«Казахское ДЕЛО»

«Казахское ДЕЛО»

«Казахское ДЕЛО»
ашық дереккөзі
185

Гүлнәр Байбосынова мен Сәуле Ешенқұлова

Сөз басы

Уақыт неткен жүйрiк едi.

Сол бiр ызғарлы желтоқсаннан берi жиырма үш жыл өтiптi. Олар Темiрбек Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының студенттерi болатын. Театр және актер факультетiнiң екiншi курсында оқып жүрдi. Армандары асқар таудай биiк едi. Үлкен сахнаның майталмандары Сәбира мен Хадиша апаларымыздай болсақ деген ойдың қанатында қалықтады. Өйткенi актерлерге тән қасиет олардың тұла бойында тұнып тұрған. Ұлтын жанындай сүйдi, Ана тiлiн пiр тұтты. Өнерге деген құштарлықтары тасқын судай арындап, көздеген мақсаттарына жетпей тоқтамайтын секiлдi көрiнген. Бәлкiм асыл армандары жүзеге асар ма едi, егер Орталық Комитеттiң төтенше жағдайда өткен Пленумында республика басшысы қазақ ұлтынан сайланғанда. Өкiнiшке орай бәрi де басқаша болды.

“Жазмыштан озмыш жоқ”.

Олар Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты. Қатысты деген жәй сөз. Дүйiм жиынның алдында жүрiп, сөз бастап, талаптарын қойды. Сол үшiн тоталитарлық жүйенiң қол шоқпарларынан таяқ та жедi. Бiрақ жасымады. Қайтпас қайсарлықтарын көрсеттi. Тағдырдың бастарына салғанын көтерiп алды.

Олар деп отырғаным — Гүлнәр Байбосынова мен Сәуле Ешенқұлова. Гүлнәр сонда небәрi он тоғызда, ал Сәуле жиырма үш жаста ғана едi. Бiрi Қызылордадан, екiншiсi Түркiстан ауданының Ихан ауылынан. Қыздар алаңға кiм үшiн шықты? Қандай азапты күндер мен айларды бастарынан кештi? Ендiгi әңгiме желiсi сол тұрғыда өрбидi.

* * *

Институт жатақханасы қаланың Виноградов пен Космонавттар (қазiргi Байтұрсынов) көшелерiнiң қиылысында. Бiрiншi қабаттың 10-шы бөлмесiнде бес қыз тұрады. Гүлнәр мен Сәуледен басқасы Жамбыл (қазiргi Тараз) қаласындағы Технологиялық институт филиалының студенттерi. Әлия, Райхан және Фатима.

1986 жылдың 16 желтоқсаны. Жерге ақ қар түсiп, көк аяз ұшынып тұрғаны қашан. Гүлнәр мен Сәуле кештетiп институттан келдi. Сәлден соң өзге құрбылары да жиналып, бәрi шағын столға шәйға отырған. Есiк ашылып, iшке Гүлнәр мен Сәуленiң курстасы Арман Жұмашев ендi. Қоңырқай өңi оңған шүберектей боп-боз.

— Қыздар естiдiңдер ме? — Үнi жарықшақтана шықты. Олар қолдарындағы кеселерiн столға қоя салып, аңтарыла қарады. “Апырай, не болып қалды? Мынаның түрi қашып кетiптi ғой. Жайсыз хабар айтпаса иегi едi…” Ол толқып тұрып сөзiн жалғады. — Бүгiн Орталық Комитеттiң Пленумында Қонаевты бiрiншi хатшылықтан босатып, орнынан Колбин деген орысты қойыпты.

Бiр суық леп желпiп өткендей, қыздардың жүздерi салқын тартты. Бөлме iшi жым-жырт. Буы қылаулап көтерiлген шайға ешкiм де қолдарын созған жоқ. Еңсенi басқан ауыр үнсiздiктi Гүлнәр бұзды.

— Арман, мұны сен кiмнен естiдiң?

— Профессор Асқар Тоқпанов мектебiнiң жiгiттерiнен. Бағана лекциясында осы хабарды жеткiзiп, аш бүйiрiн таянып Абызша күңiренiптi. “Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтап күн көрер! Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтып күн көрер! Барары жоқ, байлау жоқ, Ерiм қайтып күн көрер! Бәрiңнiң де нәрiң жоқ, Елiм қайтып күн көрер?!” — Абызша ауыр күрсiнген. — Есiмiздi ендi жидық па дегенде, басымызға қара аспанды қайта орнатты-ау мына иттер. Қазағым, қара орманым, жатқа қараған ендiгi күнiң не болар екен?! — Көрiктей кеудесiн өз қолымен өзi соққылап. — Шау тартқан шақта мынау қу жүрек ненi сезедi? Неге тулап, неге тыпырши бередi? — Жан қалтасынан бет орамалын алып, әжiмдi бетiне сорғалай аққан көз жасын сүртiп, көпке дейiн қайта-қайта күрсiнiп, шерiн баса алмаған. — Арман бөлмеден шығып кеттi.

Бұл жағымсыз жаңалық қыздарды әрi-сәрi күйге түсiрдi. Әсiресе Тоқпановтай сұсты, қатал ұстаздың қабырғасы күйрей күңiренiп, көзiнен жас төккенi жандарына қатты батты. Не iстеу керек? Солай дел-сал отырғанда бөлмеге Тоқпановтың шәкiрттерi Құрманғазы, Аманбай және Үсiпхан кiрiп келдi. Түстерi өрт сөндiргендей сұп-сұр. Аманбай жұлқына сөйледi.

— Қыздар, қой екеш қой да бауыздаларда тұяқ серпидi. Бiздiң намысымызды таптатып үн-түнсiз отыра бергенiмiз жөн емес. Бұлардың дегенiне көне берсек, Ана тiлiмiз мүлдем құрдымға кетедi! Ертең ұлдар алаңға шығып, наразылығымызды бiлдiретiн болдық. Сендер, бiзбен бiрге барасыңдар ма? — Қыздарға жағалай көз жүгiрттi.

— Шығамыз!.. Барамыз!.. — Олар жамырай үн қатты.

— Ендеше таңертең сағат тоғызда жатақхана алдына жиналайық. — Жiгiттер есiкке қарай беттеп бара жатып кiдiрдi. Құрманғазы.

— Бiз қазiр ҚазГУ-дiң, ҚазПИ-дiң, ЖенПИ-дiң, Нархоздың, Зооветтiң, Киров зауытының жатақханаларын аралаймыз. Олар да бiздi қолдайтын шығар, — дедi.

Гүлнәр байыз тауып отыра алмады. Көршi бөлмеде тұратын Технология институты қыздарының есiгiн қақты. Оларға ұлт тағдыры таразыға түсiп жатқан осынау шақта бей-жай қарап отырмай болмайтынын, қоғамдық өмiрге ене бастаған “демократия” мен “жариялылықты” арқаланып, алаңға барып Пленум шешiмiне өз наразылықтарын бiлдiретiнiн айтты. Көршiлер де таңертең алаңға бiрге шығатын болды.

Гүлнар олардан шығып, екiншi қабаттағы суретшiлер бөлмесiне барды. Сереуов пен Мұстафа төсекте ақ жаялықтарға ұрандар жазып жатыр екен. “Лениндiк ұлт саясаты жасасын!”. “Ешбiр ұлтқа артықшылық берiлмесiн!”. “Әрбiр ұлттың өз көсемi болсын!”

— Ертең алаңға осы ұрандар мен талаптарымызды алып шығамыз. — Мұстафа құтыдағы қара бояуға қолындағы кистасын батырып, жазуды жалғастырды.

17-желтоқсанда жетпiстен астам қыз-жiгiттер Космоновттар көшесiне түсiп, жоғары қарай өрледi. Ерсiлi-қарсылы жүрiп жатқан көлiктер шерушi жастарға кептелiп, жылдамдықтарын баяулатуға мәжбүр болды. Бұрын-соңды мұндай тосын жайды кездестiрмеген жүргiзушiлер мен жолаушылар көлiктердiң терезелерiнен таңырқана қарайды. “Кiлең қазақ жастары жиналып, қайда барады? Мұндай шеру бiрiншi май мен жетiншi ноябрь мерекелерiнде ғана болушы едi ғой. Ал мыналарда көтерiңкi мерекелiк көңiл-күй байқалмайды”.

Олар Сәтбаев көшесiне дейiн барып, алаңға қарай бұрылды. Алаңдағы мәрмәрмен қапталған үлкен трибуна алдына келiп тоқтады. Таңғы үскiрiк аяз тынысты тарылтып-ақ тұр. Аяқтарынан ызғар өте бастаған соң бiр орындарында тұрып, секектеп жатыр. Аздан соң алаңның күнбатыс жақ бетiне милицияға арналған сарғыш түстi шағын автобус келiп тоқтады. Iшiнен сұр шинелдi бiрнеше милиционерлер түсiп, алаңның сол жағын жауып, қаз-қатар тұра қалды.

Тау жақ беттегi Ақ үйден сыптай киiнген төрт-бес кiсi келдi. Жастарды аралап, әркiмдердi сөзге тартты. Басында құндыз құлақшын, үстiнде сәндi пальтосы бар толықша бiрi мiнберге жақын тұрған бұларға таянды:

— Алаңға не үшiн шықтыңдар?

Қарсы алдында тұрған Сәуле оған тура қарап:

— Сiздей құндыздан құлақшын киген ағалардың қателiгiн түзету үшiн, — дедi. Әлия мен Гауһар күлiп жiбердi.

Оның бұл жауабы құлағына түрпiдей тидi ме, тыжырынып сырт айналды.

Топ ортасынан бiр жiгiт дауыстады.

— Жiгiттер, қыздар! Бiзден басқа оқу орындары ҚазГУ-дiң, ҚазПИ-дiң, Азви-дiң, ЖенПИ-дiң студенттерi қайда? Олар неге шықпаған?

Тағы бiрi оны қоштады.

— Мұнда қарамызды көбейтпей аналарға дауысымыз жетпейдi. Қарап тұрғанша Фурманов көшесiмен түсiп, Абайды бойлап, Ленин даңғылымен ҚазПИ-ге, содан соң ЖенПИ-ге барып, студенттердi жинайық. — Олар ұсынысты мақұл көрiп, орындарынан қозғалды.

Шерушiлер ҚазПИ-дiң бас корпусының алдына жеткенде күн тау шыңдарынан едәуiр көтерiлген едi. Сәулесi шыңылтыр аязды сындыра алмады. Аяқ астындағы көбiк қар басқан сайын сықыр-сықыр етедi. Корпустың сыртқы үлкен есiктерiн жауып тастаған. Қалалық iшкi iстер бөлiмiнен оқу орындарының басшыларына сондай нұсқау берiлсе керек. Шерушiлер бас корпустың алдындағы Советтер көшесiнде тұрып бәрi бiр дауыспен: “ҚазПИ!.. ҚазПи!..” — деп айқайлады. Үйдiң жоғары қабатындағы әйдiк терезелердiң арғы жағынан студенттер сыртқы есiктiң жабықтығын меңзеп, шарасыздық танытуда. Ал жүректi жiгiттер екiншi қабаттағы терезелердi сындырып, жерге секiрiп-секiрiп түсiп жатыр. Iргедегi жатақхана жақтан бiр топ қыз-жiгiттер келiп қосылды. Сол кезде милиция жасақтары да сау ете қалды. Олар топқа килiгiп: “Расходитесь! Расходитесь!” — деп жекiре дауыстап, таратуға кiрiстi. Тыңдамаса күш көрсететiн сұрлары бар. Әкiреңдеп жiгiттердiң кеудесiнен итере бастады. Тiптi қодаңдаған бiрi бейтаныс жас қыздың желкесiнен түйгiштеп те жiбердi. Соны көрiп қалған Гүлнәр жүгiрiп келдi. “Ей, ты что, девушку бьешь?” — Аяғымен ыңқ еткiзiп бiр тептi. Анау жығылып барып жерге қолын тiреп қалды. Басындағы құлақшыны ұшып кеттi. Төрт, бес жiгiт жанына жетiп келдi.

— Гүлнәр, не болды?

— Мынадан есемiздi қайырдық. — Ол жерден құлақшынын алып жатқан милиционердi иегiмен меңзедi. Оларға әлгiндей қоқаңдаса, жiгiттердiң жұдырықтарының астында қалатынын сездi ме, милиционер он метрдей кейiн шегiнiп барып состиып тұрды. Басқалары да жастардың жүздерiнен лезде тебiндеген ашу-ызаның табын көрiп, сескенiп кейiн серпiлдi.

Олар Карл Маркс (қазiргi Қонаев) көшесiмен төмен түсiп, Гоголь көшесiне бұрылып, Қыздар педагогикалық институтына барды. Жатақхана жанында тұрып барлығы: “ЖенПИ!.. ЖенПИ!..” деп дауыстады. Сыртқы шығар есiк жабық болған соң қыздар терезелерден түсiп топқа қосылды. Шерулеген жастар Космоновттар көшесiмен Сәтбаевқа қарай беттедi. Сол кезде алдарына әскери “УАЗ” кесе көлденең тұра қалды. Кабинадан басына папақ, үстiне көгiлдiр шинел киген генерал шенiндегi кiсi түсiп, қолындағы дыбыс күшейткiш құралмен орысша, қазақша сөйледi. “Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттерi. Рұқсат етiлмеген шеруге шықпаңыздар. Оқу орындарыңызға, жатақханаларыңызға тараңыздар!” Ол қанша қайталаса да студенттер алған беттерiнен қайтпады. Виноградов көшесiндегi жатақхана тұсынан өтiп бара жатқанда Сәуле етiгiнiң өкшесi сынған аяғы iсiнiп, қатты аурып келе жатқанын Гүлнәрға айтып қалып қойды. Гүлнәр шерушiлермен бiрге сағат екiлер шамасында алаңға Сәтбаев көшесi жағынан кiрдi. Бұл кезде алаңға жастар толған екен. Қоршаған милициялардың саны да бұрынғысынан бiрнеше есеге көбейiптi. Бастарына каска киiп, қолдарына резина сойыл мен қалқан ұстағандары қаншама.

Аяздың ащы тiлi бет жүздерiн жалап тұр. Арқадан өткен суық тоңдыра бастады. Тұра-тұра аяқтары да талды. Бiр шөкелеп, бiр тұрды.

— Қыздар, осы уақытқа дейiн үндемей келдiк қой. Ендi айқайлап талаптарымызды айтып тұрайық. — Бiреу ұсыныс тастады. — Ал қане бастаңдар! Жастар бiр-бiрiне “сен баста, сен баста” деп даурығысып жатқанда, қасындағы курстас қыз:

— Гүлнәр, сен екi тiлге бiрдейсiң ғой. Дауысың да бiзге қарағанда ашық. Өзiң басташы — деп өтiндi. Ол тамағын кенедi.

— Әр ұлтқа өз көсемi! — Даусы қатты шықты. Алаңдағы иiн тiрескен жастар бiрден қолдап тұс-тұстан жабыла қайталағанда Колбин отырған Ақ үй теңселгендей болды. Бұл ұранды талап, жастарды жiгерлендiрiп, бозарған өңдерiне қан жүгiрттi. Өзiн өзгелердiң барынша қолдағанын көрген Гүлнәрдiң де тұла бойындағы қаны тасып, көңiлi алып ұшты. Әлгi курстасы тағы да қолқа салды.

— Гүлнәр, орысшасын да айт. Колбиннiң құты қашсын.

Ол iркiлген жоқ. Бiр қолын жоғары көтерiп, бар даусымен:

— Каждому народу своего вождя! — дедi. Жастар iлiп алып, жабыла қоштады. Ақ үйде Колбинге қалай жағынарларын бiлмей төңiректеп, құрақ ұшып жүрген жандайшаптар жерге қарады. Гүлнәр тамағы қарлыққанша жастардың қолдауымен ұранды талаптарды бiрнеше рет қайталады. Тұс-тұстан айқайлаған дауыстар естiлдi. Гүлнәрға жақын тұрған Әсия Мәлiмова:

— Қыздар, қыздар, қане Шәмшiнiң “Менiң Қазақстаным” әнiн шырқайық, — деп ұсыныс жасады. Сол-ақ екен қыздар: “Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы…” — деп әндете жөнелдi. Әнге жастардың бәрi қосылғанда, алаң үстi жаңғырып, Ақ үйде тықыршып отырған Колбиннiң берекетiн қашырды.

Бұл ән мансапқорлардың да жанына аяздай батты. Колбиннен қысылып тықыршып тұрғанда араларынан биiк трибунаға қырықтың үстiндегi бiр қазақ әйел жұлқынып шықты. Жанына ер кiсi келiп тұрды. Әйелдiң ашуына қарағанда комсомолдық билiк жағынан-ау. Микрофоннан бұйыра сөйледi. “Студенты, быстро расходитесь. Мы позвонили в ректорат. Расходитесь. Завтра все получите выговора”,— дегенi сол едi, жастар жан-жақтан ысқырып, сөзiн тыңдамай қойды. Айқай-шу басылған кезде ол үзiлген сөзiн жалғады. “Қазақтың қыздары, вы же будущие матеря. В такую зиму в капроновых колготках с утра стоите. А кто будет рожать? Кто будет Казахстан поднимать? — Алаңды тағы да ысқырық көмiп кеттi. Әйел сөзiн өткiзе алмаған соң қоқан-лоққыға көштi. — Товарищи комсорги, каждый забирает своих студентов. Кто не послушается, завтра отнимаются комсомольские билеты”. Ешкiм орындарынан қозғалған жоқ. Алаңның орта тұсынан бiр қыз: “Айқайлай бер, бiз тұра беремiз”, — деп дауыстады. Жұрт қиқулап ары қарай сөйлетпей қойды. Әйел трибунадан кеттi.

Жақын жерден бiреудiң: “Қыздар, Роза апайды қараңдар! Роза апайды қараңдар!”, — деп таңырқаған үнiн Гүлнәрдiң құлағы шалып қалды. Бағланова оның жанына жақын келiп кiдiрдi. Ашаң өңi жабырқау. Айнала қоршаған жастарға жанашыр көзбен шола қарады.

— Айналайын, шырақтарым! Күн ұзаққа тұрып тоңдыңдар. Ендi жатақханаларыңа қайтыңдар. Тарамасаңдар арты қиынға соғады. Қантөгiс болып кете ме деп қорқамын. Мен аналарыңдай адаммын. Қайтыңдар! — Үнi жалынышты шықты.

Әрiрек тұрған мұртты жiгiт:

— Роза апа, бiз қайтпаймыз! Дiнмұхамед Қонаев мына трибунаға шығып, мән-жайды өзi айтпайынша бiз қайтпаймыз, — дедi төңiрегiндегiлерге естiрте дауыстап.

— Дұрыс айтады, Қонаев жағдайды өз аузымен түсiндiрсiн. Сол кiсi тараңдар десе тараймыз! Қонаевтың өзi сөйлемей бiз алаңнан кетпеймiз. — Ат жақты жiгiт екпiндей сөйледi.

Гүлнәр иық тiрескен жастардың арасынан зорға сыналап өтiп Бағланованың қасына барды.

— Апай, неге олар Қонаевтың орнына бiз бiлмейтiн қайдағы бiр орысты қойды? Ел басқара алатын қазақтар жоқ па?

Бағланова торыққан үнмен:

— Әй қызым-ай! бұлар бiздiң еркiмiзге салып жатыр ма. Ондай азаматтар жоқ емес бар. Ана жақтың саясаты ғой бұл, — деп қабағын жоғары қарай кере қағып қойды.

Бiр шоғыр жiгiттер: “Қонаев!.. Қонаев!..” — деп дауыстағаны сол едi, өзгелер оны iлiп алып, алаңды тағы да жаңғыртты. Ал Қонаев трибунадан көрiнбедi.

Кеш түсе алаңға өрт сөндiретiн автомашиналар келдi. Жастарды мұздай сумен атқылап, алаңнан ығыстыра бастады. Судың жойқын соққысынан күнi бойы нәр сызбаған қыздар көк тайғақта табан тiреп тұра алмай бiрiнен соң бiрi сұлап жатты. Жiгiттер оларға мәрмәр сынықтарын лақтырып қарсыласты. Алаңның ана шетiмен мына шетiне қарай лықсыған жастарға сойылмен қаруланған милиция жасақтары және әскери училищенiң курсанттары тап бердi. Жастар жан сауғалауға мәжбүр болды. Гүлнәр қасындағы қыз-жiгiттермен алаңнан шығып, Байсейiтова көшесiне түстi. Үй-үйдiң арасымен жаяулап жатақханаға жеткенде сағат тiлi түнгi онды көрсетiп тұр екен. Аяздан үсiнген бетi домбығып iсiнген. Райхан мен Әлия да алаңнан жаңа ғана келiптi. Iлiп қойған пальтоларынан су сорғалайды. Төсегiнде оранып жатқан Райхан қарлыққан үнмен: “Гүлнәр, тамағым iсiп кеттi. Ауырып қалдым. “Жедел жәрдем” шақырттым”, — дедi. Сәуле ыстық шай дайындап, бойларын жылытты. Жан шақырып, естерiн жинаған қыздар пiкiрталасқа көштi: “Алаңға шыққанымыз дұрыс па, бұрыс па?” -Тартыс осы сұрақ төңiрегiнде өрбiдi. Көршi бөлменiң қыздары да келiп, өз ойларын ортаға салды. Кереғар пiкiрлер айтылып жатты. Бағанадан үнсiз жатқан Райханның шыдамы таусылды ма, орнынан атып тұрып, орындықтың үстiне шығып қолын сiлтей сөйлесiн бiр.

— Бiздiкi неге дұрыс емес?! Бiздiкi дұрыс! Неге алаңға студенттер ғана шығады? Интеллигенттер қайда? — Сол сәтте есiк шалқалай ашылып, ақ халатты ет-жеңдi әйел кiрiп келдi.

— Кто скорую вызывал?

Райхан сасқалақтап, жоғары көтерген қолын түсiре қойды.

— Гүлнәр, менiң орныма сен жата салшы, — дедi бұрылып.

— Я. — Ол төсекке жантая кеттi.

Дәрiгер тамағын көрiп, ыстығын өлшеп, ине шаншыды. Есiктен шыққан бойда қыздар ду күлдi.

Таңертең есiктi бiреу сындырардай тарсылдатты.

— Байбосынова аш! — Комендант Хапизаның өктем үнi естiлдi. Ол төсектен тұрып, есiктiң кiлтiн керi бұрады. Iшке енген Хапиза оларды ала көзiмен атып:

— Деканаттан телефон соқты. Ешкiмдi де сыртқа шығармаңыз дедi. Бүгiн қыбыр етпей бөлмелерiңде жатыңдар. Ал алаңға ұрланып кетiп қалсаңдар жандарыңды шығарамын, — дедi зекiп.

Хапиза кетiсiмен Гүлнәр мен Сәуле тез киiнiп, терезенi ашты. Бiрiнiң соңынан бiрi жерге қарғып түсiп, алаңға қарай жеделдете басты. Көк аяз кешегiден бетер қағынып тұр. Олар жолай дүкеннен кептiрiлген нан сатып алды. Екеуi таңертеңгi сағат тоғызда Сәтбаев жағынан алаңға беттеп бара жатқан қалың топқа қосылды. Мұздай қаруланған солдаттар алаңды қоршап тұр. Топ соларға жете бере iркiлдi. Қыздар педигогика институтының студенттерi: “Жiгiттер, сендер арт жаққа тұрыңдар. Бiз бастап көрейiк. Солдаттар қол көтере қоймас” — деп қыздар алға шықты. Бекер сенiптi. Солдаттар оларды резина сойылдары мен сапер күректерiнiң астына алды. Шырқыраған қыздардың жан дауысынан құлақ тұнды. Айқасқа жiгiттер кiрiсiп, қоршауды бұзып, алаңға кiрдi. Естерiн жиған солдаттар алаңды қайта жапты. Осындай жан түршiктiретiн көрiнiс алаңның тұс-тұсынан күн ұзаққа қайталанумен болды. Түске жақын алаң жастарға толды. Шашау шыққандарын милиция мен солдаттар соққыға жығып, арнайы автокөлiктерге қамап жатыр. Гүлнәр анадай жердегi студенттер қоршауында тұрған ұстаздары Әзiрбайжан Мәмбетов пен Тұңғышбай Жаманқұловты көрдi. Алайда дабыр-дұбырдан сөздерiн ести алмады.

Күн көкжиекке таянғанда алаңға әскери техникалар мен қабаған иттер әкелiндi. Қас қарайғанда қуатты жарықтың ерсiлi-қарсылы жүгiрген ұзын сәулесiмен , сиренаның ащы үнiмен қанды қырғын басталды. Жастар жан сауғалап қашты. Гүлнәр мен Сәуле бөлiнген бiр топпен алаңның су бұрқақтары атқылайтын тұсқа қарай жан ұшыра жүгiрдi.Оларға тағы бiр топ қосылып, бiр-бiрiнен көз жазып қалды. Сол жерде Сәуле қуғыншылардың қолына түстi. Гүлнәр тас баспалдақтармен төменге қарай жүгiрдi. Ойы “Қымызхана” жанындағы үйлерге жетiп, соңына түскен солдаттарды адастырып кету. Баспалдақтардың астыңғы жағындағы алаңда бiрнеше “ППМ” автокөлiктерi тұр екен. Соларды маңайлай жүгiрiп бара жатып, қатты шыңғырған қыздың дауысын есiтiп кiлт тоқтады. Автокөлiктердiң жанында үш солдат бiр қызды тепкiлеп жатыр. “Что вы делаете? Отпустите ее!” — Жетiп барып қызға араша түстi. Солдаттар екеуiн де сүйреп, жабық автокөлiкке тықты. Iшiнде сыңар көзi қанталап iскен бiр жiгiттен басқасы кiлең қыздар. Сырт киiмдерi жыртылған, шаштары ұйпа-тұйпа.

Екi милиция Сәуленiң қолдарын артына қайырып, дедектете жүгiртiп алаңды кесiп өтiп, Ақ үй жаққа алып барды. Орыс әйелi миығынан мырс еттi. “Алаңға шығып талап қойғышын бұлардың. Ал шықтың… Таяқ жегеннен басқа не таптың?” Сөз қайтарса милициялардың соққыға жығары хақ. Тiлiн тiстеп, өзiн-өзi әзер тежедi. “Бетiңе түкiрер ме едi”. Өзiндей ұсталғандарды үстi жабық автокөлiктерге тоғытуда. “Мыналар менi де көлiктерiне салып алып кететiн болды-ау”. Сәтi мұндай түсер ме. Жанынан өтiп бара жатқан шенi жоғары қазақ милиционерге: “Ағай, мына екеуi менi алаңның шетiнде жәй қарап тұрғанымда ұстап әкелдi”, — дедi. Офицер сөзiне сендi ме, әлде аяды ма екi милицияға оны алаңның арғы жағына шығарып салуды тапсырды. Екеуiнiң ортасында еркiн келе жатқанын көрген жасақшылар милиционерлердi қайрады. “Сендер мұны неге салтанатпен алып барасыңдар. Бiзге салса теуiп-теуiп тастар едiк”. — Кеңк-кеңк күлдi. Сәуленiң ойында Гүлнәр. “Ол қайда жүр екен? Қуғыншылардан құтылып кеттi ме екен. Әлде алаңның бiр жерiнде қалып қойды ма?” Олар алаңды “Мир” (қазiргi “Желтоқсан”) көшесi жағынан қиып өттi. “Ары қарай өзiң кете бер” — деп милиционерлер керi бұрылды. Ол алаңдағы әлгi өзi ұсталған жерден бiр топ жастардың қарасын көрдi. “Гүлнәр солардың арасында болар”. Солай қарай беттедi. Он, он бес метрдей жүргенi сол едi, әлгi милицияның бiрi соңынан жүгiрiп келiп, қолындағы резина сойылымен бастан қатты соқты. Басы қақ айырылғандай, көз алдында дүние шыр айналып, омақаса құлады. Есi кiрген сәтте көргенi екеуiнiң өзiн боқтық сөздермен балағаттап, тепкiлеп жатқаны болды. Өмiрiнде мұндай қорланбап едi. Басы тағы да зеңгiп кеттi. Есiн жиса алаңның шетiнде жатыр екен. Езiлiп, жаншылған денесiн жерден зорға көтердi. “Жатақхана осы тұста-ау” — деп тәлтiректей қадам басты.

“ППМ” автокөлiгi қаладан шығып көп жүрдi. Қаскелеңнен ұзап барып, жолдың оң жақ қапталына бұрылды. Тағы да едәуiр уақыт жолсызбен теңселе жүрiп, ашық алаңға тоқтады. Бес алты қарулы солдат оларды көлiктен айқайлап, жұлқылап, желкелеп түсiрдi. Қалың қардың үстiне бiр жiгiт пен жиырма бес қызды қатар тұрғызды. Еңгезердей денелiсi командир болса керек. Оң қолындағы сойылын сол қолының алақанына соққылап тұрып, жуан дауысымен гүж еттi.

— Декабристы, по моей команде будете делать приседания. Всем ясно? — Олар тiл қатқан жоқ. — Молчание знак согласия.

Ол саптың орта тұсына барып.

— Садись! — деп саңқ еттi. Барлығы отырды. — “Встать!” — Барлығы қайта тұрды. Анау бұйрығын жылдамдата түстi. Қыздар бастапқыда тез отырып тұрғандарымен кейiн бұйрыққа iлесуден қалды. Бiрi сылқ етiп отырса, екiншiсi сүйретiлiп тұрып жатты. Саптың шет жағындағы Гүлнәрдiң мұндай қорлыққа көнгiсi келмедi. Еш қимылсыз тiкесiнен тұра бердi. Бақылаушы солдаттардың бiрi ентелеп келiп:

— Почему команду не выполняем? — дедi ақырып.

— Больше я не могу, — дедi ол.

— Можешь! Еще как можешь! — Қолындағы сойылымен аяғын сарт еткiздi. Тiзелiк буынынан жан кеткендей сылқ ете қалды. Қайта тұрайын десе соққы тиген аяғы түйiлiп мұрша бермедi. Бұл кезде басқа қыздар да тұрудан қалған. Үстерiндегi жұқа пальтолары мен капрон колготкилерi аяз iсiндiрген қардың ызғарына тосқауыл бола алмады. Солдаттар көлiкке мiнiп қайтып кеттi. Аздан соң олар да орындарынан тұрып, бiрiн бiрi сүйеп, көлiктiң тапталған iзiн қуалай жүрiп, үлкен жолға шықты. Аяз бар ашуына мiнген. Ентiгiп дем алған сайын, көкiректерiн удай ашытуда.

Айнала қараңғылық құшағында. Олар сүрiнiп-қабынып жүрiп келедi. Тоңып қалтырағандары соншалық тiстерi дамылсыз сақылдады. Қаскелеңге жақындағанда ғана ай туды. Қалаға бет алған шағын автобусқа бәрi қолдарын көтерiп тоқтатты. Жүргiзушiсi шалдау орыс екен. Қайырымдылық жасап қалаға дейiн жеткiзiп салды. Гүлнәр таңғы бесте жатақхана есiгiн ашты. Сәуле оның суықтан көгерген бет жүзiн, бүгiлiп қарысқан саусақтарын көргенде, шошығаны соншалық жанына батқан өз ауруын ұмытып та кеттi. Шешiндiрiп жылы төсекке жатқызды. Таңертең “Жедел жәрдем” шақыртты. №12 орталық ауруханаға түстi. Емдеушi дәрiгер әйелге алаңда болғанын жасырған жоқ. Бүкiл iшкi құрылысы ауратынын айтты. Барлық анализдерiмен танысқан дәрiгер басын шайқады. “Қызым, саған қатты суық өткен. Кейiн құрсақ көтере аласың ба, алмайсың ба оған көзiм жетпейдi. Бәрi бiлiктi дәрiгерге байланысты” — Үнiнде жанашырлық бар.

Екi күннен соң Қызылордадағы анасы Хадиша келдi. Ұшақ Алматыға түнде қонды. Таксиге мiнiп, Гүлнәрдiң жатақханасына тартты. Қызын көрiп, мауқын басқанша жаны жай табар емес. Комендант Хапиза қанша өтiнсе де есiктi ашпады. Арғы жағынан дүрсе қоя бердi. “Бәрiн бүлдiрген сенiң қызың. Студенттердi алаңға алып шыққан сол. Ендi қызыңды ауруханадан iзде”. Хапиза неткен қатыгез едi. Алыс жолдан көңiлi жүдеп-жадап келгенде iшке кiргiзiп, Сәулеге жолықтырса болар едi ғой. Амал жоқ ағайынның үйiне барды. Ертеңiне Гүлнәрдiң мүшкiл қалiн көрiп, ет-жүрегi езiлдi. Бiр жағы қызының алаңдағы қанды сойқаннан аман қалғанына тәуба еттi. Гүлнәр төсектен басын көтерiп, тәуiр бола бастаған кезде Қызылордаға қайтты. Күйеуi Кеңеске қызынан есiтiп, бiлгендерiн баяндады. “Бас жарылса бөрiк iшiнде”. Бұл жайды өздерiнен басқа ешкiм де бiлген жоқ.

Гүлнәр мен Сәуле қысқы демалыстарын туған жерлерiнде өткiзiп қайтты. Институттың үлкен залында жалпы жиналыс болды. Давыдов секiлдi орыс бөлiмiнiң оқытушылары алаңға шыққан студенттердiң жер-жебiрiне жетiп жатқан. Асқар Тоқпановтың есiктен кiрiп келе жатқанын көргенде, ауыздарына құм құйылды. Ол зор дауысымен екпiндетiп: “Хан емессiң, қасқырсың, Қас албасты басқа ұрсын, Хан емессiң ылаңсың, Айыр құйрық шаянсың, — дей сахнаға көтерiлiп, мiнберге бiр-ақ барды. Давыдовтар отырған сахына төрiне бұрыла қарады. — Горбачев жауыз қазақ жастарының қанына шомылды. Мына отырған сендер қалай соған көздерiңдi жұмып қарайсыздар?”. Тiс жарған бiрi болмады. Тоқпановтың өткiр көздерiне тiке қарауға дәттерi бармай, бастарын төмен салды. Әлгiнде ғана ұнжырғасы түскен студенттер қайта серпiлдi.

Қаңтар айының соңғы күнi. Гүлнәр мен Сәуле таңертең аялдамада №43 бағытында жүретiн автобусты күтiп тұрған. Аласа бойлы, ашаң өңдi бiреу қастарына жақындап, қайта-қайта көз тастады. Содан секем алған Гүлнәр оның қолынан тартып: “Сәуле, сабақтан қалып қоярмыз, таксимен кете берейiкшi”, — дедi. Тоқтаған такси жүргiзушiсiне институт тұрған көшенi айтып, артқы орындыққа жайғасқандары сол едi, анау да алдыңғы орындыққа еш сұраусыз отыра кеттi. Қалтасынан құжатын шығарып, жүргiзушiге көрсеттi. Тергеушi екен. “Виноградова — Масанчи. — Басымен қыздарды меңзеп. — А эти девушки поедут со мной”, — дедi. Жүргiзушi аң-таң. “А что эти девушки натворили? Вроде они маленькие”, — Екеуiне аңтарыла қарады. Анау мырс еттi. “Эти маленькие на площади как слоны кричали. Устраивали массовые беспорядки”.

Такси “Целинный” кинотеатрының жанындағы Iшкi iстер бөлiмiнiң алдына тоқтады. Екеуiн екi бөлек камераға қамады. Сәуле тергеушiге: “Бiздiң жазығымыз не?” — дедi. Тергеушi: “Сен құрбың екеуiң қой бастаған ешкi сияқты бәрiн бүлдiрдiңдер. Сендердi соттау аз, ату керек”, — дедi жекiп. Олар сонда кешкi сағат жетiге дейiн отырды. Неше түрлi қорқынышты ойлар жандарын жедi. Әлден соң бағанағы тергеушi келiп, Гүлнәрдi екiншi қабаттағы бiр бөлмеге кiргiздi. Төр жақтағы стол басында майор шенiндегi мұртты қазақ кiсi отыр. Алдындағы ұзын стол үстiнде фотосуреттер. Алаңдағы Сәуле екеуiнiң суреттерi де бар. Қапталдағы тiзiлген орындықтың бiрiне қара елтiре плаш киген, басында ушанка құлақшыны бар еуропалық нәсiлдi бiреу жайғасыпты. Ол Гүлнәрға кекесiнмен жымиды. “О, кого нам привели. Сама Маншук Маметова пришла”. Мұртты майор өзiн және жанындағыны таныстырды. Оның Көбеген деген аты ғана жадында қалыпты. Қасындағы Мәскеуден келген тергеушi екен.

Мәскеулiк тергеушi түсiн бiрден суытып:

— Ну что Байбосынова, рассказывай. Почему ты вышла против русских? Против Колбина? — дедi.

— Все вышли и я вышла.

— Кто организатор? Кто провокатор! Говори всех по именам.

— Нам никто не говорил. Сами вышли.

Тергеушiнiң төзiмi таусылып, орнынан ыршып тұрды да, Гүлнәрға төнiп ақырып жiбердi.

— А что ты против русских имеешь? Бесплатно учишься, бесплатно живешь в общежитии, бесплатно лечишься.

Гүлнәр кiбiртiктеп:

— Я не знаю, все вышли и я вышла, — дедi.

Тергеушi күректей қолын құлаштап, оң жақ құлағынан тарс еткiздi. Ол қатты соққыдан ұшып түстi. Құлағы зыңылдап, көздерi қарауытып кеттi. Есiк көзiнде тұрған тергеушi қолтығынан көтерiп орындыққа қайта отырғызды.

— Почему вы меня бьете? Меня даже папа не бьет. — Гүлнәр қорланып жылап жiбердi. Майор Көбеген:

— Ну зачем… Она еще ребенок. Она даже политически не подготовлена. Она не против Колбина, не против русских. Просто ребенок же. На занятие чтобы не пойти, чисто студенческая психология, — дедi. Мәскеулiк тергеушi оның алдына қағазбен қалам қойды да кiжiнiп:

— Пиши, кто вам сказал выходить. Преподавателей пиши, декана пиши. Всех поименно пиши, — деп кiдiрдi де папкасын жартылай ашып, бiрнеше толтырылған қағаздарды көрсеттi. — Тебя твои сокурсники сдали. Вот Курмангазы про тебя написал. Аманбай тоже про тебя написал. Жумашев тоже написал. Ты, оказывается, по комнатам ходила и всех агитировала. А что ты на площади больше всех кричала? Больше всех надо да тебе? Пиши!”

Жан алатын Әзiрейiлдей ақырған тергеушiде қырық қатпар қулық барын қайдан бiлсiн. Құтырған иттей арпылдап, есiн шығарды. Гүлнәрдiң сенбеске лажы қалмаған секiлдi. “Шынымен-ақ жiгiттердiң менi сатқаны ма?..” Iшiне шоқ түскендей тұла бойы күйiп-жанып барады. “Ертең олар менiң көзiме қалай қарайды? Қайтсем екен?!” Шын қиналған жерi осы болды. Сол сәттек бiр қуатты тылсым күш үрiккен жүрегiн жiгерлендiрiп жiбердi. “Жоқ, олар сатса да, мен сата алмаймын. Оған арым жiбермейдi”. Ол жүрек әмiрiне жүгiнiп, ақ қағаз бетiне өз ойын түсiрдi. Алаңға ешкiмнiң үгiттеуiнсiз өзiнiң еркiмен шыққанын, жұртпен бiрге айқайлап, “Менiң Қазақстаным” әнiн шырқағанын, жастардың қуғын-сүргiнге ұшырағанын тiзiп жазды. Тергеушi көз жүгiрттi. Қанын iшiне тартып, сұрланып тұрды да жанындағы сыбайласына “Алып кет” — дедi.

Бұл кезде камерада Сәуледен бағанағы тергеушi жауап алып жатқан.

— Алаңға неге шықтыңдар?

— Егер сiз бiздiң орнымызда, бiздiң кiрiптар жағдайымызда болсаңыз, сiз де алаңға атойлап шығар едiңiз.

— Жап аузыңды! Мен сендер сияқты ақымақ емеспiн. Көр де тұр. Сендердi соттатып, түрмеде шiрiтемiз. Оны аз десең отбастарыңмен тоздырып жiберемiз. Әкелерiң партия мүшесi болса, ендi қызыл билеттерiмен қоштаса берсiн. Сонда бәрiне кiнәлi сендер болып шығасыңдар.

Тергеушiнiң жыландай ысылдап: “отбастарыңмен тоздырып жiберемiз” дегенi құлағынан ызыңдап кетпей қойды. “Пәленшенiң қызы үй-iшiнiң түбiне жетiптi” деген сөзге қалғаным ба. Олардың не жазығы бар едi?” — Осы бiр қорқынышты ойлар ұйығына тартып, басын шыр айналдырды.

Анау оны екiншi қабаттағы мәскеулiк тергеушiге алып барды. Сәуле есiктен кiрген бойда тергеушi ақ тiстерiн ақсита ыржиып: “О, кто к нам пожаловал?! Сама Әлия Молдагулова пришла!”, — дедi де лезде ашулы арыстанның кейпiне түсiп, ақырып жауап астына алды. Әлгiнде ғана Гүлнәрға қойған сұрақтарын үстiн-үстiне төпелеп, тез жауап беруiн талап еттi. Жан алатындай сұрынан шошыды. Кең ашылған аузына асап жiберердей төнiп келiп: “Говори!.. Все говори!… Поименно говори!.. Кто сказал “выходить”? Кто организатор?” — деп арс-арс еттi. Оның ащы айқайынан шақшадай басы шарадай болған Сәуле қос қолымен басын қорғаштай құлақтарын тарс жапты. “Мен ештеңе де бiлмеймiн” — Шырқыраған жан дауысынан тергеушi кейiн шегiндi. Көз алды тұманданып, тергеушiнiң серейген тұрқы бұлдырап көрiндi. Мән-мағынасыз тiршiлiкте жүргендей жан дүниесi құлазыды. Тергеушi елтiрi ұзын плащының түймелерiн салып: “На сегодня все. Пусть они идут в общежитие. Завтра продолжим”, — дедi қатқыл үнмен.

Жүйкелерi тозып, құр сүлделерi сүйретiлiп шыққан қыздардың сiркелерi су көтермедi. Жатақханаға жеткен бойда төсектерiне құлай кеттi.

Жығылғанға жұдырықтың көкесi әлi алда екен. Ертеңiне институтта комсомол жиналысы болды. Комсомол комитетi хатшыларының бiрi Светаның көтерiлiске қатысқандарға, әсiресе Гүлнәр мен Сәулеге аузына келгенiн айтты. Сөзiнiң соңында ол: “Байбосынова, Ешенкулова, вы не достойны быть комсомольцами. Вы первые ходили и кричали на площади. Вон из комсомола! Сдать свои билеты!” — деп жұлқынды. Жиналыстан шыққан соң Гүлнәр көз жасына ерiк бердi. “Бәрi де бiттi. Ендi мен ешкiм емеспiн. Өмiрiме өшпейтiн дақ салдым”. Жан дүниесiндегi ең асылын жоғалтқандай. Өксiгiн көпке дейiн баса алмады. Сәуледе қан сөл жоқ. Бойындағы барын суық қолды бiреу түк қалдырмай тонап кеткендей қатты күйзелдi. “Ендi мен кiммiн? Келешегiме балта шабылғаны ма?” Өз ойымен өзi алысып, күн ұзаққа сенделумен жүрдi.

Ел жата есiк тарсылдады. “Байбосынова, Ешенкулова на выход”. Қыздар төсектерiнен тұрып киiндi. Сыртта екi милиционер көлiк жанында күтiп тұр екен.

Мәскеулiк тергеушi тағы да кешегi гөй-гөйiне басты. Ақырған, жекiрген аузынан ақ ит кiрiп, көк ит шықты. Сұрайтыны да кешегi. Қыздардың жауабы да сол болды. Тергеушi оларға жын-зәһарын төгiп жатқанда телефон безек қақты. Майор Көбеген тұтқаны құлағына тосты да: “Товарищ майор, это вам”, — деп ұсынды. Ол арғы жағынан әлдекiмнiң самбырлаған дауысын тыңдап алды да “Сейчас я у вас буду”, — деп тез жиналып шығып кеттi.

Майор Көбеген:

— Қыздар, сендер өте қауiптi жағдайда тұрсыңдар. Мына алаңда тұрған фотосуреттерiң сендердi соттатуға жетiп жатыр. Гүлнәр сен қазiр он тоғыздасың. Сәуле сен жиырма үштесiң. Түрмеден шыққанда бiрiң жиырма бес, бiрiң жиырма тоғызға толасыңдар. Ал түрме демалыс орны емес. Жан азабын тартатын жер. Бүкiл болашақтарың сызылады, — дедi жаймен.

— Аға, шынымен-ақ бiздi соттай ма? — Гүлнәр көзiне жас алды.

— Сотталудан басқа жол жоқ па, аға? — Сәуледе рең қалмады.

— Екi жазалау жоқ, қыздар. Не институттан шығасыңдар, не сотталасыңдар. Сендерге екiнiң бiрiн таңдауға тура келедi.

Гүлнәр мен Сәуле үнсiз. Көбеген сөзiн жалғады.

— Менiңше, алдыңғысын таңдағандарың жөн. Соны мақұл көрсеңдер ертең институтқа барып, алаңдағы жаппай тәртiпсiздiкке қатысқандарыңды, соған байланысты комсомол қатарынан және о

Серіктес жаңалықтары