ҚҰРБАН АЙТ...

ҚҰРБАН АЙТ...

ҚҰРБАН АЙТ...
ашық дереккөзі
273

Дiн мұсылманның ұлық мерекесi – Құрбан айт та келдi. Бұрынғыдай емес, жамағаттың исламға деген көзқарасы да өзгерген. Оған бiздiң Құрбан айт күндерi көзiмiз жеттi.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерiнде Алла ризашылығы үшiн шалынған құрбанның әрбiр қылшығы үшiн сауап бар екенiн былай сүйiншiлеген: “Сақабалар Расулiмiзге (с.ғ.с.):

– Уа, Алла?тың Елшiсi, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердiң Ибра?им (а.с.) бабаларыңның сүннетi,-дедi.

– Одан бiзге қандай сауап бар?

– Әрбiр тал қылшығы үшiн сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнiнен ше?

– Қойдың жүнiнен әрбiр тал қылшығына да сауап жазылады”.

Алла? ризалығы үшiн риясыз көңiлмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жiңiшке, қылшықтай өткiр Қылкөпiрден өтерде иесiне көп көмектеседi. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисiнде былай дейдi: “Құрбандыққа малдың ең жақсысы, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткенi ол Қылкөпiрден өтердегi өз көлiктерiң”…

“ҚҰРБАН АЙТТА САУДАЛАСУҒА БОЛМАЙДЫ”

Ең әуелi құрбандық шалатын малды сатып алатыны белгiлi. Қалтасы қалың жандардың көбi құрбандық шалуға тырысады. Ақ ниетпен, адал пиғылмен сойылатын құрбандық Алла ризашылығы үшiн жасалады. Сондықтан, малды алғысы келетiн мұсылманның бәрi мал базарына баратыны тағы белгiлi. Бiзде малдың бағасын бiлгiмiз келiп базарға аяңдадық. Әуелi Қарасай ауданына қарасты, “Тау самалы” базары. Бұрын базардың iшiнде ғана сатылатын ұсақ мал мен iрi қара базардың маңайына да жиналып қалыпты. Алыс-жақын ауылдардан арнайы мал алып келген камаздар базардың маңайында иiрiлiп тұр. Аяқ аттасаңыз, ұсақ малдар. Шеткерi келiп тоқтаған үлкен машинаның жанына келiп, жiгiт ағасынан қойдың бағасын сұрадық.

– Аға, әнебiр қойдың бағасын айтпай ма екенсiз, – дегенiмiзше болған жоқ, айналамда бес-алты жiгiт қаптап кеттi. Бәрiнiң де ойы белгiлi. Алдындағы қойын өткiзу.

– Үлкенi он тоғыз мың.

– Неге қымбат?

– Қымбаты несi? Бүгiн қайта арзан. Ертең келсеңiз, бұл бағаға қой сатып ала алмайсыз, – деп қойды сатушылардың бiрi.

– Ал, ертең келiп алсам, сонда қанша болады?

– Үлкендерiн 20-30 мыңның үстiнде сатып аласыз…

– Мүмкiн, құрбан айттың 2-3 күндерi бағасы түсетiн шығар– деп, бiр қойдым.

– Қайдағы, одан да қымбаттайды,– дедi әлгi сатушы… Оның қойды қалайда бүгiн сатудың амалын жасап тұрғанын түсiндiм. Әрине, бiздiң де ойымыз ұсақ мал мен iрi қараның бағасын бiлу ғана. Бағасын бiлу демекшi, базардағылар қойдың бағасының жыл сайын құрбан айттың кезiнде бiрден жоғарылап кететiн айтады. Күнделiктi бағада он-он бес мыңнан сатылатын қойлар 35-40 мыңға дейiн жетiптi.

Әлгi жерден екi қадам аттағанымыз сол едi, тiзiле байланып, мүйiзiмен жер қарпып тұрған таналарды көзiмiз шалды. Қызық үшiн бағасын бiлейiн деп бұрылдым.

– Ағасы, мына iрi қараңызға қанша сұрап тұрсыз?

– 90 мың…

– Қымбат екен…

– Сiз ойлағандай аса қымбат емес… Бұдан да қымбаттары бар.

Расында қымбат болса болар, iрi қараның бағасы соғымның алдында қымбаттайтыны бесенеден белгiлi. Онсызда биылғы қуаңшылық ауылдағы халықтың малын сатуға мәжбүрлеген жоқ па едi. жаз жайылымы болмаған соң, арық малдарын жаппай саудаға шығарғанын да бiлемiз.

Мұның бәрi “Тау самалындағы” оқиғалар. Құрбан айтта малдың саудасы жүредi. Бiрiн – Талдықорғаннан, бiрiн – Ақсудан алып келген үлкен жүк көлiктерi iрiлi-ұсақ малдармен сiресiп тұр.

Мал саудасы демекшi, осы төңiрегiнде, бiлетiн адамдардан сұраған едiк. Естуiмiзше, малды құрбан айтта арнайы қымбаттатудың жөнi жоқ көрiнедi. Өйткенi, құрбандықтың да шарты сол, малды өз бағасымен беру. Екi есе, тiптi, үш есе қымбаттатудың жөнi жоқ. Тағы бiр қызығы, малды сатып алушы да, сатушы да саудаласуға болмайды екен. Және тағы бiр ескерер нәрсе, малдың кемшiлiгiн сатушы саып алушыға айтуы қажет дейдi. Оның себебi, құрбандыққа шалынатын малдың кем-кетiсiн алдын-ала бiлуi керек…

Құрбым екеумiз қой сатып алуға “Алтынорда” базарына таң намазынан кейiн келдiк… Базардың маңы ығы-жығы халық. Сатып алушы да, сатушы да көп. Бiзде сатып алған қойымызды сойдырып алу үшiн қасапшы iздедiк. Жан-жағымыздан қаумалаған бес-алты жiгiттiң қолында бiр-бiр пышақ. Пышақтарының жүзi күнмен шағылысып, лыпып тұр. Тек қолына қойды ұстатсаң болды, бес-он минутқа жеткiзбей шаруасын бiтiрмек… Әрi сойғанына 2-3 мың теңге көлемiнде ақысын ұстатсаңыз жеткiлiктi.

Сойылған қойдың етiн бөлiп берген соң, машинамызға дейiн жеткiзiп берсiн деп, арба айдап жүрген кiшкентай баланы шақырдық. Түр-тұлғасына қарасаңыз, мектеп оқушысы сияқты. Арбасы өзiнен үлкен.

– Балақай мектепте оқисың ба? -дегенiме,

– Жоқ,– деп жауап қайырды.

– Неге?

– Тоғыздан кейiн тастап кеттiм.

Дене бiтiмi тым кiшкентай көрiнедi. Бiрақ, сөзi тым салмақты.

– Әпке, қойды қаншаға сатып алдыңыз-деп, өзiме сұрақ қойды.

– Он төрт мыңға…

– Онша қымбат емес екен. Әйтсе де, шет жақтарына барсаңыздар, одан да арзан алар едiңiздер,– деп қояды.

– Қаншаға сойдырдыңыздар?

– Үш мыңға…

– У-у, қымбат қой…

Баланың сөзiне ерiксiз күлдiк.

– Бiз сiздерге одан да арзанға сойып берер едiк, деп мұрнын бiр тартып қойды. Таңертеңгi салқында жаурағанын бiлдiргiсi келмегенiмен, қызарып кеткен мұрны мен қолдары байқатып қойды. Қатал өмiр ерте есейткен бе, сөзi тым кесек. Әңгiменi үлкен кiсiлерше айтып келедi.

– Балақай, арба айдағанша, мектептi толығымен бiтiрмедiң бе? Онда жоғары оқу орнына түсетiн едiң, – деп қойдым.

– Ой, әпке мектепте бұзық болған соң, оқымадым ғой.

– Ендi не iстемексiң?

– Осылай ақша табам.

– Сенiң осылай жұмыс iстеп жүргенiңдi әке-шешең бiле ме?

– Бiледi. Бiрақ, олар бiздi қинап жұмысқа шығармайды. Өзiмiз ғой, бiр уақыт ақша табайық деп осында жүрмiз…

“…ОН БIР, ОН ЕКI, ОН ҮШ….”

Құрбандыққа шалынған малды жетiм-жесiрге, кедей-кепшiкке бөлiп беру құрбандықтың басты шарттарының бiрi. Осы оймен, бiзде №1 балалар үйiне келдiк. Қарсы алдымыздан жүгiрiп шыққан үш сәби: “О-о, он екiншi машина келдi” дедi. Алдымыздан шыққан жеткiншектiң маңдайынан сипап, айтымен құттықтадық.

– Он екiншi машина дегенiң не?

– Сiздердiң машиналарыңыз он екiншi…

– Бұған дейiн он бiр машина келген ғой, -дедi құрбым маған қарап.

– Иә.

Алдымызға түсiп құлдыраңдай жүгiрген баланың есiмi Нұрлан екен. Сүп-сүйкiмдi баланың қазақшасы да тым тәуiр. Үшеумiзге емен-жарқын әңгiме айтып келедi. Қолында бiр бума суреттерi бар.

– Нұрлан мұны қайдан алдың? деп сұрадым.

– Өткенде бiр тәте келiп суретке түсiрiп кеткен. Жаңа оны әкелiп бердi.

Осы сәтте ту сыртымыздан “Сәлеметсiз бе?” деген жiңiшке бiр дауыс естiлдi. Бұрылып қарасақ, өрiмдей бiр қыз жүгiрiп келедi екен. Жүзi шат-шадыман. Оның да қолында бiр бума сурет.

– Айттарыңыз қабыл болсын!

– Рахмет, алтыным. Өзiңнiң де айтың қабыл болсын.

Нұрлан оны бiзге “Үмiт” деп таныстырды. Екеуi де бiр сыныпта, алтыншыда оқиды екен. Балалармен әңгiмелескен күйi ет салатын қойманың алдына бiрге келдiк. Жүзiнде мейiрiмдiлiктiң шуағы сезiлген егде тартқан апай, бiздiң етiмiздi қабылдап алып, өзiнiң ризашылығын бiлдiрiп жатты. бiзден де бұрын екi көлiк келiп, қойманың жанына тоқтап тұр екен. Ыстық бауырсағын, кәмпит-печеньесiн, тәттi тоқаштарын түсiрiп жатқан апайдың да жүзiнен мейiрiм төгiледi. Дәл сол уақытта жанымызға тағы да бес-алты жеңiл көлiк келiп тоқтады. Бәрiнiң де қолында құрбандыққа шалынған еттерi мен тағамдары. Тiптi бiреулерi үлкен қораптағы кәмпиттерiн, алма, құрмаларын шығарып жатыр. Бәрi де қазақтың қарапайым азаматтары. Бiр-бiрiмiздi айтпен құттықтап, күнде көрiп жүрген таныстардай арқа-жарқа болып қалдық. Iштей мұндай жақсы күндер құрбан айтта ғана емес, жиi болсашы деп тiлестiк. Қасқағым уақытта әрбiр күндерiмiздi сыйластықпен, бауырмалдықпен өткiзгенге не жетсiн?!

Бiз ол күнi балалардың бәрiн көре алғанымыз жоқ. Сыртқа шыққандары ғана бiзбен амандасып үлгердi. Қалғандары терезелерден қарап тұр. Нұрлан мен Үмiт бiздi есiкке дейiн шығарып салды. Әсiресе, Нұрлан машина орнына қозғалып кеткенше еiсктiң алдынан ұзап кеткен жоқ. Iштей бiздi қимады ма екен, әлде жылы сөздi, ата-ананың ыстық ықыласын бала да аңсайтын болар. Тек, қолымыздан келгенi, “бiз тағы келемiз” дестiк. Қанша келiп, маңдайынан сипағанымызбен, анасының ыстық ықыласындай болар ма екен, балаға?! Осындай балаларды тастауға ата-анасына не себепкер болды екен, ә! Iштей жүрегiмiз қан жылады. Бәрiнен де сол күнi ауыр болғаны осы. Қазақтың тым сүйкiмдi, нәзiк қыздары мен қайсар ұлдары балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқаны жанымызға батты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары