Жыл соңына дейін 1000 әскери қызметкер баспаналы болады
Жыл соңына дейін 1000 әскери қызметкер баспаналы болады
2015 жылы жоспарланған тұрғын үй құрылысының бүгінгі күнге дейін 60% аяқталды. Қазіргі кезде барлық объектілерде ішкі жөндеу жұмыстары мен оған тиесілі аумақтарды абаттандыру жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде ақталса, алты айдан соң Қазақстан Қарулы күштерінде қызмет ететін 1000 адам өз отбасымен жаңа пәтерге көшпек. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда Астана, Алматы қалаларында, Гвардейск әскери қалашығында, сондай-ақ Сарыөзек, Б. Момышұлы, Отар және Арнасай ауылдарында әскери қызметкерлерге арналған жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Жоспардағы 1000 тұрғын үйдің жалпы аумағы 70 459, 7 шаршы метрді құрайды. Биылғы жылы барлығы 92 580 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй алаңын тұрғызу, жөндеу және тапсыру көзделген. Оның аясында Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Талдықорған, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Павлодар, Қостанай, Жаркент, Теміртау және Аягөз қалаларында,сондай-ақ Гвардейск, Сарыөзек, Б.Момышұлы, Отар, Арнасай және Ақмол ауылдарындағы 1 320 әскери азамат қызметін өтеп жүрген аймақтан баспана алып, өз отбасымен бірге жайлы тұрғын үйге қоныстанбақ.