ҚАЗАҚ-ВЕНГР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

ҚАЗАҚ-ВЕНГР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

ҚАЗАҚ-ВЕНГР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
ашық дереккөзі
379

Қазақстан мен Венгря арасындағы сауда айналымы биыл 300 млн. долларға жеткен. Дипломатиялық, мәдени және экономикалық қатынастар тұрақты. Серiктестiкке құралған екiжақты қарым-қатынас белсендi түрде жүргiзiлiп келедi.

2008 жылдың 20 маусымда Будапешт қаласында Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Б.Сұлтанов пен Венгрия Республикасының Қаржы министрi Янош Вереш Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Венгрия Республикасының Үкiметi арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық келiсiмге қол қойды.

Осы келiсiмнiң 4-бабының негiзiнде үкiметаралық комиссия құрылып, оның алғашқы отырысы 2008 ж. 27 қарашасында Астана қаласында өттi. 30-дан астам өкiл қатысқан комиссияның тең төрағалары – Бақыт Сұлтанов пен Янош Вереш. Бекiтiлген күн тәртiбiне сәйкес, екiжақты ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәселелер: нормативтiк-құқықтық базаны жетiлдiру; индустриялық-инновациялық және ғылыми ынтымақтастықты; денсаулық сақтау, оның iшiнде, фармацевтика саласындағы ынтымақтастық; энергетика; ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастық; көлiк және логистика, бiлiм беру, туризм және спорт саласындағы ынтымақтастық; сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласындағы ынтымақтастық мәселлерi кеңiнен талқыланды. Кездесудiң қорытындысы бойынша, тараптар Комиссия отырысының хаттамасына, “Атамекен” одағы” Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы мен Венгрия Республикасының Сауда палатасы арасындағы Қазақстан-Венгрия Iскерлiк Кеңесiн құру туралы Меморандум мен Келiсiмге қол қойды. 2008 жылдың 28 қарашасында Үкiмет үйiнде ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов пен Венгрия Республикасының қаржы министрi Янош Вереш кездесiп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлiк және логистика, шағын және орта кәсiпкерлiк, туризм мен спорт салаларындағы екiжақты ынтымақтастықты, бiлiм беру iсi мен денсаулық сақтау саларындағы бiрiгiп атқаратын шараларды талқыға салды.

Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 23 наурызында орнады. 1992 жылдың наурызында Венгрияның Қазақстандағы елшiлiгi ашылды. Екi ел арасындағы саяси қатынас, мемлекетаралық байланыс тұрақты. Жуырда Елбасымен кездескен Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Янош Балл: “Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серiктесi деп санайтын Венгрия Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық етуiн қолдайды және Еуропаның мәдени астанасы Печте Қазақстан жайлы айтуға ұсыныс жасады. Бiздiң елiмiз Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуiне жағдай жасап, атсалысып келедi. Венгрия елшiлiгi венгр қыпшақтары мен торғайлық мажарлар арасындағы байланысты тереңдетуге ықпал етедi” деп мәлiмдедi. Венгриядағы қазақстандық экспорттық тауарлар iшiндегi негiзiнен энергоқор, өңдеу өндiрiсiне қатысты өнiмдер болса, импорттық тауарлары азық-түлiк, арақ-шарап, темекi өнiмдерiнен тұрады.

Дипломатиялық мәселелерге келсек, 1997 жылы Қазақстанға арнайы iссапармен Венгрия президентi Арпад Генц, 2007 жылы Венгрия Республикасы Парламентiнiң спикерi Каталин Сили қазақ топырағына аяқ басты. 2007 жылдың 22-23 қарашасында ҚР Президентi Н.Назарбаев Венгрияға барды. Екi арасындағы дипломатиялық, экономикалық қатынастар соңғы кездерi белсендi түрде жүргiзiлуде. Үстiмiздегi жылдың басында Будапештке ҚР көлiк және коммуникация министрi Серiк Ахметов болып қайтты. Ал биыл шiлде айында венгрлердiң премьерi Ференц Дюрчань Астанаға ат басын бұрды. Соңғы үш жылдың iшiнде екi ел арасындағы сауда айналымының көлемi де едәуiр артты. ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң хабарлауынша, 2008 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымы 211, 7 млн. долларға жеткен. 2007 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткiш 58,7 пайызға жоғары. Ал венгрлердiң есебi бойынша, 2008 жылдың алғашқы 10 айында екi ел арасындағы тауар айналымы былтырмен салыстырғанда, 67 пайызға артып, 370 млн. долларға тең болған. Қазақстан мен Венгрия арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмнен басқа салық туралы мәселелерге қатысты ақпаратпен алмасу жөнiндегi ведомствоаралық меморандумға қол қою қарастырылуда. Сондай-ақ, “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ пен MOL Rt компаниясы бiрлесе отырып, қазақтың энергетикалық қорын еуропалық нарыққа тасымалдауды көздеуде. Денсаулық сақтау, бiлiм беру мен мәдени салалардағы байланыстар да көңiл тоғайтарлық. 2007 жылы Қазақтардың дүниежүзiлiк ассоциациясының 15 жылдық мерейтойының құрметiне орай, алғашқы құрылтай болып өттi. Үстiмiздегi жылдың тамызында Құрылтай екiншi рет ұйымдастырылды. Тiл мәселесiнде, венгрлiк қыпшақтарға – қазақ тiлiн, ал торғайлық мажарларға венгр тiлiн үйрету жұмыстары белсендi жүргiзiлуде.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары