери лазареттерiнде тұтқын жауынгерлердi емдеумен айналысады. Санжар лагерьлерде қиын жағдайларды бастан өткiзiп, 1915 жылдың аяғында Қызыл кресттiң араласуымен, Швеция арқылы Петербургке, кейiннен Түркiстанға оралады.

1916 жылы қаңтарда Округтiк әскери-санитарлық басқарманың бұйрығымен Санжар Кушкадағы мемлекеттiк жасақ дружинасының аға дәрiгерлiгiне, сосын Ташкент дисциплинарлық базарының, Ташкент қарауыл коман-даның, Түркiстан батареясының санитарлық бөлiмiн меңгерушiсi болып тағайындалады. Артынан Термезге аттандырылады. Ақпан революциясынан кейiн Термезде 9 және 10-шы Түркiстан полктарының және 3-шi Түркiстан атқыштар – артиллериялық дивизионының солдаттары, жергiлiктi лазареттiң дәрiгер қызметкерлерi өз мүдделерiн қорғайтын Солдат депутаттарының кеңесiн құрады. 1917 жылдың жаз айларында С. Асфендиаров Ташкенттiң ескi бөлiгiнде тұңғыш Мұсылман депутаттарының кеңесiн ұйымдастыру шараларына қызу араласып кетедi.

С.Асфендиаров кеңестiк идеяларды қабылдап, Түркiстан өлкесiнде кеңес өкiметiн нығайту жолында еңбек еттi. 1919 жылдың аяғында Санжар Асфендиаров Түркiстан республикасын жайлаған сұрапыл аштықпен және кең түрде тез тарай бастаған түрлi iндеттер мен жұқпалы ауруларға қарсы күрестi. Бұл қауiптi қатерлерге ең алдымен мал-мүлкiнен айырылған көшпелi халық, кедейленген шаруалар мен диқандар, сондай-ақ халықтың аз қорғалған әлеуметтiк топтары балалар мен жасы келген адамдар, соғыстан жаралы болып қайтқан және жұмыс қабiлетiнен айырылған солдаттар ұшыраған болатын. 1919 жылдың аяғына таман өлкеде аштыққа ұшыраған халықтың саны 2 млн. адамға жақындаған болатын. Аштықпен күресетiн Орталық Комиссияның төрағасы Т. Рысқұловтың ұсынысымен С. Асфендиаров комиссияның Сырдария облыстық бөлiмiн басқарды.

1919 жылы көктемде С. Асфендиаров Черняев полкының (1-шi Шымкент кеңес полкы) әскери дәрiгерi ретiнде РКП (б) қатарына қабылданып, полк құрамында Закаспий майданына аттанады.

1919 жылдың қазан айында С. Асфендиаров Түркiстан республикасы Орталық Атқару Комитетiнiң шешiмiмен Денсаулық сақтау комиссары болып тағайындалады. Ол бұл қызметте үзiлiстермен 1920 жылдың желтоқ-сан айына дейiн жемiстi еңбек еттi. 1920 жылы 20-25 қаңтарда Ташкент қала-сында өткен ТКП V өлкелiк конференциясында С. Асфендиаров Т.Рысқұлов ұйымдастырған Түрiк халықтарының Коммунистiк партиясының Уақытша Орталық Комитетiне сайланады. Түрiккомиссия мен Т.Рысқұлов бастаған Мұсбюро арасында Түркiстан республикасының саяси статусына қатысты саяси-идеялық тартыс орын алып, Түрiккомиссия 1920 жылдың 19 шiлдеде ТКП Уақытша Орталық Комитетiнiң жаңа құрамын бекiтедi. Оған Санжар Асфендиаров та кiргiзiледi.

С. Асфендиаров 1920 жылы Түркiстан Коммунистiк партиясының V-шi сиезiнде ТКП жетекшi органдарына – ТКП Орталық Комитетiне және ОК Атқару бюросының мүшелiгiне кандидат болып, бiр айдан соң Түркiстан республикасы Кеңестерiнiң IХ-шы сиезiнде Түрiкаткомның құрамына сайланады да, Жер шаруашылығы халық комиссарының орынбасары қызметiне тағайындалады. Арнайы ауыл шаруашылық бiлiм алмағандығына қарамастан, өзiнiң ұйымдастырушылық қабiлетiнiң арқасында С. Асфендиаров Жер шаруашылығы халық комиссариаты жұмысының оңға басуына ат салысады. Оның тiкелей жетекшiлiгiмен республикада жер-су қатынастарының реттеп жақсартуға бағытталған iс-шаралардың кешенi, мақта шаруашылығын қалпына келтiру және дамуына жағдай жасаудың бесжылдық жоспары жасап шығарылған болатын.

1920 жылы Денсаулық сақтау халық комиссары және Жер шаруашылығы халық комиссарының орынбасары қызметтерiн атқарған С. Асфендиаров Түркiстан республикасының Орталық Атқару Комитетi төрағасының орын-басары болып сайланады. Өзiнiң жан-жақты бiлiмiмен, қөзқарастардың кең-дiлiгiмен көзге түскен С. Асфендиаровқа түрлi саяси тезистердi, резолюцияларды, маңызды құжаттарды құрастыру тапсырылып, әр түрлi жауапты комиссиялардың құрамына қосып отырды. 1920 жылы қазанда Санжар Асфендиаров Түркiстан республикасы қазақтары өкiлдерiнiң бiрi ретiнде Түркiстан республикасының Орталық Атқару Комитетiнiң шешiмiмен Орынборда өтетiн Бүкiлресейлiк Қазақтардың сиезiне жiберiледi.

С. Асфендиаров 1921 жылы шiлде айында Түркiстан республикасының Мәскеудегi өкiлеттi өкiлi қызметiне тағайындалып, екi жақ арасындағы саяси-экономикалық және мәдени байланыстардың нығаюына өз үлесiн қосады.

1922 жылдың басында Түркiстанға қайта оралған С. Асфендиаровты Түркiстан республикасының Орталық Атқару Комитетi Жер шаруашылығы халық комиссарының орынбасары етiп тағайындап, Жер-су шаруашылығы мен Көшпелi және жартылай көшпелi аудандарда халықты жерге орналастыру басқармаларына жетекшiлiк ету тапсырылады.

1922 жылдың аяғында Түрiкаткомның құрамына енiп, ТКП ОК плену-мының құрамына сайланған С. Асфендиаровқа РКП (б) ХII сиезi үшiн көшпелi шаруашылық туралы тезистердi даярлау тапсырылады. Оның дайындаған материалдардың негiзiнде РСФСР БОАК 1923 жылы “Түркiстан АКСР-нiң көшпелi және жартыйлай көшпелi аудандардағы жерге орналастыру туралы” қаулыны қабылдайды.

1923 жылы С. Асфендиаров ТКП Орталық Комитетi жауапты хатшысы-ның орынбасары болып тағайындалып, артынан ТКП ОК хатшылығының құрамына үшiншi хатшы ретiнде кiргiзiлiп, Түркiстан республикасының ОАК Президиумына мүше болып сайланады.

1924 жылы қаңтарда Жер шаруашылығы халық комиссары орынбасарының қызметiнде еңбек еткен С.Асфендиаров Түркiстан республикасының ОАК-нiң ұсынысымен Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалып. С. Асфендиаров осы қызметiнде Түркiстан АКСР-нiң жойылуына дейiн қызмет етедi. 1924 жылы қарашада Өзбек КСР Ревкомының қаулысымен С. Асфендиаров жаңадан құрылған Өзбек КСР-нiң Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалғанына қарамастан, оның бұл қызметте iстеудiң сәтi түспедi. РКП (б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң өтiнiш бiлдiруiмен С. Асфендиаров Қазақ АКСР-нiң Өзбек КСР үкiметiнiң қарамағындағы өкiлi болып тағайындалынады.

Түркiстан республикасында көптеген жауапты және жоғары қызметтерде қызмет етiп, өзiн бiлiктi әрi дарынды мемлекет жетекшiлерiнiң бiрi ретiнде танытқан С. Асфендиаров 1925 жылы БОАК-нiң хатшылығында қызмет етуге жiберiлiп, артынан БОАК Президиумына мүше болып сайланады. Өзiнiң негiзгi қызметтерiмен қатар С. Асфендиаров ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса отырып, Мәскеу университетiнде дәрiс оқи бастайды.

1925-1926 жылдары С. Асфендиаров БОАК-нiң қарамағындағы ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi және БОАК Президимиумы жанындағы әйелдердiң тұрмысы мен еңбегiн жақсарту комиссиясының төрағасы болып тағайындалып, Мәскеудегi “Власть Советов” журналының редакциялық алқасына мүше болып бекiтiледi.

1927 жылы қазақтардың арасынан алғаш болып профессор атағына қол жеткiзген С. Асфендиаров КСРО БОАК-нiң қарамағындағы Н.Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтының директоры, Бүкiлодақтық жаңа түрiк алфавитi комитетi президиумының хатшысы және Коммунистiк академияның қарамағындағы Кеңестiк Шығыс халықтарының әдебиетiн зерттеу комиссиясы төрағасының орынбасары қызметтерiне тағайындалады. Жаңа қызметтерде өзiнiң ұйымдастырушылық қабiлетiн және терең бiлiмдерiн көрсете бiлген С. Асфендиаровтың бастамасымен 1928 жылы ұлттың және ұлттық тiлдердiң мәселелерiне арналған ғылыми конференция шақырылады. Бұл конференцияда С. Асфендиаров ұлт мәселелерi және тiл туралы жаңа iлiмге баяндама арнап, академик Н.Я. Маррдың тiлдердiң шығу мәселелерiн жасап шығару жолындағы сiңiрген еңбегiн жоғары бағалаған болатын.

Үш жылдай Мәскеуде түрлi жауапты қызметтерде жемiстi еңбек еткен С. Асфендиаров Қазақ АКСР-i үкiметiнiң шақыруымен 1928 жылы Қазақстанға оралып, Алматы қаласында тұңғыш Қазақ мемлекеттiк университетiн құру және ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып кетедi.

1928 жылы Қазақ ХКК қаулысымен 1928 жылы 1-шi қазанда Алматы қаласында үш факультеттен (педагогикалық, ауыл шаруашылық және меди-циналық) тұратын Қазақ мемлекеттiк университетiн құру ұйғарылды. Ұйым-дастыру жұмыстарына Халық ағарту комиссариатының жанынан жетi адам-нан тұратын арнайы үкiметтiк комиссия жауап бердi. ҚазМУ-нiң ашылуына байланысты Ташкент қаласындағы Қазақ жоғарғы педагогикалық институтты жойып, институттың барлық мүлкiн құрылып жатқан ҚазМУ-нiң қарауына тапсыру және институттың орнына оған дейiн қызмет еткен орта педагогикалық бiлiм беру мекемесi ретiнде Қазақ Ағарту институтын қалпына келтiру жоспарланды. РКП (б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң өтiнiшiмен құрылған Қазақ МУ-нiң тұңғыш ректоры болып Санжар Асфендиаров тағайындалады. Қызметке кiрiсiмен С. Асфендиаровтың алдында қалада оқуға жарамды болатын ғимараттарды тауып, оларды аудиториялар мен лабораторияларға сәйкестендiру, бiлiктi, тәжiрибелi оқытушылық кадрларды жұмысқа тарту, қосымша қаражаттарды iздестiру және осыған ұқсас көптеген мәселелердi шешу мiндетi тұрды. Ректордың өтiнiш бiлдiруiмен барлық облыстық және қалалық партия ұйымдарында ең алдымен қазақ ұлтынан шыққан дарынды балалардың арасынан болашақта университеттiң даярлық курстарының тындаушыларын және студенттерiн iрiктеп алу жұмысы басталды.

С. Асфендиаров 1929 жылы сәуiрде БКП (б) Қазақ өлкелiк комитетi бюросының отырысында Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң даму мәселе-лерi бойынша баяндама жасайды. Ректор өз сөзiнде университет көптеген киыншылықтарға тап болғанына қарамастан, барлық оқу жоспарлары уақы-тында орындалып, алғашқы жылы 121 студенттермен қоса, дайындық курста-рында 30 адам, жұмысшы факультетiнде 87 адам дәрiс алды. Университет қарамағында тыңдаушыларды жоғары оқу орындарына түсу үшiн даярлай-тын 120 адамға арналған жексенбiлiк университет ашылды деп хабарлаған болатын.

Түрлi жауапты қызметтерде еңбек етуiне қарамастан С. Асфендиаров өзiнiң ғылыми iзденiстерi мен ойларын iс жүзiне асыруға, шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкiндiк таба отырып, көптеген қызықты тарихи-ғылыми мәселелердiң зерттеуiмен айналысты. 1928 жылы оның “Шығысты зерттеу материалдары. I-шi бөлiм. Исламның пайда болу себептерi” атты кiтабы жарық көредi. Өз еңбегiнде С. Асфендиаров ислам дiнi пайда болуының жағдайлары мен себептерiн ғылыми тұрғыдан түсiндiруге талпыныс жасап, түрлi ғылымға қайшы келетiн теорияларды сынға алған болатын. 1930 жылы С. Асфендиаров осы бағыттағы өз зерттеулерiн тереңдете отырып, “Атеист” журналының арнайы ислам дiнiне арналып шыққан санында “Ислам және көшпелi шаруашылық” атты мақаланы жариялайды.

1931 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты болып қайта құрылған Қазақ Мемлекеттiк университетi халық шаруашылығы үшiн өзiнiң алғашқы түлектерiн даярлап шығарған болатын. Үш жыл бойы Қазақстанда алғашқы жоғары оқу орнын құру бағытында қажырлы еңбек етiп, құнды тәжiрибе жинақтаған С. Асфендиаровқа дарынды ұйымдастырушы ретiнде Қазақ Медициналық институтын құру тапсырмасы жүктелiнiп, директорлық қызметке тағайындалады. Жүктелген мiндеттi абыроймен атқарған Санжар Асфендиаров 1931 жылы ҚазАКСР-нiң Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалып, елдегi денсаулық сақтау жүйесiн ретке келтiру жолын-да қажырлы еңбек еттi.

С. Асфендиаров ХХ ғасырдың 30-шы жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасының iргетасын қалаған ұйымдастырушылардың және алғашқы жетекшiлерiнiң қатарында болды. С. Асфендиаров 1932 жылы мамырда А.Н. Самойлович, Б.А. Келлер, О.Э. Брицке сынды академиктер-мен, М.Н. Төлепов, Г. Барышников сынды профессорлармен бiрге Казақстан-дық базаның президиум құрамына ендi. Қоғамдық ғылымдар бөлiмi хатшы-сының қызметiн атқарған С. Асфендиаров ғалымдардың назарын тарих ғылымының өзектi мәселелерiн, мәдениет ескерткiштерiн, өлкенi мекен еткен халықтардың бай әдеби мұрасын зерттеп тануға аударуға ұмтылды. Базаның тегiс жерде пайда болуына қарамастан, С. Асфендиаров сынды ғалым-қайраткерлердiң аянбай еңбек етуiнiң арқасында Қазақстандық база уақыт өте келе нағыз ғылыми-ұйымдастырушылық орталыққа айналады.

1933 жылы С. Асфендиаров КСРО Ғылым академиясы президиумның өтiнiшiмен Қазақ филиалының тарихи-археографикалық комиссиясының жетекшiсi болып, артынан Қазақ АКСР Халық ағарту халық комиссарының орынбасары болып тағайындалып, Қазақстанның университет, кiтапхана және ғылым басқармасын басқарады.

Кейiнгi жылдары да Санжар Асфендиаров өзiнiң ғылыми-педагогикалық жұмысын үзбей жалғастыра отырып, КСРО ҒА Қазақ филиалы президиум төрағасының бiрiншi орынбасары, Мәдениеттiң ғылыми-зерттеу институтының тарих секторының меңгерушiсi, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих кафедрасының профессоры қызметтерiн атқарады.

С. Асфендиаров ауқымды ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыспен айналыса отырып, өзiнiң ғылыми iзденiстерiн жүргiзуге мүмкiндiк тауып отырды. Көптеген жылдарға созылған ғылыми-зерттеу жұмысының заңды нәтижесi ретiнде ғалымның көпшiлiкке таңымал болған ғылыми еңбектерi өмiрге келiп, артынан өзiнiң бай ғылыми мұрасын қалдырған болатын.

1935 жылы профессор С. Асфендиаров П.А. Кунтемен бiрiге отырып, кеңесьiк деректануда алғаш рет “Материалдар мен деректердегi Қазақстанның өткенi” құжаттар жинағының бiрiншi томын, бiр жылдан соң екiншi томын жарыққа шығарады. Жинақта көне және орта ғасырлық авторлардың, саяхатшылардың, тарихшылардың шығармаларынан үзiндiлер келтiрiледi. Шын мәнiсiн алғанда тұнғыш рет ғылыми айналымға енген көптеген шығыс және орыс нарративтерi кiрген бұл уникалды деректер жинағының жарыққа шығуы республиканың ғылыми өмiрiнде айтарлықтай орын алған оқиға болды.

С. Асфендиаровтың “Қазақстан тарихы (көне замандардан берi)” атты көлемдi еңбегiнiң бiрiншi томы – б.з.д. III ғасырдан 1917 жылға ауқымды хронологиялық кезеңдi қамтыған болатын. Кiтаптың кiрiспесiнде автор Кеңестiк Қазақстан тарихына арналатын екiншi томды жазып шығару жоспардың бар екендiгi туралы хабарлайды. Бiрақ үнемi қоғамдық және мемлекеттiк жұмыстан қолдың босамауы және кейiннен репрессияның құрбан болып мезгiлсiз өмiрден кетуi, ғалымға өзiнiң барлық ойларын iске асыру жолында тосқауыл болды. Сол кезде профессор С. Асфендиаров қазақ тiлiнде мектептерге арналған “Қазақтар тарихының очерктерi” оқулықты, артынан “Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс” атты моно-графияны жарыққа шығарады.

1934-1937 жылдар аралығында С. Асфендиаров газет және журнал беттерiнде республиканың революцияға дейiнгi және кеңестiк тарихының өзектi мәселелерi бойынща мақалалар мен хабарламаларды жариялап, түрлi тарихи еңбектердi өңдеуден өткiзу және тарихи мәселелердi талқылауға қатысты.

Профессор С. Асфендиаровтың тарихқа арналып жазылған еңбектерiнiң басым көпшiлiгiнiң өзектi мәселесi қазақтардың шығу тарихы (этногенезi) болды. Өзiнiң ғылыми тұжырымдамалары мен ой-пiкiрлерiнде орын алған кейбiр кемшiлiктерiне қарамастан, ғалым тұңғыш рет ғылыми-дәлелдемелiк формада қазақ жүздерiнiң шығу және құрылу процесiн түсiндiрген болатын.

Шығыстағы революциялық және ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихын зерттеуге назар аударған С. Асфендиаров бұл мәселе бойынша өз пiкiрлерiмен 1932 жылы Алматы қаласында жарық көрген “Шығыстағы ұлттық-революциялық қозғалыстардың тарихы” атты еңбегiнде бөлiседi.

С. Асфендиаров өз еңбектерiнiң басым көпшiлiгiнде Қазақстанның руха-ни және материалдық мәдениетi тарихының мәселелерiне тоқталып, мәдени ескерткiштердi зерттеу iсiне зор үлесiн қосты. Кеңес этнографтары iшiнен алғашқылардың бiрi болып С. Асфендиаров эпосты маңызды тарихи деректердiң қатарына қосқан болатын.

Туған жерiнiң ардақты азаматы ретiнде өз ғұмыры мен барлық күш-жiгерiн туған халқына адал қызметi етуге арнаған С. Асфендиаров 30-шы жылдардың екiншi жартысында елде күн өткен сайые өрiс ала бастаған жаппай саяси репрессияға ұшырап, 1937 жылы қыркүйекте контрреволюционер-ұлтшыл деп айыпталып партия құрамынан шығарылады да Iшкi iстер халық комиссариатының органдарымен тұтқындалып “жапон тыңшылық желiсi туралы” iс бойынша тергеуге алынады. 1937 жылы 29 қыркүейкте “Казахстанская правда” газетiнде Марксизим-ленинизм қазақ университетi студенттерiнiң “Тарихшы рөлiндегi жапон тыңшысы” атты хаты жарық көредi. Бұл хатта олар профессор Санжар Асфендиаровты оның ұлтшыл, пантүркiшiл көзқарастары үшiн әшкерлеп, “фашистiк наймит С. Асфендиаров өзiнiң барлық контрреволюциялық идеяларын фашистiк деректерден алатынды” деп қаралайды.

Қамауда болған С. Асфендиаровты “халық жауы” ретiнде 1937 жылы қазанда КСРО ҒА Қазақстандық филиалының Оқу кеңесi мен Президумның қатарынан шығарылады.

Сотсыз және тергеусiз әшкерленiп, негiзсiз қара күйемен жағылған С. Асфендиаров ҚСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының Алматы қала-сында 1938 жылдың ақпан айында өткен көшпелi сессияның үкiмi бойынша 25 ақпанда өлiм жазасына кесiлiп, атылады.

1938 жылы 13 сәуiрде А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттiк кiтапханада жұмыс iстеген С. Асфендиаровтың әйелi – Рабиға Лапина қамауға алынып, Түркiстан әскери округi трибуналының шешiмiмен сегiз жылға сотталып, саяси тұтқындардың Қарағанды лагерiне аттандырылады.

1958 жылы 25 мамырда жазықсыз жапа шегiп, репрессияның құрбанына айналған С. Асфендиаров КСРО Жоғарғы сотымен ақталады.

Серiк Жайлауұлы ПIРӘЛИЕВ

Серіктес жаңалықтары