МҰНДАЙ СҰМДЫҚТЫ КIМ КӨРГЕН!

МҰНДАЙ СҰМДЫҚТЫ КIМ КӨРГЕН!

МҰНДАЙ СҰМДЫҚТЫ КIМ КӨРГЕН!
ашық дереккөзі
348

Естiмеген елде көп. Нарықтың заңы ма, әлде, жоқ-жiтiктiң салдары ма, кiм бiлсiн, соңғы кездерi адам баласы естiмеген түрлi сұмдықтарды көзбен көретiн де, құлақпен еститiн де болдық. Мұның бәрiне кiнәлi адам ба, әлде қоғам ба?! Қалай десек те, кiнәнiң бәрiн қоғамға арта алмайтынымыз анық.

Күнделiктi естiп жүрген сұмдығыңыздың бәрiн қоғам емес, оны қолдан жасап отырған адамдардың өздерi сияқты көрiнедi бiзге. Адамның қолынан жасалмағанда, не? Күнi кеше ғана қабiрге салынған мәйiттi қолымызбен қайта шығарып тастаған жоқпыз ба? Тiптi күнi кеше ғана қолымыздағы мол дәулетiмiзге сенiп, зираттың бәрiн сырғызып тастаған жоқпыз ба? Мұның бәрi қиянат емей немене?

“Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын” деген екен хакiм Абай. Мүмкiн, қарны тоқтықтан секiргендерге қабiр қазудан басқа жұмыс қалмаған шығар. “Бiреу тойып, бiреу тоңып секiредi” деген сол шығар, ақшасы тасыған бiреу бабасының басын қарайтамын деп, айналасындағы зираттардың бәрiн сырғызып тастапты. Бабасының қабiрiне зәулiм “коттедж” тұрғызғысы келген шығар, кiм бiлсiн?! Қазiр қазақ үй салудан да, зират көркейтуден де жарысқа түсетiн болып алды ғой. Сенбесеңiз, өзiңiз барып, зираттарды аралап көруiңiзге болады. Небiр асыл тастардан өрiлген зираттардың бойы көкпен таласа тiресiп тұр. Бұл не, сән-салтанат па? “Өлi разы болмай, тiрi байымайды” дегендi ұстанғандар зират салуды мансұқ етiп алды. Естуiмiзше, әруақ құранға ғана тоймаушы ма едi. Зират салып, таласқанша әруаққа құран бағыштап, жетiм мен жесiрдiң маңдайынан неге сипамайды екен, асқан мен тасқандар.

Әнебiр жылдары жер сатылу туралы әңгiме басталған кезде көрнектi жазушы ағаларымыздың бiрi: “Ойпырмай, күнi ертең сүйегiмiздi жерлейтiн жер таба алмай қалмасақ жарар едi” деген едi. Соның айтқаны бүгiн дәл келдi. Сүйегiн бiреудiң жерiне жерлегенi үшiн мәйiттi шығарып тастады. Нарықтың заңы деген осы… Өзiңе тиесiлi үлестi ешкiмге беруге құқығың жоқ. Өйткенi, ол сенiң жерiң, сенiң мүлкiң… Әрине, дүние-мүлiктi ешкiм о дүниеге алып кете алмайтын шығар, бiрақ өзiңнiң жерiңе өзгенiң сүйегiн қалдыруға болмайды.

Әй, қайдам мұндай сұмдық капиталистiк қоғамда да кездеспеген шығар. Оларда мәйiттi қайта қазбаған шығар, ә… Сұмдық емей немене, Алматы облысына қарасты, Жамбыл ауданының “Ұзынағаш” ауылындағы зиратқа жерленген Бибрава Аманшаеваның денесiн жерлеп қойғаннан кейiн, жергiлiктi халық қайта қаздыртқан.

“31-арнаның” айтуына қарағанда, оралман келiншектiң мәйiтiн қаздыртуға себепкер болған жергiлiктi тұрғындар екен. Олар қорқытып-үркiтiп, марқұмның туысқандарына мәйiттi қайта қаздыртады. Ауыл имамы “көрдi қайта қазу – үлкен күнә” десе де, амалсыздан ауыл адамдарының сөзiне көнiптi. Бiрақ осы оқиғадан кейiн екi күннен соң, имам жан тәсiлiм етiптi. Сәйкестiк пе, әлде дәм-тұзы таусылды ма екен, әйтеуiр ауыл адамдары имамның өлiмiн де сан-саққа жүгiртуде. Өмiрден өткен жан оралман ба, әлде ауылдан көшiп келген ағайындардың бiрi ме, мәселе онда емес. Ең бастысы, адамдардың бойынан адамгершiлiктiң, ар-ұяттың, имамның кеткендiгi. Егер адам бойында кiшкентай болса адамдықтың сәулесi болса, естiсе адам жаны түршiгетiн мұндай сұмдыққа жол бермес едi ғой. Жүректердi шошытқан осынау хабардан кейiн, бiз дiн жолында жүрген азаматтардан осы оқиға төңiрегiнде ой бөлiскенiн қалап едiк. Әуелi хабарласқанымыз – Дiни басқарманың баспасөз өкiлi Оңғар қажы Өмiрбек болды.

– Оңғар аға, “Ұзынағаштағы” екi метр жердiң дауынан хабардар шығарсыз?

– Хабарымыз бар. Жалпы, зират белгiлi бiр жағдайда ғана қайта ашылады.

– Оның өзiнде белгiлi бiр келiсiмдер болу керек шығар.

– Әрине. Оның iшiнде адамның сүйегi құбылаға қарай жатқызылмай қалса…Онан кейiн, қабiрдiң iшiнде бiр заттар, өмiрге қажеттi дүниелер қалып қойған жағдайда… Онан кейiн зираттың үстiнен су, өзен, канал басып кетсе немесе жол салынатын болған жағдайда ғана қайта ашылып, басқа жерге ауыстырылады. “Жер менiкi” дегеннiң бәрi ақылға сыймайды. Шариғаттың заңына да келмейдi. Оны адамгершiлiк деп те айтуға болмайды.

– Дәл осындай оқиға бұрын-соңды болған ба?

– Дәл осындай оқиғаны естiмеген екенбiз. Бiреудiң жерi болса, сатып алынған жерi болса, бiреудiң жерiне жерлеуге болмайтын шығар. Бiрақ оны жерлеу бюросынан бiлуi керек едi.

– Естуiмiзше, жергiлiктi билiк “ешкiм жер сатып ала алмайды. Ол жер сол жерлеуге берiлген орын” деп айтады.

– Онда белгiлi бiр адамдардың, бiр рудың ол жердi иемденуге қақысы жоқ.

– Жалпы, алдын-ала зираттың жерiн белгiлеп алу дұрыс деп ойлайсыз ба?

– 2 метр немесе 5 метр жердi сатып алып қоятындар болады. Бiрақ, сол белгiлеп алған жерден артық жердi пайдалануға болмайды. Соның аясынан шығуға болмайды. Оның маңында басқа адамның сүйегi жатыр. Оны қалай қазып тастайды. Осы жағын ескеруiмiз керек. Пайғамбарымыздың хадисi бар. Онда айтылған зиратты басқан – адамның өзiн басқанмен бiрдей. Көрдiңiз бе, зиратты басудың өзi осындай, ал сүйегiн лақтырып тастау, бұл сұмдықтың сұмдығы.

– Жалпы, мұндай жағдайлар заңмен қудалану керек деп ойлайсыз ба?

– Шариғатты ұстанатын ислам елi емеспiз. Исламды қатты тұтынған елдерде мұндай жағдайлар шариғаттың заңымен қудаланады. Бiзде Ата заңымыз бар, басқа да заңымыз бар. Соларға сүйенедi. Ал исламды ұстанғандар ненiң күнә, ненiң күнә емес екенiн жақсы бiледi. Бiздiң дiни басқармамыздың заңдық тұрғыда күшiмiз жоқ. Мұны әрбiр мұсылман өзi сезiнiп, құдайдан қорқуы тиiс. Әрбiр адам ертеңгi күнiн ойлауы керек, ертеңгi өсiп-өнуiн ойлауы керек. Бiреуге қиянат етуi болмайды. Бiреуге кiшкентай болса да жамандық тiлесiң, оның да азабы болады. Бiреуге мысқалдай жақсылық жасасаң оның да жақсылығын көресiң. Осыны әрбiр адам ескеруi тиiс. Бәрiнiң де ертең баратыны алақандай жер.

Марат қажы:

– Бұл оқиғаны естiгендi жанымыз түршiктi. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерiнде де бiреуге қиянат жасама, бiреудiң көз жасына қалма деп айтпаушы ма едi. Қабiрдi қайта қазу деген адам естiмеген сұмдық. Адамнан иман кете бастады ма, әйтеуiр соңғы кездерi бұрын естiмеген түрлi сұмдықтарды еститiн болдық қой. Бәрiне төрелiк жасайтын Алла тағаланың өзi. Алладан қорықпағандардың жасаған әрекетi ғой бұл. Бәрiмiздiң де баратынымыз сол қара топырақ емес пе? Ендеше неге қара топыраққа таласады екенбiз?!

P.S. “Мелшиген меңiреу қабiрлер. Олар да әр басқа. Бiрiнiң күмбезi күнге шағылысады, екiншiсi аласа жай күмбез, үшiншi бiреудiкi кесек қорған, төртiншi бiреудiң қабiрi жай төмпек қана. Ендi бiр бейшаралардың қабiрi ортасына омырылып, сiңiрейiп тұр. Кiм бiледi, бiр заманда ол анау күмбездi зираттан да сәулеттi болған шығар. Бiрақ оған ендi ешкiм сенбейдi, өткен iстiң бәрi өтiрiк, бәрi жалған”. (Дулат Исабековтiң “Сүйекшi” повесiнен үзiндi.) Осы бiр повестi оқыған кезде сүйекшiнiң өмiрi туралы оқып ағыл-тегiл жылағаным бар. Ғұмыры көр қазумен өткен бейшараның ерiккеннен қабiр қазып жүрмегенiн сезсек те, осы бiр аты жаман кәсiптi иемденген жанның бар наласы тағдырына едi ғой. Ал, бүгiнгi күнi айдың-күннiң аманында қабiр қазып, сүйектi қайта шығару сұмдықтың сұмдығы емес пе?

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары